• RUB:
    5.4
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    518.99
Басты сайтқа өту
Қазақстан 06 Маусым, 2017

Асықтың ақиқаты

754 рет
көрсетілді

Қазақ «Оқығанның асығы ал­шы, оқығаннан ұққан жақсы» деп адамды жасынан ұғымтал бо­лу­ға баулып, тәрбиелеген. Білім-ғылым сөзде тұрғаны белгілі болса да, сөзді танудан аулақ қашқан, на­дан­­дыққа бой алдырған жұрт та әр кез­­де бар қоғамда болған, болмақ та. Абай хакім «Зарардан қашық бол, ғылымға асық бол» деп бекер ес­кертпегенін өмір көрсетіп отыр.

Енді, журналист Азамат Қасым­ның «Қырықүңгірдің құпиясы қа­шан ашылады?» («Егемен Қазақ­стан», 13 наурыз, 2017 жыл) деген мақаласына қатысты Қырық­үң­гір­де 3000 жылдан аса көміліп жат­қан қазақтың алтын сақа, күміс ке­нейінің сырын ашар сөзімізге кө­шелік. Негізінде, небір заттың атауы атқаратын қызметінен туындайды. Асық – малдың және басқа жан-жануарлардың сирағы мен сан жі­лі­к­терін жалғастыратын, бір жағы қуыс, бір жағы дөңес төрткүл топса сүйек.

Со­нымен, «Асық» жал­ғастырушы, топ­са. Және де тек жан-жануар әле­мін­де ғана емес, адам баласының әлеу­меттік қа­рым-қатынасында да ерек­ше ма­ңызы болған. Қазақта «Топса көр­ген» деген адамға қатысты сөз бар. Оның мәнісі – «жол-жораны, көп­­ті көрген кісі», қазіргі тілге сал­сақ заңгер, құқық білгірі, құқық қор­­ғаушы-қамқор, қамшы. Ғалым Мұх­тар Әуезов кезінде қырғыз эпо­­сындағы Манастың есіміне кө­ңіл бөліп, оның шығу тегі ми­фо­ло­гия­ға қатысы барлығын аңдатқан еді. М.Әуезовтің нұсқаған жолмен Манас батырдың атының затын табу үшін эпостың өзіне енейік. Эпостағы Манастың әкесі алпыс бес жастағы Жақыпұлына Бұқар ха­нының қызы Қаныкейді алып бермек болып құда түседі. Істің жөні қа­лай болар екен деп құ­малақ – төлге тар­тады. «Төлгесін тарт­ты төлегі. Ба­сы түсті тоғыз деп, Ая­ғы түс­ті сегіз деп». Қырғыз тілінің сөз­­ді­гін­де құ­малақ-төл­ге тартуға қыр­­ғыз бақ­сы­сы еліктің қы­рық бір асы­ғы­мен бал аш­қан. Жо­рық ал­­дында бал ашуға қа­тыс­қан асық сак­ральді-киелі зат, ерекше тылсым күшке ие қасиеті бар қор­ғау­шы, қам­қоршы деп қа­был­данған.

Қырықтың бірі – Қыдыр дейміз. Қыр­ғыз халқы неге 41 асықпен бал ашқан? 40 және бір асық. «Ақыл иесі адам осыдан қырық мың жыл бұрын қалыптасқан» дей­ді ғылым. Олай болса біріңіз – Жа­­р­атушы. Бүкіл қырықты бар қыл­­ған құдірет. Француз тілінде «Ас» бірінші деген ұғым берген. Рим­діктерде «Ман» билік атауы. Сон­да, Манас – бірінші билік иесі. Қы­рық бір асықтың сарқыты алты асық Рим мәдениетінде де қасиетті са­на­лыпты. Біздің дәуірімізге дей­інгі VII ғасырда іргесі қаланған Рим қаласының төрінде Терма ат­ты музейде алты асық Ромул пат­шаның атақты форум­да та­былған кесенесінен шыққан ді­ни рә­сімдік заттармен бірге тізіліп тұр. Ұрым патшасы мен алты асық­тың қандай байланысы бар? «Ал­ты» саны физикалық адамды білдіреді. Қазақта да қорымға асық салу ғұрпы болғаны мәлім.

Ал «асық» атауының алғашқы мә­ні не? Бұл қазақ сөзінің сыры ағыл­шын тіліндегі «сұрау» ұғы­мын білдіретін As k сөзінде ашы­лады. Этимологиялық мәні «ask call upon for information, inquire». Сәуегейден сауалға жауап күту, сұрау. Абайша айтсақ: ада­ми ғылымның ғалами ғылымға бағынуы, еруі, ұқсастық іздеуі. «Сall» – оқылуы «қол» – сұрау. Кө­не қазақ тіліндегі «қол» сөзінің бір мағынасы: «Жөн, жүйе, ыңғай, рет», яғни заң, құқық. Римдіктер қан­дай іс болса да алдымен бал ашу­ға жүгініп, жорамал жасап, жақ­сылық нышанын аңғаруға, қы­лар істің ретін анықтауға, дүние көр­кін болжауға тырысып баққан. Бұ­рынғы оракул, сәуегей, киіз кі­тап­шы жақсылықты болжап, көпке пай­да боларлық, зарары шығып кет­пес іс қылушы.

Қазақтың асығы Рим қала­сы­нан өзге Ыстанбұл шаһарында ар­хе­о­ло­гиялық мұражайында ки­елі, рәсімдік зат ретінде көрмеге қой­ылғаны көп ха­лықтың асық­қа танымдық дүние іс­петтес пай­да­лан­ғанын байқатады. Енді, міне, Қы­рықүңгір асықтары тіпті т­ерең түп­ке – арғы өркениет, мә­де­ни­етке әкетеді. Бұл асықтардың бір ше­тінде тұмар ретінде тағылған те­сік­тері бар екен, екі шеті егелген, қы­зыл түске боялған.

Атам заманғы қараүңгірліктер асықты тұмар қылып тақса, Ашина тұқымы асықты өз тегінің билік таңбасына таңдаған. Көне соғди тілінде «асық» сөзінің мәні – тау текесі. Кұлтегінің тасында қы­тай шеберлері безендірген тау те­кесінің бейнесі – символ. Бұл сим­вол – таңба бергі мезгіл туын­ды­сы. Ал, Абай еліндегі Қы­рық­үң­гір­ге қоныстас бұрынғы Абы­ра­лы ауданның орталығы Қайнарға та­қау жердегі Қараөлеңде тау те­ке­сінің табиғи тұлғасы қара тасқа салынған суреті «Мен бармын, мен мұн­дамын» дейді.

Ежелден құлаққа сіңген сөз бар: «Барлық жол Римге апарады» деген. Дұрыс-ақ. Ал, сол бар жол қайдан басталады. Міне, осы сұраққа Қы­рықүңгір мен Қараөлеңнің асық-тау текесі «Бізд­ен – Қазақтан» деп жауап береді. Түр­кі қағандары айтатын сөз де Са­рыарқада туған. Яғни, таутеке символының түп мағынасы «топса», «асықпен» ас­тас­­қан Күлтегін жаз­басындағы «Жо­ға­рыда көк Тә­ңірі, Төменде қара жер жа­рал­ған­да, екеуінің арасында адам баласы (кісі) жаралған» деген сөз­­ге барып қосылады. Бұдан біз түр­­кілік дүниетаным негізі бойынша Аспан мен Жердің арасындағы топса – тү­рік­тер, яғни көшпелілер деген ми­фо­­логиялық діни таным қалып­тас­ты­рамыз.

Қазақ даласы, қазақ баласы бү­кіл әлем­ге жол көрсетуші, сабақ беру­ші­лік дәстүрінің тарихы.

Тағы да қазақтың ақыны Мағ­жан Жұ­мабаев тым ертеде Ал­пы, Балқан асып кеткен ағай­ын бауырларға: «Ала­лы алтын са­қа атыспап па ек, Те­бі­сіп бір тө­сек­те жатыспап па ек? Ал­тай­дай ана­мыздың ақ сүтінен Бірге еміп, бір­ге дәмін татыспап па едік?» деп ор­тақ Отанға оралуға шақырған еді. Шы­нында да, адам баласына ай ор­тақ, күн ортақ десек, адамзатқа ой да ортақ.

Анығын айтқанда, Ромул пат­ша­ның алты асығы, Қараүңгірдің тұ­м­ар асығы Күлтегінің таңба-асығы адам­заттық өркениеттің бә­рімізге де бір­дей ортақ, тиесілі еке­нін білдіреді-ау!

Марат Азбанбаев, Қарағанды облыстық сотының судьясы

ҚАРАҒАНДЫ