• RUB:
    5.44
  • USD:
    478.58
  • EUR:
    520.84
Басты сайтқа өту
Театр 05 Шілде, 2017

Сұлулық сахнасы

291 рет
көрсетілді

Байтақ елдің бас қаласының мәдениет ошақтары сәулеті мен сәні жағынан әлемдік деңгейдегі өнер ғимараттарымен тең түспесе, еш жері кем соғып тұрған жоқ. Соның бірі һәм бірегейі «Астана Балет» театры ашылғанына көп бола қоймаса да өзіндік стилі мен қағидасы қалыптасқан, қазіргі заманауи талғамды халқымыздың байырғы құндылықтарымен байыта алған, яғни жаңа мен көнені қағыстырмай, тоғыстыра білген өнер ұжымы болып саналады.

Театр 2012 жылы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей бастамасымен құрылды. Ал­матыдағы А.В.Селезнев атын­дағы хореография училищесінің үздік түлектерінен құралған труппа бүгінде классикалық, халықтық дәстүрлер мен заманауи стильді меңгеруімен, үздік үш үлгінің ба­сын бір мақсатқа біріктіре білуімен үлкен құрметке ие.  Деректер театр аумағы 15 мың 467 шаршы метрді қамтиды дейді. Мысал үшін ай­татын болсақ, «Астана Опера» мем­лекеттік опера және балет театры­ның үлкен залы 1250 орындық болса, «Астана Балеттің» көрермен залы 800-ге таяу. Төрт көтеріп-түсіру планшеті мен төрт әртістік көтергішпен жабдықталған сахна көлемі 536 шаршы метр жерді алып жатқандықтан, мұндағы әрбір техникалық тетік өнер адамының шы­ғар­машылық мүмкіндігін толық­тай көрсетуіне орайластырылған. Жаңа «Астана Балет» театрының сыртқы сәулеттік ансамблі жас ұжымның өзіне тән қолтаңбасын, шығармашылық шырқын айқын сипаттап тұрғандай әсер қалдырады. Классикалық мұраның үздік жетіс­тіктерін сақтай отырып, пластика ті­лін жетік меңгеру, уақыт тыны­сын, көрермен аңсарын айқын тану, үнемі әрекет үстінде толысу, толығу театрдың басты мұраты болып табылады.  Жаңа театр ғимаратының тағы бір артықшылығы – залы, сахнасы, интерьері заманауи стильде жасалған. Сахнаның пара­метр­лері мен мүмкіндіктері сцено­гра­фиясы күрделі спектакльдерді, балет, опера, драма т.с.с. әртүрлі жанр­ларда өнер көрсетуге, алуан на­қышты мәдени шаралар мен шығармашылық кештерді, сим­фониялық, эстрадалық, ұлт аспап­тар оркестрлері концерттерін, әсер­лі заманауи шоулар мен мю­зикл­дерді мінсіз өткізуге өте қолайлы һәм қонымды. Бүгінде театрдың ре­пертуарында классика, модерн, неоклассика, «contemporary» сти­лінде сахналанған бір актілі 10 балет, 4 концерттік бағдарлама бар. Шығармашылық қор классикалық інжу-маржанға кенде емес. Мұнда сонымен қатар, Георгий Ковтун, Алтынай Асылмұратова, Рикардо Амаранте, Исян Чжан, Никита Дмит­риевский, Николай Маркелов сынды заманауи хореографтардың бірегей туындылары қайталанбас рухта орындалады. Мәскеу, Санкт-Петербург, Бейжің, Париж, Вена, Сеул, Будапешт, Нью-Йорк, Токио, Варшава, Баку қалаларына сапары туралы көптеген танымал тұлғалар өз пікірлерін білдірген екен. Мұндағы лебіздерге тоқталатын болсақ, соның бірі, Ресейдің халық әртісі, «Астана Опера» театры сахна­сында «Роден», «Анна Каре­нина» балеттерін қойған белгілі хореограф Борис Эйфман: – Мен бұл театр туралы сыртынан жылы пікірлерді көп естідім, – деді. – Олар Санкт-Петербургтің тарихи Мария театрының сахнасында өте жоғары деңгейде өнер көрсетті. Мұндай жаңа стильдегі рухани ошақтың құрылуы жалпы жер бетіндегі адамзат баласының бәріне ортақ қуаныш деп есептеймін. Хореограф ретінде Қазақстан балетін әлемге танытып жүрген ұжымның сахна­сында тың қойылымдардың көптеп қойыла беруіне тілектеспін. Балет тарих­шысы әрі сыншысы, А.Вага­нова атындағы академияның про­фессоры Ольга Розанова «Кармен» және «Клеопатра» балеттері жай­ында: «Мен әлемдік балеттен дәл мынадай құнды дүниені бұрын-соңды көргенім жоқ. «Кармен» идея­сының өзі не тұрады? Спек­такль­де режиссерлік ізденістің, тап­қыр­лықтың ізі сайрап тұр. Туынды ав­торы Мукарам Авахриді жеңі­сімен құттықтағым келеді. Ал «Клео­патра» – ғажайып шоу. Нико­лай Маркелов спектакльдің құры­лымын қалай жаңаша ойластырған десеңші. Қойылым әсері әлсіремей, аяғына дейін бірте-бірте күшейе түсіп отырады», – деп кәсіби тұр­ғыда жоғары баға берді.  Белгілі хореограф Азарий Плисецкий: – Мұның өзі ел мен оның мәдениеті үшін ғана маңызды оқиға емес, бұл күллі әлем үшін өте құнды да құтты құбылыс. Жаңа балет театрының ашылуы – қандай ғажап! Өйткені, ол арман құшқан тағдырларды то­ғыс­тырған, күш-жігерлерді жаны­ған киелі мекенге айналуда, – десе, Қазақ ұлттық өнер университетінің ректоры Айман Мұсақожаева: «Әлемдік стандартқа сай сах­наланған ғажайып туындылар Отанымыздың рухани олжасы саналады», деп сүйіспеншілік білдірді.   «Астана Балет» театрының солистері жаңалықты тез қағып ала қояды. Би өнерінде ішкі сезімді, эмоцияны дәл жеткізе білу маңызды десек, жұмыс барысында олар, міне, соны үйренді. Бұл мені қуантты. Өйткені, заманауи үлгідегі балет өнері көбіне экспрессивті болып келеді», – деді журналистермен әңгі­месінде бразилиялық хореограф Рубен Терранова. Әйгілі балет сын­шысы Джессика Тиг «Dance Europe» журналында жарияланған ма­қаласында «Астана Балет» театрының репертуары туралы ой­ларымен бөлісе келіп: «Классикалық балет өнері дәстүріне иек арта оты­рып, Шығыс пен Батысты ұнасым­ды үйлестіруі, халық билері эле­менттері мен неоклассикалық үлгі­дегі қимылдарды шебер игеруі – қазақ­стандық театр техникасының ерек­ше қырлары» деп дем берді. Жыл сайын тың туынды­лар­мен толығып отыратын отандық театр­дың репертуары жанрлық жағы­нан жалықтырмайды. «Әлем» бале­тін алсақ, заманауи туынды адам баласының тіршіліктегі қам-қарекеті жайында баяндайды. Жа­рық дүние есігін ашқан заматтан бастап кісі басынан сан мың сынақ сынаптай сырғып өтеді. Көктен жер бетіне бұл сын не үшін жіберіледі екен осы? Жұмбағы мол жұмыр жердің сыры мен құпиясы жария етілсе, адам өмірінің мәні бола ма екен? Жан әлемі жайындағы бұл қо­йылымды Санкт-Петербург, Вена, Мәскеу, Сеул жұртшылығы зор сүйіс­пеншілікпен қабылдады. Аңыз, әпсаналар негізінде туған «Жу­сан» балеті Ұлы Дала құша­ғының құлпын, ал «Клеопатра» ба­леті Мысыр патшайымының көп­шілікке беймәлім қырларын ашады. Билікке барынша ұмтылып баққан ол тақ үшін өзінің сіңлісі Арси­ноямен күреседі. Ішкі энергетикасы, динамикасы мол шоу-қойылымда көрермен бір сәт ежелгі Мысыр дәуі­ріне қарай дәрменсіз жетектеле береді. Проспер Мерименің осы аттас новелласының бірегей хорео­графиялық нұсқасы болып табы­латын «Кармен» – өнер ұжымының кәсіби деңгейін айқындаушы төлқұжат іспетті классикалық шығарма. Бес балерина әйел затының қилы-қилы қырларынан қыруар сыр түйгізіп, әйел жанының жалғыздығын, трагедиясын паш етеді. Мұнда хореография, музыка мен бейнелеу өнері арқылы әлем мә­дениетінің үш ғасыры қам­тылады. Жер шары жайлы қойылған «Gaia» заманауи хореографиясы жарқын оқиғасымен, әсерлі әуені­мен тұшымды. Жердің бес тағаны – су мен жер, от пен ауа, орман тыл­сымы тұтаса келіп, Жер тәңіриясы «Gaia» негізін құрайды. Театр Ақтөбе, Қостанай, Ақмола облыстарына сапарларында жұртшылыққа танымал хореографиялық миниатюралар мен бір актілі балеттердің үзінділерін ұсынды. Елордалық сахнадағыдай безендірілген бағдарлама, жалпы 2012 жылдан бастау алатын «Астана Балет GALA» жобасы ұжымның жыл­намасы іспетті. Мұнда ұлттық нақыш­қа қоса, контемпорари, неоклас­сика мәнерінде әзірленген қойы­лымдар бар. Ал «Сағым сәт­тері» балеті шаңырақтың діңгегі не­ден құралатынына мән бергізеді. Негізі қазір қоғамда бәрі керісінше орын алып жатқан сияқты болып көрінуі мүмкін. Бірақ бұлар сыртқы қабыршақтар ғана.  Ежелгі қытай пәлсафасына сай, нәзік жандылар «инь» белгісіне жақын және жылдың қос мезгілі – күз бен қысқа ұқсас. Әйелдің ұлылығы, парасаты мен сабырлылығы және олардың қиындықты жеңу, кедергі, кеп­теліс­терді бұзып-жару жолындағы қай­сарлығы бедерленетін спектакль көрермен көңілін бей-жай қал­дырмайды. Абай поэзиясына ар­нал­ған «Ғашықтың тілі тілсіз тіл, көз­бен көр де, ішпен біл» балеті терең тебіреніс пен ой өрнегіне құрылған. Қойылым сегіз вариациядан тұрады: «Нұрға бөлену», «Сегіз аяқ», «Жыл мезгілдері», «Көзімнің қа­расы», «Той бастар», «Татьянаның хаты», «Ақын арызы», «Желсiз түнде…». Шетелдік классикалық шы­ғар­маларды молынан игеру әрине керек әрекет-ақ, соған қара­мастан ұлттық құндылықтың, оның ішінде Абай тағылымының қашанда маңызы зор. Өйткені, кез келген шетелдік шығарманы дәл сол елдің ойнау деңгейінде мықшыңдап алып шығуға болар-ау, алайда, қай халыққа болсын алдымен, өзінің төл туындысы қымбат болып қала бермегі сөзсіз. «Love fear loss» («Ма­хаббат. Айырылу. Үрей») бале­ті Эдит Пиафтың ғажайып өмірі­не, музыкасы мен әндеріне негіз­делсе, «A fuego lento» («Баяу жалын») атты бір актілі балетте плас­тика арқылы адамның алғашқы сезімі, эмоциялық көңіл күйі бері­леді. «Diversity» қойылымы балет тарихына бойлатып, бірнеше ғасыр бұрын пайда болған өнердің қазіргі хал-ахуалын бейнелейді. Мұнда музыка мен костюм, пластика мен қимыл уақыт өте келе өзгеріске түсуі мүмкін, ал бірақ шабыт пен сұлулық ешқашан өзгермейді деген идеяны алға тартады. Мария және Михайлов театрларында, А.Ва­га­нова атындағы Орыс балетінің ака­де­миясында, Ресей мен Украинаның көптеген театрларында шамамен 300-ге жуық балет пен хорео­гра­фиялық нөмірлер қойған Георгий Ковтунның қойылымындағы «Вальпургиев түні» балетінде Ежел­гі Грекияның аңыз, әпсаналары орыс­тың классикалық балет дәстүрі иірім­дерімен баяндалады.  «Астана Балет» театры тарихындағы тағы бір елеулі жаңалық – биыл алғаш рет Джордж Баланчиннің нео­клас­сикалық сирек туындысы, «Се­ре­нада» қойылымы мен бразилиялық хореограф Рубен Терранованың «Қайшылықтар» спектаклі көрер­менмен қауышты. Сонымен қатар, «Аstana Ballet» театрының дирек­торы Валерий Күзембаев алдағы уақытта труппа солистерін мұнан да жауапты жобалар мен гастрольдік сапарлар күтіп тұрғанын айтты.  11-18 маусымда Белоруссияда өтетін халықаралық балет фестиваліне қатысу жоспарланса, 28 маусым мен 21 шілде аралығында олар ал­ғаш рет Латын Америкасында, ал 1-5 тамызда Түркияда өнер көр­сетпек. «Бұл сапарлар арқылы біз еліміздің мәдениеті мен өнерін жоғары деңгейде насихаттап қайтуды мақсат етіп отырмыз», дейді ұжым басшысы журналистерге берген сұхбатында... Қимыл-әрекеттері құралайдың елігіндей жеп-жеңіл әсем бейнелер бейне бір көк жүзінде қалықтаған көркем аққулардай елестейді. Аспандағы сұлулықтың символы аққу десек, көк майсалы шүйгін құрақты мекендеген сыңары сірә, осы бір бекзат өнер иелері болмасына кім кепіл!

Суреттерді түсірген Ерлан ОМАРОВ,  «Егемен Қазақстан»