Даму қарқыны осылай кете берсе, жыл сайын білім толықтырып отыру қажеттігі туары хақ. Бұл жөнінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев әр жылғы Жолдауы мен бағдарлы сөздерінде айтып келе жатыр. Осы мәселе «Назарбаев университет» болған алқалы жиында жан-жақты талқыға түсті.
Басқосудың тақырыбы «Өмір бойы білім алу: тұрақты даму мүддесінде үздіксіз білім беру» деп аталады. Мұндай конференция бұдан бұрын да өткен еді. Он бесінші рет болған жиынның негізгі ұйымдастырушысы Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы екенін еске сала кетсек дейміз. Конференция жұмысына Франция, Ресей, Польша, Италия, Беларусь, Гонконг, Өзбекстан ғалымдары, отандық білім беру мекемелерінің өкілдері, облыстар мен Астана және Алматы қалалары білім басқармаларының, сонымен қатар жоғары оқу орындарының, кадрлар біліктілігін арттыру және оларды қайта даярлау институтының, колледждің оқытушылары, мектеп мұғалімдері қатысты. Әлемдік деңгейдегі үздіксіз білім беру жөніндегі ұйымдастыру комитетінің құрамына БҰҰ-ның Үкіметаралық ұйымы, ЮНЕСКО, Еуразиялық экономикалық қоғамдастығының Парламентарлық Ассамблеясы, ЮНЕСКО-ның үздіксіз білім беру институты (Германия), Гонконг ЮНЕСКО-ЮНЕВОК орталығы, Ресей білім академиясы, тағы басқа мекемелер кіреді. Қазақ елінде өткен мерейтойлық конференция Санкт-Петербургте болған жиынның заңды жалғасы. Конференцияның негізгі мақсаты – тұрақты даму мүддесінде үздіксіз білім берудің әлемдік мәселелерін талқылау және халықаралық деңгейде пікір алмаса отырып, оның оң нәтижелерін іске асыру. Алқалы жиынның ашылуында Білім және ғылым министр- лігінің жауапты хатшысы Арын Өрсариев білім беру ісіне жан-жақты тоқталып, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» халықтық жобасы бойынша жұмыстар жүргізіліп жатқанын, әсіресе оны білім саласында жүйелі жүргізу қолға алынғанына нақты дәйектер келтірді. Мәжіліс депутаты Ж.Нұрманбетова, Ы.Алтынсарин атындағы Білім академиясының президенті Ж.Жылбаев, қазақ елінде жұмысын бастағалы отырған ЭКСПО-2017 көрмесі қарсаңында болған бұл конференция еліміздің әлеуетін көрсететінін жан-жақты баяндады. Ал пленарлық мәжілісте «Назарбаев зияткерлік мектептері» ДББҰ басқарма төрайымы К.Шәмшидинова заманауи әлем талабы контексінде білім мазмұнын жаңарту туралы байламдарын ортаға салды. М.К.Аммосов атындағы Солтүстік Шығыс федералды университетінің ректоры, академик Евгения Михайлова (Ресей) білім ордасындағы инновациялық дамытудың зияткерлік платформасына тоқталса, Беларусь Республикасынан келген ғалым Наталья Перевалова жалпы орта білім беру мазмұнын жаңарту, оны ғылыми негізде жүзеге асыру бойынша өз тәжірибелерін ортаға салды. Сол секілді «Баршаға арналған үздіксіз білім» қоғамдық бірлестігінің президенті, профессор Николай Лобанов, Ресей үздіксіз кәсіптік білім беру жүйесіндегі адамның еркіндігі мен тәуелділігіне қатысты мәселелерді қозғады. Сонымен, екі күнге созылған үздіксіз білім беруге қатысты өткен жиында бірнеше ұсыныс қабылданып, әр азаматқа арнайы сертификаттар тапсырылды.
Сүлеймен Мәмет, «Егемен Қазақстан»