• RUB:
    5.43
  • USD:
    477.03
  • EUR:
    521.44
Басты сайтқа өту
Бизнес 12 Маусым, 2017

Баламалы энергия көздері – адамзат ақыл-ойының жемісі һәм игілігі

6152 рет
көрсетілді

ЭКСПО-2017 көрмесінің алғашқы күні ашылған павильондар осындай ойға жетелейді.

Президент ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесін салтанатты жағдайда ашық деп жариялады. Беделі биік басқосуды қазақстандықтар мен ел қонақтары ғана тамашалаған жоқ, әлемнің түкпір-түкпіріндегі жұрт тікелей трансляция арқылы көріп, ыстық ықыластарын білдірді.  Ал кейінгі ахуал, тіпті қызық. Алып қалашықтың әр жеріндегі шаралар әртүрлі тақырыпты қамтиды. «Болашақтың энергиясын» әр мемлекет әртүрлі бағытта айшықтаған. Осылардың әрқайсысы көп ұзамай-ақ адамзат игілігіне айналатыны тағы ақиқат.

Айды айналып, Күн көрдім... Алдымен Қазақстан павильонына ат шалдырсақ. Көрменің алғашқы күнінде ашылған павильонымыз күн, жел, су, биомасса, ғарыш, тіпті қозғалыс энергиясының озық үлгілерін көрсетті. Шар-сферада орналасқан аймағымызды аралап шығуға үш жарым сағаттай уақыт жұмсалатын көрінеді. Елбасы шет мемлекеттердің басшыларын қарсы алған сегіз қабатты ғимараттың іші де, сырты да көз сүйсінтеді. Ал экспозицияларынан өркендеген болашақтың келбетін танисыз. Футуристік лифттер, шыныдан жасалған құрылғылар, лазерлік шоулар мен проекциялық көріністер – барлығы да адамзат баласының баламалы энергия көздерін іздеп, табиғи байлықты барынша сақтауға деген құлшынысын аңғартады. Осы саладағы технологиялар әлемнің қаншалықты жылдам дамып келе жатқандығын түсіндіреді.  Қазақстан павильонының бірінші қабатына екі шатыр тігілген. Туристерге арналған сиқырлы тақта қойылған бірін­ші шатырдан ұлтымыздың салт-дәс­түрлерімен танысуға болады. Ондағы ұлттық құндылықтардың атауларының біріне саусағыңызды тигізсеңіз болды, суретті тақта сөйлей жөнеледі. Одан әрі өткенде еліміздің оңтүстігі мен солтүстігін, батысы мен шығысын «шарлап шығасыз». Проекциядан күм­безге түсірілген көріністер арқылы Ұлы Даланың кеңдігін сезінуге болады. Павильонда жер мен көкті байланыстыратын Бәйтерек пен Самұрық құстың алтын жұмыртқасының декорациясы орнатылған. Сондай-ақ, Есік қорғанынан табылған Алтын адамның көшірмесі тұр. Ал екінші шатыр арқылы елорданы «аралайсыз». Бірінші қабатта, сонымен қатар, қазақстандық өнертапқыштар ойлап тапқан жаңалықтар көпшілік назарына ұсынылған. Курчатовта тұрған «Токамак» атты ядролық синтез құрылғысының моделі де осында.  Павильонның екінші қабаты толығымен су энергиясына арналған екен. Диірменнен бастап қазіргі озық технологияға дейінгі өнертабыстар, расында тартымды. Айталық, бүгінде мұхит жағасында тұратын мемлекеттер судан энергия алудың сан алуан жолдарын меңгерген. Ең қызығы, энергияны алу жолы бір болса да, оны іске асыру амалдары әртүрлі. Мысалы, Шотландия, Дания, Ұлыбритания сияқты елдер ар­найы құрылғылар арқасында қуат көздерін судың астынан, толқынынан өндіріп келеді. Бұл процестерді көзбен де көруге болады. Ал қазіргі әлемдегі баламалы қуат көздерінің 76 пайызы су энергиясынан өндірілетінін сіз білесіз бе?.. Үшінші қабат. «Кинетикалық энергия» тақырыбындағы бұл жерден қоз­ғалыс нәтижесінде қуат көздерінің қалай өндірілетінін көруге болады. Мәсе­лен, «Энергия дөңгелегі» деген экспозиция екі акробат бір алып құрылғыны айнал­дырып, қуат өндіруге болатынына көз жеткізеді. Арнайы велосипедтер алаңында Астана көшелерімен жарысып қана қоймай, кинетикалық энергияның қалай пайда болатынын көресіз. Спорт алаңдарында желаяқтар жүгірген кезде алаңның астындағы арнайы құрылғылар арқылы энергия алуға болады екен. Сол сияқты фитнесте тұрған жүгіру қондырғыларын жай айналдырып қана қоймай, одан да қуат шығарудың жолдары бар. Бұл жерде осы сияқты қозғалыстан энергия өндірудің сан алуан мысалы қамтылған.  Төртінші қабатта биомассадан энергия алудың озық тәжірибесі таныстырылады. Биодизель, этонол, биокөмір және тағы басқа таза отын түрлерін өндіру жүйесі бар. Бесінші қабатта жел энергиясы және оның тариxына арналған үлкен экспозиция ашылған. Әлемге әйгілі Квадриганың үлгісі де осында. Біз жел энергиясы десе, қанаттары бар диірменді ғана көз алдымызға әкелеміз. Алайда, оны тік тұрған діңгекпен де өндіруге мүм­кіндік бар екен. Сол діңгектің бір үлгісі Қазақстан павильонынан орын тауыпты.  Арнайы залда қатты желден бастап салқын самалға дейінгі желдің түр-түрін сезінесіз. Алтыншы қабат күн энергиясына арналған. Онда күн энергиясымен жүре­тін көліктер, күн батареялары бар киімдер және басқа да озық технологиялар бар. Экспозиция арқылы Күннің ішіне «кіруге болады». Тамаша проекциялық көрі­ністер арқылы Астанаға да саяxат жасайсыз...  Жетінші қабат ғарышқа «ұшырады». Шебер жасалған декорациялардың арқасында Айда серуендеп, ғарышкердің өмір салтымен, тағамдарымен танысасыз. Мұнда қонақтар назарына Халықаралық ғарыш стансасының толық тарихы да ұсынылған. Ал Планетарийде жер-жаһан шежіресін күмбезді проекция арқылы көресіз.  Сегізінші қабат толығымен Астананың болашағына, қазақтың келешегіне арналыпты. Шыныдан жасалған көпірмен жүріп, төмендегі бірінші қабатқа дейінгі аралықты тамашалауға болады. 

Алып энергия –  адамдарда Алғашқы күні Америка Құрама Штаттарының да павильоны ашылды. Сал­танатты шарада «Астана ЭКСПО-2017» ҰҚ» АҚ басқарма төрағасы Ахметжан Есімов сөз сөйлеп, АҚШ-тың көрмемізге қатысуы біз үшін өте маңызды екенін айтты. Өйткені, дүние жүзіндегі жетекші елдің жаңғыртылған энергетика саласында жеткен жетістіктері көп-ақ. «АҚШ-тың көрмеге қатысу мәселесі оңайлықпен қабыл­данбаған. Алайда, екіжақты күш біріктіру нәтижесінде мәселе оң шеші­мін тапты. ЭКСПО-2017 көрмесіне келу­шілерге АҚШ павильонындағы экспо­зициямен танысу өте қызықты болатындығына сенімдімін», деді ол.  АҚШ-тың Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Джордж Крол бірлескен іс-қимыл АҚШ пен Қазақстанның дипломатиялық қатынастарының энергия­сын көрсететіндігін жеткізсе, АҚШ павильо­нының президенті Джошуа Уолкер Американың шексіз энергиясының қайнар көзі адамдар екендігін атап өтті.  АҚШ экспозициясы 1100 шаршы метр аумақты алып жатыр және ол үш бөліктен тұрады: бірінші зал – «Энергия кеңістігі», екінші зал – «Өмір энергиясы» және пост-шоу аймағы. Павильонның тағы бір ерекшелігі – қонақтарды қазақ немесе орыс тілдерін меңгерген қырық америкалық студент қарсы алады.

Кинетикалық құм да  бір ғылым ЭКСПО-2017 көрмесіндегі Біріккен Ұлттар Ұйымы павильонының таныс­тырылымында БҰҰ-ның ЭКСПО-дағы Бас комиссары Джихан Сұлтаноғлы сөз сөйледі. «Қазақстан энергия тақырыбында көрме өткізу арқылы Париж келісімін ілгерілетуде бірегей мүмкіндік тудырып отыр. Әлемдегі энергетика жағдайын және қоршаған ортаны қорғау бағытындағы қадамдардың маңыздылығын ескере отырып, енді жаңа жобаларды тез арада тәжірибе жүзінде іске қосуға айрықша мән береміз», деді ол. Оның сөзіне қарағанда, еліміз энергия тиімділігін іске асыру бағытында алдыңғы қатарлы шешімдерді енгізуде. Бұл ретте «жасыл экономикаға» ерекше назар аударып отырғанымызға БҰҰ тарапы жоғары баға беруде.  «Осы шара аясында Қазақстан ғылыми қоғамдастық пен сарапшыларды тарту үшін өзіндік тұғырнама құрып отыр. Ендігі кезекте ғылыми орта тәжірибесі мен жобаларын барша әлемге паш етуі тиіс», деген Бас комиссар Қазақстан мен БҰҰ ұзақ мерзімді серіктестер болып табылатындығын да әңгімеледі. Джихан Сұлтаноғлының сөзінше, Қазақстан тәжі­рибе алмасу арқылы дамушы елдерге көмек көрсетіп жатыр. Өйткені, бола­шақтың энергиясы алдағы ұрпақ үшін өте маңызды. «Біздің көрмеде ұсынған экс­по­наттарымыздан кинетикалық құмды көруге болады. Сонымен қатар, шөлейтті алқаптар үшін суармалы егістерді құрудың жолдарымен таныса аласыздар», деді БҰҰ өкілі.  Павильон өкілдері БҰҰ жүйесіндегі бірқатар ұйым жаңғырмалы энергетика және энергия тиімділігі саласында маңызды жаңашылдықтарға қол жеткізу үшін инвестицияларды шоғырландыру тұрғысында өздерінің зерттеу нәтижелерін көпшілікке таныстыратынын айтты. 

Арктика мұзы –  Астанада ЭКСПО-2017 халықаралық ма­ман­дандырылған көрмесіне Ресей Фе­дерациясы Арктика мұздығын әкелген. Ол аймақтан көршілес елдің энергетикалық әлеуетін, атом саласындағы жетістіктерін, гидроэнергетикадағы тың серпілісін көруге болады. «Барлық келушілер түрлі теңіздердің арасында, Солтүстік теңіз жолы бойында орналасқан Ресейдің өз табиғи артықшылықтарын қолдана отырып, болашақ энергияның инновациялық дамуына қадам басуын көре алады», деді жиында Ресей Федерациясының Қа­зақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Михаил Бочарников.  Салтанатты шарада әдеттегі лента қию рәсімі болған жоқ, есесіне, павиль­онның бас комиссары Георгий Каламанов пен ЭКСПО-2017 көрмесінің комиссары Рәпіл Жошыбаев және Михаил Бо­чарников сұйық азотпен мұз болып қатырылған лентаны балғамен жарды. Мұнда кірген қонақ мәңгілік мұзды мекен – Арктикаға тап болғандай әсер алады. Ғимараттың қабырғалары тоң басқан мұз түрінде жабдықталған және ондағы сәулелер Арктика табиғатына ғана тән Солтүстік шұғыла құбылысын бейнелейді. Экспозицияның басты жаңалығы – Арктикадан – ғаламшардың ең биігінен жеткізілген мұз сеңі. Қалыңдығы 4 метр сең екі жылда түзілген және көрме аумағына арнайы контейнерлер арқылы жеткізілген.  «Біз «Болашақтың энергиясын» Ресей Арктикасы бірегей аймағы арқылы көр­сетеміз. Ол аймақта баламалы энергетиканы дамытудың болашағы зор. Бұдан бөлек, Арктикада пайдалы қазбалар да көп», дейді Г.Каламанов. Павильон экология жылына қолдау білдіру мақ­сатында өсімдіктер мен жануарлар әлемін қорғауға қатысты арнайы экспозиция ұсынады. Келушілер «Арктиканың табиғи әлемі», «Арктиканың су астындағы әлемі. Қайраң», «Арктиканың өсімдіктер мен жануарлар әлемі», «Мұздар» сынды ди­намикалық бейнеинсталяцияларды тамашалайды және жануарлардың сиреп кеткен түрлерін сақтау туралы мәліметтермен таныса алады.  8 қыркүйекте ЭКСПО-2017 көр­ме­сіндегі Ресей күні өтпек. 

Бұлшықет күшіндегі биоэнергия Австрия көрмеге ойын түрінде ұйымдастырылған «Дене күші, ақыл және жан» ұранымен қатысады. 870 шаршы метрді қамтитын павильон түрлі жаттығу құрылғылармен жабдықталған, олар энергия өндіріп, музыка ойнайды және салқын самал естіреді. Австрия жайында бейнетаспаны тамашалау үшін қонақтардың барлығы бірлесіп велосипед тебу керек. Арқан тартып, әткеншек теуіп, тетікті айналдырғанда ғана жарықтар жанып, декорациялар айналып, музыкалық аспаптар іске қосылады екен. Сонымен қатар, шәйнектің қайнауы, шамдардың жануы, интернет желісінің іздеу жүйесінде бір тетікті басу, ұшақ немесе көлікті оталдыру үшін электр шығарудың қаншалықты қиын екендігі айқын көрсетілген. Сәулетшілер құрылғы арқылы энергия жеткізуге бұлшықет күшін жұмсап, адам әлеуетіне назар аудартады.  Австрияда жоғары технологиялармен айналысатын және бұл салада сәтті қадамдар жасап келе жатқан компаниялар көп-ақ. Ал павильон құрастырушыларының пікірінше, болашақта қандай энергия болатындығын тек адам ғана айқындай алады. 

Құрылыс материалының ерекшелігі көп ЭКСПО-2017 көрмесі алаңына Түркия мемлекеті жоғары дайындықпен келген. Павильонның ашылу рәсімінде Қазақстанның Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек келіп, сөз сөйледі. Екі ел арасындағы достық пен серіктестік, өзара тиімді қарым-қатынас ұзақ жылдарды қамтитынын айтқан ол бауырлас түрік халқының Қазақстан тәуелсіздігін таныған ең алғашқы мемлекет екенін еске салды. ЭКСПО-2017 тақырыбы аса өзекті. Соңғы он жыл­дықта бүкіл әлемдік қоғамдастық алдында қоршаған ортаның ластануы, энергетикалық ресурстардың азаюы сияқты өткір мәселелер тұр. Әлемде энергетика, энергияны үнемдеу және қайта жаңарту салаларына инвестицияны арттыру тренді қалыптасуда. Бұл өз кезегінде болашақ энергиясына негізделген. Осы мазмұнда Түркия тарапының тәжірибесі бізге өте маңызды», деді министр.  Түркия Экономика министрінің орынбасары, ұлттық секциясының комиссары Тарык Сонмез ЭКСПО көрмелері халықтар арасындағы татулыққа, дос­тыққа, бейбітшілікке шақыратын үлкен іс-шара екенін жеткізді. «Біз ХІХ ғасырдан бастап бүгінге дейін ұйымдастырылған осы көрменің 34-іне қатыстық. Биылғы басқосуға «Тұрақты энергия» тақырыбын алып келдік», деді ол. Түркия павильонымен танысу барысында көпшілікті қолөнер шеберлерінің туындылары қатты қызықтырды.  Түркия тарапы көрмеде жел энер­гетикасының жобаларын көпшілікке ұсынған. Сонымен қатар, құрылыс саласында энергия үнемдеуге мүмкіндік беретін әйнектерді таныстырды. Бұл құрылыс материалының ыстықты және суықты, сырттағы шуды өткізбейтін ерекшелігі бар. Ұйымдастырушылардың айтуынша, өнімді көптеген салада пайдалануға болады.

Газ өндірудің  ғаламаттары Көрме алаңындағы үлкен аумақты еншілеген Түрікменстанның ұлттық павильонын сол ел Президенті Гурбангулы Бердімұхамедов ашты. Ол халықаралық көрменің ұйымдастырылуына жоғары баға беріп, Қазақстанмен жемісті байланыс орнағандығын атап өтті. Оның сөзінше, бауырлас елдер бірқатар сәтті жобаларды жүзеге асырып келеді, олардың қа­тарында Қазақстан – Түрікменстан – Иран бағытындағы темір жол құрылысы бар.  Түрікменстан ұлттық павильоны келушілерге жанармай-энергия саласын таныстырады. Онда жоспарланып отырған бірнеше жобаның үлгісі орналастырылған. Мәселен, жоспарға алынған гелиокешенде жайылатын малдың тезегін құрылғы биогазға (газ тәрізді отын) өңдейді. Сонымен қатар, Түрікменстан билігі автономды қалдықсыз өсімдік, құс және жылыжайда қозықұйрық өсіруге арналған биоаккумуляторлы гелиобиологиялық кешен салу ісін жүзеге асырмақ. Кешенде қалдықтар мен шығарынды газдарды толық пайдаланып, іске жарату көзделген.  Түрікменстан енгізіп отырған тағы бір жаңалық – пайдалы әсер коэффициенті жоғары біріктірілген электр тудырушы станса – бу-газды электр стансасы кешені. Мұның құрамында 4 газ, 2 бу турбиналары және 4 кәдеге жаратушы қазандық бар. Түрікмендердің есебінше, бұл электр стансасы жыл сайын миллиардтан астам текше метр табиғи газ үнемдеуге септігін тигізіп, буға айналушы газ қалдықтарын 3 млн тоннадан артық төмендетуге ықпал етеді.  Павильонда, сонымен қатар, ұлттық нақыштағы тауарлар мен электр энергиясының даму тарихынан сыр шертетін ашық аспан астындағы музей түріндегі 100 жылдық Гиндукуш су-электр стансасының макеті қойылған. Қазіргі таңда стансада 100 жыл бұрын орнатылған құрылғылар мен бұйымдар қолданылып келеді. Олар – су турбиналары, осы уақытқа дейін ақаусыз қызмет етіп келе жатқан белгі (сигнал) шамдары, түрлі өлшемдегі кілттер және көше шамдары.

Венгр бәйтерегі Мажар елінің павильоны жер ресурстарын тиімді пайдалану мәселесіне арналыпты. Соның аясында күн энергия­сына басымдық беріп, баламалы энергетика саласындағы тәжірибесімен таныс­тырады. Павильонның қақ ортасында тамырын терең жайып, бұтағын биікке созған үлкен бәйтерек тұр. Негізгі идея – қоршаған ортаны сақтай отырып, табиғи құбылыстардың негізінде энергияны өндіру. «Астананың нышаны Бәйтерек болса, бізде ол Өмір ағашы. Міне, мажар мен қазақ бұл жағынан да ұқсас халықтар. Қазақтар осы бәйтеректі көріп, біздің тағы бір ұқсастығымызды жылы қабылдайды деп білеміз. Павильон 90 күн бойы жұмыс істейді. Көрме аяқталғанша елшілік толығымен осы жаққа көшіп келетін шығар. Ал әріптестік байланыстарымыз осы павильонның аясында ғана емес, көрмеден кейін де жалғасатынына сенемін», дейді Мажарстанның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Нандор Кортези.  Мажар павильонында ұйымдас­тырылатын мәдени шаралардың бірі – Қыпшақ күндері. Мереке аясында венгр-қазақ салт-дәстүрлері арасындағы байланысты жан-жақты көрсету көзделген. «Қазақстанның ЭКСПО халықаралық көрмесін Орталық Азия аймағында алғаш рет ұйымдастыруы осы елдің мәртебесін, аймақтық және халықаралық деңгейдегі беделін көрсетсе керек», дейді Венгрияның Ұлттық экономика министрі Михай Варга. 

Асхат РАЙҚҰЛ,  «Егемен Қазақстан»