Елімізде кең ауқымды әкімшілік реформа жүргізуге қатысты нақты бағыт-бағдарларды Мемлекет басшысы 2006 жылдардан бастап қолға алғаны белгілі. Елбасымыз сол кездің өзінде Қазақстан корпоративтік басқару негіздері мен мемлекеттік қызметті тұтынушылардың алдындағы ашықтықты қамтамасыз ету мақсатында халықаралық тәжірибеге сүйене отырып, мемлекеттік басқару моделін сапалық тұрғыда жаңа үлгіде қалыптастыруға кірісетіндігін мәлімдеген. Соның нәтижесінде Қазақстан посткеңестік елдер арасында алғашқы болып мемлекеттік қызмет жөніндегі арнайы өкілетті орган құрды әрі «Мемлекеттік қызмет туралы» заң қабылдады. Оған қоса, осы күндері кәсіби мемлекеттік аппарат қалыптастыру бағытында Бес институционалды реформа аясында «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының тетіктері оңтайлы іске асырылуда. Атап айтқанда, «Мемлекеттік қызмет туралы» заңның себепкерлігімен мемлекеттік қызметте сатылап өсудің жаңа үлгісі іске қосылып, жетекші лауазымдарға кәсіби мамандарды тағайындауда меритократия негіздері өз тиімділігін көрсете бастады. Мұны бір ғана өткен жылдың өзінде 6 мың маманның қызметтік сатыда жоғарылауынан байқауға болады. Себебі, бұл көрсеткіш 2015 жылғы кезеңмен салыстырғанда 4 есеге жоғары. Сол сияқты мемлекеттік қызметкерлер арасындағы командалық ауыс-түйістің төмендеуі айқын сезілген.
Десек те, ел болып қабылдаған жаңа заңымызды өндірісте қолдану барысында бірқатар мәселелер де жоқ емес көрінеді. Ол алқалы жиында арнайы баяндама жасаған Қ.Қожамжаровтың сөзінен айқын сезілгендей. Ендеше, Агенттік төрағасы егжей-тегжейлі тоқталып өткен бес бағыттың төртінші түйінін тақырыбымызға тұздық етіп, қаз-қалпында келтірейік.
«Бізді бүгінгі таңда ауылдық жерлердегі кадр тапшылығы алаңдатады. Өткен жылы 5 мыңнан астам бос орынға (5 308) үміткер ретінде 3,5 адам тіркелді. Яғни, бір орынға бір адамнан да келмейді. Үміткер аз. Осы орайда республикалық орташа көрсеткіш – бір орынға 1,1 адамнан тең келетіндігін айта кетейік. Сондай-ақ, ұзақ уақыт бойы 25 пайыз көлеміндегі бос тұрған лауазымдардың орны толмаған».
Мамандардың пікірінше мұның негізгі себебі, ауылдық жердегі мемлекеттік қызметке қызығушылықтың төмендігі болып отырған көрінеді. Сондай-ақ, олқылықтың орнын толтыру үшін тиісті лауазымға үміткерлерге мемлекет тарапынан қосымша әлеуметтік және құқықтық кепілдіктер қажет көрінеді.
Жалпы, осындай мәселелердің оңтайлы шешіліп, тиісті қажеттіліктердің қамтамасыз етілуін ең алдымен Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің құзыретіндегі шаруа болса керек-ті. Ендеше, түйінді тарқатудың қандай жолдары мен амал-әдістері бар екен? Саралап көрелік...
Болашақтық бойжеткен назы
Ағымдағы жылдың 06-маусымында «Егемен Қазақстан» газетінің ресми сайтында «Бәсекеге қабілеттіліктің басым бағыттары» деген тақырыппен жарияланған шолуымызда жергілікті жерлердегі өзін-өзі басқару органдары атқарушы органдарда жұмыс істейтін мемлекеттік қызметкерлердің біліктілігін арттырып, тәжірибесін шыңдауға қатысты жаңашылдықтарды екшеп жазғанбыз. Сондықтан да, ауылдық әкімдіктердегі мамандардың білім-білігін көтеруге қатысты мәселелерге қайта оралмай, білімді мамандарды ауылға тартудың тетіктерін таратып көрелік. Бұл ретте ә дегенде аузымызға «болашақтықтар» ауылға неге бармайды деген сауал санамызда сайрады.
Шет ел көріп, тіл меңгерген маманның өркениеті өкшелегенімен жете алмай жатқан шалғай ауылға мұрнын шүйіріп қарайтыны рас. Ал енді сол ауылда туып-өскен бала болса, қандай биіктерді бағындырса да кіндік қаны тамған жерге менсінбеушілікпен қарай алмасы тағы ақиқат. Жалпы, бүгінгі қоғамда «Болашақ» бағдарламасымен оқып келіп, ауылды жерде жұмыс істеп жүрген жас мемлекеттік қызметкерлер бар ма? Бар болса, олар неге көрінбейді? Жоқ болса, неге бармайды? Кемшін түсіп жатқан бұл мәселемен тиісті органдар неге жүйелі түрде айналыспайды. Себебі, осы мақсатта жүйелі, жоспарлы жұмыстар қолға алынса, жоғарыда атап өткен олқылықтар оңтайлы шешімін табуға бағыт алған болар еді. Мәселен, өткен жылы «Наш Костанай» газетінің электронды нұсқасында «Болашаковцы» жалуются на проблемы с трудоустройством» деген тақырыппен материал жарияланды. Орыс тілінде жарық көрген бұл мақалада «болашақтықтардың» қызметке орналасу мүмкіндігінің күрделі екендігі мәлімделген. Яғни, жергілікті жерлердегі билік органдары алған білім, жиған тәжірибеңе қарағанда тамыр-таныстыққа көбірек көңіл бөлетіндігін «Болашақ» бағдарламасының түлегі Айжан Тұяқбаева ашып әрі ашына айтады. Сонымен қатар, түлектердің басым бөлігі Астана мен Алматы қаласы немесе Атырау облысы сынды үлкен қалаларда ғана қалуға тырысып жатады. Себебі, жалақысы тәуір, азды-көпті қызықтыратын орта бар және өркениетке жақын. Жалпы, статистикаға көз жүгіртсек, болашақтықтардың басым бөлігі мемлекеттік қызметте екен. Одан кейін басым бөлігі жеке секторлар мен халықаралық компанияларда орналасады. Байқағанымыздай, ауылды жерде еңбек етіп жүрген «Болашақ» түлектері туралы ақпараттар тым аз болғандықтан есеп-қисабы жүргізіліп, пайыздық көрсеткіші шығарылмайтын сияқты. Оның үстіне өркениет көріп, тіл меңгерген жас маман өз еркімен аз жалақы үшін ауылға баруы екіталай екені бесенеден белгілі. Жастардың көпшілігі қалаға кеткен соң, ауылды жерлерде қалған егде жастағы азаматтардың арасынан «көзі ашық, еті тірілері» мемлекеттік қызметке орналасып, қанағатшылқыпен күн кешеді. Ал енді бұлар мемлекеттік қызмет саласында реформа жасауға қаншалықты қабілетті һәм қауқарлы ма? Бұл бүгінгі қоғамда орын алып жатқан көрініс.
Ауылды жердегі жағдайға байланысты тағы бір мысал келтірсек. Қайбір жылы ақпарат құралдары болашақтық бір жас маманға қатысты ақпарды жарыса жазды. Онда медицина саласы бойынша оқып келген «Болашақ» түлегі Павлодар облысының бір ауданына қызметке барып, білгенінен жаңылған. Себебі, маманның шет елде оқып, үйренген медициналық құрал-жабдықтары соңғы үлгідегі озық технология да, ал аудандағы жабдықтар «көненің көзіндей» ескірген саймандар болған. Жас маман басын шайқай отырып, қалаға қайта аттанған...
Қоғамдық сана кері тарта ма?
Тақырыпты зерттеу барысында бірнеше «болашақтықтарды» сөзге тарттық. Соның бірі – осы күндері Қарағанды облысы Ұлытау ауданының экономика және қаржы бөлімінде бас маман болып еңбек етіп келе жатқан Айбек Өжкен 2009-2013 жылдары Ұлыбританияда «Жалпы экономика және әлемдік экономика» мамандығы бойынша білім алған. «Болашақ» бағдарламасы аясында ауылдық квотамен шетелде оқыған азаматтың өзі қызмет етіп жүрген мекемесінің алдында әлі екі жылдық міндеттемесі бар. «Мен оқуға түскенде Ұлытаудағы ата-анамның баспанасын кепілге қойып, Ұлыбританияға оқуға аттандым. Өзіме осындай мүмкіндік бергені үшін мемлекеттің алдында бес жылдық еңбек өтілді өтеуге міндеттеме алдым. Бүгінде өз ісіме адалмын әрі тиянақтымын. Ұлытауда менімен бірге оқып келген тағы бір құрдасым осы күндері мен секілді қызмет атқарып жүр», дейді кейіпкеріміз.
«Болашақ» түлегі күнделікті қызмет барысында түрлі көзқарастар қайшылығы туындап жатуын қалыпты жағдайға балағанымен, қазіргі мемлекеттік қызмет жүйесін реформалау процесін қолдайтындығын айтады. Өйткені, мемлекеттік қызметте мақсатты түрде ротация болып тұруы тиіс делінгенімен, жергілікті жерлердегі атқарушы органдарда ондай өзгерістер байқалмайды. Демек, бізге жүйеден бұрын қоғамдық сананы өзгертуге ұмтылғанымыз жөн секілді. Демек, Кеңестік кезеңде қалыптасқан қасаң идеологиялық түсінікті санадан қағып тастап, заман ағымына сай өркениетке ілесе алатындай өре қалыптастыру қажет.
Осы тақылеттес ойды айшықтай түсу үшін тағы бір «Болашақ» түлегін сөзге тарттық. Ол Ұлыбританияның Шеффилд университетінде заңгер мамандығы бойынша білім алып, бүгінде Ақмола облысының Атбасар аудандық сотында судья болып қызмет етіп жүрген азамат Асқар Шарапатов.
«Оқу бітіріп елге келген соң конкурсқа қатысып, соның негізінде осы Атбасарға қызметке тағайындалдым. Ал енді мемлекетіміз біздерге осындай мүмкіндіктер берген соң, байтақ жеріміздің қай бұрышында болса да қызмет етуге әзірмін. Мейлі, ол қала болсын, ауыл болсын. Ең бастысы дамыған елде оқып, тіл меңгерген мына біздер кейінгі буынға көрген-білгенімізді үйретіп, оқытуда үлгі болуымыз керек. «Болашақ» түлегі ретінде менің аудандық деңгейдегі сот қызметінің ішінде жүруім тәп-тәуір жауапкершілік жүктейді. Бір жағынан бұл болашақтықтардың үлкен қалаларда ғана шоғырланып қалмай, жергілікті атқарушы органдардың немесе аудандық деңгейдегі құқық қорғау органдарының беделін көтеріп, біліктілігін арттырады. Сонымен қатар, жергілікті жерлерде санымыздың артуы мемлекеттік қызмет жүйесінің модернизациялану процесін үдете түседі. Осылайша, біз өз қызметіміздегі міндеттемелік тетіктерді жетілдіру арқылы мемлекеттік қызметтің заман талабына сай дамуына үлес қосамыз», дейді ол.
Мемлекеттік қызмет көрсетуде АҚШ-тан алдамыз
Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың бастамасымен Қазақстан тәуелсіздік жылдарында «Болашақ» бағдарламасы арқылы бүгінге дейін 12 мыңнан астам азамат білімдерін шет елдерде шыңдады. Бұл еліміздің қарқынды дамуы үшін қарышты қадам екені сөзсіз. Инновация мен жаңа технологиялардың шығу тілі ағылшын тілі болғандықтан бүгінгі жастарымыз бұл тілді еркін меңгергені лазым.
Мемлекеттік қызметті жетілдіру бағытындағы жұмыстарымыз да қазіргі кезде халықаралық шеңберге шыға бастады. Әсіресе, мемлекеттік қызмет саласындағы Аймақтық хаб құру арқылы шет елдермен салалық байланысымыз тереңдей бастады. Тіпті, мемлекеттік қызметкерлерді дайындап, оқытып, үйрету бағытында да Орта Азия елдерінен бір бас жоғары тұрғанымыз жасырын емес. Мемлекеттік қызмет көрсету саласындағы бағыттарда да материалдық-техникалық базамыз жақсарып, жаңа технологиялар кеңінен қолданысқа енуде. Бұл мемлекеттік қызметті тұтынушылар тарапынан да аса жоғары бағалануда. Бұл сөзімізге де дәлелді «Болашақ» бағдарламасының арқасында мұхит асып, АҚШ-та білім алып келген әріптесіміз Бауыржан Мұқановтың пікірімен ұштастырамыз. Калифорния штатындағы тілдік курстан өткенімнен естелік болып қалсын деп сол елдің халықаралық деңгейде мойындалатын жүргізуші куәлігін алуға үміттеніп, әрекеттенгеніммен, оным бос әурешілік болды дейді ол.
«АҚШ-тағы мемлекеттік қызметтердің сапасы Қазақстаннан артық емес. Керісінше, мемлекеттік қызмет көрсету саласы мен құжат айналымында Қазақстанның артықшылықтары көп. Мысалға, Калифорния штатында жүргізуші куәлігін алу үшін құжат жинау барысында бірнеше қағазбастылыққа тап болдым. Ең бастысы, өткізген құжаттарды күту уақыттары көп. Біздегі Халыққа қызмет көрсету орталықтарындағыдай құжат айналымның едел-жедел дайындалмайтындығы мені таң қалдырды. Ал енді болашақтықтардың ауылға барып жұмыс істеуіне қатысты ойымды айтар болсам, ол былай. Негізінен, бұл мәселені «Болашаққа» түсу үшін қажетті талаптардың ішінде қарастыру керек секілді. Өйткені, әу баста құжат тапсырған кезде бітірген оқу орнынан немесе жұмыс істеп жатқан жерден бес жыл жұмыспен қамтамасыз етеміз деген құжат талап етіледі. Тиісінше, «Болашақты» бітірген түлек ол жерде соншама уақыт жұмыс істеуі керек. Жалпы, көп ретте «Болашаққа» қалалықтар немесе қалада жұмыс істеп жүрген адамдардың тапсыратыны рас қой. Өйткені, ағылшынша білетін адам ауылда отыра қоймайды. Сондықтан да егер министрлік ауылда болашақтықтар көбірек еңбек етсін десе, «Болашаққа» құжат қабылдарда пәлен пайызы ауыл азаматтары болсын деген ереже енгізу керек. Осы ретте бес жылдық жұмыс өтілді өтеудің тетігін үйлестіруді қаладағы кеңсе емес, ауыл немесе аудан әкімдігі мойнына алса. Сол кезде «Болашақ» түлегінде қай мекемеде жұмыс істейтініне қатысты таңдау туар еді. Өйткені, ауылда штат саны шектеулі, бес жыл жұмыспен қамтимыз деген мекемеде бос штат болмай қалуы да мүмкін ғой. Алайда, енді бір ойым – ауыл мен қала халқының «Болашақ» стипендиясын алу туралы баланс орнату қисынсыздау көрінуі мүмкін дейді. Себебі, қызметтік сала еркін нарыққа негізделгендіктен, үздік маман стипендияны иеленуі тиіс».
Бауыржан осылай дейді. Ал мәселе шаш етектен. Оның шашауын шығармай, тиянақтап шешудің жолдары қандай дегенде: «Бұл жағдайда түйінді тарқатудың бір тетігі Елбасының жуырда ғана жарияланған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында жатыр», дейді тағы бір болашақтық жас маман Жанат Алтаев.
«Өйткені, Президент мақаласында қазіргі заманда жеке адам ғана емес, тұтас халықтың өзі бәсекелік қабілетін арттырса ғана табысқа жетуге мүмкіндік алатындығы айтылған. Ал бәсекелік қабілет дегеніміз – ұлттың аймақтық немесе жаһандық нарықта бағасы, я болмаса сапасы жөнінен өзгелерден ұтымды дүние ұсынуы немесе бар дүниені тиімді пайдалана алуы. Демек, XXI ғасырда озық технологияны оңай игеруің үшін озық ойлы, саналы, сауатты, шет тілдерін білу мен мәдени ашықтық сияқты қасиет-қабілеттер сөзсіз қажет. Ендеше, бізге көне тарихымыз бен ұлттық болмысымыздың тамырынан нәр ала отырып, рухани жаңғыру керек және сілкініп оянған, тыңайған санамыз заманауи озық үлгілі технологиялар мен уақыттың талап үдесінен шыға білуі тиіс. Сонда ғана біз қарышты дамимыз. Заманға сай шынайы мәдениетті әрқайсымыз бойымызға сіңіру арқылы ұстамды, қанағатшыл, қарапайым, үнемшіл әрі көреген боламыз. Қалың бұқара осылайша жаңғырып, жаңарған сәтте мемлекеттік қызмет жүйесі өздігінен қалыпқа түсіп, қоғамдық қажеттілікке сай өсіп, өркендейді», дейді Шеффилд университетінің мемлекеттік саясат жөніндегі магистрі.
Жаңғыру – жаңаруға жетелейді
Жалпы біз әңгімелескен «Болашақ» бағдарламасының түлектері осылай ой түйеді. Олар мемлекет алдындағы міндеті мен Отан алдындағы азаматтық борышын адал орындауға бейілді. Тек, жауапты мемлекеттік органдар тарапынан тиісті деңгейде қолдау білдірілгенін қалайды. Өздері мемлекеттік қызметті жетілдіру бағытындағы бәсекеге төтеп бере алатындығына да сенімді. Ендеше, сөз басында Агенттік төрағасы Қ.Қожамжаров айтқан ауылдық деңгейдегі кадр жетіспеушілігі мәселесін болашақтықтардың есебінен шешуге зор мүмкіндіктер бар секілді. Егер шекара асып, шет көріп келгендердің әлеуетін ауылды жерлердегі мемлекеттік қызмет көрсету саласында пайдаланатын болсақ, осы кездердегі рухани жаңғырудың екпінімен жақын жылдардың өзінде-ақ, біз озық өркениетке құлаш сермеу құштарлығымызды арта түсетініміз ақиқат.
Нұрлыбек ДОСЫБАЙ, «Егемен Қазақстан»