Игі жақсылардың айтқандарын көкейге түйіп, орайы келсе ойлы оқырманның олжасына айналдырып отырудың өзі сауап емес пе. Әдетте, халқына қалтқысыз қызмет етудің ар жағында, астарында қарапайымдылық қасиет менмұндалайды. Өзбекстанның халық әртісі Фарух Закировтің осы жөнінде айтқаны көңілден шығып, күнделік бетіне қонақтаған екен: «Қарапайымдылық ғана халқыңмен жақындастыра түседі. Мен осы уақытқа дейін өзім жайлы пиар жасап көрмеппін. Пиар сабын су сияқты, пайда болып, жылдам жоғалып кетеді. Ал адам бойындағы асыл қасиеттерді ешқандай ақшаға сатып ала алмайсыз». Иә, қолдан жасаған пиардың арқасында атаң-даңқыңды аспандатып, жарнаманың арқасында жалаулатып, қалың жұртқа атың танылар-ау. Бірақ, ақша арқылы әу басындағы жаратылысыңды, болмысыңды түбегейлі өзгертем деу асылық болар еді. Ал қарапайымдылық қанмен, отбасындағы тәрбиемен, ұлттық дәстүр арқылы беріледі емес пе. Ол ыңғайлы керек кезінде сатып ала салатын тауар емес, ол асыл қасиет.
Айтпақшы, адамдар арасындағы қарым-қатынас бар да, қоғам дамуына белгілі бір деңгейде әсер ететін биліктегілердің арасындағы қарым-қатынас бар. Басқалай айтқанда, бұқара биліктегілерге қарап бой түзейді. Мемлекеттік қызметшілер өз міндетін қаншалықты деңгейде тиянақты адал атқарады, билікке деген көзқарас соған қарап қалыптасады. Басшы мен қосшы арасындағы байланыстың да қоғамдық ортада өзіндік ықпалы бар. «Бастық пен бағынышты арасындағы қарым-қатынас құқықтық межеден аттап кетпеуге, әдеп-әжеттен аттап кетпеуге тиіс деп есептеймін. Мәселені ақылдасудың, талқылаудың, кеңесу мен дәйектеудің, келісудің, шешім қабылдаудың өркениетті тәсілдерін білу – кәсіби парыз. Одан аттап, бас изей беру – көлгірлік, жағадан алып, жармаса кету – оспадарсыздық, қалайда өз дегенімді өткізем деп, айла-шарғыға бару – интригандық деп білемін. Билікті аздыратын осы үшеуі. Мемлекеттік қызметші осы үшеуінен де аулақ тұруға тиіс» дейді ел Тәуелсіздігінің қалыптасуына ерен еңбек сіңірген мемлекет қайраткері, ойшыл Әбіш Кекілбайұлы.
Кәсіби парызына, мемлекетке берген антына мемлекеттік қызметшілердің барлығы бірдей адалдық танытып жүр ме? Бар гәп осында. Адалдық танытып жүр десек, біздікі Кекілбайұлы айтқандай көлгірсу болып шығады. Сол себепті, кейбір мемлекеттердің өн бойында кездесетін кемшіліктер қазақ қоғамына да тән деп айтар едік. Ендеше, билікті аздыратын үшеу – көлгірсу, оспадарсыздық, интригандықтан арылудың амалдарын қарастырғанымыз абзал.
Өзіндік мінез туралы, қарапайымдылық қасиет жөнінде, мемлекеттік қызметшілер хақында бекер әңгіме қозғап отырғанымыз жоқ. Өйткені, елдігіміздің ертеңі осы үштағанның төңірегінде тоғысады десек, ұшқары пікір болмайтын шығар. Біздіңше, қарапайымдылық қасиетті берік ұстанған адам өзіндік мінезімен ұлтына, жұртына адал қызмет ететін болса, мемлекет қайраткері деңгейіне көтерілетініне сөз жоқ. Олай болса, қайраткерлік қағидасының бастауы халқының дәстүріне, тәлім-тәрбиесіне негізделген қарапайымдылық қасиетте жатыр деп айтуымызға әбден болатындай. Халқының дәстүріне, тәлім-тәрбиесіне негізделген демекші, тағы бір мемлекетшіл қайраткер туралы оқиғаның есімізге түскені. Махатма Гандиді анасы Англияға оқуға жіберерде: «Үш талабым бар. Орындай аламын десең ғана жіберемін», деген екен. Сонда «ет жемейсің, арақ ішпейсің және жат ұлттың қызына бармайсың», – деген талап қойған. «Мақұл» деген Махатма бір күн бойы табанынан таусылып, Англияда етсіз тамақ істейтін, қазіргіше вегетариандық асхананы әзер тауыпты. Ұлттық тәлім-тәрбиенің арқасында Махатма Гандидің қандай биікке көтерілгенінен бүгінде төрткүл дүние хабардар. «Ұлық болсаң, кішік бол» дегенді Махатма бала жасынан осылайша бойына сіңіріп өсіпті. Әрбірімізге өнеге боларлық-ақ тағылым.
Ғабит Іскендерұлы, «Егемен Қазақстан»