Әлі есте, бәрі есте. 1964 жылы жазда Қазақ университетінің журналистика факультетін бітіре салып, Қазақ телевизиясының жастар редакциясына редакторлық қызметке тағайындалдым. Сол кездегі Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің Телевизия және радиохабарларын тарату жөніндегі мемлекеттік комитетінің төрағасы халқымыздың иықты, сүйікті перзенттерінің бірі, қарымды қайраткер Кенжеболат Шалабаев болатын. Төкең – Төлеухан Кенжебаев сол кісінің қол астында бас редактор екен. Сол алпыс төртінші жылдың күзінде ағамыз мені шақырып алды.
– Өзің білесің, – деп бастады сөзін, – Қазақстанда мол астық үшін күрес басталды. Бұл бүкілхалықтық ұлы істен біздер – журналистер де шет қалмауымыз керек. Мен Көкшетау облысына жүргелі отырмын. Жолсерік болатын қаламы ұшқыр жас жігіт керек. Таңдау саған түсті...
Осы әңгімеден соң бір басшы, бір қосшы келісілген уақытта жолға шықтық. Біз отырған ұшақ Көкшетау әуежайына келіп қонғанда бізді жүргізушіден басқа ешкім қарсы алмады. Мейманханаға орналасқан соң да сәлем беріп, хал-жай сұраған ешкім жоқ. Кешкі асты мейрамханадан іштік, жүргізуші үшеуміз. Таңғы аста тағы солай. Бізді іздеген жан болсайшы.
Түске дейінгі уақыт облыстық радио, облыстық газеттердің редакциялары, облыстық ауылшаруашылық басқармасы сияқты мекемелерге барып, облыстың қазіргі тыныс-тіршілігімен танысумен өтті. Сонда байқадым, біз кездесіп, әңгімелескен кісілердің біразы Төкеңді танитын болып шықты. Таниды деген жай сөз, тіпті қатты құрметтейді екен. Солардың кейбірі: “Төке, қашан келдіңіз? Апыр-ау, хабар бермегеніңіз-ай, ә? Сізді қарсы алар едік”, десіп жатты. “Е, ұлық болсаң кішік бол деген осы екен ғой”, деп ойладым. Өзімнен он жас үлкен, ең үлкен бастығым Төлеухан Кенжебаевпен отыз күн бойы бірге жүрген іссапардың алғашқы күні алған алғашқы сабағым осы.
Сол күннің кешінде астық үшін айқас жүріп жатқан алғы шепке аттандық. Келесі күні Көкше өңірінен жазылған алғашқы материалды Алматыға жөнелттік. Ол ірі шаруашылықтың басшысымен болған сұхбат еді. Төкең микрофонды өзі қосып, сұрақтарды өзі қойып, сұхбатты өзі жазып алды. Дикторға арналған мәтінді мен жаздым. Осы алғашқы хабар Төкең екеуміздің атымыздан эфирге шықты. Содан соңғы радиоға берілген репортаж, очерк, сұхбат, сын жазбалардың бәрінде де Төлеухан аға екеуміз қосаяқталып, тең автор болдық. Көкшетау облысындағы бір айды ол кісі бастық емес, журналист болып өткізді. Журналист Кенжебаевтың жұмыс істеу тәсілі өте тиімді екеніне сол сапарда көзім жетіп, көңілім сенді, ол кісіден көп нәрсе үйрендім.
Өмірдің қыр-сырын білетін ақылман адам бірінші рет кездесіп отырған жаңа танысын да бірден үйіріп алады екен. Соған бір ғана мысал. Бірде таңертең Рузаев ауданына келдік. Бұл бір өзі бір жылда 30 миллион пұт астық тапсыратын, Қазақстанда ғана емес, бүкіл Одақтағы айтулы алып, абыройлы, санаулы аудандардың бірі. Соған орай ол ауданның бірінші хатшысы да ауыр салмақты басшылардың бірі, ол партияның Орталық комитетінің мүшесі, Жоғарғы Кеңестің депутаты. Онымен лауазымды басшылар да байқап, жайлап сөйлеседі. Міне, біз сондай азуы алты қарыс бірінші басшының қабылдау бөлмесіне келдік. Хатшы кіруге рұқсат бере қоймады. Оның сөзі: “Ол кісінің уақыты жоқ, егін орағы жайлы сөз болып жатыр”, дегенге сайды. Төкең “бізге де керегі сол еді” деді де есікті айқара ашып, “біріншінің” кабинетіне кірді. Түйеге ерген ботадай болып соңында мен жүрмін. Аудан басшысы қабағы қыртыстанып, бізге жақтырмай қарады.
– Рұқсатсыз кіргеніміз үшін кешірім сұраймыз. Біздің уақытымыз да тым тығыз еді. Көп күте алмадық. Алдымен танысып қоялық, – деп отты жанарын басшыға қадап сөйлеген ол алдымен өзін, сосын мені таныстырды. – Сіздердің әңгімелеріңіздің тақырыбы мемлекетке астық тапсыру жайлы екенін білгендіктен құпиялық жоқ шығар деп ойлаймын. Айып болмаса, сол әңгімелерді сіздердің дуалы ауыздарыңыздан естиік. Рузаев ауданының шаруашылықтарын аралап шыққандықтан көп жайға біз де куәгерміз. Соған орай біздің де сіздерге айтар ойларымыз бен ұсыныстарымыз болар.
– Олай болса отырыңыздар, – деді адамның өңменінен өтетін суық жанары мен сұсты жүзі сәл жылыған кабинет иесі.
Әңгіме желісі егіс алқабы – қырман-элеватор тізбегіндегі еңбекті ұтымды ұйымдастыру мен алдағы жылға астықтың қамын бүгіннен бастап ойластыру жайына ойысқанда қысқа бірер реплика мен бірер ұсыныс айтып жіберді Төкең. Бұл ұсыныстарды іштей ұнатқан бірінші сырттай сыр берген жоқ. Тек:
– Да, да, мұны ескеру керек, – деумен ғана шектелді. Енді бір сәт қырманда қызып бара жатқан астықты құрғату жайлы сөз болғанда Төкең бұл тығырықтан Украина диқандарының қалай шыққанын алға тартты.
Осы әңгімелерден соң бірінші бізге өзімен бірге өзек жалғауды ұсынды. Түскі ас кезінде Төкең күлмесханға айналып бара жатқан біріншінің ішек-шілесін қатырған қып-қысқа анекдот айтты.
– Сізбен танысқаныма қуаныштымын. Қашан келсеңіз де құшақ жая қарсы аламыз, – деді қоштасарда Төкеңнің қолын құшырлана қысқан бірінші жылы жымиып.
Төлеухан Кенжебаевтың қазақ журналистикасына сіңірген еңбегі ұшан-теңіз. Әсіресе, радиожурналистикаға ол енгізген жаңалық, ол қосқан үлес аса салмақты. Бүкілодақтық радио “Репортер” атты салмағы жеңіл магнитофонды меңгергенде соны Қазақстанда ең алғашқы болып игерген, өзгелерге үйреткен Төкең еді. Бұл 1957 жылы болатын. Сол жылы күзде Нью-Делиде Бүкілдүниежүзілік ауыл шаруашылығы көрмесі ашылған. Сол салтанатта Дінмұхаммед Ахметұлы Қонаев Қазақстанның Үкімет басшысы дәрежесінде көрмеге келген қонақтарды өзінің ана тілінде құттықтауы керек екен. Төкең Д.А. Қонаевқа жолығып, ол кісінің қазақша айтқан құттықтау сөзін жазып алады. Таспа жедел Нью-Делиге жіберіледі. Бұған риза болған Дінмұхаммед Ахметұлы Төлеухан Кенжебаевқа алғыс айтты дейді тарихи деректер.
Өзіне сенген құстай ұшады деген сөздің растығына Төкең жүріп өткен күрмеуі қатты күрделі жол дәлел. Олай дейтініміз, соғыстың соққысы тиген ол майданнан ауыр жарақатпен оралған ағасы Айтқазының жүгін жеңілдету үшін Шығыс Қазақстан облысының газетінде корректор болып орналасады. Қазақ университетінің журналистика факультетін бітіргеннен кейін Қазақ радиосына қатардағы қызметкер болып қабылданып, өзінің таланты мен табанды еңбегінің арқасында жүздеген адам жұмыс істейтін үлкен ұжым басшыларының бірі дәрежесіне дейін көтеріледі. Оның газеттегі жұмысы да аса жемісті болғандығын замандастары үнемі айтып жүреді.
Төлеухан Кенжебаев 1966 жылы “Қазақфильм” киностудиясының деректі фильмдері бірлестігінің бас редакторы болып тағайындалады. Көп ұзамай студияның директоры болып бекітілді де, “Шоқ пен Шер”, “Құлагер” фильмдерін түсіруге қатынасты, Төлеміш Өкеевтің “Көксерек” фильмін түсіруіне жол ашты. Ондаған деректі ленталардың сценарийін жазып, отыз шақты кітапты қазақша шебер аударған Т. Кенжебаев қазақ қаламгерлерінің бірқатар туындыларын орысша да шешен сөйлетті.
Жерге, жүзге бөлінуді білмейтін, ешкімнен қолдау, көмек сұрап көрмеген ол өзінің ұйымдастырушылық қабілетімен, тазалығымен көзге түсіп, Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің мәдениет бөлімінің меңгерушісі, әдебиет пен өнер саласындағы мемлекеттік комитетінің мүшесі сынды биік белестерді бағындырды. Ол өзінің студенттік достары Кәкімжан Қазыбаев, Ұзақ Бағаев, Баймырза Дәуренбеков, Қасымхан Ерсарин, Сапар Байжанов сынды қазақтың қабырғалы қайраткер-қаламгерлерімен қатар жүріп, халқына қаламымен елу жыл бойы қалтқысыз қызмет етті. Құрметті демалысқа шыққан соң да қоғам өмірінен тыс қалған жоқ. Курстасы К. Қазыбаев әзіл-шыны аралас айтқан “бесплатный бейнет” – қоғамдық жұмыстың талайын талмай атқарды.
Өмір өте күрделі. Оның күнгейімен бірге көлеңкесі де бар. 2005 жылғы сәуір айында Төкеңнің сүйікті ұлы Бақытжан, келесі жылдың қаңтар айында аяулы жары Нұрзақыш пәниден бақиға аттанып кете барды. Бірінен соңы бірі келген екі бірдей қайғы қайратты, қайсар Төкеңді есеңгіретіп-ақ тастады. Содан соң-ақ денсаулық сыр берді. Бүгінде ауыр науқасты арқалап жүрген асыл ағамыз Астанада тұрып жатқан ұлы Еркін мен Алматыда өзін алақанына салып аялап отырған ақылды қызы Айгүл мен немерелері Мұратхан, Рахима, Дәуреннің амандығына шүкіршілік етеді. Еліне еңбегі сіңген аяулы аға елдің бірлігін, халықтың бақытын тілеп, өзіне деген көптің ақаусыз ақ көңілі мен ыстық ықыласына арқа сүйеп жүр. Төкеңнің тумаса да туғандай болған інілері мен шәкірттері де аз емес. Солардың және өз атымнан ағама айтар ақ тілегім, Фирдоуси жазғандай: “Бірде бал, бірде у беріп өтеді өмір, бақты да, қайғыны да көтере біл”, жалы биік, жаны жомарт алтын аға, асыл ұстаз!
Сәбит ДОСАНОВ, жазушы, М.Шолохов атындағы халықаралық сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.