БІРІНШІ ЕРЕКШЕЛІК Ақтөбенің отандық төрт агломерацияның бірі екендігінен туындайды. Сарапшы мамандар Ақтөбе мұнай-газ химиясы кешенін құруға лайықты деп санайды. Индустрия мен инновацияны дамытудың басты қозғаушы күшін де осы тұстан табуға болады. Ақтөбе агломерациясын құру ісінің бастауында өзге емес, Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі тұрғаны үлкен мәртебе. Мемлекет басшысы Ақтөбе қаласын бүгінгі заманғы урбанистикалық орталыққа айналдыру жөніндегі жобасын бұдан үш жыл бұрын 2014 жылдың қаңтарында жариялағаны белгілі.
Қазіргі кезде өңір агломерация табиғатына тән өзге өңірлерге негізгі тапсырыс беруші жақ ретіндегі даму жолына бет бұрып келеді. Басты мақсат осы арқылы тұтастай ел экономикасының өркендеуіне үлес қосу болмақ. Осы арада Елбасы аймақтық агломерацияның алғашқы қадамына орай: Ақтөбе ел экономикасын өрге сүйрейтін локомотив рөлін атқара алады деп жоғары баға бергенін де айту парыз. Ақтөбе агломерациясы облыстың алты ауданын қамтиды. Оның шеңберіне Ақтөбе қаласы мен осы төңіректегі жетпіс елді мекен кіреді. Оның екеуі Алға мен Қандыағаш секілді шағын қала, ал біреуі еліміздегі моноқалалар құрамындағы Хромтау қаласы. Бүгінгі күні агломерация аумағында 600 мыңның үстінде халық тұрады. Бұл өңірдегі тұрғындар санының 72,5 пайызы.
Ақтөбе агломерациясының алдағы атқаратын іс жоспарлары облыстық мәслихаттың 2015 жылдың 7-тамызында өткізілген сессиясында бекітілген. Қазіргі күні соған сай кең ауқымды жұмыстар жүргізіліп келеді. Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың өкіміне сәйкес жұмыс тобының құрамына басқармалар мен департаменттердің басшылары және Ақтөбе қаласы мен агломерация аумағындағы аудандардың әкімдері енгізілген. Олар өткен жылы Ақтөбе агломерациясының 2016-2020 жылдарға арналған жалпы жаңа жобасын жасақтады. Мұнда халықтың табиғи және көші-қон есебінен өсімі мен демографиялық сыйымдылығы инвестициялық күштерді топтастырудың ілкімді жүйелері көрініс тапқан.
Бұған қосарымыз, ұлттық экономика министрлігі мамандарының мәлімдеуіне қарағанда, түпкілікті жағдайда және болашақта Ақтөбе агломерациясының демографиялық сыйымдылығы 1 миллион 300 мың адамға жеткізілмек. Әрі Ақтөбе еліміздің басты көлік-логистика орталығының және металлургия, құрылыс салаларының бірі ретінде дамымақ.
ЕКІНШІ ЕРЕКШЕЛІК өңірдегі шағын және орта бизнес субъектілерінің белсенді іс-әрекеттері мен қарқынды қимылдарынан бастау алады. Өзге өңірлермен салыстыра қарағанда Ақтөбенің тұтастай еліміздің ішкі жалпы өніміне қосатын үлесі жоғары. Қазіргі кезде осы үлестің деңгейін одан әрі көтеру қажеттігі туындап отыр. Бұл үшін Елбасы бірінші кезекте шағын және орта бизнестің өңір экономикасындағы үлесін елу пайызға жеткізу міндетін қойды. Сөз жоқ, бұл өте жоғары міндет. Аса ауқымды іс. Өңірдегі қазіргі іс-қимыл осы мақсатты орынауға бағытталған. Елбасы белгілеген меженің елу пайыздық мөлшерін игеру болып отыр.
ҮШІНШІДЕН, Ақтөбе облысында республика Президентінің Үшінші Жаңғыруды жариялаған Жолдауында көрсетілгендей мемлекет-жекеменшік әріптестігінің аясын кеңейту ісінде көптеген жобалар іске асып келеді. Бұл жөнінде облыс республика өңірлері арасында алдыңғы орында тұр. Биыл облыста екі жақты әріптестікті жүйелі жолға қою үшін тартылған инвестиция көлемі 28 миллиард теңгені құрады. Мемлекеттік мүлікті сенімді түрде басқаруға берілген нысандар арасында әлеуметтік инфрақұрылымдар жүйесін дамытуға басымдық берілген.
Биыл өңірде мемлекеттік-жекеменшік әріптестігі аясында 38 жоба жүзеге аспақ. Аймақта экономиканың барлық буындарына тән нормативтік және құжаттық база мемлекет-жекеменшік әріптестігі қызметіне берік орныға бастауы – облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуының басты ерекшелігі болып қала бермек.
ТӨРТІНШІДЕН, Ақтөбеде ел өңірлері арасында ешқандай баламасы жоқ медициналық кластердің құрылғаны аймақтың әлеуметтік-экономикалық даму ісінен тыс тұра алмайды. Мұндағы басты мақсат – республиканың батыс өңіріндегі барлық тұрғындарды сапалы әрі қолжетімді медициналық қызметпен қамту. Қазір осы бағытта облыста қосымша медициналық нысандар құрылыстары бой көтеріп келеді. Соның ішінде осы нысандардың 35-і жоғарыда айтылғандай мемлекет-жекеменшік әріптестігі аясында тұрғызылуда.
БЕСІНШІДЕН, Ақтөбе облысы экономикасында өнеркәсіпті өркендету жетекші рөл атқарғанымен мұнда агроөнеркәсіптік кешен мен ауылшаруашылығы өндірісінің даму деңгейі де жоғары. Бұл үшін бірінші кезекте ауыл шаруашылығы өнімдері экспортының деңгейін көтеру мен қайта өңдеу өндірісі нысандарын дамытуға көңіл бөлінуде. Осы міндет үдесінен шығу үшін ауыл шаруашылығы саласын әртараптандырудың кең ауқымды бағдарламасы қабылданған.
Соған сәйкес облыста бал арасын өсіру, ешкі сүті мен бөдене жұмыртқасын өндіруді өнеркәсіптік жолға қою, балықты өңдеп, қалбырлап шығару секілді дәстүрлі емес шаруашылықтарды игеру қолға алынған. Өңір тұрғындары мен кәсіпкерлерінің бұрын шұғылданып көрмеген мұндай кәсіпке бет бұруы – саланы әртараптандырудың басты кілті, әрі өңірдің әлеуметтік-экономикалық ерекшелігінің ажырамас бір бөлігі болмақ.