• RUB:
    4.73
  • USD:
    511.22
  • EUR:
    540.05
Басты сайтқа өту
26 Қаңтар, 2010

ЖАҢА ТУҒАН СӘБИГЕ — 100 МЫҢ ТЕҢГЕ

1269 рет
көрсетілді

Сандықтау ауданының әкімі Қанат Сүйіндіковтің Максимов ауыл­дық округінің тұрғындары алдындағы есепті кездесуінде жаңа бастама дүниеге келді. Осын­дағы төрт елді мекенде соң­ғы жылдары бала туу деңгейі ке­мі­гендігі жөнін­дегі ескертпеге орай, “Свободное” ЖШС ди­рек­торы Александр Заку­си­лов  әрбір сәбиге 100 мың тең­геден жөргекпұл және басқа көмек көрсететінін мәлімдеді. Ауылдардың мұң-мұқтажы мен талап-тілектерін орындауды басты  парыз санайтын  шаруа­шы­лықта нан­ның бағасы 25 тең­геден көте­ріл­меуі, ардагерлерге отын-судың тегін таратылуы, бастауыш сынып балаларының ақы-пұлсыз тамақ­та­нуы, клуб­тар­дың музыкалық аспап­тармен, концерттік киімдермен қамта­ма­сыз етілуі, кітапханалардың жөн­делуі, студенттік стипендияның молаюы өзгелерге үлгі болар­лықтай. Өмірдің қатаң заңына не ша­ра, мұнда қарттар үйі де ашыл­ған. Оны ұстау, әрине, Закусилов ша­руа­шы­лы­ғының мойнында. Өткен жылы әр гектардан 29 центнерден астық жи­нап, мал шаруашылығын дамы­тып, қайта өңдеу ісін өрге бас­тыр­ған Мак­симовтың алаңсыз тіршілігі сүйіндіреді. Бақберген АМАЛБЕК, Ақмола облысы, Сандықтау ауданы. 2010 ЖЫЛДЫҢ БАСЫНДАҒЫ ҮШЕМ Тараз қаласындағы Кенен Әзір­баев атындағы облыстық перинатал­дық орта­лықта үшем дүниеге келді. Үшемнің әжесі Роза Абдуллаева мен ата-анасы Бауыржан және Маржан Найзақұловтардың қуаны­шын­да шек жоқ. Ұлдарына – Нұрсұлтан, қыздарына – Әмина мен Айзере есімдерін беріпті. Дәрігерлердің айтуынша, жас ананы аман-есен босандыру үшін оны алдын ала ауруханаға жатқы­зып, операция сәтті өткен. Бүгінде үшемнің де, оларды дүниеге әкелген ананың да денсаулықтары жақсы. Көп бала – елдің өркендеп, өскеніне, көгеріп, көктегеніне жақсы. Сондықтан барыс жылының басында дүниеге келген алғашқы үшемге билік пен бұқара болып, яғни көп болып қуана білу де артық емес-ау. Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ, Тараз. ЖАҢАӨЗЕНДЕ ЖҰМЫС ЖӘРМЕҢКЕСІ ӨТТІ Мұнайшылар ордасы Жаңаөзен – халқының  саны өсіп, соған орай құрылысы да қарқын алудағы қала. Мұнда соңғы үш жылда ғана 286 мың шаршы метр тұрғын үй, 4 орта мек­теп, соңғы талаптарға сай са­лынған спорт кешені, 280 орындық балабақша және ондаған әлеуметтік нысандар бой көтерді. Сол құры­лыстарды бә­сең­детпеу үшін өткен жылы қала бюджеті 4 есе ұлғай­тылды. Яғни, екі қолға бір күрек демекші, ынтасы бар­ға түрлі жұмыс орындары ашылып-ақ жатыр. Осы жыл басында қалада бір орта мектеп, үш балалар бақшасы, пер­зент­хана және өкпе аурулары ауруха­на­сы мен көп пәтерлі тұрғын үй құ­ры­лысы басталды. Соған орай қала­лық әкімдік, құрылыс мекеме­лері жұ­мыс іздеушілер үшін жұмыс жәрмең­кесін ұйымдастыр­ды. Онда құрылыс саласына қажетті жүздеген мамандық иелерімен әңгіме болып, жұмысқа сол жерде-ақ қабылдау ұйымдастырылды. Сондай-ақ, қала бас­шылары сол бас­қосуда “Жол кар­тасы” бағдарла­ма­сына орай сұра­ныс­қа ие мамандық­тарға оқыту, қайта даярлау жұмыстары да осы жылы жалғастырылатындығын жеткізді. Жоламан БОШАЛАҚ, Маңғыстау облысы, Жаңаөзен қаласы. ...үйлерге қоныстанды Мемлекеттік тұрғын үй бағ­дар­ламасы мен “Жол картасы” аясында жер-жерде  халықтың  бас­панаға деген сұранысын қа­нағаттандыру жұмыстары шеші­мін табуда. Өткен жылы осы мақсаттағы жұмыс көлемі 108,5 млрд. теңгені құрап, жыл соңына дейін 541,4 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілгенін айтуға болады. Сонымен қатар, 2008-2010 жылдарға арналған тұрғын үй құрылысы жөніндегі мемлекеттік бағдарламаның тия­нағын келтіру бағытындағы жұ­мыс шешімін тауып, 522,3 мың шаршы метр баспана ел игілігіне ұсынылады деп жоспарланған. Өңірдегі аудан мен қалаларда Елбасының тапсырмасына бай­ла­нысты бағдарлы жұмыстар кеңінен етек алуда. Соның нақты дәлелі Ұйғыр ауданының Шон­жы ауылында қоныс тойы өтіп, аудан орталығы мен Бахар ауылы арасындағы алаңда бой көтерген 7 жаңа тұрғын үй “Жол картасы” бағ­дарламасы бойынша пайда­лану­ға берілді. Осы мақсатқа 53 млн. теңге қаржы бөлініп, иге­рілген. Алдағы уақытта ауданда бұл жұмыс жалғасын тауып, халықтың баспанаға деген қажеті өтеле беретін болады. Күмісжан БАЙЖАН, Алматы облысы. ...балабақша  140 бүлдіршінді қуантты Бақытжан Жоламанов бас­қа­ратын қалалық әкімдік соңғы кездері облыс орталығындағы әр­түрлі мекемелер иеленіп кет­кен бірнеше балабақшаны қай­тарып алды. Нәтижесінде жеке­ше­лендіру жылдары қолды бол­ған сегіз бірдей ғимарат толық­тай күрделі жөндеуден өтті. Қазір бұл балабақшаларда 1500 бүл­дір­шін тәрбиеленуде. Ал, Надежда Крупская көшесінде орналасқан ескі балабақша үйі небәрі алты ай ішінде жаңарып, жарқырап шыға келді. Сөйтіп, кезек күтіп үйде отырған кішкентайларға есігін айқара ашты. Ата-аналар мен кішкентайлардың қуаны­шы­на айналған бұл ғимарат енді №17 “Ажар” балалар бақшасы деп аталмақшы. Мұнда бүдір­шін­дер үшін барлық жағдай жасал­ған. Арнайы жабдықталған бөл­мелер, кабинеттер бар. Қалалық оқу бөлімінің мә­лі­ме­тінше, кезінде облыс орталы­ғын­дағы жекеменшік құрылым­дар­ға, мекемелерге сатылып кет­кен балабақшаларды қайтадан мемлекетке қайтару үшін жос­пар-жобалар жасалуда көрінеді. Өйткені, бұл күндері облыс орталығында балабақша кезегін күткен 9 мың сәби үйлерінде отырса керек. Фарида БЫҚАЙ, Павлодар. ...жылу жүйесіне көшірілді Қармақшы ауданының Ақай ауылындағы 320 орындық 3 қабатты мектеп ғимараты осыдан екі жыл бұрын пайдалануға бе­ріл­ген еді. Мектеп көмірмен жы­лы­туға негізделген болатын. Енді, міне, оқу ордасының жылу қазандығы сұйық отын тұтына­тын жүйеге көшті. Қазына қор­жы­нынан бөлінген 3,5 млн. теңге қаржыны “Байғасыр инжини­ринг” жауапкершілігі шектеулі се­ріктестігі қысқа мерзімде иге­ріп, мұғалімдер мен оқушыларды қуанышқа бөледі. Айта кету керек, мамандар қыстың күні қытымыр болаты­нын ескеріп, көмірмен жылытуға негізделген жүйені бұзбастан, қосымша шағын электр станса­сын орнатып берді. Бүгінде мек­теп ғимаратының жылуы ойдағыдай. Еркін Әбіл, Қызылорда облысы, Қармақшы ауданы.