Биылғы жыл – тәуелсіздігіміздің жиырма жылдығы атап өтілетін ерекше жыл. Сондықтан, бұл – өткенді саралайтын, болашақты болжайтын, сенім мен мақсатқа толы жауапты кезең. Осыған байланысты Парламент қабырғасында Тәуелсіздіктің 20 жылдығы декларациясы дайындалуда.
Ауқымды істер мен қарбалас күндерге толы жиырма жыл біз үшін маңызды тарихи оқиғаларға мол болды. Бұл мерзім елдік пен ерліктің, жаңа белестер биігін бағындырудың шежіресіне айналды. Елбасының дара саясатының арқасында өркендеу мен жаңару жолына түсіп, еңсеміз жылдан жылға биіктеп келеді. Біз адам құқықтары мен бостандықтары басты құндылық саналатын зайырлы, өркениетті мемлекет құрдық. Халық мүддесіне сай жаңа экономика, тың идеяларға бай қоғам қалыптасты. Жоғалтқанымызды жаңғыртып, көшіміз түзелді.
Біз бұл жетістіктерге қалай келдік? Армандай болған асуларға қалай жеттік? Бұралаңы мол күрделі кезеңдер мен белестерден қалай өттік? «Тарихты білмей, алға жүре алмайсың», дейді даналар. Сондықтан, бір мезгіл өткенге көз жіберіп, тарих сабағын еске ала отырып, болашаққа байыппен ұмтылған жөн.
Тарихқа айналған 90-жылдардың басындағы оқиғаларды ешкім ұмыта қойған жоқ. Кеңес Одағындағы түбегейлі өзгерістердің нәтижесінде Одақтың өзінен бастап, республикалардың бәрінде президенттік басқару институты енгізіле бастады. Бұл компартияның үстемдіктен ығысып, мемлекетті басқарудың өркениетті үлгілерінің пайда бола бастауының көрінісі болатын. Қазақстан да бұл өзгерістерден сырт қалмады. Республика Жоғарғы Кеңесінде елдік, ұлттық, экономикалық, тіл мүддесі жиі көтерілді. 1990 жылғы 24 сәуірде Жоғарғы Кеңес сессиясында республика Президенті институты құрылып, Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Президент болып сайланды. Бұл Қазақ елінің жаңа өмірінің басталуы болатын.
Қоғам мен мемлекет өміріндегі демократия лебі маңызды өзгерістерге ұласты. Қазақстан тәуелсіз дамуға қарай алғашқы қадам жасап, 1990 жылғы 25 қазанда Қазақ КСР-інің Мемлекеттік егемендігі туралы декларация қабылдады, онда егемендік пен дербес мемлекет болудың негізгі қағидалары белгіленді. Ал мазмұнды да маңызды істерге толы тәуелсіздіктің тарихи жолы 1991 жылғы 16 желтоқсанда Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық заңды қабылдауынан басталды.
Бұл бір тарих парағы аударылған сәттегі, елең-алаң секілді жағдай болатын. Тәуелсіздікке қол жеткенімен, сырттан жұдырық түйгендер де жетіп артылатын. «Бұлар қайтер екен?» деп, кекесінмен қарайтындар да қалыпты бола бастады. Оларға рухы биік халық пен батыл да қайсар басшымен ғана жауап бере алатын едік. Біздің бағымызға қарай, бізде осы екеуі де болды!
Сырттағы көре алмаушылардан басқа, өз арамызда да демократияның арынын тоқтата алмай, ел тыныштығын бұзуға тырысқандар кездесіп жатты. Мемлекет құрудағы біреу түсініп, біреу түсінбеген жауапты да маңызды істер бірте-бірте атқарылды. Уақыттың тығыздығы, президенттік міндеттің бастан асып жатқанына қарамастан, халықтың әл-ауқатын жақсартатын заңдарды талқылағанда Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев күні бойы Жоғарғы Кеңес отырыстарына қатысып, өз пікірлерін жеткізіп отыратын. Ашық пікірсайыстарға ұласқан заң жобаларында жаңа ережелерді енгізу оңай болған жоқ. Бұл бұрынғы қағидалар мен жаңаша ойлаудың әсері, шынын айтқанда, ескі мен жаңаның айтысы болатын. Жоғарғы Кеңес кейбір министрлерді бірнеше қайтара бекітпей, әуреге салатын кездер орын алды.
Президент еліміздің стратегиялық бағыт-бағдарын ілгерілете отырып, республиканың егемен мемлекет ретіндегі құрылысындағы барлық міндеттерді бірте-бірте жүзеге асырды. 1992 жылғы наурызда Біріккен Ұлттар Ұйымының 46-сессиясында Қазақстан дүниежүзілік беделді ұйымның мүшелігіне бірауыздан қабылданды.
Біз қоғам өміріндегі тұрақтылық пен ұлтаралық келісімге қол жеткізу арқылы мемлекет құрылысын нығайта түстік. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары ешкімге оңай болған жоқ. 1991-1993 жылдары ақша құнсызданып, инфляция деңгейі 3000 пайызға дейін жетті, халық тауар мен тауарды «бартерге» айырбастауға көшіп, еңбек ұжымдары өндіріс көлемін қысқартты, жұмыссыздық көбейді.
Н.Назарбаевтың батыл шешім қабылдауының арқасында 1993 жылы еліміздің ұлттық валютасы айналымға енгізілді, бұл тәуелсіздіктің бір айқын белгісі болды. 1993 жылы қабылданған Конституция Қазақстанның әрі қарай дамуына толық мүмкіндік аша алмағанын да айта кеткен жөн. Қоғам дамуы бізге жаңа заңдардың қажет екенін айғақтап отырды. Сөйтіп, 1995 жылы жалпыхалықтық референдумда жаңа Конституция қабылданды.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында қол жеткен нәтижелер мемлекеттік жоспарлаудың жаңа деңгейіне шығуға алғышарттар жасады, стратегиялық сипаттағы міндеттерді бағдарлауға мүмкіндік берді. Асулары мол 1997 жылы Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей басшылығымен әзірленген еліміздің 2030 жылға дейінгі Стратегиялық даму жоспары дүниеге келді.
Бұл құжатта еліміздің даму бағыттары дәл белгіленіп, қолда бар ресурстар әр сала бойынша шоғырландырылды. Жаһандық дамудың бүгінгі күрделі қиылыстарында Стратегия біздің негізгі бағдарымыз болды және болып келеді. Әрине, бұл маңызды құжатқа әлемдік қоғамдастықтың бәрі бірдей оң қабақ таныта қоймағанын айта кеткен жөн. Кейбір көрші мемлекет басшылары: «Мына қазақтарға не жоқ, ел бір жылда не боларын білмей жатқанда, бұлар қырық жылдық жоспар жасап жатыр», деп қызғанып та, мысқылдап та әртүрлі пікірлерін айтып жүрді. Алайда, бұл біздің өзіміз үшін, болашақ ұрпақ үшін әзірленген тәуелсіз елдің келешектегі даму жолы екенін уақыт дәлелдеді.
Буыны бекіп келе жатқан біздің мемлекетімізге әлемдік қаржы дағдарыстарына, сондай-ақ сыртқы экономикалық теріс ықпалдарға қарсы тұра алатындай жағдайды қалыптастыруы қажет екені де айқындалды. Елбасының бастамасы бойынша Ұлттық қор құрылып, шикізатты экспорттаудан түскен қомақты қаржы дағдарыстың алдын алу үшін жинақталатын болды. Барша жұртшылық оның пайдасына кейіннен көз жеткізді.
1998 жылы Оңтүстік-Шығыс Азия елдеріндегі дағдарыстан кейін білікті мамандар Қазақстан экономикалық тұрақтылыққа тек 2004 жылы қол жеткізеді деген болжам жасаған болатын. Президент тапсырмасы бойынша жедел қолға алынған іс-шаралардың нәтижесінде ел экономикасы 2000 жылы тұрақтылықты қамтамасыз етіп, 2001 жылдан бастап ІЖӨ өсімі жыл сайын 8-10 пайызға өсіп отырды.
Экономикалық өркендеумен бірге мемлекет іргесін бекемдеу үдерістері жалғасын тауып жатты. Халқымыздың қалыптасқаннан бергі тарихында алғаш рет Қазақстан көрші елдермен мемлекеттік шекарасын ресми түрде нақтылады. Бұрынғы кеңестік республикалар шегінде шекаралардың бұлжымастығын тану туралы 1991 жылғы 21 желтоқсандағы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы елдерінің Алматы декларациясымен еліміздің аумақтық тұтастығы бекітілді. Кейінірек Қытай Халық Республикасымен шекаралық мәселелердегі өзекті проблемаларды шешу жұмыстары қолға алынып, Қырғызстанмен, Ресеймен, Өзбекстанмен және Түркіменстанмен мемлекеттік шекара сызықтары белгіленді және шекара белгілері салынды.
Кейде бір адамның шешімі тұтас елдің өміріне әсер ететін кездері болады. Геостратегиялық жағдайлар мен замана ақиқаты еліміздің геосаяси кеңістігін қалыптастыру үдерісінде тың шешім қабылдауға мәжбүр етті. Елбасы тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Қазақстанның жаңа саяси әкімшілік орталығын белгілеу туралы ұсынысын жария еткенде оның орындала қоятынына сенім білдіргендер аз болғанын жасырудың қажеті болмас.
1997 жылы желтоқсанда барлық мемлекеттік органдармен бірге Парламент те Ақмолаға көшіп келді. Ол кезде Ақмола облыс орталығы болғанымен, инфрақұрылымы дами қоймаған шағын ғана қала еді. Тіпті, халыққа қызмет көрсету орындары жоқтың қасы, барының сапасы сын көтермейтін. Елбасының «Астананың гүлденуі – Қазақстанның гүлденуі» атты шынайы тұжырымдамасын іске асыру нәтижесінде аталған берекелі бастаманың тек елорданың ғана емес, сонымен қатар, кең байтақ Қазақстанның барлық өңірлерінің дамуына тың серпін бергенін атап өткен жөн.
Аз ғана уақыт ішінде – Есіл жағасында әсем де сәулетті Астана қаласы жылдам бой көтерді. Мемлекет орталығының қайта түлеуі – қауырт өсу үстіндегі ел қуатының, оның жоғары даму әлеуетінің бейнесі іспетті. ЮНЕСКО-ның шешімімен «Бейбітшілік қаласы» атағына ие болған Астана біздің еліміздің тұтастығы мен тұрақтылығының, халқымыздың ынтымағы мен бірлігінің символына айналды. Жаһандық өзгерістер аясында шын мәнінде еуразиялық сипатымен ерекшеленген бұл қала соңғы күндері ТМД мен ЕурАзЭҚ елдеріндегі «Үздік қала» атанды. Сөйтіп, Қазақстан елордасы әлемдегі жедел қарқынмен өсіп келе жатқан қалалардың біріне айналды. Бұл Мемлекет басшысының елді көркейту және нығайту жолында тынымсыз ізденістері мен батыл ойларының жемісі, қайсар да жігерлі шешімінің көрінісі болды.
Басты стратегиялық басымдық ретінде Қазақстанда тұрлаулы экономикалық өсу қамтамасыз етілді. Мемлекет басшысы Қазақстанды әлемдегі бәсекеге қабілетті елу елдің қатарына қосылуды көздейтін бағдарлама ұсынды. 30 корпоративтік көшбасшы кәсіпорындар алға шықты, «Жол картасы» бағдарламасы іске асырылып, елді мекендерде 100 мектеп және 100 аурухана құрылыстары қарқын алды. Құрылысы енді басталған «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» құрлықаралық көлік дәлізі еліміздің аумағынан өтетін жүк тасымалы көлемін ұлғайтумен бірге, шағын және орта бизнестің көптеген түрлерінің дамуына серпін беретін болады. Бүкіл әлемді жайлаған қаржы-экономикалық дағдарысқа қарсы кешенді шаралар атқарылды.
Қазақстан Президентінің жария еткен халықаралық бастамалары іске аса бастады.
Нұрсұлтан Назарбаев 1992 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымының мінбесінен Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес шақыру туралы бастамасын жария етіп, оны іске асырды. Он жылдан кейін Алматыда құрамында әлем халқының жартысына жуығы топтасқан Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің саммиті болып, осы үдерістерді институттандыру туралы маңызды құжаттар қабылданды.
Қазақстан басшысының бұрынғы кеңестік кеңістіктегі интеграциялық идеялары да жүзеге асты. 2000 жылы Астанада Еуразиялық экономикалық қоғамдастық құрылды, он жылдан кейін Қазақстан-Ресей-Беларусь Кеден одағы дүниеге келді.
2006 жылы түркі тілдес мемлекеттер басшыларының Анталиядағы 8-ші басқосуында Нұрсұлтан Назарбаев түбі бір, діні бір түркі халықтарының мызғымас достастығының арқауы ретінде тарихи-мәдени байланыстарды нығайтатын, азаматтардың еркін жүріп-тұруын қамтамасыз ететін шаралар қолдану қажеттігін айта келіп, Түркітілдес елдердің Парламенттік Ассамблеясын, Ақсақалдар кеңесін құру туралы ұсынысын жария етті. Бұл ұсыныстар 2008 жылы ресми бекітілді.
Президент Н.Назарбаевтың әлемдік деңгейдегі көрнекті саясаткер ретіндегі жоғары халықаралық беделі мен мәртебесін нақтылайтын тарихи оқиға – Қазақстанның Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық етуі болып табылады. Астанада былтыр ЕҚЫҰ Саммитінің өтуі Қазақстан тарихындағы ерекше маңызды оқиға болды. Әлемдік деңгейде танымал мемлекет басшылары мен жоғары лауазымды адамдар қазақ жерінде еліміз тарихында алғаш рет бас қосты.
Биыл біздің мемлекетіміз Шанхай Ынтымақтастық Ұйымына төрағалық міндетін табысты аяқтады, ал шілде айынан бастап Ислам Конференциясы Ұйымы Сыртқы істер министрлері кеңесінің төрағасы міндетін атқаруға кірісті. Ислам Конференциясы Ұйымы Сыртқы істер министрлерінің кеңесіне Қазақстан төрағалығы кезінде ұйым мәртебесінің өзгеріп, Ислам Ынтымақтастығы Ұйымына айналғаны қуанышты оқиғалар аясын кеңейте түседі. Сондай-ақ ШЫҰ-ның Астанадағы мерейтойлық 10-шы саммиті әлемнің саяси күнтізбесінде ерекше оқиға болды.
Қазақстан халықаралық басқосулардың алаңына айналды. Біздің елімізде ЕҚЫҰ-ның 2003 жылы және 2010 жылы Трансазиялық парламенттік форумы, ал 2008 жылы ЕҚЫҰ-ның Парламенттік Ассамблеясының жылдағы кезекті ХVІІ сессиясы өтіп, Еуразия құрлығының парламентшілері әлемді толғандырған мәселелерді қазақ жерінде талқыға салды.
Елбасы Н.Назарбаевтың конфессияаралық келісім мен бейбітшілік туралы идеясы да өз жемісін берді. Астанада Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің үш съезі өтті. Еліміз ізгілік пен мейірімді ілгерілететін үнқатысулар алаңына айналды. Егер 2003 жылғы қыркүйекте өткен Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің І съезіне Еуропа, Азия, Африка құрлықтарының 13 елінен діни басшылар келсе, 2009 жылғы шілдеде өткен ІІІ съезге әлемнің 35 елінен 77 діни басшылар, 300-ге жуық беделді саяси тұлғалар, мемлекет және үкімет басшылары, халықаралық ұйымдар жетекшілері қатысты. Ал ІІ съезд жұмысы барысында «2010 жылды – Мәдениеттердің жақындасуының халықаралық жылы» деп атау жөнінде Қазақстан Президенті Н.Назарбаев көтерген бастаманы Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы қолдап, арнайы қарар (17.12.2007 ж. №62/90) қабылдады. Мұның бәрі дәстүрге айналған осы съездің мәртебесін одан әрі жоғарылатты.
Ал биылғы мамыр айының басында «Жаңа онжылдық: болашақтар мен талаптар» деген тақырыпта өткен ІV Астана экономикалық форумына төрткүл дүниенің төрт бұрышынан жиналған, әлемнің 80 елінен экономиканың «жілігін шағып, майын жеген» 3 мыңнан астам кәсіби мамандар, Нобель сыйлығының 6 лауреаты қатысты. Бұл – форумның ең беделді сараптау-талдау алаңдарының қатарына енуінің айқын дәлелі. Жыл өткен сайын форумның интеллектуалдық күші арта түсіп, онда халықаралық қауымдастықта орын алатын әртүрлі жағдайларға байланысты іс-қимылдар жүйесі пысықталды, дағдарыстан шығуға біріктіретін іс-әрекеттер талқыланып тұрады.
Биылғы Астана форумында Нұрсұлтан Әбішұлы «Жалпы әлемдік саясат үш маңызды мәселеге ерекше назар аударылуы қажет», деді. Олар, бірінші – макроэкономикалық басқарудың үйлестірілген жүйесін жасақтау, екінші – шикізаттан қаржы секторына дейінгі рыноктарды жаһандық тұрғыдан реттеу, үшінші – тиімді валюта-қаржы жүйесін негізге алу. Осындай ұсыныстарды білдіре отырып, Елбасы: «Халықаралық үйлестірулерді нығайту үшін барлық елдер бірігіп, жаһандық реттеу туралы пакт қабылдаған орынды болады», деді. Бұл ұсынысты ІV Астана экономикалық форумының квинтэссенциясы деп санаймын.
Қазақстан тек саясат пен экономикалық мүдделер тоқайласатын тұс емес, ғылыми орталық болуға да ұмтылуда. Біздің еліміз адам капиталын тиімді пайдаланатын өркениетті елдердің қатарына қосылу үшін маңызды қадамдар жасап келеді. «Білекті бірді жығады, білімді мыңды жығады» дейді халық даналығы. Дүниежүзілік банктің соңғы кездегі деректерінде дамыған елдердің ұлттық байлығының 10 пайызы табиғи ресурстардан, 20 пайызы нақты өндірілген капиталдан, ал 70 пайызы білім және оны ұтымды да нәтижелі пайдаланудан тұратыны айтылды. Демек, білімсіз адам қолдағы барды да ұқсата алмайтыны анық. Сондықтан жас ұрпақ білімге ұмтылуы керек-ақ. Бұл салада еліміз білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын, ғылым саласындағы жаңа заңды қабылдады. Елбасының биылғы халыққа Жолдауында жоғары оқу орындарының инновациялық қызметке көшу тетігін қалыптастыру, білім берудің сапасын арттыру, білім беруге қолдау көрсетудің жаңа қаржылық-экономикалық құралдарын енгізуге тапсырма берілді.
Білім беру саласындағы оң өзгерістер ауыз толтырып айтуға лайық. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы көптеген қиындықтарға қарамастан Елбасының шешімімен талантты Қазақстан жастары 1994 жылдан бастап жыл сайын «Болашақ» бағдарламасы бойынша шет елдердің жоғары оқу орындарында білім алуда. Өткен жылы елордада мектеп оқушылары арасында математика пәнінен дүниежүзілік олимпиада өтіп, оған әлемнің 98 елінің өкілдері қатысты. Сол сайыста біздің үздіктеріміз 3 алтын, 2 күміс медальді жеңіп алып, Қытай, Ресей, АҚШ, Кореядан кейінгі бесінші орынды иеленгені тәуелсіз Қазақстан болашағының жарқын екенінің айқын айғағы емес пе?!
Білім беру мен ағарту ісі біздің еліміздің даму мақсаттарының негізі болып табылатынын тәуелсіздік жылдарындағы білімге деген шынайы көзқарас дәлелдеп отыр. Атап айтқанда, елімізде инновациялық ғылыми білім кешенін қалыптастыруды ұйымдастыру кезеңі межеге жетті.
Парламент ерекше мәртебесін ескере отырып «Назарбаев университеті», «Назарбаев зияткерлік мектептері» және «Назарбаев қоры» туралы заң қабылдады. Осы заң негізінде Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың тапсырмасына сай елімізде жиырма «Назарбаев зияткерлік мектептері» құрылысы жоспарланды және олардың бірқатары пайдалануға берілді. Мұндағы басты мақсат – білім беру саласындағы үздік әлемдік тәжірибені ескере отырып, жаңа білім беру стандарттарын енгізу.
Дербестігі мен академиялық еркіндік дәрежесі кең, қамқоршылық кеңестер арқылы басқару жүйесі, студенттерді қабылдаудың дербес қағидалары, қазіргі заманғы білім беру бағдарламаларын енгізу және оларды әлемнің жетекші жоғары оқу орындарының қатарындағы шетелдік серіктестерімен бірлесіп енгізу мақсатында өткен жылы «Назарбаев университеті» өз жұмысын бастады. Бұл жоғары оқу орны қазіргі заманға сай өрлеудің үш ең қуатты күштері – білім, ғылым және инновацияны біріктіретін, зерттеу университеті үлгісінде жаңа тұрпаттағы жүйемен білім береді. «Назарбаев университеті» болашақта тек Қазақстанда ғана емес, сондай-ақ Еуразия аймағында жоғары оқу орындарының флагманы, эталоны болары сөзсіз.
Оған негіз – «Назарбаев университеті» студенттерге дәріс беру үшін дүние жүзінің белді жоғары оқу орындарының әлемдік дәрежеде беделге ие зерттеушілері мен профессорларын ұстаздық қызметке тартуы, келешекте университетке зияткерлік мектептерді бітіруші түлектерді, басқа да дарынды жастарды қабылдау. Сайып келгенде, зияткерлік экономикаға қажет жоғары технологиялар, ғылыми жетістіктерге негізделген өндірістер, жаңа материалдар саласында білікті мамандар дайындау, сөйтіп, жаһандық бәсекелестікте лайықты орынға ие болу университеттің басты мақсаттарының бірі болып саналады.
Бұл ретте білім беру ісіндегі оң өзгерістерге қолданылған Сингапур үлгісінің пайдалы жақтары болғаны даусыз. «Әлемде жаңа ештеңе жоқ, жаңарып қайта оралған көнелер ғана бар» деген орыс нақылы осындайда еске түседі. Дүние жүзіндегі әр сала бойынша дамудың озық үлгілерінің жақсы жақтарын пайдаланып, өзімізге лайықтап пайдалану бізге тек қана табыс әкелетін болады. Еліміздің табысты өркендеу жолы әлем қоғамдастығында «Қазақстан жолы» деген атаумен танылды.
Қазақстандықтардың денсаулығын жақсарту жөнінде де ауқымды шаралар қабылданды. Таяуда Мемлекет басшысы Денсаулық сақтау саласын дамытудың 2011-2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын бекітті. Адам денсаулығын жақсартуды көздейтін бұл бағдарламаны іске асыруға республикалық бюджеттен 445 миллиард 66 миллион теңге қарастырылып отыр. Бағдарлама аясында ауқымды шаралар атқарылады, алыс елді мекендерде емханалар ашылып, санитарлық авиацияға тікұшақтар сатып алынатын болады, сондай-ақ республикалық маңызы бар жолдардың бойында дәрігерлік-құтқару пункттері орналасады.
Шағын және орта бизнесті дамыту басым бағыттардың біріне айналды. Әлемде экономикасы дамыған елдерде шағын және орта бизнес салық түсімдері бойынша алғашқы орын алып, мемлекет бюджетін молайтудағы басты субъектілер болып табылады. Оларды қайта-қайта тексеруге мораторий жарияланып, жұмыстарына кедергі келтірмеу амалдары қарастырылды. Президент таяуда Парламенттің кезекті сессиясын ашу кезінде сөйлеген сөзінде жұмысын енді бастаған шағын және орта бизнес өкілдерін мемлекеттік органдардың тексеруіне 3 жылға дейін тыйым салатын шараға құқықтық негіз қалыптастыруды тапсырды.
Жалпы алғанда, Елбасының бизнес өкілдеріне тұрақты қамқорлығын ерекше айтып өткен жөн. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында әлемдік нарықтың ауқымын көрсін, таныссын, үйренсін, тәжірибе алсын деген ниетпен бизнестегі бірқатар жастарды өз ұшағына отырғызып, шетелдік сапарларға әрдайым алып шыққанын бүгінде біреу біліп, біреу білмес. Президентпен бірге сапарға шығу жас бизнесмендерге серпін берді, ертеңгі күнге деген сенімін оятты. Сол жастардың басым көпшілігі қазіргі уақытта еліміздің экономикалық дамуына өз үлестерін қосып келеді. Өкінішке қарай, олардың арасында сенімді ақтамағандары да жоқ емес. Олардың бағасын да, жазасын да беру – уақыт еншісінде.
Нұрсұлтан Назарбаев әлемдегі ядролық қарусызданудағы алғашқы қадамды жасады. Мемлекет басшысы бірінші болып өзінің жарлығымен Семейдегі ядролық полигонды жауып, сол арқылы халықаралық қоғамдастықты ядролық қарусыздануға шақырды. Біздің еліміз Ядролық қаруды таратпау жөніндегі және Ядролық қаруды сынауға жан-жақты тыйым салу туралы шарттарға қосылды.
Дүние жүзіне қауіп төндіретін ядролық қарудан бас тартып, жаһандық бейбітшілік пен тыныштықты сақтауға қомақты үлес қосу біздің елімізге де, Елбасымызға да зор бедел әкелді. Бейбітшіл қадамдары арқасында Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты мүшелері болып табылатын барлық мемлекеттер тарапынан өз қауіпсіздігіне берік кепілдік алды. Ядролық қарусыздану үрдісін ілгерілете отырып, Қазақстан дүниежүзілік қоғамдастықпен ынтымақтасуға және оны дамытуға, әлемдік тәртіптің тағдыры үшін алаңдайтын бейбітшіл мемлекет ретінде танылды.
Әлемдегі төртінші ядролық арсеналдан өз еркімен бас тартқан Қазақстан ядролық қаруды таратпау, ядролық қарусыздану және атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану, осы бағыттағы халықаралық қоғамдастыққа сенімді әріптес болу, басқа да бүгінгі күннің көптеген өткір мәселелерін ертеңнің еншісіне қалдыруға болмайтыны Президент бастамаларында ұдайы көрініс табуда. Біздің еліміз үнемі ядролық державаларды қаруды таратпау мен қарусыздануда басқа мемлекеттерге үлгі болуға шақырып келеді. Сөйтіп, ядролық қарусыз әлемнің жалпыға ортақ декларациясын қабылдау туралы мәселеге бір табан жақындата түсті.
Ядролық қарусыздану туралы Президенттің бастамалары мен тарихи шешімдері дүние жүзіндегі беделді халықаралық ұйымдар тарапынан да қолдау тауып келеді. Өткен жылы Қазақстанға сапары барысында Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы Пан Ги Мун Қазақстан Президентінің ядролық қарудан бас тарту, Семей полигонын жабу және бүкіл ядролық инфрақұрылымды ел аумағынан шығару жөніндегі тарихи және батыл шешімін жоғары бағалайтынын атап өтіп, Ұлт көшбасшысына шынайы құрмет білдірді. Жоғары мәртебелі мейман Қазақстан басшысының көреген саясаты болмаса осы өңірдегі халық әлі де ядролық сынақтардан зардап шеге беруі мүмкін еді деген ойларын жеткізді. Ядролық қауіпсіздік жөніндегі алдағы жаһандық саммитке Қазақстан мен АҚШ басшыларының қатысуы бүкіл әлемдегі ядролық қауіпті азайту ісіне елеулі үлес болатынын айтқан ол Қазақстан Президентіне әлемдік ядролық қарусыздану қозғалысын басқаруды ұсынды. Қазақстанның бастамасы бойынша Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының 29 тамызды Ядролық сынақтарға қарсы іс-қимылдың халықаралық күні ретінде жариялау туралы қарар қабылдауы Елбасының ядролық қарусыздану туралы бейбітшіл идеяларының халықаралық қоғамдастықта жоғары бағалануының көрінісі болды.
Өткен жылдың сәуір айында Америка Құрама Штаттарында өткен жоғарыда аталған саммитте АҚШ Президенті Барак Обама, басқа да мемлекет басшылары Қазақстанның адамзатқа қарсы қаруды таратпауды көздейтін тарихи шешіміне байланысты Нұрсұлтан Назарбаевқа зор құрмет көрсетті, мүдделестер ретінде Қазақстан Президентіне ресми шара кезінде бірінші қатардың қақ ортасынан орын ұсынылуы қазақстандық бейбітшіл саясатты әлемге әйгіледі, кімнің кім екенін дүние жүзіне танытты. Бұл Отанын сүйетін, патриоттық сезім иесі, тәуелсіз елінің өсіп-өркендеп, әлемдік қоғамдастықта лайықты орын алуына бар ынта-жігерімен аянбай қызмет ететін әрбір көкірегі ояу, жүрегі таза қазақстандықтардың мақтан тұтар шағы болғаны ақиқат.
Қазіргі кезде қазақстандықтардың әлеуметтік ахуалын шетелдіктер де жақсы біледі. Кезекті демалыстарын шетелдерде өткізген отандастарымыз тоқтаған мейманханалардың дәрежесіне қарап, біздің азаматтарымыздың Қазақстаннан екенін айтпай-ақ айқындайды екен. Олар көрші елдерге қарағанда, қазақстандықтардың әл-ауқаты едәуір жақсы екені, тұтас Қазақстанның даму қарқыны жоғары екені бірден белгілі болатынын айта жүреді.
Өткен жылдардың бірінде Мексикаға барған сапарымдағы танысу барысында Қазақстаннан екенімді айтқанда, олар: «О-о, Қазақстан! Назарбаев!», деп ризашылықпен амандасқаны еліміздің де, Елбасының да атағы мұхит асып кеткенін, беделі биік, мәртебесі жоғары екенін айғақтады.
Елбасының бүгінгі заманда атқарған ұлан-ғайыр істері тарихи оқиғалар тізбегін құрайды және оның бәрін бір мақаламен жеткізу мүмкін емес. Баяғыда Балтық теңізінің жағалауындағы батпақты құрғата отырып, Санкт-Петербург қаласын тұрғызған Петр І Еуропаға есік ашқан болатын. Біз де сол секілді тек Еуропаға ғана емес, Азия мен Америкаға да есік ашып отырмыз. Егер бұл ашылған есік жабылса, біздің мұнайымыз бен басқа минералды ресурстарымыз түкке тұрмас еді. Себебі, ел игілігіне жарамаған байлықтың құны да жоқ. Сондықтан, Н.Назарбаев тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында тұралап қалған экономикаға дем беріп, өзімізде жоқ қаражатты сырттан әкелу үшін елімізде шетелдік компанияларға қолайлы инвестициялық ахуал қалыптастыра отырып, олардың инвестициясының қорғалуын қамтамасыз етуді қадағалады. Елбасының сөзіне сенім артқан әлемдік деңгейдегі «Шеврон», «Эксин-Мобиль», «Шелл», «Аджип», «Самсунг», «Аксель», «Жейлан» секілді ондаған компаниялар Қазақстан өндірісіне инвестиция салып, экономиканы дамытуға атсалысты. Соның нәтижесінде, өткен жылдарда еліміздің экономикасына 130 миллиард АҚШ доллары көлемінде тікелей инвестиция тартылды.
Заман зымырап дамып, көш ілгері кетіп барады. Халқымыз Қазақстан-2030 стратегиясының алғашқы он жылдықта белгіленген тапсырманы ойдағыдай орындады. Ендігі біздің мақсатымыз – Елбасының Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасының 2020 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспарын абыроймен орындау.
Қазіргі кезде мемлекетіміздің өркендеуі бірнеше бағыт бойынша белгіленді. Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың биылғы Қазақстан халқына арнаған «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз!» атты Жолдауында біздің бағдарламаларымыздың басты мақсаты халықтың әл-ауқатын нығайту екені атап өтілді. Жеделдетілген экономикалық жаңғырту Үдемелі инновациялық индустрияландыру бағдарламасының жалғасы болып табылады. Еліміздің индустрияландыру және экономиканы технологиялық тұрғыдан дамыту жөніндегі жоспарлары айқындалды. Қазақстанда әлеуметтік жаңғыртуды көздейтін жаңа әлеуметтік саясат жүзеге аса бастады. Бүкіл халқымыз үшін аса маңызды шаралар – білім беру, денсаулық сақтау және тілдерді дамытудың мемлекеттік бағдарламалары бекітілді. Оның ішінде жұмыспен қамтудың жаңа стратегиясы, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту, сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету туралы тапсырма алға қойылды. Қазақстан тәуелсіздік алған кезден бастап теңгерімді сыртқы саясат жүргізуде. Біз жаһандық проблемаларды шешуде көпжақтылық ұстанымын және мемлекеттердің ұжымдық жауапкершілік қағидатын нығайтуды қолдаймыз.
Біздің алдымызда Тәуелсіздіктің 20 жылдығына арналған Жалпыұлттық іс-шаралар бағдарламасын толығымен орындап, осынау айтулы мерейтойды абыроймен өткізу міндеті тұр. Қазіргі кезде Парламентте Сенат Төрағасы Қайрат Мәмидің бастамасымен Тәуелсіздіктің 20 жылдығы декларациясы әзірленуде. Ол туралы палата басшысы: «Замандастарымыз бен келешек ұрпаққа арналған бұл саяси-құқықтық салтанатты құжатта біздің мемлекетіміздің одан әрі өркендеуі үшін берік негіз болатын Қазақстанның басты жетістіктері көрсетілетін болады», деген еді.
Төртінші сайланған Парламенттің бесінші сессиясының ашылуында Президент Нұрсұлтан Назарбаев жоғары өкілді орган басшысы мен депутаттардың декларация қабылдау туралы бастамасына қолдау білдіргені белгілі. Мемлекет басшысы: «Декларация біздің қоғамымызды біріктіретін жаңа маңызды құжат болатынына сенемін», деді.
Палаталардың бірлескен отырысында Президент бұл сессияның қастерлі Тәуелсіздіктің 20 жылдық мерейлі тойына орайлас келіп отырғанын атап өтті. Біздің барлық жетістіктеріміз еңбектенуді көп қажет ететін заң шығарушылық жұмысынсыз мүмкін емес екені даусыз. Нұрсұлтан Назарбаев мемлекеттің дамуына сүбелі үлес қосқаны үшін депутаттарға ризашылығын білдірді.
Президент: «Біз таяу жылдары бейқамдық танытатын уақыт емес екенін түсінуіміз керек», деді. Әлем дамуының күрделілігі айқын сезілуде. Жаһандық экономиканың жағымсыз сипаты да байқалуда. Аштыққа, заңсыз көші-қон, індеттер, кикілжіңдерге байланысты қауіптер жоқ емес. Геосаяси өзгерістер алаңында этносаралық және дінаралық кикілжіңдер бой көрсетуде. Халықаралық терроризмнің қауіп-қатері де сезілуде.
Қазақстан дамуының ағымдағы және стратегиялық жоспарларын есептей отырып, Президент бесінші сессия барысында Парламент алдында тұрған заң шығару ісіндегі төрт топтаманы атап көрсетті.
Инновациялық үдерісті, әсіресе, басым салаларды ынталандыратын заңнамалық норма оның алғашқысы болып табылады. Бұл үшін тәуекелдерді төмендететін бөлігіндегі банктік қызмет пен қаржы ұйымдарын реттеу туралы, «Халықтық IPO» бағдарламасын іске қосу үшін құқықтық базаны құру туралы, «Индустриялық-инновациялық қызметті мемлекеттік қолдау туралы», «Энергияны үнемдеу мен энергия тиімділігін арттыру туралы» заңдардың жобаларын қарайтын боламыз.
Әлеуметтік жаңғырту үдерісін заңнамалық қамтамасыз ету – екінші блокқа жатады. «Білім туралы» Заңға толықтырулар мен өзгерістер енгізу және интеллектуалдық меншіктік нарықты дамыту үшін заңнамалық базаны құруды, Еңбек кодексін жаңғыртуды қолға аламыз.
Құқық қорғау органдары мен сот төрелігін реформалауды заңнамалық негізде кеңейту үшінші блок болып табылады. Алдағы уақытта ұйымдасқан қылмыспен күрес саласындағы қылмыстық және қылмыстық-іс жүргізу заңнамасын жетілдіру, сот жүйесін нығайту, жемқорлықпен күрестің тиімділігін арттыру туралы бірқатар заң жобалары қаралатын болады. Сондай-ақ Парламент алдында «Ұлттық қауіпсіздік туралы» Заңның жаңа редакциясын және «Арнаулы мемлекеттік органдар туралы» заң жобасын талқылап, қабылдау міндеті тұр.
Отандық БАҚ пен үкіметтік емес ұйымдарды дамыту – соңғы топтамада. Алдағы уақытта «Телерадиохабарларын тарату туралы», «Діндер және діни бірлестіктер қызметі туралы» заңдар жобалары қаралып, мемлекет пен үкіметтік емес сектордың өзара іс-қимылының құқықтық нормалары күшейтіледі.
Президент бұл заңдардың қабылдануы Қазақстан Тәуелсіздігінің мықты құқықтық кепілі болып табылатынын атап өтті. Мемлекетіміз бен қоғамды демократияландыру үдерісі одан әрі жалғасатын болады. Алдағы сайлауда Мәжіліс кемінде екі партиялы болатыны айтылды. Бұл біздің жас демократияның дамуында жаңа кезең басталатынын көрсетеді.
Тәуелсіздіктің 20 жылдығы декларациясын қабылдау барысында Қазақстан Республикасының даму кезеңдеріндегі Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың ерекше еңбегін көрсететін орайлы сәт туып отыр. Қазіргі кезде мемлекет құрылысын сәтті құра алған егемен Қазақстан жеңісті жолдардан өтіп, асқақ асуларды артқа тастады. Тарихи тұрғыдан алғанда қысқа ғана мерзімде дәуірлік өзгерістер жүзеге асырылды, тәуелсіздікті қамтамасыз етудің тамаша табыстарына, қоғамдық үйлесімге, бәсекеге қабілетті ұлт қалыптастыруға қол жеткізілді.
Нұрсұлтан Назарбаев – жарқын істерді ілгерілетуші, жасампаз тұлға. Ядролық қарусызданудан бастап, әлеуметтік әділеттілікке дейін, соғыс пен бейбітшіліктен адам құқығына дейінгі арадағы әлемді толғандырған ең басты сауалдарға жалпы адамзаттық тұрғыда жауап бере алатын өз халқының ұлтжанды перзенті. Өмірлік мол тәжірибесі бар, қайсар әрі жігерлі, өте білікті әрі өжет, беделі биік, жан-дүниесі халқымыздың жазиралы даласындай кең, дара туған жан.
Жаңа, тәуелсіз Қазақстанды қалыптастырудағы Нұрсұлтан Назарбаевтың ерекше дарыны мен мемлекет құрудағы маңызды рөлін күллі әлемдік қоғамдастық әлдеқашан мойындады.
Кеше ғана Нью-Йоркте өткен Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының 66-сессиясында Ядролық қауіпсіздік мәселелері жөніндегі жоғары деңгейдегі кездесу кезінде Қазақстан Президенті Н.Ә. Назарбаевтың алғашқылардың бірі болып сөйлеген сөзінде Жер-Ананы, жалпы адамзатты қауіп-қатерден қорғауға бағытталған ұтымды ұсыныстары, атап айтқанда, жаһандық энергиялық-экологиялық стратегия мен «Жасыл көпір» ауқымды экологиялық бастаманы қабылдау және БҰҰ бітімгершілік әрекеттер қорын құру жайлы ұсынысы әлемдік қоғамдастықта қызу қолдау тауып, есімдері Жер шарына белгілі саясаткерлердің біздің Елбасымызды жаһандық көшбасшы деп танып, мойындауын қазақ халқының жұлдызының жарқыраған сәті деп түсінгеніміз абзал.
Ел үшін, қасиетті атамекен – Отанымыз үшін Елбасының сіңірген ерен еңбегі мен қажырлы қызметін саралаған көкірегі ояу, көзі ашық әрбір жан оны жақсы біледі, сондықтан да Нұрсұлтан Әбішұлын әлемдегі өз заманының біртуар кемеңгер басшылары, атап айтқанда, қытай экономикалық реформасының бас архитекторы Дэн Сяопин, сингапурлық «экономика ғажабын» өмірге әкелген Ли Куан Ю, әлем тарихындағы 100 ең танымал тұлғаның қатарындағы түрік Мұстафа Кемал Ататүрік секілді көрнекті тұлғалармен қатар қояды.
Шындығында тәуелсіздік жылдарында Қазақстанның ішкі жалпы өнім көлемі – 21 есе, жан басына шаққанда ІЖӨ – 14 есе, өнеркәсіп өнімі – 16 есе, ауыл шаруашылығы жалпы өнімі – 7 есе, сыртқы сауда айналымы – 10 есе, орташа айлық жалақы 16 есе өсуі қазақстандық қарқынды даму жолының айқын көрсеткіші емес пе?!
Бұл жетістіктердің оңайлықпен келмегені бәрімізге мәлім. Бұл – Елбасы жүргізіп отырған салиқалы саясаттың, ұйқысыз түндер мен күрмеуге толы күндердегі батыл бастамалар мен жүйелі жұмыстың нәтижесі, экономиканы реформалаудың қазақстандық жолының жемісі.
«Темір ханым» аталған Маргарет Тэтчер біздің Елбасымыз туралы ыстық ықыласын «Қазақстан жолы» кітабының алғысөзінде былай жеткізді: «Мемлекет құрушылар әрқашан ерекше тұлғалар болып табылады және сол топқа жатқызуға Нұрсұлтан Әбішұлының да толық хақы бар.
Тоталитаризмнен бостандыққа өту ешқашан оңай болған жоқ. Қазақстанды бүгінгі биіктерге шығару үшін Президент Назарбаев батылдық пен абайлаушылықты ұштастыра пайдаланды.
Коммунизм құрсауынан босаған ел қазақы ерекшелігін сақтап қалды. Президент Назарбаев экономика мен қоғамның ашықтығына, яғни оның көршілері барынша бас тартқан нәрселерге ұмтылды.
Сөйтіп, ол Қазақстанның халықаралық ұйымдардағы биік беделіне қол жеткізді».
Ал Ли Куан Ю: «Қазақстан лидері – барынша талапшыл, іскер, тез және кесімді адам, келбетті, дарынды да табанды және бұрынғы Одақ республикаларында да лидер болып танылған жан», дейді.
Иә, Қазақстан қазір адам капиталын оңтайлы пайдалануды басты міндет етіп отыр. Бұл тұрғыда алға жылжудың неғұрлым жарқын көрсеткіші – Сингапур. 5 миллионға жуық халқы бар Сингапурдың ішкі жалпы өнімі соңғы қырық жыл ішінде 100 еседен астам өсіп, бүгінде 217 млрд. АҚШ долларын құрайды. Осы ұлттың үлкен салтанатының басты құпияларының бірі кезінде оның көшбасшысы болған Ли Куан Юдің табыстың басты факторы адам ресурсы деп шешкендігінде. Мұнда оқыту жүйесі икемді, балабақшадан бастап мамандарды қайта даярлау курстарына дейінгі барлық буынды қамтиды. Мемлекет мектептің озат түлектерін шетелдердің жетекші университеттеріне жыл сайын жіберіп отырады. Бүкіл әлемнің жоғары дәрежелі ғалымдарын, зерттеушілерін сапалы жабдықтармен, тиісті жалақымен және ғылыми жұмысқа жағдай жасаумен өздеріне тартты. Және бір маңыздысы, бұл елде білімді өте мұқият жоспарлайды, атап айтқанда экономикаға қандай мамандар керектігін зер салып есептеп, нақты сол мамандық иелерін дайындауға қаржы молынан бөлінеді. Бұл орайда көбіне инженерлік мамандықтарға басымдық беріледі.
Ал енді Қазақстан мен Сингапу