• RUB:
    5.43
  • USD:
    477.03
  • EUR:
    521.44
Басты сайтқа өту
19 Маусым, 2017

Отанға қызмет етуден асқан абырой жоқ!

314 рет
көрсетілді

Тәуелсіздігіміздің алтын тірегі ретінде танылған Астанамыз күннен-күнге құлпырып қанатын кеңге жайып келеді. Бас қаламыздың дамуына өз үлесін қо­сып отырған тиісті салалардың еңбегі де өте зор. Солардың қатарында құ­рылғанына 25 жыл толған Қазақстан Республикасы ішкі істер органдары қыз­меткерлерінің қиын-қыстау кезеңдерде адамдардың қауіп­сіз­дігін қорғау мен қоғам тыныштығын сақтауда, зайырлы мемлекетіміздің құ­қықтық саясатын жүзеге асыруда маңызды рөл атқарып келе жатқандығын ай­рықша атауға болады. 25 жылдыққа орай, біз Астана қалалық Ішкі істер департаментінің бастығы Амантай ӘУБӘКІРОВКЕ жолығып, әңгімелескен едік.

– Амантай Акрамұлы, «Астананың өркендеуі – Қазақстанның өркен­деуі» демекші, бас қаламыздың табыс­та­ры­ның бірі қоғамдық тәртіп пен жанға жай­лы тыныштықтың нәтижесі екені белгілі. Бұл орайда Астана қалалық Ішкі істер департаменті атқарып жат­қан жұмыстардың да айтарлықтай еке­ні анық. Осы арада әңгімемізді ел­­ордалық ішкі істер органдарының қа­­лыптасу кезеңінен бастасақ деген ұсы­­нысым бар.  – Полиция қатарына мамандар қа­былдау, оларды дайындау мен тәр­би­елеу жүйесі мемлекетіміздің ішкі іс­тер органдарының нығаюының ір­ге­тасы бо­лып табылады. Қазіргі таңда қазақ­стан­­дық полицияның өзіне жүктелген мін­деттерді орындауына, толыққанды қыз­мет атқаруына барлық қажетті жағ­дай жасалған.  Мемлекеттің және жергілікті әкім­дік­тің қолдауы арқасында елордалық ішкі істер департаментінің материалдық-тех­никалық жабдықталуы жоғары дең­гейде. Соның дәлелдерінің бірі – Астана по­лицейлерінің кеудеге ілінетін бей­не­тіркегіштерді қолдана бастауы. Бей­­нетіркегіштерді пайдалану құқық бұ­зу­шылықтарды тіркеу ғана емес, оған қоса жемқорлық әрекеттерге жол бер­меу­дегі ұтымды амал болып саналады. Мұн­дай тәжірибе оң нәтижесін беріп, бү­гінде ол мемлекеттің бүкіл аумағында қолданылады.  Ал елордамызда республикалық және халықаралық деңгейдегі саяси, қо­ғам­­дық және спорттық-мәдени іс-ша­ра­­лар жиі өткізілетіндіктен, ІІД құқық­тық тәртіп пен қауіпсіздікті жоғары деңгейде қамтамасыз етеді. Жыл басынан бері ұйымдастырылған 985-ке жу­ық іс-шара кезінде қоғамдық тәртіп ти­істі дәрежеде қамтылды. Мәселен, ЭКСПО-2017 халық­ара­лық көрмесін өт­кізуге орай тәртіп сақ­шыларына үл­кен жауапкершілік жүк­телген бола­тын. Қазіргі таңда, осы ауқымды әлемдік шараның басталуына орай, ІІМ, әкімдік, басқа да уәкілетті органдармен бірлесіп, қауіпсіздікті және нысандардың анти­тер­рористік қорғалуын жоғары деңгейде қам­тамасыз етуге бағытталған іс-шара­лар кешені жүзеге асырылып жатыр.  ЭКСПО көрме қалашығының аума­ғын­да жаңа полиция бөлімі қызмет ете бас­тады. Қонақтардың жайлылығы үшін біздің бастамамызбен көптеген қонақ үйлерде шетелдік азаматтарды тіркеуде электрондық жүйе іске қосылып, ол өзін ақтап отыр. Бүгінде қазақстандықтар мен шетел­дік қонақтар тәуліктің кез келген уа­қы­тында елордамызда өздерін қауіпсіз се­зінулері мақсатында құқықтық тәртіпті қор­ғау тек көрме нысандарында ғана емес, Астананың барлық аумағында қам­та­­масыз етілуде. Халық көп жиналатын орындарда, мәдени-көпшілік және спорттық іс-ша­ра­лар өткізілетін орындарда қыл­мыс­тар мен құқық бұзушылықтарға қарсы жедел әрекет ету үшін заманауи техникамен то­лық жабдықталған арнайы автобус­тарда Астана қаласы ІІД жылжы­малы ке­зекші жедел-тергеу тобы кезек­шілік етеді. Аталған шағын топтың құрамында тергеушілер, криминалистер, жедел қызметкерлер, учаскелік полиция инс­пекторлары, жүргізуші-полицейлер және ағылшын тілін меңгерген еріктілер бар.  – Бұл орайда, халықаралық көр­менің мәртебесін ескере отырып, тәр­тіп сақшыларының қызметтік және кә­сіби дайындығының деңгейіне де баса назар аударылған шығар?  – Әрине. Ішкі істер департаментінің 600-ден астам полиция қызметкері ағыл­шын тілін меңгеру курсынан өтіп, серти­фи­каттарды иеленді. Шетелдік азаматтармен тілдесу кезінде қолайлылық үшін арнайы жадынамалар мен үш тілдегі сөз­діктер дайындалды. Еуропадағы қау­іпсіздік және ынты­мақ­тастық ұйымының өкілдері ІІД қыз­мет­кер­леріне адамдар тобын басқару бойынша сабақтар өт­кіз­ді. Сонымен қатар, біз көпшілік іс-шараларды өт­кізу кезінде «профайлинг» тәсілін қол­дану бойынша семинар-тренингтер жүр­гіземіз.  Оған қоса, департамент қызмет­керлері тұ­рақты негізде түрлі халық­ара­­лық фо­рум­дарға шақыртылады. Мә­селен, биылғы жылы Астана қаласы ІІД делегациясы Будапешт және Бейжің қалаларында өткен конференцияларға қатысты. Қызметтік міндеттерін орындау кезінде полицейлер бастарын түрлі қауіп-қатерге тігетіндігі жасырын емес. Сондай экстремалды жағдайларда тиімді әрекет ету ғана адам өмірін сақтап қала алады. Біздің қызметкерлер оқыс оқиға жағдайларында ерлік пен батылдықтың үлгісін көрсетуге әркез дайын. Соңғы жыл­дары қылмыскерлерді ұстау бары­сын­да бір қызметкер көз жұмып, алтауы пышақ жарақатын алды. Соған орай өткен жылы қаруланған қылмыскерлерді құрықтау кезінде көрсеткен ерлігі үшін Елбасы Жарлығымен елордалық депар­та­менттің бір қызметкері «Айбын» орде­німен және екеуі «Ерлігі үшін» медальдарымен марапатталды.      Кадрлық саясаттың маңызды бағыты – отбасылық әулет. Әрбір ата-ана үшін баласының өздерінің ізін қуып, таңдаған м­а­мандығын жалғастыруы қуантарлық жайт. Дәл осындай отбасыларда қызмет, мін­­детке деген сый-құрмет, адалдық бала кезден бастап қалыптасады. Ел­ор­далық ішкі істер департаментінде 20-дан астам полиция әулеті бар, оның ішін­­де кейбіреуінің құқық қорғау ор­ган­­дарындағы тәжірибелері 120 жылдан асады.  Тәртіп сақшыларының әлеуметтік мәселелерін шешуде қалалық әкімдіктің көрсететін қолдауын атап кеткен жөн. Өткен жылы мемлекеттік түрғын үй қорынан ІІД қызметкерлеріне 50-ден астам пәтер мен коттедж түріндегі 10 үй бөлінді. Осы жылдың мамыр айында 100-ден астам жас полицей жаңа жатақ­ха­налардың бөлмелеріне ие болды. Бұл жал­­ғызбасты қызметкерлерге отбасы құр­ғанша үлкен көмек деп ойлаймын.  – Кейін сақшы боламын деп армандаған жастарға қандай тәрбие көрсетіліп, өнеге беріледі? – Қазақстан Республикасының мем­ле­кеттік мереке күндеріне орай, біз дәс­түрге айналып кеткен жаппай спорт­тық іс-шараларды ұйымдастырамыз. Оған полиция қызметкерлері, отбасы мүшелері және ішкі істер органдарының ардагерлері белсене атсалысады. Өске­лең ұрпақпен де тығыз жұмыс істеп­, біздің ба­с­тамамызбен балаларға ар­нал­ған аула клубы ұйымдастырылды. Мәселен, Қа­зақстан полициясының 25 жылдығы қар­саңында балаларға арналып «Жас қыран» атты жаңа аула шахмат клубы ашылды. Сабақты тәжі­ри­бесі жоғары жаттықтырушы, шахмат бойынша спорт шебері, ішкі істер органының зейнеткері, отставкадағы милиция подполковнигі Г.Шалагин өткізеді. Бұған қоса 2014 жыл­дан бастап елордалық ІІД Астананың балалар үйінің тәрбиеленушілерін қам­қор­лық­қа алып, түрлі мәдени және спорттық іс-шараларды ұйымдастырады. ІІД бөліністері ашық есік күндерін өткізіп, оқушылардың демалысы кезінде балалар ІІД спорт кешеніндегі бассейнге барады.  Осы тарапта аға буынды да назардан тыс қалдырмаймыз. Мерекелерде қарттар мен мүмкіндігі шектеулі жандар тұратын ме­дициналық-әлеуметтік мекемелерге барып, концерттік бағдарламамен кө­ңілдерін көтеріп, сыйлықтар табыстаймыз. Балалар үйін қамқорлығымызға ал­ғандай аталған мекемені де елеусіз қал­дырмаудамыз. Астаналық тәртіп сақ­шы­лары, сондай-ақ, әлеуметік жағынан аз қамтылған отбасыларға көмек көрсетуге бағытталған түрлі акцияларға дәстүрлі түр­де атсалысып тұрады. «Мектепке жол» акциясының шеңберінде әлеуметтік жа­ғынан аз қамтылған отбасының балаларына демеушілік жәрдем жасалынды. Аталған осындай көмекті ІІД қыз­мет­кер­лері өз қаражат­тарының есебінен жасайды.  Сөзімді қорытындылай келгенде айтарым, Астанада азаматтардың қауіп­сіз­ді­гі мен тыныштығының қорғаны болу – тәртіп сақшылары үшін бір жағынан мін­­дет болса, екінші жағынан мақтаныш пен құр­мет болып табылады. Өйткені, Отанға адал қызмет еткеннен артық абырой жоқ. – Әңгімеңізге рахмет.

Әңгімелескен  Александр ТАСБОЛАТОВ, «Егемен Қазақстан»