Тәуелсіздік алып, өз алдына дербес мемлекет болғалы елімізде жүзеге асып жатқан игіліктердің баршасы отбасының, соның ішінде ана мен баланың игілігі мен бақытына арналуда десем, “Нұр Отан” халықтық демократиялық партиясы облыстық филиалының бастамасымен, облыстық әкімдіктің қолдауымен 2009 жыл “Ана мен бала жылы” деп жарияланған болатын. Осы “Ана мен бала жылы” аясында денсаулық сақтау жүйесінде де қыруар іс-шаралар іске асырылып, халық денсаулығының негізгі көрсеткіштері едәуір ілгерілеп, облыс әкімі мен Денсаулық сақтау министрі арасындағы келісіммен көзделген межелі индикаторларға қол жеткізілді.
Атап айтқанда, Маңғыстау облысында 2008-2009 жылдары денсаулық сақтау саласын жандандыру мақсатында қадамдық бағдарлама қабылданды. 2009 жылы ана мен бала өлім-жітімін төмендету бойынша қысқа мерзімдік жоспар және облыстық денсаулық сақтау саласының медиа-жоспары дайындалып, жүзеге асырылды. Сонымен қатар, облыс әкімінің қаулысымен ана мен бала өлім-жітімін төмендету үшін шұғыл шаралар қабылдайтын облыстық штаб құрылды. Облыстың қалалары мен аудандарында осындай штабтар құрылып, ана мен бала денсаулығын қорғау жағдайына мониторинг жүргізілді. Сондай-ақ, облыс әкімдігінің бастамасымен әрбір медициналық мекемеге нақты критерийлер бойынша баға беріліп, рейтингісі анықталды.
Жоғарыда аталған жоспарлардың орындалуы барысында облыстағы емдік-профилактикалық ұйымдардың материалдық-техникалық негіздері күшейтілді, әсіресе бірінші кезекте балаларды емдейтін мекемелер, перзентханалар және туберкулездік ауруханалар мен диспансерлер күрделі жөндеуден өткізілді, бірнеше жаңа денсаулық сақтау нысандары іске қосылып, жоғары технологиялық, инновациялық заманауи құрал-жабдықтармен жарақтандырылды. Сонымен, былтыр қараша айында 60 орындық Ақтау қалалық перзентханасы, облыстық балалар ауруханасының корпусы, Боранкөл ауылында алғашқы медициналық-санитарлық көмек орталығы және Құрық кентінде орталық аудандық емхананың құрылысы қарқынды түрде жүргізіліп, мерзімінен бұрын іске қосылды.
Облыс тарихында тұңғыш рет осыдан 2 ай бұрын облыстық аурухананың күрделі реконструкциялық жөндеуден өткен бөлігінде 20 орындық кардиохирургиялық бөлімше ашылып, жүрекке операция жасау жұмыстары басталып кетті. Сондай-ақ, облыс бойынша 13 медицина нысандары күрделі жөндеуден өткізіліп, халық игілігіне берілді.
2009 жылы облыстық бюджет қаражаты есебінен 100 орындық облыстық онкологиялық диспансер, Бейнеу ауылдық перзентханасы, ал, “100 аурухана” бағдарламасының шеңберінде облыстық қан орталығы, Шетпе кентінде 150 орындық орталық аудандық ауруханасы сияқты 7 ірі медициналық ұйымның құрылысы басталса, инвесторлар қаражатының есебінен Түпқараған орталық аудандық ауруханасы балалар бөлімшесінің құрылысы басталып кетті. Қорыта айтқанда қазіргі таңда облыста 12 инвестициялық жоба іске асырылу үстінде.
Облыстағы медицина сапасы мен деңгейін анағұрлым жоғарылату мақсатында мамандардың біліктілік санатын көтеруге аса көңіл қойылды. Нәтижесінде 2 мыңнан астам медицина қызметкерлері біліктіліктерін жетілдіру курстарынан өтті, оның ішінде 20 маман Литва, Израиль, Ресей, Сингапур және Австрия мемлекеттерінде оқып, тәжірибе алмасып қайтты.
Бұдан басқа денсаулық сақтау жүйесінің тиімділігін арттыру үшін туберкулезбен ауыратын науқастарды жеке жатқызу принципіне негізделіп, туберкулезге қарсы диспансердің кереуеттерін қайта құрылымдау жұмыстары жүргізілді. Екі ауданаралық туберкулездік аурухана және 20 орындық мәжбүрлеп емдеуге арналған бөлімше ашылды. Жаңадан құрылған Мұнайлы ауданында туберкулездік диспансер және бактериоскопиялық зертхана халық игілігіне берілді.
Сонымен, жоғарыда айтылған аумақты жоспарлар мен пәрменді медициналық-ұйымдастыру шараларының нәтижесінде облысымызда туберкулезден болатын өлім- жітім саны 2,2 есе азайса, сырқаттану деңгейі 1,3 есе кеміді. Ана өлімі 1,6 есеге төмендеп, нәрестелер өлім-жітімі бойынша жағдай тұрақтанды.
Әлеуметтік маңызы зор аурулардың ішінде қан айналым жүйесінің және қатерлі ісік аурулары аса көңіл бөлуді қажет етеді. Өйткені, бұл аурулар дүние жүзінде, сонымен қатар Қазақстанда да өлім-жітім көрсеткіштері бойынша көптен бері алғашқы орындарды бермей келеді. Ал, Маңғыстау облысында соңғы жылдары ересек тұрғындардың жекеленген санаттары арасында сапалы жүргізіліп келе жатқан профилактикалық тексерулерінің нәтижесінде жүрек ауруларын ерте диагностикалап, алдын алу, салауатты өмір салтын қалыптастыру және емдеу шараларын тиімді қолдану нәтижесінде өлім-жітім көрсеткіштері республикалық деңгейден 3,2 есеге, облыстағы былтырғы жылдың қорытындысымен салыстырғанда 1,6 есеге төмендеп отыр. Бұл индикатор-көрсеткіштің қарқынды кему тенденциясын алуы 2008 жылдың “Жүрек тамыр жүйесі ауруларымен күрес жылы” деп жариялануына байланысты жүзеге асырылып келе жатқан жүйелі шаралардың нәтижесі екендігі даусыз.
Қатерлі ісікпен сырқаттанатын науқастарды диспансерлік бақылаудың сапасы мен тиімділігін көрсететін көрсеткіштер қатарына олардың 5 жыл және одан да ұзақ өмір сүруі мен ауруды ерте анықтау болып табылады. Облыс бойынша алғашқы көрсеткіш бойынша келісімдегі межелі көрсеткішке қол жеткізсек, екінші индикатор белгіленген межеден 20%-ға жоғары, яғни 70% түзіп, нәтижелі болып отыр.
“Отан – отбасынан басталады” демекші, үйіне газы мен суы келіп, балаларының өсіп-жетілуіне барлық жағдай жасалған аналардың қоғамдық өмірге араласып, өзінің қолынан келетін кәсіппен айналысуға деген құштарлығы артатыны белгілі. Бұл күндері облыстың елді мекендерінде бірінен соң бірі құрылып жатқан үкіметтік емес ұйымдар әйелдер белсенділігінің артқандығын көрсететін бірден-бір мысал. Олар “Ауыл әйелдерінің бастамашылығы” ҚҰ (Бейнеу және Қарақия аудандары), “Тілек” ҚҰ және “Асыл мұра” ҚҚ (Мұнайлы ауданы), “Ақниет” гендерлік даму орталығы (Түпқараған ауданы). Өз қызметін аулаларды аралау, әңгімелесулер, тұрғындарды нақты мәселелер бойынша қабылдау сияқты қарапайым жұмыстардан бастаған олардың барлығының мақсаты, ауылдастарының, балаларының денсаулығы мен әлеуметтік жағдайын жақсарту. Бұл күндері ауылдық жерлерде ҮЕҰ құру жөніндегі жұмыс жалғасуда, әйелдер және отбасылық-демографиялық саясат істері жөніндегі облыстық комиссияның барлық деңгейдегі әкімдіктер жанынан “Әжелер кеңесі” кеңестерін құру туралы шешімі қызу қолдауға ие болуда. Бүгінде Түпқараған және Бейнеу аудандары мен Ақтау қаласы әкімдіктері жанынан “Әжелер кеңесін” құру мәселелері шешілді, оның құрамы анықталды, кеңселер бөлінді, хатшылар сайланды.
Жыл сайын облыс әкімінің іскер де белсенді әйелдермен дәстүрлі кездесулері емен-жарқын әңгімелесу жағдайында өтеді. Оның барысында әйелдер өздерін толғандырып жүрген мәселелерді ортаға салып, пікірлерін айтады. Жыл сайын 8 Наурыз – Халықаралық әйелдер мерекесі қарсаңында кең де ауқымды шаралар өткізіледі. Өткен жылы “Алтын алқа” алқасының 9 иегері облыс әкімінен Алғыс хат пен ақшалай сыйлық алды. Сонымен қатар әйелдер арасында кәсіптік және шығармашылық конкурстар өткізу де дәстүрге айналған. 2009 жылы “Әйелдер басқаратын таңдаулы кәсіпорын” конкурсына облыстың кәсіпорындары мен ұйымдарын басқарып отырған 38 әйел қатысты.
Жыл сайын өткізілетін “Қазақстан әйелдері кедейлікке қарсы” акциясы 2009 жылы “Отан – отбасынан” басталады девизімен өтті. Орталықтан шалғайдағы селолық округтерге құрамында дәрігерлер, заңгерлер, үздік кәсіпкер әйелдер, білім және ішкі істер саласының, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері бар үгіт бригадалары жіберіледі. Олардың бағдарламаларында тұрғындарды медициналық бақылаудан өткізу, мұғалімдерге, ата-аналарға және балаларға арнап семинар-тренингілер өткізу, концерттер қою сияқты игілікті шаралар бар.
Әйелдерді бизнеске тарту жолында да ауқымды жұмыстар атқарылуда. Бұл бағытта облыстың үкіметтік емес ұйымдары, Қазақстан іскер әйелдері ассоциациясының филиалы белсенділік танытуда.
“Ана мен бала жылы” аясында “Қанатты әйел” идеялар мен тауарлардың аймақтық жәрмеңкесі өткізілді. Жәрмеңкенің ашылу салтанатына Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі, Президент жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссиясының төрайымы Г.Әбдіқалықова қатысты. Жәрмеңкеде 56 шағын және орта бизнес кәсіпорнының, жеке кәсіпкерлердің басшылары мен 18 қоғамдық және үкіметтік емес ұйымдардың жетекшілері өз жұмыстарын ұсынды. Бұл шын мәнінде қоғамдық және үкіметтік емес ұйымдар жобаларының тұсаукесері, танымдық анықтамалықтардың, шығармалар жинақтарының, отбасы оқитын кітаптардың, жергілікті суретшілер картиналарының, азық-түлік өнімдерінің, тігін бұйымдарының, ұлттық және арнаулы киімдер мен аяқкиімдердің, халықтың қолданбалы өнері бұйымдарының көрмесі болды. Қазақстан эстрада жұлдыздарының қатысуымен “Жан анам” қайырымдылық концерті ұйымдастырылып, түскен қаржы жүрегі ауыратын сырқат балаға емделу үшін берілді.
“Ана мен бала жылын” аяқтай отырып, облыстық комиссия Қазақстанның іскер әйелдері ассоциациясының “Менің отбасым – менің байлығым” мерекелік кешін өткізді.
Облысымызда жасалынып жатқан шаралардың барлығы қашанда отбасын – тірегім, баланы – бақытым деп санайтын халқымыздың ерекше ризалық сезімін туғызып, болашаққа деген сенімін нығайта түсуде.
Жауынбай ҚАРАЕВ, Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары, облыс әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның төрағасы.