Қашаған Күржіманұлының 170 жылдық мерейтойы Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығын тұлғаландыра түскен мерекелік іс-шаралармен аталып өтті.
Қазақтың ақберен ақыны, жүйрік жырау Қашаған Күржіманұлының тойы, өнер тойы ретінде өңірдің аспанын екі күн бойы ән мен жырға бөледі. Астана мен Алматыдан және бірқатар облыстардан келген құрметті меймандар ата дәстүрімен ақынның Маңғыстау ауданы жеріндегі көрікті кесенесін көріп, ата аруағына тағзым етті. Ата туралы әңгімелер айтылып өлең-жырлары оқылды. Кешкілік Ақтауда жыршы-жыраулардың республикалық байқауы мен жас ақындар мүшәйрасы басталды.
Мерейтойдың екінші күні Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар инжиниринг университетінде өлке зерттеушісі Жетібай Жылқышыұлының құрастыруымен «Жазушы» баспасынан шыққан «Қайыртпай кеткен Қашаған» атты өлеңдері, термелері мен толғаулары, айтыстары мен жыр-дастандары топтастырылған көлемді кітабы мен «Айтамын хабар қиырдан» СD жинағының, сондай-ақ «НКОК» мұнай компаниясының демеушілігімен «Қашаған шығармалары» деген атпен үш тілде жарық көрген ақын таңдамалысының тұсаукесер рәсімі болды. Осы жерде көзден кетсе де көңілден кетпеген белгілі ғалым, аймақтың ақын-жырауларының еңбектерін халқымызға оралтуға өлшеусіз еңбек сіңірген Қабиболла Сыдиықұлының зайыбы Гүлшат Омарқызына сый-құрмет көрсетілді. Одан соң жырсүйер қауым «Жаһандану жағдайындағы ұлттық құндылықтардың орны және Қашаған жырау мұрасы» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференцияға жиналды. Конференция Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қашаған Күржіманұлының 170 жылдық мерейтойына қатысушыларға арналған құттықтауын облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың оқуымен басталды.
Одан соң мерейтойға арнайы келген Қазақстанның Еңбек Ері, Әбіш Кекілбайұлы тереңнен толғап көсіле де, шешіле де сөйледі. Өзі «жырдария» деп жазып жүрген Қашаған, оның тәлім алған ақын-жырау ағалары Абыл, Нұрым, Ақтандар туралы да ағытылды. Ақынның «Атамекен», «Адай тегі», «Топан», сияқты философияға толы дастандарында адамдарды әділдікке, мейірімділікке шақырғандығын тілге тиек етті. Осыдан жиырма жыл бұрын ақынның 150 жылдығын тойлау туралы шешімге Нұрсұлтан Әбішұлының қол қойғандығын еске алды. Сол күннен бастап 150 жыл бойына қалтарыста қалған Қашаған ақын ұлттық руханиятымыздың құндылығына айналды. Енді, міне, 170 жылдығы аталып отыр. Халқымызбен бірге Тәуелсіздік алған Қашаған халқымен бірге жасай береді. Жырдария сарқылмайды. Тасқындай түседі, – деді. Жиналғандар қазақтың көрнекті ақыны Фариза Оңғарсынованың аймақтың әдебиет пен өнерінің өкілдерін, олардың туындыларын насихаттаудың тәрбиелік, тағылымдық мән-маңызы жайлы ой-пікірлерін зейін қоя тыңдады.
Қашаған ел арасында дүлдүл ақын, азулы айтыскер, шежіреші, тереңнен толғайтын асау ағынды жырларымен кеңінен танылған қазақтың әдебиет әлеміндегі ерекше тұлға.
Жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың оны өзі пір тұтқан Сүйінбай ақынмен қатар қойып:
Сүйінбай мен Қашаған,
Қара өлеңді матаған.
Атын жаттап балалар
Әлі күнге атаған, – деп жырға қосса, қазақтың бес алып ақындарының бірі Ілияс Жансүгіров «Көбік шашқан» атты поэмасында:
Атырау – алыс бізге жердің түбі,
Қашаған – жүйрік жырау елдің тілі.
Шашқанда күйден көбік Құрманғазы,
Қашаған жырдан төккен маржан дүрді, – деп жырға қосулары жайдан-жай емес.
«Қайыртпай кеткен Қашаған» атты жаңа кітапты құрастырушылар ақынның ел есіндегі «Есқали сұпыға айтқаны», сирек кездесетін «Қарасай – қази» жыр-дастаны, т.б. шығармалары мен ақын туралы жазылған ой-пікірлерді жинақтап, көпшілік қазынасына ұсыныпты. Орынды-ақ. Бұл да бір орайы келген құптарлық жағдай. Ал республикалық ғылыми-тәжірибелік конференцияда Қашаған ақынның сан қырлы шығармашылығы туралы ғалымдар – Жұмат Тілепов «Дауылды дәуірдің дауылпаз жаршысы», Серік Негимов «Қашаған жырау және оның заманы», Темірхан Тебегенов «Ақын Қашаған шығармалары – Тәуелсіз Қазақстанның құнды мұрасы», Ислам Жеменей «Қашаған жырау мұрасы – қазақ мәдениетінің жауһары» атты терең мазмұнды баяндамалар жасады. Республикалық конференция жұмысының соңында облыс әкімі Қырымбек Көшербаев Қашаған ақынның рухани мұралары Тәуелсіз қазақ еліне ғана емес, бүкіл түркі әлеміне жол тартып, адамзат поэзиясының алтын қорына қосылған қымбат қазына екендігіне тоқталды. Сондай-ақ жақын күндері әсем Ақтаудың Ынтымақ алаңында Құрманғазы Сағырбаев атамызға еңселі ескерткіш ашылатындығын жеткізді. Сол уақытта қаланың төріндегі ең көрнекті жерде қазақтың екі біртуар перзенттері Қашаған мен Құрманғазының мүсіндері қатарласа бой түземекші. Қашаған Күржіманұлының 170 жылдық мерейтойы аясында өткізілген жас ақындар мүшәйрасында бірінші орынды ақтөбелік Индира Кереева, ал жыршылар сайысында бас жүлдені маңғыстаулық Ізмұрат Молбаев, бірінші орынды маңғыстаулық Аманбек Сәуірбаев иеленді. Ақындар айтысында бас жүлдеге Батыс Қазақстан облысынан келген Жансая Мусина, ал бірінші орынға астаналық Жандарбек Бұлғақов ие болды.
Жоламан БОШАЛАҚ.
Ақтау.