• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
13 Шілде, 2017

Түлектерді «түрлендіргеннен» не ұтамыз?!

300 рет
көрсетілді

Күні кеше ғана соңғы қоңырауы соғылған 2016-2017 оқу жылы бірқатар жаңалығымен қазақстандық білім беру ісінің дамуындағы айрықша жыл болғаны анық. Ең алдымен, бұл оқу жылы орта мектепті бітірушілердің аттестат алу үшін бұрынғыдай мемлекеттік емтихан тапсыруға көшірілген кезеңі ретінде есте қалатын болды. Бұл сөз жоқ, дұрыс қадам. Аталған жаңалық, әсіресе, ауылдық мектептердің түлектері үшін ерекше қуанышты болды. Олар биыл Ұлттық бірыңғай тестілеу сынақтары орталықтарына жету үшін жолсапар сүргінін көрген жоқ. Сөйтіп, өмірлерінің ең қиын да жауапты күндерінде ата-анасының ыстық ұясынан еріксіз ұзап шығып, жатақханаларға уақытша тұрақтау мәжбүрлігінен құтылды.

Жоғары оқу орындарына түсуге жол ашатын Ұлттық бірыңғай тестілеу сынақтары маусымның соңғы он күнінде өткізілді. Түлектер мамандық алу жолдарын кеңінен ойлануға мүмкіндік алды. Бұл жыл – Ұлттық бірыңғай тестілеу сынақтарының көптеген жаңалықтарымен ерекшеленді. Ең бастысы, жоғары оқу орындарында оқуға ұмтылған түлектердің ҰБТ сынақтарындағы балдық көрсеткіштері олар бітірген орта мектептердің рейтингілеріне, тарқатып айтсақ, орта мектептің білім берудегі сапалық деңгейін анықтауда есепке алынбайтын болды. Бұл – тиімді бетбұрыс. Өйткені, осы ҰБТ басталғалы бері орта мектептердің сабақ кестесіндегі пәндер тестілеу сынағына енгізілетін, енгізілмейтін болып бөлініп, оқытуда сапалық ала-құлалыққа апаруы мүмкін деген алаңдаушылық туындағаны жалпыға мәлім жайт. Сондықтан да, бұл жаңа­лық «орта мектептер ҰБТ сынағының дайындық алаңына айналып кеткені» туралы жұртшылық арасында белең ала бастаған пікірталастың жолын кесті. Орта мектептердің педагогикалық ұжымдары үшін мемлекеттік бағдарламаға сәйкес оқытылатын барлық пәннен бірдей заманауи талап-міндет тұрғысынан білім негізінің сапалық деңгейін жан-жақты көтеруге жұмылуға кең жол ашты.  Биылғы Ұлттық бірыңғай тестілеу сынағының ел-жұртты ерекше елең еткізген жаңалығы – орта мектеп түлектерінің алтын белгі аттестаты иегерлеріне жеңілдіктер жасалмайтын болғаны. Яғни, орта мектеп түлектерінің жоғары оқу орнында білімін жалғастыруға жетуі үшін барлығына бірдей талап қойылады. Бұл жаңалық өзім онжылдық мектепті бітірген сонау 1961 жылды есіме түсірді. Мектепті күміс медальмен бітіріп, алып-ұшып Алматы шаһарына жетіп, Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының қабылдау бөліміне құжаттарымды тапсырып тұрып, медальға жеңілдіктер алынып тасталғанын естігенде абдырап қалғаным есімде. Сол тарих сол қалпында жарты ғасырдан астам уақыттан кейін қайталанып отыр. Бұдан аттестатты әр­түрлі белгімен, бояумен ерекшелеудің уақыты өтті-ау деген ой туды.  Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында: «Қанымызға сіңген көптеген дағдылар мен таптаурын болған қатаң қағидаларды өзгертпейінше, біздің толыққанды жаңғыруымыз мүмкін емес» деп жазады. «Дәстүрдің озығы да бар, тозығы да бар» дейді халқымыз. Ойланып көрейікші. Өркениет өрге озған XXI ғасырда орта мектепте оқытылатын міндетті пәндерден алған бағаларына сүйеніп, түлектерді «алтын белгі», «үздік», «қызыл», тағы басқа аттестат иегерлеріне бөлгеннен не ұтамыз?! «Алтын белгі» төңірегінде мектеп ішінде әртүрлі әділетсіздікке жол беріліп қалатыны арагідік болса да естіліп қалады. Мектептің рейтингісін көтеру үшін жақсы оқуымен, үлгілі тәрбиесімен өз қатарластарынан озық шәкіртті ұстаздарының «Алтын белгіге» сүйрейтіні де бар. Мұның өзі әртүрлі наразылық тууына себепші болатыны түсінікті.  Қазақ елінің ертеңгі болашағы, әрбір ата-ананың көзінің ағы мен қарасындай мектеп бітіруші түлектердің бәрі бірдей, бәрі аяулы. Әрине, мектептегі оқуда бірі – озат, бірі – орташа, тіпті үлгерімі төмендер де бар. Солардың бәрі біздің болашағымыз. Сондықтан, бір-бірінен бөліп-жармай, қорытынды бағалары көрсетілген біркелкі аттестатқа көшкен дұрыс сияқты. Биік арман-тілекпен болашаққа бет түзеген түлектерді қолдаудың, жетелеудің жаңа заманға лайық өршіл тәлім-тәрбие жолдарын іздейік. Мектеп түлектерін түрлі-түсті аттестат иегерлері деп емес, тәжірибеде бар болса да, бәсеңдеу естілетін халықаралық, республикалық, тіпті, облыстық, аудандық, мектепаралық, мектепішілік білімдік, біліктілік, өнертапқыштық, жаңашылдық, мәдениет, әдебиет, өнер, ана тілі, көптілділік, спорт, тағы басқа сайыстардың жеңімпаздары деп күшейтіп, кең көлемде марапаттауға, жоғары оқу орындарында білімін жалғастыруға, мемлекет, Ұлттық компаниялар, ірі меценаттар және басқалар тарапынан жолашар жеңілдіктер жасауға түбегейлі бетбұрыс жасайтын уақыттың келгені анық. 

Сайраш ӘБІШҚЫЗЫ, Қазақстанның білім беру ісінің құрметті қызметкері