• RUB:
    5.43
  • USD:
    477.03
  • EUR:
    521.44
Басты сайтқа өту
Аймақтар 13 Маусым, 2017

Солтүстік Қазақстанда жаңа шағынаудан бой көтереді

133 рет
көрсетілді

Қала құрылысы кеңесінің отырысында аймақ басшысы Құмар Ақсақалов Петропавлдағы жұмыс тобының құрылыс жоспарын талқылауды ұсынды.

«Былтыр облыс бойынша 164 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға берілді. Биылғы меже – 200 мың шаршы метр. Бұл салаға ерекше басымдық берілетін болады. Қаржылық жағынан толық қамтамасыз етіледі», деді Құмар Іргебайұлы.

Жамбыл көшесінде бой көтеретін «Жас өркен» шағынауданының жоба үлгісінде  аумақты жаңа нысандармен қамту, гүлзарлармен көркейту, ескі  ғимараттардың қасбетін жақсарту шаралары қарастырылған. Жол-көлік жөндеу  жұмыстары аяқталғаннан кейін айналма жолдың дәл жүрек тұсына  батыр бабамыз Қожаберген жырауға арнап еңселі ескерткіш орнатылады. Оның биіктігі 14 метрге дейін жетеді. Бұдан тысқары өндірістік аумақтағы қоршау бойына ағаштар мен тірі бұталы қоршау егу арқылы шағын гүлзармен көркейтіледі, жаяужолдар жасалады, шамдар мен орындықтар орнатылады.  Жекелеген нысандардың қасбеттері сәулеткерлік әйнектеуді қолдану арқылы керамикалық мәрмәртаспен көмкеріледі. Осы аумақтағы көшелердің орамы аумағында 384, 312 және 332 пәтерлік тұрғын үй кешені тұрғызылады. Қазір 4 қабатты теннис орталығы мен 9 қабатты прокуратура ғимаратының құрылысы жүргізілуде.

Кеңесте Оқушылар сарайы ғимаратының жобасы таныстырылды.

«Ғимарат төрт қабатты болады, ол 13,5 мың шаршы метрді құрайтын 5 блоктан тұрады, 1800 балаға лайықталған. Үйірмелерге арналған 40-тан астам кабинет, 4 шеберхана, 8 зертхана, 3 көрме залы болады. Бұдан басқа концерт, арт және конференция залдары, медиатека, мұражай, тірі бұрыш пен дыбыс жазу студиясын салу қарастырылған», деді сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Жасұлан Қабиев. 

Өңір басшысы Оқушылар сарайында ІТ-орталығы орналасатынын айтты.

«Көптеген елдерде ІТ-өндірісі ауыл шаруашылығында кеңінен  пайдаланылады. Мысалы, Геннадий Зенченконың мал шаруашылығында көптеген үрдістер компьютерлендірілген. Қазір өсімдіктің өсуін, өзін қалай сезінетіндігін және қандай препараттар қажет екендігін бақылайтын технологиялар бар. Бұл жерде жаңа технологияларды терең меңгерген жас мамандар жұмыс істейтін болады. Ауыл шаруашылығы, қалалық жарықтандыру, тағы басқа мәселелерді талқылайтын алаң жасаймыз», деді Құмар Ақсақалов.

Өмір Есқали, «Егемен Қазақстан»