• RUB:
    5.44
  • USD:
    478.58
  • EUR:
    520.84
Басты сайтқа өту
Қазақстан 27 Шілде, 2017

Дәурен Абаев: «Ашық үкімет» – ең оңтайлы әдіс

215 рет
көрсетілді

Бүгін Үкімет үйінде Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының «Есеп беретін мемлекет қалыптастыру» бесінші институционалды реформасының жүзеге асырылу барысы жөнінде баяндама жасады. 

Ұлт жоспарының бірқатар қадамын жүзеге асыру Ақпарат және коммуникациялар министрлігіне жүктелгені белгілі. Осы міндеттер бойынша министрлік тарапынан қандай жұмыстар атқарылды? Қандай көрсеткіштерге қол жеткізілді?

– Ең алдымен, «Есеп беретін мемлекет қалыптастыру» жөніндегі 5-бағытқа тоқталсақ. Осы бағыт бойынша Ұлт жоспарының 94, 96 және 100-қадамдары жүзеге асырылды. Тарқатып айтар болсам, 94-қадам бойынша «Ақпаратқа қол жеткізу туралы» Заң қабылданды. Аталмыш заң азаматтық қоғам тарапынан үлкен қолдауға ие болды. Мұның басты себебі – құжаттарды әзірлеуге үкіметтік емес ұйымдардың белсене атсалысуы. Шыны керек, бұл заңда көптеген оңды бастамалар қабылданды. Осының барлығы әрбір азаматтың мемлекеттік органдар қызметі туралы ақпаратты еркін алуы мен тарату құқығын қамтамасыз етуге мүмкіндік беріп отыр. Бүгінгі күні комиссия мемлекеттің ашықтығы мен есептілігін арттыруды бағдарға ала отырып, белсенді жұмыс жүргізіп жатыр, – дедi Ақпарат және коммуникациялар министрі.

Ол сондай-ақ, осы заңның тағы бір тиімді тұсы – ақпараттарға қол жеткізуде шектеу қойылмау жағы қарастырылғанын да атап өтті. Ал осыны бұзған лауазымды тұлғаларды жауапкершілікке тарту мәселесі де қарастырылғанын мәлімдеді. Осы бағытта консультативтік кеңесші орган ақпаратқа қол жеткізу мәселесі жөнінде комиссия құрылып, оның құрамына осы заңды әзірлеуге қатысқан тұлғалар мен азаматтық қоғам мүшелері енді.  

Ал Ұлт жоспарының 96-қадамын жүзеге асыру барысында «Ашық үкіметтің» барлық жүйесі іске қосылды, яғни «Ашық үкімет» порталында «Ашық деректер», «Ашық нормативтік-құқықтық актілер» (Ашық НҚА), «Ашық бюджеттер», «Ашық диалог», сондай-ақ «Мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігін бағалау» бөлімі ашылды.

Әрқайсысына қысқаша тоқтала кетейік. «Ашық НҚА» порталына кірген кез келген адам мемлекеттік органдардың нормативтік құқықтық актілері жобаларының, сондай-ақ, заң жобасы тұжырымдамасының талқысына қатыса алады. Қазіргі таңда порталда қоғамдық талқыға 420-дан астам құжат ұсынылған. Ал өткен жылы жеті мыңнан астам НҚА жобасы жарияланған екен.

«Ашық бюджеттер» бөлімінде қаржының қалай жұмсалып жатқанын, яғни шығындарды бақылауға мүмкіндік бар. Бүгінде порталда 13 мыңнан астам бюджет жобаларын көруге мүмкіндік бар. Сонымен қатар, «Ашық деректерде» 2300 мәлімет жиналғаны да белгілі болды.

«Ашық диалогта» мемлекеттік орган қызметкерлеріне тікелей сауал жолдауға болады. Бүгінде бұл бөлімге 191 мыңнан астам сауалдама жолданса, соның 140 мыңына жауап берілген екен.

– «Ашық үкімет» – қазіргі уақытта елімізде демократиялық қоғамды құрудың бірден бір оңтайлы әдісі деп айтуға болады. Енді әрбір мемлекеттік орган өз бюджетін ашық түрде жариялауға міндеттеледі. Осының арқасында кез келген қазақстандықтың бюджет шығындарын бақылауына мүмкіндік туады. Әрине, «құпия» деген бөлімінен өзгелері бәріне қолжетімді болады. Ал «Ашық диалогта» кез келген жоғарғы лауазымды порталға жолданған әрбір сұраққа жауап беруі тиіс. Мемлекеттік орган заң жобасын қабылдар кезде халықтың пікірімен санасуы қажет, – деді Дәурен Абаев.

Сонымен қатар, «Ашық үкімет» порталына ақпарат жариялайтын жауапты мемлекеттік қызметкерлерді оқыту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Министрдің айтуынша, қазіргі уақытта барлығы 9 орталық мемлекеттік органда 137 адам оқытылды.

Мемлекеттік органдардың статистикалық базаларын онлайн жүйеге, яғни электронды үлгіге келтіру арқылы уақытты үнемді пайдалануға болады. Дәурен Абаев осы арқылы жемқорлыққа да тұсау салуға болатынын ерекше атап өтті. Осы себепті Ұлт жоспарының 100-қадамында мемлекеттік қызметтерді автоматтандыру міндеті қойылған.

Бұған байланысты, былтыр «Азаматтарға арналған үкiмет» мемлекеттiк корпорациясы құрылды. Қазіргі сәтте бұл корпорация арқылы бас-аяғы 723 мемлекеттiк қызметтiң 548-iне немесе 76 пайызына қол жеткізуге болады. Енді осы көрсеткiштi 85 пайызға дейiн арттыру жоспарланып отыр.

«Азаматтарға арналған үкiмет» корпорациясына қарасты елімізде барлығы 350 халыққа қызмет көрсету орталығы бар. Бас-аяғы 20 мыңнан астам адам жұмыс істейді. Олар жыл сайын 37 миллионнан астам қызмет көрсетеді. Ал биыл, яғни алты айдың көрсеткіші бойынша 21 миллионнан астам қызмет көрсетілген екен. Оның 14 миллионы, яғни 67 пайызы электронды нұсқада жүзеге асыпты.

Сонымен қатар, автокөліктерді есепке қою және жүргізушілік куәліктерді тапсыру бойынша мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталықтары (МХҚК)  жұмысының жетілдіруі қамтамасыз етіліп отыр. Қазір 12 МХҚК жұмыс істейді. Осы жылдың алғашқы жартыжылдығында 172 мыңнан астам жүргізушілік куәлігі тапсырылған, сондай-ақ, 701 мың көлік есепке қойылып, дәл осыншасы есептен алынған.

Бұдан бөлек, қызметкерлердің мүмкінгі шектеулі жандармен де жұмыс істеу әдісі үйретілді. Қазір 862 адам ымдау тілінде оқытылды.

Айта кетейік, есеп беретін мемлекетті қалыптастыру міндеті 91-100  қадамдарды қамтиды. Ақпарат және коммуникациялар министрлігі бес институционалдық реформаны іске асырудың үш қадамын орындап отыр.

Аян ӘБДУӘЛИ, «Егемен Қазақстан»