• RUB:
    5.44
  • USD:
    478.58
  • EUR:
    520.84
Басты сайтқа өту
Қазақстан 21 Шілде, 2017

Астанада Густав Малердің №8 симфониясын 1200 музыкант орындады

171 рет
көрсетілді

Мәдениет және спорт министрлігі мен әлемге белгілі дирижер Алан Бөрібаев ЭКСПО-2017 көрмесі аясында елімізде бұрын-соңды болмаған жаңа жобаның тұсаукесерін өткізді. Бұл күні елорда тұрғындары мен қонақтарына әйгілі композитор Густав Малердің «№8 Симфониясы» тарту етілді. «Астана Опера» театрында осыған орай баспасөз конференциясы өтті.

Шараға белгілі дирижер Алан Бөрібаев, Мәдениет және спорт вице-министрі Ақтоты Райымқұлова, Италияның Генуя қаласындағы «Карло Феличе» театрының көркемдік жетекшісі Джузеппе Акуавива, «Астана Опера» МОБТ директоры Ғалым Ахмедьяров және «Астана Опера» директорының бірінші орынбасары Төлеубек Әлпиев қатысты.

Алқалы жиында алғысөзді алған Ақтоты Райымқұлова жаһандық көрменің маңыздылығы мен министрлік тарапынан жүзеге асырылып жатқан бірқатар мәдени шаралар туралы айтып өтті.

– Жаһандық көрме кезінде Мәдениет және спорт министрлігі Қазақстанның орындаушылық өнерін әлемге танытатын тың жобалар әзірлеуді мақсат етті. Міне, осы жоспар аясында Алан Бөрібаевпен ақылдаса келе Густав Малердің «№8 Симфониясын» орындауды жөн көрдік, – деді Ақтоты Райымқұлова.

Әлемдік музыкада Густав Малердің «№8 Симфониясы» ең белгілі шығармалардың бірі ретінде мойындалған. Ал оны өз дәрежесінде орындау үшін музыканттар саны да айтарлықтай көп болуы қажет. Ұйымдастырушылардың айтуынша бұл жобаға барлығы 1200 музыкант атсалысқан. Оның 99%-ы – қазақстандықтар. Мұндай ғаламат туындыны «Астана Операның» симфониялық оркестрі, хоры және балалар хоры, Италияның ең атақты «Карло Феличе» театрының, Абай атындағы Мемлекеттік академиялық опера және балет театрының оркестрі мен хоры, Қазақстан Республикасы Мемлекетік академиялық симфониялық оркестрі мен «Солистер академиясы» Мемлекеттік камералық оркестрі, сондай-ақ, еліміздегі өзге де жетекші хор ұжымдары қатысты.

Мұндай көлемді концерт осыған дейін ешбір жерде болмағанын да ерекше атап өткен жөн. Яғни, ауқымдылығы жағынан әлемдік рекорд орнатылды деп те айтуға болады. Сонымен қатар, бұл кешке Голливудтың атақты актері, «Оскар» сыйлығының лауреаты Эдриен Броуди арнайы қатысты.

– Бұл жобаның жүзеге асуына Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы себепші болды. Ол өзі де кәсіби музыкант, бірнеше рет симфониялық шығармаларды орындаған. Ал енді Малердің симфониясына тоқталар болсам, оны тыңдау сондай жеңіл болғанмен, орындау өте ауыр. Қызықты бір мәлімет келтіре кетейін, бұл шығарма алғаш рет орындалған кезде 1910 жылдың қыркүйегі, яғни Еуропада ЭКСПО көрмесі өтіп жатқан кез болыпты. Ал енді мұндай аса ірі жобаны жүзеге асыру – кез келген ұжым үшін үлкен сын. Дайындық кезінде өзімнің тіпті, педагогикалық қабілетімді де оятқан секілдімін. Себебі, 1200 музыканттың ішінде жеті жасар баладан орта жастағы өнер иелері де бар, – деді Алан Бөрібаев.

Ал өз кезегінде италиялық маман Джузеппе Акуавива қазақ тілінде амандасып, осындай ауқымды шараға шақырылғаны үшін Мәдениет және спорт министрлігіне алғысын білдіріп, концерттің маңыздылығын айта өтті.

Баспасөз конференциясынан кейін араға бір сағат уақыт салып әйгілі композитордың туындысы қойылды. Залға жиналған тұрғындар сахна толығымен ашылып, 1200 музыкант толығымен көрінген сәтте еріксіз таң қалып, қошемет білдіріп жатты. Ал бір жарым сағатқа созылған концерт аяқталғаннан кейін көрермендер кеш тағы да ұзара түссе екен деген күйде қалды. Шараның өте жоғары деңгейде өткені туралы сеніммен айтуға болады. Себебі, көрерменнің жанарындағы алғысын ыстық ықыласын бірден байқауға болады. 

Ал актер Эдриен Броуди бұл кештен алған әсерін былайша бөліскен екен.

– Алан Бөрібаевтың дирижерлігімен 1200 музыкант орындаған бұл шығарманың кереметін сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Бұрын-соңды мұндай әсерге бөленбеген едім. Мұндай ғажайыпты еш жерден көрген емеспін. Алан Бөрібаевтың шабыт сыйлағаны соншалық, алдағы уақытта дирижердің рөлін сомдаймын деп іштей бекіндім, – дейді актер.

Өнер иесі үшін халықтың сүйіспеншілігінен асқан қандай бақыт бар?! Тыңдарманның алғысын алса, шын бағасы сол емес пе?!

Аян ӘБДУӘЛИ, «Егемен Қазақстан»