Халқымыз төрт түлік өсіруді атакәсіптің біріне, тіпті бірегейіне балаған. Тіршіліктің нәрі, көзі деп ұққан. Содан болар, ауыл адамдары амандасқанда «мал-жан аман ба?» деп хал-жағдай сұрасып жатады.
Өкініштісі сол, ұрпақтан ұрпаққа жалғасып, дамып келе жатқан мал шаруашылығы саласындағы осы бір дәстүріміз қайраңдап қалған қайықты көз алдымызға елестетеді.
Статистика комитетінің мәліметтеріне сүйенсек, 2012 жылы елімізде ірі қара саны 5 702 400 бас болса, кейінгі бес жылда бар болғаны 544 080 басқа өскен. Осы кезең аралығында қой мен ешкі саны керісінше 18 091 000 нан 17 947 100 басқа азайған. Шошқа саны 1 204 000 бастан 831 мыңға дейін кеміген. Тек жылқы ғана 506 мыңға көбейіп, 2 113 000 басқа жетіп отыр.
Малдың басым бөлігі жеке қосалқы шаруашылықтарда шоғырланған. Олардың көпшілігі асылдандыру шаралары тиімді жүргізілмейтіндіктен, өнімділік те, сапасы да төмен. Ветеринариялық жағдай да көңіл көншітпейді. Ірі серіктестіктер мен агроқұрылымдар көбіне астық өндірісімен ғана шектеліп жүр. Мал шаруашылығын басы артық шығын санайды.
Салыстыру үшін айтайық, Қытайда мал шаруашылығы қарқынды дамып келеді. Қазір елде қой саны 138 миллион басқа жетіп, әлемде бірінші орынға шықты. Сауын сиырлар саны да, сүт өндіру де жыл сайын 5 пайызға тұрақты түрде өсуде. Табыс сыры қарапайым: шаруашылықтарды ірілендіру өз жемісін берді. 2008 жылдан бастап 100-ден астам сиыры бар фермалардың үлесі 19 пайыздан 48 пайызға дейін көтерілген. Ұсақ шаруашылықтарға субсидия беру мөлшері азайтылып, ірі заманауи кешендер салуға, басқару жүйесін жетілдіруге басым көңіл бөліне бастады. Сүт өндіру бойынша Қытай әлемде төртінші орында. Соңғы он жыл ішінде сүт өндіру көлемі 27 миллион тоннадан 37,5 миллион тоннаға дейін артқан. 2020 жылы бұл көрсеткіш 60 милион тоннаға жетеді деп күтілуде. Әрине, Қытаймен жарысу қиын дейтіндер табылар. Олай болса экономикалық әлеуеті бізден төмен Моңғолияны мысалға алайық. 2009 жылы қой – 19,27 миллион, ешкі – 19,65 миллион, ірі қара-2,6 миллион, жылқы – 2,22 миллион, түйе – 270 мың бас болса, қазір тиісінше 23,2 миллион, 22,0 миллион, 3,4 миллион, 2,9 миллион және 350 мың басқа көбейген. Яғни тұрақты өсу бар деген сөз.
Осындайда жетістіктерге жетуге бізге не кедергі болып отыр деген заңды сауал туады. Алдымен ауылдағы кәсіптің бытыраңқылығы, ғылым жетістіктеріне сүйенбейтіні ойға оралады. Бірінші кезекте ұсақ, майда шаруашылықтарды ірілендіру керек. Бір үміттендіретіні, биыл агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың мемлекеттік бағдарламасына сәйкес кооперативтер құруға жете көңіл бөліне бастады. Ауыл шаруашылығы министрлігінің қолдауымен жергілікті жерлердегі өндірістік кооперативтерге үлкен сенім артылып, субсидия беру жолға қойылды. Оларды қолдауға 52 миллиард теңге бөлінді. Жыл соңына дейін 467-ге жуық ауылшаруашылық кооперативтері бой көтермек. Осыған орай сиыр етінің өндірісі – 4,1 пайызға, құс еті – 9,2 пайызға, сүт көлемі 3,3 пайызға ұлғаяды деп жоспарланған.
Иә, мақсат айқын, жоспар ауқымы кең. Бұл жағынан кемшілік жоқ тәрізді. Сөз бен іс қабысып жатса, тек «бәрекелді» дейміз. Ойландыратын тұстар да аз емес. Кезінде жыл сайын экспортқа 60 мың тонна ет шығарамыз деп улатып-шулатқандай науқаншылдыққа айналдырып жібермесек болғаны. Шетелдерден мал тасып, оның соңы неге ұласқаны бәрімізге белгілі. Ендігі мақсат – өткен қателіктерді болдырмау, көзделген межеге мақсатты түрде жете білу. Сөз арасында ауылдықтарды кооперативке біріктіру субсидия беру арқылы ғана ынталандырылып отырғанын айта кеткіміз келеді. Бұл мәселелермен негізінен «Қазагроның» құрамындағы «Қазагроқаржы», «Аграрлық несиелік корпорация» және «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау» қоры мекемелері айналысып келеді. Ал шаруалардың жаппай сауаттылығын арттыру, кооператив жұмысын ғылыммен ұштастыру, бірлесіп жұмыс істеудің экономикалық тиімділігін нақты есептер арқылы халыққа түсіндіру, білікті кадрлармен қамтамасыз ету шараларының тасада қалып қойғаны өкінішті. Осы жұмыстарға ауыл шаруашылығы ғылыми мекемелерін тарту, аудандық колледждер деңгейінде кеңес беру орталықтарын ашу қажет. Бұл жауапты міндет жергілікті басшылық органдары мен қаржы орталықтары арқылы ғана емес, ғылыммен тығыз байланыстыра жүзеге асқанда ғана тиімді болары анық.
Әйіп ЫСҚАҚ, биология ғылымдарының докторы, профессор