Шетел ғалымдары ер адамдардың биологиялық тұрғыда сапасы төмендеп кеткенін айтып, дабыл қаға бастады. Биологтардың айтуынша, қазіргі адамзат қоғамындағы азғындық генетикалық сипатқа ие болуда. Нақтырақ айтсақ, дүние жүзі бойынша еркектердің Y-хромосомасы сапа тұрғысынан нашарлап, нәтижесінде әйелдік қасиеттер басымдыққа ие болуда. Еркек бойындағы әйелге тән Х-хромосомасы қалпында қалып, еркекке тән Y-хромосомасы жұтаңданып кеткен. Бұл өзгеріс жекелеген халықтарға емес, жалпы адамзатқа ортақ көрінеді. Бұрынғы заманда Х-хромосома 3000-4000, ал Y-хромосома 1500 генді қамтыған. Қазір Х-хромосомада 1098 ген болса, У-хромосомада бар болғаны 78 ген бар.
Қазір әлем бойынша еркектердің 40 пайызы белсіздікке ұшырағандар. Ерлердің биологиялық тұрғыдан құлдырауы адамзат қоғамында қыздардың көптеп дүниеге келіп, қыз қылықты ұлдар санының артуына әкеп соғуда. Қоғамда үйленуге дәрменсіз ер адамдардың көбеюіне де осындай биологиялық үрдіс себеп болса керек. Ғалымдар әлемдегі 3000 еркектің 1-еуі өзін жігіт деп сезінбейтін, әйел тәрізді екенін анықтаған. Жалпы, дүние жүзі бойынша ерлердің Y-хромосомасы бұзылып, қасиеті кеміген соң ұлдардан гөрі қыздар көбірек тууда. Ғалымдар ер балалардың дүниеге келу көрсеткіші төмендей берсе, жер бетінде еркек жыныстылар қалмауы мүмкін деп дабыл қағуда. Болашақта жер бетінде тек әйелдер мекендейтін матриархат қоғамы орнайды деген қауіптің бары да рас.
Қазіргі таңда кейбір азғындаған еркектердің жас қыздарды былай қойып, кішкентай бүлдіршіндерге зорлық-зомбылық жасауы да олардың азаматтық қадір-қасиетін жоғалтып, күйеу болу, әке атану тәрізді міндеттерді атқара алмайтындығын дәлелдейді. Әрине, әйелдердің де биологиялық тұрғыдан сапа төмендігі байқалады. Бірақ әйелдің Х-хромосомасының кемуі ерекектерге қарағанда 6-7 есе баяу жүзеге асуда.
Әлемнің ерлер бөлігі азғындаса, адамзат дамуы қалай болады деген сұрақ туындайды. Бұл сұрақтың жауабын ғалымдар әлі тапқан жоқ. Жер бетінде көп балалы отбасылардың азаюы (бұрын орташа отбасында 7-10 бала болса, қазір 2-3-тен аспайды), үйленуді жөн көрмейтін еркектердің көбеюі адамзат үшін аса қауіпті жағдай. Бүгінде бойдақтардың саны дамушы елдерде ғана емес, АҚШ пен Еуропада да бұрынғыдан еселеп көбейген. Сондай-ақ, әйел сияқты дене күтіміне көп көңіл бөлетін, сыланып-сипануды ұнататын жігіттер саны артып барады.
Ерлер неліктен құлдырады деген сұрақтың бір жауабы ретінде зерттеушілер мынандай тұжырым келтіреді. Нағыз ерге тән қасиет – Отан қорғау, елін, жерін сақтау мақсатында аянбай күресу, көбірек күш жұмсауды қажет ететін іспен шұғылдану. Ал қазіргі заманда әскери өнерде басымдық техникаға беріліп, ер азаматтардың жұмысы жеңілдеген. Олардың «нәзіктенуінің» бір себебі де осында болса керек.
Ресей ғалымы Олег Лоран қазіргі заманда көптеген еркектердің әйелдік қасиеттерге ие болғаны сонша, сыртта тіршілік істеуден гөрі үйде ас ішіп, теледидар көріп дегендей, көбірек демалғанды жақсы көретінін және олардың қимылы ғана емес, бет әлпетінде әйелге тән нәзіктік пайда болғанын айтады. Ал әлемдегі ең атақты ғалымдардың бірі саналатын Оксфорд университетінің генетика профессоры Браян Сайкс өзінің кітабында енді 125 мың жыл өткенде жер бетінде еркек атаулы қалмайды деп болжапты. Ғалым еркектерді «сақтап қалудың» бірнеше жолын ұсынады.
Сайкс гендік инженерия көмегімен Y-хромосомасын ұлғайту керек деп есептейді. Әлемдегі еркектердің 7 пайызы ғана ұрпақ қалдыруға қабілетті екенін айтқан британиялық ғалым уақыт өте келе бұл көрсеткіш тек 1 пайыз ғана болады дейді. Дженни Грейвс деген Австралия ғалымы да еркектердің жер бетінен түр ретінде жойылу қауіп барын айтады. Еркектік хромосоманың біртіндеп жойылуы тек адамдарда ғана емес, хайуандар мен өсімдіктердің аталығынан да байқалуда. Осының салдарынан соңғы ғасырда жер бетінде талай аң жойылып, көптеген сирек өсімдіктер түп-тамырымен құрып кетті.
Бүгінде жер шарында еркектер тапшы саналатын елдердің қатары да көбейіп барады. Мысалы, Бразилияда ауыл шаруашылығымен кілең әйелдер айналысатын коммуналар бар. Африкада еркектер мүлдем жетпейтін тайпалар тіршілік етеді. Тынық мұхитының Солтүстік Мариан аралдарын жалғызбасты әйелдер мекендейді екен. ТМД елдерінде де ерлер санының азаю үрдісі байқалады. БҰҰ-ның мәліметіне сүйенсек, әлем бойынша 184 мемлекеттің 108-де әйелдердің саны ерлерге қарағанда анағұрлым көп.
Қазақ халқы ер баланы ел мен жер қорғаны, отбасына, жарына адал, қамқор әке болуға тәрбиеледі ғой. Ал қазір жалпы адамзатқа ортақ деградациялық құбылыстар қазақ қоғамына да зиянын тигізуде. Зерттеушілер азғындаған еркектердің бойында ұлтжандылық, рухани қасиеттер қалмайтынын айтады. Ал некесіз бірге тұру үрдісі (азаматтық неке) барлық діндерде тыйым салынған азғындық екені белгілі. Азғындық қай халықта болсын, ежелгі заманнан қоғамның, ұлттың жауы саналған. Бұрынғы заманда заңды әйел алғанға дейін қыз-қырқын аңдыған жігіттерді славяндар итке теңеген деседі. Ерлердің биологиялық сапасының құлдырауына адамдық қасиеттен айрылып, азғындық жолға түсу фактілері де себеп болса керек.
Шарафат ЖЫЛҚЫБАЕВА