• RUB:
    4.73
  • USD:
    511.22
  • EUR:
    540.05
Басты сайтқа өту
29 Қаңтар, 2010

КӨЛІК ҚЫЗМЕТІ ҚАЙТСЕ ЖАҚСАРАДЫ?

1286 рет
көрсетілді

Көпшілікті толғантқан осы және басқа мәселелер есепті жиында кеңінен талқыланып, кемшіліктерді түзетудің жолдары қарастырылды Петропавл қаласының әкімі Н. Әшімбетовтің 19, 20 шағын аудандары, Борки, Солнечный, Кірпіш, Новопавлов кенттері тұрғындары алдындағы есебі ашық әңгіме түрінде өтті. Нұржан Кемерұлының шаһар басшылығына тағайындалғанына көп бола қойған жоқ. Соған қарамастан, проблемалармен жете таныстығы баяндамадан аңғарылып тұрды. Ол қол жеткен жетістіктерді баяндаумен қатар, кемшіліктерді жоюдың жолдарын да көрсетіп берді. Баяндамада тұрғындарды әлеу­мет­тік қорғау және жұмысқа орна­ластыру жайына кең орын берілді. Бұл орайда, “Жол картасының” игілігін көріп отырғандар қатары қалыңдап келеді. Былтыр осы бағдарлама аясында 3430 адам, әлеуметтік жұмыс орындарына 1600 адам жұмысқа орналастырылған. “Жастар тәжірибесі” бағдарламасы шеңберінде жоғары, орта арнаулы оқу орындарының 320 түлектерімен келісім-шарт жасалған. 723 адам қайта оқыту курстарында жаңа мамандықтарды игерген. Бос орын жәрмеңкелері арқылы 600-ге жуық петропавлдық тұрақты жұмыстарға орналасқан. 13 мың адам жұмыс­пен және жаңа мамандықпен қамтама­сыз етілген. Сөйтіп, эконо­микалық белсенді тұрғындарға шаққанда жұмыссыздар деңгейі 0,9 пайызды құраған. Жұмыссыз­дар­дың мүддесін қорғау мақсатымен 757 ұжымдық келісім-шарт жасал­ған. Жұмыс орындарын сақтау, жұмысшы­лар­дың құқығы мен кепілдігін қам­та­масыз ету үшін кәсіпорындармен 11 меморандумға қол қойылған. Аз қамтылған аза­мат­тарды әлеуметтік қорғау тетік­тері де қарастырылған. Мәселен, 7622 петропавлдық 137 миллион теңгенің тұрғын үй және мем­лекеттік атаулы көмегін алған. Тамақ және азық-түлік өнімдерінің қолжетімді бағасын тұрақтандыру бағытында 49 рет ауылшаруа­шы­лық жәрмеңкелері өткізіліп, сауда көлемі 418 миллион теңгеге жеткен. Кәсіп­керлердің бастамасымен ар­зан өнім сататын сауда павильон­дары ашыл­ған. Бұлардағы баға базарларға қа­рағанда 10-15 пайыз арзан. Мем­лекет басшысының тапсырмасына сәйкес көтерме-бөлшек сауда орталықтарының жүйесі ұлғайды. “Қызылжар-Ақ­бастау” коммуналды базары жа­нын­да азық-түлік өнім­де­рін дел­далсыз тура жеткізіп сататын көтерме-сауда орындары пайда болды. Былтырғы есепті кездесуде айтылған 346 ұсыныс қалалық ша­ра­ларға енгізілген еді. Солардан орындалғаны – 336. Бұлардың басым көпшілігі қаланы көркейту, жолдарды, энергетикалық кешенді, су шаруашылығын, тұрғын үй-коммуналдық жүйені жақсарту мә­се­лелеріне тікелей қатысты. “Қала­ның солтүстік-шығыс аймағында тұратын сіздерден 42 өтініш түскен болатын. Олардың барлығы шеші­мін тапты. Кейбіріне тоқтала ке­тейін. Атап айтқанда, жеке сектор үшін қатты тұрмыстық қалдық­тарды төгу үшін арнайы орындар бөлінді. Оқушыларды мектептерге тасымал­дау қайтадан реттелді. Жолдардың ой-шұңқырлары тегіс­телді. Аялда­малар жөнделіп, көше­лер жарықтан­дырылды”, дей келіп қала басшысы биыл “Жол кар­тасы” бағдарламасы бойынша жолдарды жөндеуге 300 миллион, көшелерді жарықтан­ды­ру­ға 199 миллион теңге қарастырыл­ғанын айтып өтті. Нұржан Кемерұлы облыс орта­лы­ғында қордаланып қалған мәсе­лелердің әлі де жетіп артылатынын жасырмады. Солардың өзектісіне тұрғын үй-коммуналдық шаруашы­лық саласындағы проблемаларды атады. Қаланың абаттандырылған тұрғын үй қоры 1023 үйді құраса, үштен бірі 40 жылдан астам жөндеу көрмеген. 289 лифтінің 55-і істен шыққан. Ал, жеке меншік сектор­дағы 14 мыңнан астам үй сапалы ком­муналдық қызметке зәру. Бүл­дір­шіндерді мектепке дейінгі балалар мекемелерімен қамтамасыз ету де өткір әлеуметтік мәселе­лердің бірі. Балабақша кезегінде сегіз мыңнан астам сәби кезекте тұр. Жуық арада 320 орындық бала­бақ­шаны пайда­лануға беру көздел­се, биыл тағы 520 орындық екі балалар мекемесін іске қосу жос­парланған. Бұдан тысқары мектеп­тер жанынан 400 орындық шағын орталықтар бой көтеретін болады. Мемлекеттік тапсырысқа сәйкес жеке меншік мектепке дейінгі ұйымдардағы орын саны 225-ке арттырылады. Коммуналдық желілердің қол­да­ныс уақытының ұзақтығы, тозуы күрделі жөндеулерді қажет етеді. Осыған орай, арнайы бағдарлама қабылданып, энергия қорын 25-30 пайыз үнемдеу жолы қарасты­рыл­ған. Бұл, әрине, тығырықтан шы­ғу­дың оңтайлы тәсілі емес. Респуб­ликалық бюджеттен қаржылық демеу болмайынша, саланы ілгері бастыру өте қиын. Сол сияқты та­зар­ту құрылғыларын да қалпына келтіру найқалуды күтпейді. Бүгін­де ағын суларды тазарту жұмыс­та­ры 12 қосынды заттар бойынша өткізілуі тиіс болса, бұл талап орын­далар емес. Қала инфрақұрылымы жұмы­сы­ның тиімділігін көп жағдайда оның жол-көлік құрылымы анықтайтыны сөзсіз. Бұл бағытта біраз шаруалар­дың атқарылғаны байқалады. Олай болса, аталған құрылымның ілгері басуына не кедергі жасап отыр? Арыз-шағымдардың азаймауын немен түсіндіруге болады? Мәсе­лен, Инна Яковлева, Дулат Жеңіс­ұлы, Борис Колмогоров, Лиза Коно­вало­ва, тағы басқалары қоғам­дық көлік қозғалысының нашарлы­ғын, қыс­тың көзі қырауда аялда­маларда сары­лып тосып қалатын­дарын сөз етті. Оң өзгерістерге қарамастан, күрмеуі көп түйткілді мәселелердің не себепті орын алып отырғанына есепті кездесуге қатыс­қан облыс әкімі Серік Біләлов те арнайы тоқ­тал­ды. Петропавл қа­ласында 5 трол­лейбус, 13 автобус, 14 шағын автобус бағыттарында 296 көлік бірлігі жолаушылар тасымал­дау қызметімен айналысады. Қызмет көрсету сапасын арттыру және жылжымалы құрам паркін жа­ңарту мақсатымен 184 жаңа автобус сатып алынған. Былтыр қалалық жолау­шылар көлігі 17,6 миллион адамды тасымалдаған. Бұл көрсеткіш 2008 жылға қарағанда 6,7 пайызға артық. Соңғы екі жыл бойы жолақы та­рифі өзгертілген жоқ. Демек, ал­да­ғы уақытта да тасы­мал­дау қыз­ме­тіне адамдардың сұра­нысы артпаса, кемімейді деген сөз. Петропавл­дықтардың талап-ті­лек­теріне орай үш жаңа бағыт бойынша қатынас ұйымдасты­ры­лып, төрт бағыттың қозғалысы өзгертілген. Бескөл кентіне дейін “6Т” трол­лей­бус бағыты ашылған. Алайда, тасы­мал қызметінің сапасы көпшілікті әлі де қанағаттандыр­майды. Сөйтсе, бар гәп жолаушы­лар тасымалдаумен айналысатын кәсіпорындар арасын­да адал бәсекелестіктің төмендігінде жатыр екен. Кейбіреулер тендерді ұтып алғаннан кейін мәселені жылы жауып қоятын тәрізді. Қызмет рыногын қалыптастырумен шұғыл­данудың орнына, жеке бас пайдасын көбірек күйттейтін секілді. Соңғы тексеріс-рейд қызмет көрсету мә­де­ниетінің төмендігін айғақтап берген. Жиында сөйлеушілер қала әкімінің жұмысына оң баға берді. Облыс әкімі С.Біләлов алда атқарылатын міндеттерді атап көрсетіп, қала басшылығына нақты тапсырмалар жүктеді. Өмір ЕСҚАЛИ. Петропавл. АЛҒАН АСУЛАР АЛАСАРМАЙДЫ Әр түрлі деңгейдегі әкімдердің халықтың алдында есеп беруі билік тізгінін ұстағандардың елмен етене жұмыс істеуінің ұтымды үрдісі болғанын өмірдің өзі көрсетіп отыр. Ал халықтың алдында қызарып-қысылмас үшін жыл бойы атқарылған жұмыстардың қайтарымды болуына қол жеткізу керек-ақ. Бұл осы кезеңдегі тындырылған істерді сарапқа салып, алдағы жылға міндеттер белгілейтін де сәт. Әкімдердің жыл сайын өткі­зіле­тін  өздерінің  есебіне тиянақты дайын­далатыны да сондықтан. Қар­ғалы ауданының әкімі Мұхтар Жұмағазиев Желтау ауылдық окру­гінде өткен есебіне жүзі жарқын келді. Бұл округке Петропавлов және Шәмші Қалдаяқов атындағы ауылдар қарайды.Бұған дейін де бірнеше ауылдық округтер есеп берген ол ауданның экономикалық, әлеуметтік-мәдени даму бағыт­та­рын таратып баяндады. Жыл ішінде атқарылған жұмыстар көңілге сенім ұялатады. Аудан экономикасының жетекші саласы ауыл шаруашы­лы­ғы болып табылады. Әлемдік қар­жы дағдарысына, ауа райының қуаң­шылықты болғанына қарамас­тан, қарғалылықтар агроөнеркәсіп кешені бойынша өндіріс көлемін 2 пайызға арттырған. Ауданда ауыл шаруашылығы техникаларын жа­ңар­туға 765,2 млн.теңге инвестиция салыныпты. Бұл 2008 жылғы көрсеткіштен 2,3 есе артық. Аудан әкімі қолда бар техниканың 80 пайызы тозғанын да жасырмады. – Біз Ақтөбенің азық-түлік белдеуін қамтамасыз ететін аудан­дардың қатарына жатамыз. Сон­дық­тан облыс “Табиғат+ ” ЖШС-іне тамшылатып суару технология­сын енгізуге қомақты қаржы бөлді. Бұл шаруашылық картоп өсірілетін алқапты 120-150 гектарға дейін кеңейтуі қажет. “Пацаев” ЖШС-ін сумен қамтамасыз ету мәселесі де шешімін табатын болады, – деді Мұхтар Сабырұлы. Есепті кезеңде аудан бойынша өнеркәсіп өндірісінің көлемі 869,2 млн. теңгені құрады. Ағымдағы жылы “Ақтөбе-Темір-ВС” ЖШС Оң­түстік Велихов кен орнында гео­логтық-барлау жұмыстарына кіріс­пек. Сәуір айынан бастап Солтүстік Велихов кен орны карьерінде кен өндіру мен басқа өндіріс жұмыс­та­ры жалғасады.  Жалпы  құны 200,0 млн. доллар тұратын бұл жоба жүзе­ге асқанда, жылына 900,0 мың тонна темір кені өндіріледі деп күтілуде. Осы серіктестік үстіміздегі жылғы  шілде айында Велихов темір кен орнында тау-кен байыту комбинатының құрылысына кірі­седі. Бұл жобалар облыстың 2010 жылға арналған индустриялық-инновациялық даму бағдарлама­сы­на енгізілген. Ауылдық жерлердің өзекті мәсе­лелерінің бірі халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету екені сөзсіз. Ауданда бұл бағытта да жүй­елі жұ­мыстың ізі қаланғаны аңға­ры­лады. “Ауыз су” бағдарламасы аясында  Қа­рабұтақ, Бадамша, Әлім­бет, Хер­сон ауылдарындағы су құбыры кешені қайта жарақ­тан­дырылды. 2010 жылы  республи­ка­лық бюд­жет­тен бөлінген 685,2 млн. теңге Мамыт, Петропавлов, Ш.Қал­дая­қов, Григорьев, Степной ауылда­рындағы су құбыры кешен­дерін қайта жарақтандыруға жұм­салады. 2009 жылы аудан бойынша жалпы алаңы 4560 шаршы метр 58 тұрғын үй салынып, пайдалануға беріліпті. 2010 жылы  жалпы алаңы 3350 шаршы метр тұрғын үй салу жос­парлануда. “Жол картасы” шең­берінде республикалық және облыстық бюджеттен Бадамша ауылының кәріз жүйесін қайта жарақтандыруға 111,4 млн. теңге, әкімдік ғимаратының құрылысына облыстық бюджеттен 200,0 млн. теңге бөлінеді. Осы есепті кездесу өткізіліп отыр­ған Петропавлов ауылына жет­кізуші газ құбыры және орам­ішілік газ бөлуші желілердің құры­лы­сына облыстық бюджеттен 135,9 млн. теңге қаралғанын естіген ауыл­дықтар бір серпіліп қалды. Өткен жылы көлік жолдарын күтіп ұстауға, жылу жүйелерін жөндеуге бөлінген қаржы өз орнымен жұм­салған. Ауданда байланыс саласы­ның қызметін жетілдіруде де ілгері­леушілік бар. Бұрындары аудан орталығы – Бадамша кентінің бас ауруына айналып келген көп қа­бат­ты тұрғын үйлер мен мекемелердің жылумен қамтылуы жақсарып, проблема оң шешімін тапқан. Жергілікті бюджетке түсетін салықтар мен төлемдер 113,8 пай­ыз­ға орындалыпты. Ауданда үсті­міз­дегі жылдың 1 қаңтарына 633 ша­ғын және орта бизнес субъек­ті­лері болған. Олар 6 213,1 млн. теңгенің өнімін өндіріп, бюджетке 415,9 млн. теңге түсірген. Есепті кезеңде 10,6 мың адам еңбекпен қамтылған. Былтырдың өзінде 582 жаңа жұмыс орындары ашылған. Соның нәтижесінде ауданда жұмыссыздар саны азайып келеді. Денсаулық сақтау және білім беру саласында да жақсы істер жал­ғасын тауып отыр. Соңғы жылдары ғана біреулердің меншігіне өтіп кеткен төрт мектепке дейінгі бала­лар мекемесі қайтарылып алынса, былтыр алты білім беру нысаны күрделі жөнделіпті. Ауданда тубер­кулезбен ауыратындарды анықтау және емдеудің арқасында, ондай сырқатқа шалдыққандар азайған. Мұхтар Сабырұлы аудандағы өзекті мәселелерді де айналып өт­пе­ді. Ол кейбір шаруашылық құры­лымдарының мал санын кемітуге жол бергенін, егістікке жарамды жерлердің айналымға қосылмай отырғанын баса айтты. Сондай-ақ, коммуналдық кәсіпорындар қыз­мет­терінің заман талабынан кейін қалып келе жатқанын сынады. Шағын және орта бизнес субъекті­лерінің қайтарымдылығына қол жеткізуге шақырды. Кейбір елді ме­кендерде жастардың мәдени дем­алы­сын ұйымдастырудың олқы со­ғып жатқанын да жасырмады. Мал тұқымын асылдандыру, малды қол­дан ұрықтандыру өз дәре­же­сінде жүргізілмей отырғанын атап көр­сетті. Дегенмен, әкімнің әңгімесінен аңғарғанымыз, жалпы алғанда  Қар­ғалы ауданында адамдардың тұрмысы мен денсаулығын жақ­сарту бағытында айтарлық­тай жұмыстар атқарылуда. Сондық­тан  кездесуге келген ауыл тұрғын­дары жеке бастың мәселелерінен гөрі жалпыға ортақ, көпке пайдасы тиетін проблемаларға назар аудар­ды. Кездесуде шығып сөйлеушілер аудан әкімінің есебін қанағат­та­нарлық деп бағалады. Ауыл тұрғы­ны Галина Слинченко аудандық аурухананың бас дәрігері Әділхан Боқановқа ұлын ажал тырнағынан алып қалғандары үшін алғысын жаудырса, Петропавлов орта мек­тебіне “Дипломмен – ауылға” ак­циясы аясында келіп жұмысқа тұр­ған Тасболат Мұқашев тұрғын үй бөлген аудан әкіміне ризашылығын  білдірді. Осы мектептің ұстазы Тамара Сангайло халықтық қол­өнер­ді дамыту жайында ой қозғады. Ардагерлер кеңесінің төрағасы Марс Шынтасов  басталған шаруа­лардың жалғасын табатынына сенім артты. Мұхтар Жұмағазиев  қойылған сұрақтар және көтерілген мәселелермен күнделікті айналы­сып отырғанын айтып, барлық сау­ал­дарға толыққанды жауап берді. Ауа райы аязды болғанымен, көп жиналған ауылдықтардың ер­тең­гі күнге деген сенімі беки түс­ке­нін емен-жарқын әңгімелесу­ле­рінен, қуанышты жүздерінен аңғардық. Сатыбалды СӘУІРБАЙ. Ақтөбе облысы.