Аудан орталығында 2001 жылдан бастап «Достық» үйі шаңырақ көтеріп, кейін ол ұлттық-мәдени орталық болып қайта құрылды. Бұл орталықтың төрайымы Бесайдар Алашқызы көрші Баян-өлке аймағы және Шығыс Қазақстан облысымен тығыз қарым-қатынас орнатқан. Сонымен бірге, Наурыз және өзге де ұлттық-діни мейрамдарды өз деңгейінде өткізуге ұйытқы болып келеді. Сонымен қатар, аудандағы мәдени жаңалықтарды халыққа жеткізіп отыратын «Шүй нұры» атты газет шығарылуда. Сонымен бірге, ұлттық-мәдени орталықтың қасынан этнографиялық бағытта ән айтатын «Керуен» және «Мирас» секілді ансамбльдер жұмыс істеп тұр. Соңғы жылдары ұлттық-мәдени орталық қазақтың қолөнер шеберлігін қайта жаңғырту мақсатында шағын шеберхана ашты. Бүгінде шеберхананың шығарған қолөнер бұйымдары түрлі көрмелерге қойылып келеді. Десе де, бізді алаңдатып отырған дүние – қазақ тілі мәселесі. Аудан бойынша қазақ тілі тек факультативті пән ретінде оқытылғаны болмаса, басқа сабақтар түгелдей орыс-алтай тілдерінде жүргізілуде. Осы орайда, Қосағаш ауданына көмек қолын созатын ең ыңғайлы мүмкіндік – іргелес орналасқан Шығыс Қазақстан облысымен мәдени-рухани қатынас орнатуды қолға алса, абзал болар еді.
Аманжол САХАРЬЯНОВ, Алтай Республикасы Қосағаш ауданы мәслихаты төрағасының орынбасары (Ресей)