Ақбас Алатау баурайында бір түйенің өркешіндей бірге жасасып, біте қайнасқан қазақ пен қырғыз тарихтың ұзын салқар керуенінде үзеңгілес те үндес жүрген. Сондықтан Мұхтар мен Шыңғыс, Кенен мен Оспанқұл, Жамбыл мен Тоқтағұл, Шоқан мен Боранбай сынды арда ұлдары төс түйістірген, тарихы ғана емес, тағдыры да қатар өрілген бауырлас жұртты біріктіретін қасиет-құндылықтар аз емес. Соның бірі де бірегейі – «Манас» дастаны.
Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы батырлар жыры туралы «Бұрынғы жаугершілік заманда халық тән есебінде болғанда, батырлар жан есебінде болған. Халықтың батырлары қандай болса, халықтың рух жағы да сондай болған» деп жазады. Ұшы қиыры жоқ Ұлы даланы, салқар сахараны ат тұяғымен бағындырған, күн түбіне күңірене жортып, дүниенің келбетін әлденеше өзгерткен батыр бабаларға жорықшы жыраулар жігер берсе, қаһармандық эпос ар-намысына қамшы болған. Эпикалық санадағы көшпеліге ел қамы үшін от пен суға түсуге тайсалмайтын қаһарман ер-азамат үлгі болды, осылайша ғасырлар бедерінде жауынгер түркілер арасында мінсіз кейіпкер батыр культі қалыптасты.
Туған жерін қызғыштай қорғап, туған елін қой үстіне бозторғай жұмыртқалайтын барақатты өмірге бастайтын жеңімпаз батыр бейнесін шалқар шабытпен жырлайтын абыз жыраулардың мәртебесі қашанда жоғары болған. Күллі көшпелі жұрттың ортақ мұрасы «Қорқыт ата кітабы», «Оғызнама», «Манас» секілді ұлы эпостарымызда Байкалдан Балқанға, Алтайдан Альпіге дейін жортқан жауынгер жұрттың шаңды жорығының сүрлеу суреті ғана емес, халқымыздың өр рухы, терең даналық толғамы қатар сақталған. Сол себепті түркі халықтары әлемде теңдесі жоқ телегей-теңіз эпос тудырды, ақындығымен даңқы шығып, адамзат мәдениетіне асыл қазына сыйлай алды. Сол жауһарлар ішінен Гиннестің рекордтар кітабына енген «Манас» жырының түгел түркі үшін бағасы айрықша зор екені белгілі.
«Манас» – қырғыздың ұлы эпосы ғана емес, түркі халықтарының эпикалық мұрасының да алып шыңы. Телегей теңіз бұл жырдың көлеміне әлемде бірде-бір эпикалық ескерткіш теңесе алмайды. Мәселен, Сағымбай Орозбақовтан жазып алынған жырдың көлемі 250 000 жолдан тұрады. Бұл Фирдоуси «Шахнамасынан» 2 есе, Гомердің «Илиадасынан» 16 есе көп. Бұған Саяқбай Қаралаевтан жазып алынған Манастың баласы мен немересі суреттелетін «Семетей», «Сейтек» жырын қоссаңыз, тауды шайқайтын, теңізді тебірентетін, орманды мүлгітетін ақындықтың айшықты құдіретін тани аласыз.
Энциклопедиялық сипаттағы, эпикалық тыныстағы эпостың арғы бастаулары тым тереңнен тамыр тартады. «Бұрынғыдан қалған сөз: Қарахан, Оғыз ханнан кейін Аланча хан ұрығынан Байғұр, Ұйғыр дегендер болған екен» деп есте жоқ ықылым заманнан шежіре бастайтын жыр Манасты:
«Артық туған Манастың,
Арғы атасы Қарахан.
Қараханнан тараған,
Теңдесі жоқ Оразай.
Кіндік қаны тамған жер,
Алтай деген жер екен», деп таныстырады.
Осылайша арғы алтайлық тамырдан бастау алып, түпкі тегін Қарахан, Оғыз ханмен байланыстыратын алып Манас шамырқанған бір сәтінде:
«Атам – Жақып, Манаспын,
Арғы ұрығым – Алашпын!» – деп ұлы бабасына сиынады.
«Алаш, алаш болғанда, Ала тай ат болғанда, Тамғасыз тай, енсіз қой болғанда» деген тәмсіл сөз қазақ, қырғыз, қарақалпақ сияқты бір атадан тараған халықтарға ортақ ұран болған. Сондықтан әйгілі дастан:
«Арғы атамыз Алаш деп,
Намысыма талас деп,
Алты жүз арғын, найманды,
Ер тартуға сайлады.
...Түбінен бөтен туып па,
Түрікті құдай ұрып па?!
Алаш хан екен атамыз,
Арпалыспай қайтіп жатамыз», деп Алаш ұранын ту етіп көтереді.
Ендеше бүгіндері жүз жылға толған Алаш автономиясының әзелгі ұраны Алаша хан мен Манас батыр заманынан ұласып, жүлге тартып, ұрпаққа жеткені дау тудырмайды. Бұл орайда тарихи жырлар, аңыз-әпсаналар, шежірелерді жүйелі игеру арқылы отандық тарихтың дерекқорын байыта түсуге әбден болады. Тек «Манас» жырының өзінде түгел түркіге қатысты қаншама тарихи оқиға, жер-су аттары, тегі бір кейіпкерлер бар десеңізші. Егер «Манас» эпосын адамзат ақыл-ой қазынасына қосылған алып мұра десек, осы жырдың өнбойында батыр бабаларымыз туралы өмір-деректердің өріле өрнектелгенін байқаймыз. «Манас» жырында жалпы алты Алаштың, түгел түркінің бірлігі дәріптеледі. Тек қырғыз тарихына қатысты ғана емес, қазаққа байланысты да көптеген мәліметтер, деректер келтіріледі.
«Жолдас болған нойғыт бар,
Арқа сүйеген найман бар,
Қоныстас жүрген қоңырат,
Үйірлес жүрген үйсін бар,
Араласқан алшын бар,
Арғыннан Қарақожа бар», –
деген жолдар эпос пен этностың біртұтас ағза екендігін көрсеткендей. Сондықтан төл тарихымызды шетелдік жиһангерлердің жол жазбалары мен архивтерден ғана іздемей, қаһармандық жырлардан, алтын аңыздарымыздың арқауынан іздеу, жадыны жаңғыртудың бір құралы болса керек. Бұл орайда зерделі, құймақұлақ халқымыз тудырған ауыз әдебиетінің үлгілерін тарихи дерек ретінде қолдану, ғылыми нысанға айналдыру – бүгінгі күннің талабы.
Тұлғалар тағылымы«Манас» жырын алғаш рет жазып алып әлемге танытқан көрнекті шығыстанушы ғалым, біртуар тұлға Шоқан Уәлиханов болса, оны іргелі зерттеу нысаны еткен, кеңестік қиямпұрыс идеологияның қызыл алауынан қарлығаштай қанатымен су сеуіп қорғап, қапаста қалып қоймай қайта жариялануына жолдама берген қайраткер-қаламгер Мұхтар Әуезов болатын.
Шоқан Уәлиханов жазып алған эпостың ең бір шүйгін тарауы «Көкетайдың асы» жыры қапияда ұзақ жылдар жоғалып кеткенде қараңғы архивтердің түкпіріне көз майын шырақ етіп жағып, жансебілдікпен іздеп тапқан, эпосқа екінші ғұмыр сыйлаған тағы да академик Әлкей Марғұлан еді. Міне, осылайша қазақ халқының үш алыбы әлемдік эпостың шыңы, түгел түркінің мақтанышы «Манас» жырына берік қорған болған.
«Манас» жырын Шоқан 1856 жылы Ыстықкөл экспедициясында Қарқара жайлауында өткен келелі кеңеске қатыса жүріп, қырғыз Боранбай би ауылында жазып алады. Бұл туралы Шоқан «Жоңғария очерктері» атты еңбегінде: «Манас» – қырғыз мифтерінің, жомоқтарының, аңыздарының энциклопедиялық жинағы.
Бұлардың барлығы бір ғана дәуірге және бір ғана Манас батырдың төңірегіне топталған. Бұл ежелгі дала «Илиадасына» ұқсайды. Қырғыз халқының тұрмыс-салты, мінез-құлқы, жағырафиясы, діни және медициналық білім-түсініктері, еларалық қарым-қатынастары тап осы зор эпопеяда өз көрінісін тапқан» деп баға береді.
Академик Әлкей Марғұлан шығыстың шоқтығы биік ғалымы Шоқан жазып алған жырдың тілі орамды, көркемдігі орасан шұрайлы болуына қазақ пен қырғыздың бауырластық, туысқандық сезімі ерекше әсер еткенін дәлелдеп, жыршы Шоқан Уәлихановқа ақ пейілмен ақтарылып, ал В.Радловқа келгенде тосырқап қалғанын айтады: «Тегінде екі ғалым да бір жырды бір жыршыдан (Назар) жазып алғанға ұқсайды. Мазмұн жағынан екі жырдың арасында артық өзгешелік жоқ.
Айырмашылық тек қана жыршының қандай шабытпен айтуынан, жазып алушының қандай тәсіл қолданған әдісінен айырылып отырады. В.Радлов жазуында кейбір әдемі суреттермен бірге, жырдың ағымы жүлгелі түрде суреттелмей, кейде үзіліп, кейде кібіртіктеп отырады. Шоқанның жазуындағы аңқып тұрған хош иістер, көркем бейнелер мұнда сараң кездеседі. Тегінде Шоқанға ашқан кеудесін жыршы аяулы ғалымға ашпаған, қулыққа салып «Көкетай» жырының көп жерін қалдырып айтқан, оның ішінде Көкетайдың өсиет сөзі мүлде жоқ, көш жолы, ас беру, асқа шақыру, ат сынау суреттері Шоқанның жазуындай шалқыта алмай, қысқа-қысқа, кібіртіктеп жазылған».
Кеңес Одағы дәуірінде «Манас» эпосын ғылыми тұрғыдан зерттеудің іргесін кеңіткен әйгілі сөз зергері, заңғар жазушы Мұхтар Әуезов болғаны баршаға мәлім. Ол Шоқан Уәлихановтың соқпағын жаңғыртып, манастануды жаңа сапалық деңгейге көтереді. Данышпан Әуезов Сағымбай Орозбақовтан Ыбырай Абрахманов жазып алған эпос нұсқасымен алғаш 1928 жылы Фрунзеде танысады. Академик-жазушының манастануға қосқан шоқтықты еңбегінің бірегейі – «Киргизский героический эпос «Манас» деген көлемді зерттеуі. Монографиялық еңбектің алғашқы нұсқасы 1934 жылы әлдеқашан дайын болған. Автор оны әртүрлі саяси-идеологиялық кедергілерге байланысты өзегін өзгертпегенімен әр жылдары шұқшиып редакциялап, еселеп өңдеп, болаттай шынықтырып, шыңдай түскені байқалады.
Бұл іргелі зерттеуінде Мұхаң эпикалық мұраны түгел түркілік кеңістікте зерттегенде ғана шынайы нәтижеге жетуге болатынын бағдарлап, концептуалдық соны тәсіл ұсынады. Жырды Күлтегін, Тоныкөк мұрасымен бірлікте зерттеуді ұсынып, эпостың шығу тегін байырғы Қырғыз хандығымен ұштастырады. «Манас» эпосының пайда болу кезеңін арнайы тарау етіп талдап, бұл эпостың ілкі сюжеті ІХ-Х ғасыр тұсындағы Қырғыз қағандығы дәуірінде тууы ықтимал деген пікір білдіріп, өміршең де өрісті идея ұсынады.
Мәселен, жалпы түркілік қаһармандық эпос сюжетінің көне үлгілері Орхон-Енисей мәтіндерінен бастау алуы мүмкін деген бағалы пікір білдіріп: «Тас жазуда Күлтегін эпостағы қаһармандай жеңілуді білмейтін батыр тұлғасында есейеді. Баяндауларда хронологиялық реттілік сақталған: Күлтегіннің он алты жасынан қырық жеті жасына дейінгі негізгі ерліктері, өмірінің ақыры суреттеледі. Мұнда қаһармандық эпостың сюжетіне ұқсастық бар» деп жазады.
Осылайша «Манас» жырының көне түркілік тамырына ғылымда алғаш рет сәуле түсірген кемеңгер 1952 жылы 8 маусымда Фрунзе қаласында өткен дүбірлі талқылау жиында «Манас» жырын идеологиялық шабуыл жасаушылардан білімдарлықпен қорғап, эпостың қайтадан өмір сүруіне кепілдік береді. Мәскеуден Манасты зиянды, буржуазияшыл, діншіл, халыққа жат эпос деп жариялап, қара құйын соқтырып, эпосқа қаралы үкім шығарғалы келген профессор Александр Боровков бастаған топ дегеніне жетпей қалады. Сол күні «Манас ақталды!» деген сүйінші ақжолтай хабар Бішкек асып, бүкіл бауырлас жұртты тебірентіп жіберді. Міне, бұл да Мұхтар Омарханұлының жайсаң жанды жазушы ғана емес, Алаштың азулы көкжалы екенін көрсететін тағы бір мысал секілді.
Елбасы бастамасымен құрылған Халықаралық Түркі академиясы ағайын елдер арасына алтын көпір болған қасиетті мұралар мен тау тұлғалар шығармаларын зерделеп, тағылым түюді алдыңғы буын ұлт кемеңгерлерінен бүгінге ұласқан дәстүр сабақтастығы ретінде абыроймен атқарып келеді. Мәселен, академия алғаш рет ауқымды «Манас» энциклопедиясы мен «Манас» сөздігін жоғары сапалы деңгейде жарыққа шығарды. Бұл да болса, еншісі бөлінбеген елдіктің көрінісі, рухани интеграцияның жетістігі.
Түгел түркі ту тіккен – Түркібасы«Манас» эпосының тек қырғыз тарихы ғана емес, түгел түркінің, соның ішінде қазақ тарихы үшін де баға жетпес қазына екені белгілі. Мәселен, дариядай дастанның С.Орозбақов нұсқасында Ташкентті билеп тұрған Қытай әскерінің қолбасшысы Панус ханның қалың қолымен түркілердің шайқасы баяндалады. Дастанға құлақ түрсек, шайқас қызған тұста Манастың кеңесшісі Бақай қытай қолындағы тамырлас тайпаларға ұран тастайды. Түркі мен моңғолдың туыс екенін еске салып, бауырларды бірлікке үндейді. Мұны естіген қарсы жақтағы түркі тайпаларының көсемдері кеңес құрып, ақылдаса келе, төрт жүз мың әскерден құралған қалың қолды алып кетеді. Осылайша Ташкенттен жеткен жаужүрек жауынгерлер Манастың баһадүрлерімен бірігіп, жауды қоршайды. Үш күнге созылған қанды шайқаста жау жағы күйрей жеңіледі. «Түркінің бәрі дүркіреп, Күн батыс жұрты күркіреп, Қазақ, Қырғыз, Өзібек» бастап, түгел түркінің басын қосқан құтты Жыланды жерінің содан бері «Түркібасы» деп аталғанын алға тартқан дастан:
«Түркі ұлы тұтас біріксе,
Келе алмас оған дәрменің» –
деп, бауырластардың бірлігінен туатын құдіретті күшті ту етіп жырлайды.
«Қазақ, қырғыз бірікті,
Қытайлардың соры екен.
Алты жүз мың қол болып,
Арада Қытай қамалып,
Бұрынғы аты Жылан су,
Түрік-оғлы түмен барғаны.
Бас қосты бәрі түрік деп,
Жыланды аты жоғалып,
Түркібас атқа қалғаны.
Түркібас аты өшіпті,
Қазіргі ақыр заманда,
Түлкібас атқа көшіпті» – дейді дастан.
Осы орайда бірнеше мәселеге ден қою қажет сияқты.
Біріншісі – Түркібасы атауы. Расында, әрісі түркі, берісі қазақ тілінде «р» мен «л» дыбыстарының орын ауыстыруы жиі кездеседі. Мәселен, «мұсылман» сөзі кейде «мұсырман» деп айтылса, «зарар» сөзі де «залал» ретінде қолданыла береді. Сол сияқты «қаперімде» деген сөз «қапелімде», «рұқсат» сөзі де «ұлықсат» деп айтылып, «р» мен «л» дыбыстары өзара өзгеріске ұшырайды. Мұны кезінде әйгілі түркі сөздігінің авторы Махмұд Қашқари да ескерткен екен. Ендеше академик В.В. Бартольд 1893 жылғы Орталық Азияға сапарының есебінде жазғандай, Түркібасының әуелгі атауы өзгеріске ұшырап, ел арасында Түлкібасыға айналып кетуі бек мүмкін. Сондықтан «Манас» дастанында:
«Түлкібасы, Сайрамды,
Түпкі аттарын аударып,
Түзеген неше жайларды»,
деп жазылуында үлкен мән бар деп ойлаймыз. Осыған байланысты, Түлкібасты «Түркібасы» деп атау жөніндегі ұсынысты қолдаймыз.
Екіншіден, құдіретті Естеми қаған орда тіккен Екітау – ақбас Алатау мен қарт Қаратаудың төс түйістірген тұсында, тарихи Жібек жолының бойына орналасқан Түлкібасы топырағы академик В.В.Бартольд айтатын Мыңбұлақ пен Жүзбастаудан алыс емес. Ал Қытай деректерінде аты айрықша аталатын шөбі шүйгін, аң-құсы мол Мыңбұлақ жері көк түріктердің негізін қалайтын он оқтардың ордалы ордасы һәм қағанның жаз жайлауы болған. Қытай саяхатшысы Сюань Цзянь өз жазбаларында көк түріктердің қағанын Мыңбұлақтағы жайлауында көргенін айтады. Бағзының бір баяны «Көне Таңнама» кітабында Тоң ябғудың түркі қағанатының ордасын Шаштың (Ташкент) теріскей жағындағы Мыңбұлаққа көшіргені жазылған. Дастанда айтылатын Жыланды өзені Арыс, Құлан, Ақсу, Жабағылы, Кемербастау, Күмісбастау, Көкбұлақ, Машат, Балықты сияқты Түлкібас жерінен бастау алатын өзендердің бірі. Айта кетерлік жайт, осы Жыланды Алатау мен Қаратаудың арасындағы кең жазықты алқапта жалғыз кіндіктөбе болып тұрған Түркібасы жотасының жанынан басталады.
Үшіншіден, тарлан тарихтан белгілі, түркілер мен мұсылмандардың бірлескен қолы шығыстан жеткен қытай қаупіне қарсы тұрып, 751 жылы осы Мыңбұлаққа жақын қазіргі Жуантөбе жеріндегі Атлах (Отлақ) қаласында кескілескен шайқас болған. Қытайлық қолбасшы Као Шиен-чи Ташкент әміршісі Бағатұр Тудунды азаптап өлтіргеннен кейін дүркірей көтерілген түркілер мұсылмандардан көмек сұрайды. Зияд ибн Салих бастаған мұсылман әскері мен Таң әскері бетпе-бет келіп, кескілескен шайқас бес күнге созылады. Соғыстың соңғы күні Таң әскері сапындағы қарлұқтар көтеріліс жасап, ту ұстап туыстары жағына шығып, жаудың бір бүйірінен ойсырата соққы береді. Есеңгіреп қалған Таң қосыны қос тараптың қысымына шыдамай, майдан даласын тастап қашады. Ибн әл-Асирдің жазуынша Као Шиен-чидің 50 мың әскері жер жастанып, 20 мыңы қолға түскен.
Осылайша шығыстан төнген қауіптің бетін біржола қайырған түркі тайпалары мұсылмандармен етене араласып, нәтижеде лек-легімен ислам дінін қабылдай бастаған. Ендеше тарихта «Талас соғысы» деп аталатын бұл ұлы шайқас Шаш жерінен басталып, Атлахта аяқталған деуге негіз бар. Ал Ташкент пен Атлахтың, Сайрам мен Мыңбұлақтың арасындағы жазық дала – Түркібасы жері. Кескілескен шайқастың бетбұрысты кезеңі осы тұстан басталып, қашқан жауды талқандау Атлах қаласында аяқталуы бек мүмкін. Міне, мыңжылдықтардың шежіресіндей «Манас» дастаны осы ақиқатқа меңзеп тұрғандай.
Ендеше Мәңгілік елдің сарыны іспетті Манасты қайта, қайыра оқиық.
Дархан ҚЫДЫРӘЛІ