• RUB:
    5.44
  • USD:
    478.58
  • EUR:
    520.84
Басты сайтқа өту
04 Шілде, 2017

Жауһар қала, жасампаз шаһар

302 рет
көрсетілді

Астананың авторы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев туралы пайымды толғам.

«Ел үшін туған ерлердің Мәртебесі күннен күнге зор болар». Жамбыл Біздің буынның жастық шағы роман­тикаға толы кезең еді ғой. Сол жалындап жүрген кезімізде болашақ Елбасымен кездесіп, тіл табысып, онымыз жылдар өте келе ынты-шынтымызбен ұғысқан шы­на­йы сыйластыққа ұласқанын маңдайы­ма жазыл­ған тағдырдың сыйы деп білемін. Жас дегенде сондай жас та емеспіз, кіш­кене танылыңқырап, қызмет істеп жүр­ген кезімізде кездестік. Алғашқы кез­десу, әлбетте, Теміртауда. Мен осында Алматы­дан Грузияның Қазақстанға арна­йы шы­ғармашылық сапармен келген киногерлер делегациясын бастап әкелдім. Сонау 70-ші жылдардың ішінде. Нұрсұлтан Әбішұлы онда Теміртаудағы Қарағанды метал­лургиялық комбинатында парторг. Басиеміз осы кісі болып, 3-4 күн бізді алып жүрді. Қонақтардың жағдайын жасады. Өзін еркін ұстайды, грузиндік марғасқа зиялы, өнер адамдарымен еш мүдірмей еркін сөйлеседі. Мәдени демалыс ұйымдастыруды да ұмыт қалдырмай, Теміртаудың сыртындағы су қоймасына алып барды. Балық ауладық. Бұл кісі сонда өте ашық-жарқын, көңілді жүрді. Жайдары жүзімен, тауып айтатын сөзімен адамды баурап алады. Грузиялық меймандарымыз Нұрекеңе әбден риза болды. Не деген ашық, өресі биік, жақсы жігіт деп жаңағы грузиндердің талайы айтып кетті. Қазағымның азаматына басқа ұлт өкілдері тарапынан осылай алғыс жаудырылып жатқанына мен сонда қатты мерейленіп едім. Әрі осындай жарқын тұлғалы замандасыммен танысқаныма, табысқаныма қуанғаным да әлі есімде.  Кейін осы таныстық одан әрі жалғас­ты. М.Әуезов театры Қарағандыға гаст­роль­­­дік сапармен бір келгенімізде, бұ­рын­­­ғы таныстықты пайдаланып, буы­мыз бұрқы­рап, асаудай арқырап жүрген жас кезіміз ғой, біраз жігіттер кеу-кеу­леп, Нұрсұлтанның үйіне қонақтауға аңсарымыз ауып, жаңбыр жауып тұрған түн ішінде барғанымыз бар. Бәлкім, екі-үш жас үлкен ағалығымызды бетке ұстаған шығармыз. Жеке үйде тұра­ды екен. Сонда ұйықтап жатқан адамдар, ертең жұмыс дегендей, уақыттың кешті­гіне қарамастан, өнер өрендерінің кей-кей­де көңілдің күйімен келетін бір ерке­лігін көтеріп, жақсы қабылдағаны бар еді. Думан­датып, ән салып, әдемі мәжіліс құрып отыр­ғанбыз. Қазір анда-санда кездесіп қалғанда Нұрекеңнен: «Баяғы Теміртаудағы кездесу­леріміз есіңізде ме?» деп сұраймын ғой. «Әрине, есімде. Ондайды ұмытуға бола ма? Өзі­ңіз берген суреттеріміз де бар менде» деп күледі ол кісі. Осы кездесулерімізді жас­­тық шағымыздың жақсы да жарқын есте­лігі ретінде ылғи еске алып айтып отырады.  Иә, Теміртау Нұрсұлтан Әбішұлы екеу­мізді жақындастырып кетті. Содан бері доспыз. Алдыңғы жылы бірін­ші дәрежелі «Достық» орденімен мара­паттап жатқанда да «достығымыз жарас­қан» деп өз аузымен айтып, осылай әрбір жолы, қай кезде болсын мерейімді өсіріп жүреді. Мемлекет басшысының осындай мейір-шапағатына бөленіп, мәртебелі назарына ілінуімді Құдайдың маған берген бақыты деп есептеймін. Осыдан оның жалпы қазақ өнеріне, мәдениетіне, кино мен театрға деген ықылас, қамқорлығының жылы самалы ескендей.  Теміртаудан кейін Нұрсұлтан Әбішұлының қызмет бабы сатылап өскен сайын Қарағандыда, Алматыда ауық-ауық сәтін салып бұйырған кездесулер болып тұрды. Жиналыстарда, съездерде залдан өтіп бара жатып байқап қалса бұрылып келіп бір-екі ауыз болса да қанат­тандыратын сөз айтпаған кезі болған емес. Магниттей дауасымен марқайтып тастайды. «Ұлық болсаң, кішік болдың» нағыз үлгісі осы шығар. Министрлер Кеңесінің төрағасы кезінде мен М.Әуезов театрының дирек­тор­лығына тағайындалғанымда көп ұзатпай арнайы қабылдап, жаңа қызметіме құтты болсын айтып, байғазысына деп театр ұжымының пайдалануы үшін бір автобусты қанжығамызға байлап жібер­генін де әсте ұмытпаймын. Театр­дың жұ­мы­­сын дұрыс басқаруды тапсы­рып, сәт­ті­лік тілеген. Нұрекең өнерге қам­қор­лықты да, бас­шы­лық­ты да дабыра­латпай, ұран­дат­пай, осы­лай рет-ретімен, жөн-жосығы­мен жасар еді. Жетпіс жылдығымда да Ақор­­даға әдейілеп шақырып, қонақ қы­лып, кабинетінде күміс кездік, күміс қы­лыш сыйлады. Өмір туралы, өнер тура­лы өрелі әңгімелерін айтты. Соның бәрін­де ел жағдайы, саяси ахуал да назар­дан тыс қал­майды. Солар жайында халы­қ­тың ен орта­сында жүрген біздің пікір-па­йы­мы­мыз­­ды білуді де артық деп санамайды. Бұл да ел басқарудағы байыптылықтың белгісі болса керек.  Нұрсұлтан Әбішұлы кеудеме жар­қы­ратып «Алтын Жұлдыз» тағып мерейлендірді. Бәрінен бұрын соншалықты ыстық ықыласпен, адамгершілік үлкен жүрекпен, сыйластық көңілмен қабыл­даға­ны жанымды қуанышқа бөлеп, толқытып жіберді. Қырық жылдан астам уақыттан бергі таныстық достығымызды тағы да жұрттың көзінше айтып жатыр. Бірақ мен үшін Елбасының маған деген таза адами қатынасы, достық пейілі мен көңілі жаңағы атақтан да қымбат. Басқа елдердің де басшыларын байқап жүреміз ғой, ал дәл мынадай баурап алар ақжолтайлық, ізгілікті қасиет тек біздің Елбасымыздың ғана қолынан келеді.  Нұрсұлтан Әбішұлы әңгіменің бір ретінде: «Балаңыз, кішкентай Асанәлі қалай? Жігіт боп қалған шығар?» деп сұрап жатыр. «Жеңгеңіз екеуі осында, бірге келген, сыртта мені күтіп отыр» деуім сол еді, Нұрекең дереу пәрмен беріп, ұлым мен зайыбымды кабинетіне алдырды. Бағдат жеңгелерің сол арада сәлем салып еді, Нұрсұлтан Әбішұлы соншалықты бір дегдар зияттылықпен тоқтатып: «Жоқ, сіз сәлем салмайсыз. Сіз маған жеңге боласыз. Маған ғана емес, жалпы халқымызға жеңге боласыз»  деді. Осыған да риза болдық, тебірендік. Асанәлі балам Нұрсұлтан атасына Фариза Оңғарсынованың «Перзент сәлемі» деген өлеңін оқып берді. Мұнысы Президент­ке қатты ұнап, ол кісі сол жерде, өзі айт­қандай, кішкентай Асанәліге өзінің алтын қаламсабын сыйлады. Қазақтың «патша көңіл» деген тамаша сөзінің шығу тегін мен енді ұққандаймын.  Шын мәнінде де Елбасымыз ерекше жаратылған жан ғой. Баланың да, дананың да, қараның да көңілін табады. Мысалы, біз гастрольмен немесе кино түсіріп жү­ріп түрлі елдерге барамыз. Сонда кез­дес­­­кен адамдардың барлығы біздің Прези­­денті­­­міздің қадір-қасиеттеріне ерек­ше тәнті болып, есімін құрметпен атап жа­тады. Осындай Президенттеріңіз бар сіз­дер бақыт­тысыздар ғой, болашағы жар­қын ел­сіздер ғой деп бізге кәдімгідей қызығады.  Басқалар қызықса қызыққандай. Өзіміз шаттана тұрып шүкір, тәубе демекпіз. Осынау жылдар ішінде Нұрсұлтан Назарбаевтың кемеңгер басшылығымен ең басты табысымыз Тәуелсіздікке қол жеткізіп, ең тамашасы, нақ осы егемен-еркіндігімізді баянды етіп, жаһан таныған, байсал саясат ұстанған баһадүр мемлекетке айналдық. Сарыарқаның сайын төсіне гауһартас, жауһартастай құлпырып орна­ған елордамыз түп-түгел Нұрсұлтан Әбіш­ұлының толағай еңбегінің арқасы, көре­ген­дігінің келісті жемісі дер едім. Ақын­дарша айтқанда, айтақырға бақ орнатып, гүлдендіріп жіберді. Бұл өзі бір кеңінен толғап басталған, жан-жақты ойлас­тырылған ақылды жұмыс болды. Алаш арыстары армандаған елорданы бостан Қазақстанның қақ кіндігіне тұрғызды. Қазір баршамызға сүйікті Астанамыз әлем елдерінің атағы дүркіреген қалаларынан қалмайтындай, әлемдік деңгейдегі алқалы да аламан жиындар, халықаралық келелі іс-шараларды жарқын жүзбен, еш ұялмай өткізетін, мақтаныш ететін жағдайға кел­тірілді. Астана жаңа сипаттағы Қазақ елінің брендіне айналды. Ақорда, «Бәй­терек», «Тәуелсіздік сарайы», «Қазақ елі» мону­менті, «Мәңгілік Ел» қақпасы, Пи­ра­ми­дадан бастап Астананың нышанды  кел­бет-көркін  айқындаған өз брендтері де жетіп артылады. Осы ретте асқақ армандар қаласының авторы, бас жобалаушысы, бас сәулетшісі Нұрсұлтан Назарбаевтың қажыр-қарымы мен даналық-дарынына тәнті болмасқа әддіңіз жоқ. Ал енді бүкіл адамзат үшін бола­шақтың энергиясын қамдауды ізгілікті мұрат тұтқан дүниежүзілік ЭКСПО көрмесінің әлем назарын аударып осы күндерде Астана төрінде  табысты өтіп жатуы сая­си маңызы орасан зор оқиға десем артық емес. «Күлдір-күлдір кісінетіп Ақтам­берділер жырға қосып, «Ойпаң жерге он отау, Қыраң жерге қырық шатыр тігіп, Қонағымды жайғасам!.. Атымтай жомарт секілді Атағым жұртқа білінсе! Май жеме­се қонағым, Қан жемесе барағым, Он кісіг­е жараса бір кісіге арнап тартқан табағым! Халыққа атым білініп, Шүлеңгір мырза атанар ма екеміз!» деп айшықталған ата қазақтың арманы орындалғанының ең бір толайым көрінісі осы Астана ЭКСПО-сы емес пе. Ендеше, Атымтай жомарт ата­нып, Шүлеңгір мырзалығы білі­ніп, халқы­мыздың сол асыл  арманын жүзе­ге асы­рып орындаған – Нұрсұлтан. Бұл бұдан тоқсан жылдың әрісінде Париж­де Әміре Қашаубаев Ақан серінің «Балқа­ди­ша­сын» әуелетіп шырқаған ЭКСПО еді. Қазіргі ЭКСПО-да қазақтың барлық ән­дері шырқалуда, барлық күйлері тарты­лу­да, қазақ дүйім дүниеге барлық қыры­нан жарқырап көрінуде. Әлбетте, бұл – ел­ді­гіміздің жемісі! Елбасының жеңісі!  Нұрсұлтанның көз қуантқан, дос­ты сүйін­дірген бүгінгі нұрлы Астанасы осындай. Жақсылық көптік ете ме? Елбасымыз осы жақсылықты еліне, жұртына тілейді. Мына ЭКСПО-дан кейін де елорда­мыз соның шарапатымен көркейе бер­сін дейді. Ең бастысы, елге жақсылық жасалуы керек. ЭКСПО үшін салынған ғима­раттар еліміздің мәдениетіне қыз­мет етеді. Қаншама адамдар жаңа үй­лерге кіріп қуанады. Осының бәрі алдын ала есептелген. Сайып келгенде, халқы­мыздың тұрмысы жақсарады, өмірі көркейеді. Астананың ажар-келбеті одан әрі шырайланады.  Мен бұрынғы Ақмолаға алғаш өт­кен ғасырдың алпысыншы жыл­дары аяқ басып едім. Келіп кино түсір­ген­біз. Әуелде  адам да, Құдай да ұмыт­қан бір жер екен дегендей әсер­де болға­нымыз да рас. Ақиған суық. Ақыр­ған боран. Шалғайдағы бір түкпір. Үй­лері де жұпыны. Шашырап жатқан про­вин­циялық қала болатын. Қазір бұрынғы көріністің бірі жоқ. Мүлдем өзгеріп кеткен. Өзгеріп кеткен деймін-ау, бастан-аяқ жаңадан тұрғызылған қала ғой. Жауһар қала, жасампаз шаһар! Сәулеті шетел­дің қалаларындағы ғимараттардан еш қалыспайды. Көне мен жаңа қабысқан өзгеше мәнер. Әр кешен, әр ғимарат өзінше дара. Осыған енді осындағы халықтың, тұрғындардың өзін-өзі ұстау, көшеде, қоғамдық орындарда жүріп-тұру мәдениеті де үйлеспек керек дейді ішкі бір пікірім. Әсемдік пен тазалық бір-бірімен байланысты ұғымдар. Мынадай көрікті көше, тап-таза жерде келе жатып бірдемені бүлдіріп ластауға, бірдемені лақтырып кетуге қолың да, дәтің де бармайды деп ойлаймын. Бұл бізге баяғы Целиноград, баяғы Ақмола емес. Бұл әсем Астана, аяулы елорда... Айналасы тазарып ажарланған сайын адам да соған үйренеді, бейімделеді, өзі де тазарады. Әдемілікке, сұлулыққа ден қойып, өзі де соның бір бөлшегіне айналады. Ұяты бар адам, мәдениеті бар адам сөйтпей тұра алмайды. Осылай пайымдағанда, біздің Астанамыз үлкен тәрбие ордасы, әсіресе, желкілдеп өскен жастардың тәрбиешісі, мәдениетке үйретер ұлы ұстазы дегеніміз лазым. Демек, Нұрсұлтанның Астана байтағы рухани жаңғыруға, еліміздің адами капиталын жақсартуға да өз үделі үлесін қапысыз қосып келеді.  Бұрын өнер-мәдениеттің орталығы Алматы болды ғой. Әсіресе, соңғы жыл­дарда мәдениет пен өнер ордалары Астана­да көптеп салына бастағаны бір ғанибет. Мұнда «Астана Опера», «Астана Балет», «Қазақстан» орталық концерт залы сияқты нысандар салынып, жаңа шығармашылық ұжымдар құрылса, осының бәрі Елбасының мәдениетке әркез бірінші кезекте көңіл бөлетіндігінің айғағы. Астананың мәдени әлеуеті қуатты болу керектігін ел Президенті күллі жан-жүрегімен сезінеді.  Елбасының экономика, қаржы, сая­сат, құрылыс, мейлі қай жағынан бол­сын жан-жақты дарын-таланты әлем­дік деңгейде, атақты тұлғалар тара­пы­­­нан мойындалған ақиқат екенін біле­міз. Білім-парасаты биік мәрте­бесіне сайма-сай. Біздің қазақ: «Ханда қырық кісінің ақылы болады» деп тегін айт­паған ғой. Нұрсұлтан Әбішұлымен әр кез­дес­кен сайын, әр жолы әңгі­месін тың­даған сайын, әрбір ізгілікті ісіне куә болған сайын сол сөздің шынды­ғына көзім­ді жеткізе түсемін. Мені де: «Жұ­мыс­­тан қалмаңыз. Жұмыс істеген адам қартаймайды. Шығар биігіңіз әлі алда!» деп қамшылап қайрап, жасым ұлғай­ған шақта да біраз шыңды бағын­дыруыма, азаматтық белсенділігімді төмен­детпеуіме қайрат қосқаны анық.  Бір ғажабы, мен білетін, жалпы ел білетін Елбасы, барлық басқа қыр­ларына қоса, өнерге жақын. Ал өнерге жақын адамдар өмірде көп нәрсеге жетеді. Кейбір өнерден алыс адамдар болады. Өзінің химиясын, физикасын ғана біледі. Басқа нәрсені еш керек қылмайды. Әдебиет пен мәдениетке енжар. Кітап оқымайды. Химиядан ол академик. Өз басым ондай академикті аса күшті академик деп айта алмас едім. Елбасының артықшылығы – жан-жақты кемел дарындылығында. Әр салада, бар салада кемеңгер. Соның ішінде бізге айрықша ұнайтыны, жанымызға майдай жағатыны, жаңа айтқанымдай, Нұрсұлтан Әбішұлы сонау ерте кезден мәдениетке, руханиятқа, жалпы халықтың діліне өте жақын. Бір жағы сол жақындығының, өнер-мәдениетті терең түсінуінің арқасы емес пе, өмір бойы әнімізді аялап, өнерімізді құрметтеп, бағасын біліп, барлығымыздың жағдайымызды жасап, тіршілігімізге тірек болып келе жатқаны. Елбасымыздың осындай болғаны қазақ өнерінің бағы.  Өте сұңғыла адам. Руханият сала­сын­­дағы қайраткерлерімізді жыға танып, кімнің кім екенін айтпай біліп оты­­рады. Әдебиеттің әңгімесіне де жүй­рік. Көрнекті жазушыларымыздың шы­ғар­­малары туралы байыпты пікірін ай­тып, ақындардың ұнаған өлеңдерін ұмыт­пайды. Мәдениет адамдарының Елбасы сынына толуы да оңай емес. Осындай дара болмысты кісімен сөйлесу, пікір пайымын тыңдау әрқашан қызықты, пайдалы. Президентпен болған әр кездесу, әр әңгіме – бір мектеп, өмір сабағы, өнеге дарағы. Ол мектептен көп нәрсені көкейге тоқып, үйреніп, біліп, аңғарып шығасың. Ишарасынан, сөзінің астарынан ұғынасың. «Кузькина матьқа» басатын баяғы Хрущев емес, біздің Пре­зидент үлкен мәдениеттің адамы. Қажетті жерінде мақтамен бауыздағандай зият мәнермен, көңілге келмейтін, ренжіс­пейтін жағдаймен жеткізеді.  Талай мәрте көріп те, байқап та жүрміз, біздің Президентіміз шетелдер­дегі сапар­ларында, шетелдердің президент­терімен, мемлекет басшыларымен кездескенде солармен терезесі тең, тіпті, жоғары тұрады. Мен сонысына риза болып, соған мерейленемін. Қазақ елінің намысын қолдан бермейтін, ризық-несібесін қор­ғайтын осындай патшамыз болғанына тәубе етемін. Халық пен елдің жағдайын ойлап, қаншама келісімшарттарға қол қойып, кешегі ЭКСПО-ға келген мем­лекеттер бас­шы­ларының әрқайсы­мен жеке-жеке қарым-қатынас жасап, көп­те­ген түйткілдерді мәмі­легерлікпен, сараб­дал саясаткерлікпен, өзінің биік абырой-беделімен ретке келтіріп отырғаны да жасырын емес. Кім біліпті, жеріңе, байлығыңа қызығатындар да, ордамызға күліп кіріп, күңіреніп шығатындар да жоқ емес шығар. Осының бәрі, Мағжан ақын айтқандай, «ауыр салмақ». Осы арада Құдайға шүкір дейік, сол ауыр салмақты көтеретін, қандай сынға да төтеп беретін Елбасымыз бар. Міне, Нұрсұлтан Назарбаевтың даналығы сонда, сондай жағдайлардың бәріне дипло­матиялық жол табады, күрделі түйткіл­дердің күрмеуін ақылмен шешеді. Мемлекет басындағы адамдардың қарым-қатынасы мемлекетаралық қатынас. Қарақан бастың қамы емес, мемлекеттің мүддесін көздейді. Біздің Елбасымен сөйлескендер әрқашан разы көңілмен, елдің шынайы жағдайын көріп, ел іргесінің бекем-беріктігіне көздері жетіп кетіп жатады. Елін жауға да, дауға да бермейтін осындай кемел Ерің, берен белің болғаны қандай ғажап!  Ел басқару – өнердің үлкені. Әр елдің, әр жұрттың психологиясын білу керек. Айталық, біздің актерлердің негізгі пәні – психология мен философия. Психология көп нәрсені үйретеді. Психолог адам мәселенің түбірін, түбін тексеріп, терең біліп тұрады, келешектің даму бағдарын көріп тұрады. Біздің Елбасы – терең психолог. Кездескен, сөйлескен адамның ішкі аңғарын көзінен, сөзінен  таниды. Елімізге деген ниеті түзік пе, бұзық па – айтпай аңғарады. Мейлі көріпкелдік, мейлі көрегендік деңіз, Нұрсұлтан Әбішұлында осы екі қасиеттің екеуі де бар. Ол кісі терең психологиялық иірім­дермен, философиялық алғыр оймен астарлап сөйлегенде ел мен ел табы­сып, мәдениеттер қауышып жатады. Басқа­лар біздің еліміздің қандай ел екенін танып біліп жатады. Көсеміне қарап көсе­гесі көгеретін ел екенін біледі, бізбен дос болуға құлшынады. Елбасылық ерен дип­ломатия осыған келтіреді. Міне, Нұрсұлтан Назарбаевтың бекзат болмы­сы­ның, дара қасиеттерінің, Абай хакім айт­қан­дай, «тас бұлақтың суындай сыл­ды­рап» үйлескен кемел жарасымы осындай.  Әрине, бір адамға бүкіл елдің бере­ке-бірлігі мен бақуатты тірлігін қам­дап, ты­ныш­­тығын қамтамасыз ету, әр кезең­де даму­дың дұрыс бағдар-бағы­тын ойласты­рып, алмағайыптарда адастыр­мас темірқа­зықтай тура жолды таңдап тауып отыру оңай емес. Үзеңгілес серік­тері, біз сияқты ел азаматтары, зия­лы қауым сол қиын жұмыста қолдан кел­ген­ше аянбай ел ісіне жұмылып жәр­дем беруіміз керек. Ол үшін әуелі өз жұмы­сыңды таза істе. Жақсылығыңды халыққа жаса. Елбасына сенің көмегің сол. Ал енді жауырды жаба тоқып, өтірік алдап, жағынып қалуға тырысып өтірік мақтап жүретіндер де бар. Іштен де, сырттан да. Оны да білу керек. Ондай қитұрқы зымыс­тандардан сақ болуымыз керек. Ырду-дырду, дабыра, сыбыс, түймедейді түйедей қылуға әуес­тік, анау анадай екен, мынау мынадай екен деген жылтыр сөздер де елдігімізді нықтауға көмек те бермейді, қолдау да болмайды. Ондай қоламта көсегіштер, керісінше, береке-бірлігімізді ірітеді. Істеп жатқан ешбір ісі жоқ, құр сөзбен ірітеді. «Сөз тас жарады, тас жармаса бас жарады» деген ғой. Қысқасы, сөзді азай­­тып, игі істі, ілкімді әрекетті көбейту керек. Мемлекеттің дертесін тартқан Ел­ба­сы­­ның азаматтардан, жалпы елден сұрап отыр­ғаны осы. Талабы да осы. Мен де осы­ған, әруақыт Елбасымыздың оң жағы­нан шығуға шақырамын халықты. Сөзді азай­тайық, әрекетті көбейтейік, ақ-адал маңдай тердің жемісін жейік. Сонда дұрыс болады. Тек тыныштық, бейбітшілік болсын деңіз. Мен өзім оптимиспін. Нұрсұлтан Әбішұлы­ның дана басшылығымен заман жақсара береді деп білемін. Ел ты­ныш болып, осы алған бетімізбен, сара бағыты­мыз­дан таймай алға баса берсек, көп нәрсе­ге, бұдан да толағай табыстарға жетеміз. Әмсе сол жақсылықтарды қадірменді Елба­сы­мызбен бірге көре беруге жазсын!

Асанәлі Әшімов,  Қазақстанның Еңбек Ері