• RUB:
    5.43
  • USD:
    477.03
  • EUR:
    521.44
Басты сайтқа өту
Парламент 21 Маусым, 2017

Сенатта қорғаныс саласын дамыту мәселелері талқыланды

163 рет
көрсетілді

Парламент Сенатында Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің ұйымдастыруымен өткен парламенттік тыңдау барысында азаматтық қорғаныс саласын дамыту мәселелері талқыланды, деп хабарлайды Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Баспасөз қызметі.

Сенат басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы мақұлдаған 2015-2030 жылдарға арналған табиғи апаттардың тәуекелін азайту жөніндегі Сендай бағдарламасының ережелеріне назар аударды. Онда табиғи апаттардың салдарынан 2005-2014 жылдары 700 мыңнан астам адам қаза тапты, 1,4 миллионнан астам адам мүгедек болып, шамамен 23 миллионға жуық адам баспанасынан айырылды деп көрсетілген. Апаттардың нәтижесінде жалпы саны 1,5 миллиардтан астам адам зардап шекті.

Сенат Төрағасы азаматтық қорғаныс саласының құқықтық негізін жетілдіру жөніндегі шаралар туралы айтып өтті. 2014 жылғы сәуір айында Парламент қабылдаған «Азаматтық қорғаныс туралы» заң төтенше жағдайларға қарсы іс-қимыл саласындағы алты заңнамалық актіні біріктіріп, бір жүйеге түсірді. Бұл – апаттарға қарсы іс-қимылдың болашақтағы ұзақ мерзімді жаңа тұжырымдамасын жасауға және іске асыруға мүмкіндік берді.

Қ.Тоқаев, апаттан зардап шеккен азаматтарымызды қиын жағдайда қалдырмауды қажеттігі жайында айта келіп, «Мемлекет төтенше жағдайлардан зардап шеккендерге қолдау көрсетуге міндетті және қолдау көрсететін де болады», - деді.

Сенат басшысы осы саладағы өзекті мәселелерге назар аударды. Үкімет пен жергілікті атқарушы органдар төтенше жағдайлардың алдын-алу шараларына, ал форс-мажор жағдайларында олардың салдарын жоюға қажетті қаражаттың қарастырылуын аса мұқият түрде нақтылап отыруы тиіс. Қажет болған кезде шұғыл түрде пайдалана алатын мүмкіндіктің болуы үшін мемлекеттің материалдық резервтегі ресурстарының атаулары мен тиімді логистикасын пысықтау қажет. Қ.Тоқаевтың пікірінше, халықтың арасында төтенше жағдайлардан сақтандыру мәселелерін түсіндіру жөніндегі жұмыстар күшейтуді талап етеді.

Сенат басшысы қазіргі кезде сақтандыру аса өткір мәселе екеніне тоқталды. Апаттан келген шығынның орнын бюджет қаржысы толтыра алмайтыны белгілі. Азаматтар шығынның орнына ақшалай берілетін көмекті жылдар бойы күтеді. Сондықтан қазақстандық және шетелдік сақтандыру компанияларын кеңінен және белсенді түрде тартатын нарықты қалыптастыру керек. Осы мақсат үшін сақтандыруды мүлде жаңа негізде әзірлеу қажет.

Қараусыз қалған гидротехникалық құрылыстардың мәселесі қазіргі уақытқа дейін шешілмеген, олардың еліміздегі саны 60-тан асады. «Осының салдарынан елімізде бірнеше рет қайғылы жағдайлардың орын алғаны да аян. Ағынсу құбырлары мен елді мекендердегі арық жүйелерін дамыту және су тасқынының алдын үшін, жергілікті атқарушы органдардың жауапкершілігін күшейту мақсатында архитектуралық-қала құрылысына қатысты заңнамаға түзетулер енгізу керек», - деді жоғарғы Палатаның басшысы.

Өнеркәсіп орындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету, әсіресе ірі индустриалды кешендерде экологиялық ортаны қорғау, сейсмикалық қорғау, қалалар мен ауылдардың тіршілік инфрақұрылымының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері мемлекеттік органдардың әр кез назарында болуы тиіс.

Сенат Төрағасы осы маңызды мәселелердің шешілуін заңнамалық тұрғыдан қажетті қолдау көрсетуге депутаттардың дайын екенін атап өтті.

Парламенттік тыңдау барысында ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов, Алматы әкімінің орынбасары Румиль Тауфиков, Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Антон Федяев, БҰҰ-ның Даму бағдарламасы апат қатерін төмендету және климаттың өзгеруі мәселелері жөніндегі аймақтық кеңесшісі Станислав Ким, төтенше жағдай мен сұрапыл апаттардың қатерін азайту жөніндегі орталықтың директоры Валерий Петров және басқалар сөз сөйледі.

Парламенттік тыңдауға қатысушылар ұсыныстар әзірледі. Құжатта осы саланы заңнамалық және ұйымдастыру жөніндегі бірқатар нақты ұсыныстар бар.