• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Әлем 09 Маусым, 2017

Ұлыбританиядағы сайлау: «Бұл маусымда өз қақпасына ең әдемі голды Тереза Мэй соқты»

292 рет
көрсетілді

Өз алдына үкімет құрып, парламентте өзі ұсынған заңдарды өткізе алатындай абсолютті басымдыққа ие болу үшін Ұлыбританияда сайлауға қатысқан партия 650 депутаттық мандаттың кемінде 326-сына ие болуы керек. Алайда, ешбір партия, соның ішінде биліктегі Консеваторлар партиясы бұл межеге жете алмады. Енді не болады?

Соңғы сайлауда экс-премьер Джеймс Кэмерон бастаған консерваторлар 36,9% дауыс жинап британ парламентінің төменгі палатасындағы (Қауымдар палатасы) 331 орынға ие болған-ды. Мұның арқасында олар өз алдына үкімет құрды. Бірақ Ұлыбритания Еуроодақтан шықсын ба, жоқ па деген референдумда көпшілік «жоқ» деп жауап берген соң, ЕО-да қалуды жақтаған Джеймс Кэмерон отставкаға кетті. Одан кейін партия лидерлігі үшін болған күресте ішкі істер министрі Тереза Мэй жеңіске жетіп, премьер креслосына отырды. Референдум алдында Тереза Мэй де ЕО-дан шықпауды жақтаған болатын. Бірақ жаңа жағдайда «Брексит болса – Брексит, артқа жол жоқ» деді. Сөйтіп, бөліну Біріккен Корольдіктің мүддесіне нұқсан келтірмеуі үшін Еуроодақпен келіссөздерді ұтымды жүргізуді басты міндеті етіп белгіледі.

Ұлыбританияда келесі парламент сайлауы 2020 жылуы өтуі тиіс болатын. Тереза Мэй өзі үкімет басына келген кезде кезектен тыс сайлау болмайды, уақытында өтеді деген еді. Алайда, сәуірдің 19-ы күні ол күтпеген жерден кезектен тыс сайлау өтетінін мәлімдеді.

Бұл не үшін керек болды десек, Тереза Мэй парламенттегі басымдығын қазіргіден де күшейтуді ойлады, мандатын тағы 5 жылға ұзартып, Брексит келіссөздеріне алаңсыз және сенімді кіріскісі келді. Соның алдында елдегі негізгі екінші партия Лейбористер лидері Джереми Корбин өз партиясында бүлікке тап болып, ол кризистен әрең шыққан-ды. Бұл да Тереза Мэйдің лейбористерді дәл қазір оңай жеңуге болады деген сенімін күшейтсе керек.

Бірақ қазір қарасақ, Тереза Мэй ханымның есебі қате шығып отыр. Ол сайлау нәтижесінде мандат санын көбейпек түгілі, бірнеше орын жоғалтатын болды, сөйтіп өз қолымен партиясын биліктен айырғалы тұр. Сайлау жария етілген кезде консерваторлар партиясының рейтингі лейбористерден 25% жоғары еді. Айналасы бір ай ішінде ол басымдық жоққа шықты. Неге бұлай болды?

Мына фактілер оның себебін түсіндіре алуы мүмкін. Бір айда Ұлыбританияда үш теракт болды. Оппоненттері қауіпсіздік мәселесінің қиындауына Тереза Мэйді де кінәлі етіп қойды. Өйткені, ол ішкі істер министрі қызметінде тәртіп сақшылары санын 20 мыңға қысқартқан болатын. Мэй ханым сайлауалды дебаттарға қатыспады. Консерваторлардың қарттар үйіндегі адамдарға әлеуметтік көмекті қысқарту жоспары сынға ұшырады. Сайлаушылармен кездесуде премьер-министр көптеген өткір сұрақтарға нақты жауап беруден қашумен болды.

Ал Лейбористер көбіне әлеуметтік мәселелерді көтерді. Жоғары оқу орында тегін оқыту сияқты уәделері арқылы жас сайлаушылардың санын көбейтті. Консерваторларды «тасжүректер партиясы», ал оның лидерін «өтірікші» ретінде көрсетіп отырды.  

Сайлаудың алғашқы нәтижелері жария болғаннан кейін Тереза Мэй бораған сынның астында қалды. Мысалы, бұрынғы атақты футболшы Гарри Линекер «Бұл маусымда өз қақпасына ең әдемі голды соққан Тереза Мэй болды» деп туит жазса, үкіметтің бұрынғы хатшысы Лорд Тернбулл «Тереза Мэй екі рет оңбай қателесті. Бірі – кезектен тыс сайлау жариялауы, екінші – сайлау науқанын өте нашар жүргізуі. Осылайша оған оңай жеңіс сияқты көрінген нәрсе соңында кішігірім жеңіліс болып шықты» деп Мэйдің сөзсіз отставкаға кетуі керектігін айтты.

Sun газетінің бүгінгі бірінші беті

«Кэмерон ойнады – ұтылды, Мэй ойнады – ұтылды. Консерваторларға партиясы казиноға айналды» деген де пікір айтылды.

Кэмерон өзі бастаған референдумда ұтылған соң қызметтен кеткен болатын. Мэй де өзі шақырған кезектен тыс сайлауда ұтылды.

Премьер-министрдің оставкаға кетуін талап етулерге және солай болатыны туралы жорамалдарға қарамастан Тереза Мэй ондай ойы жоқ екенін мәлімдеп отыр.

Ержан Әбдіраман, "Егемен Қазақстан"