Кешкілік аллеяда бой сергітіп қыдырыстап жүретін кісі қарасы көп-ақ. Ұзыннан ұзаққа созылған тротуардың жиегіндегі сәкілерге жайғасып алып, газет-журнал оқып отырғандары қаншама. Көпшілігі, әрине, қазақтар. Ал қолдарындағы газет, ұяттау болса да айтуға тура келеді, өңшең «Время», «Колеса», «Крыша», «Из рук в руки»...
Қарап отырып ойланасың, «Рас, бұл кісілердің бірі – бүгінгі тіршілік туралы қысқаша мағлұмат білгісі келсе, екіншісі – үй-жай, үшіншісі – көлік, төртіншісі қосалқы бөлшек іздейді-ау, шамасы. Бүгінде соның бәрі зәру, бәрі қажет екені анық».
Бір күні, кенет... Менің қасымда отырған қазақ құрысып қалған арқасын жазып, екі қолын жоғары көтеріп, керіліп-созылып өзінше жаттығу жасаған болып отырып, жайбарақат қана:
«Мен осы қазақша газет оқи алмаймын», деп қалмасы бар емес пе.
«Оу, неге? – деймін таңғалып. – Сіз қазақша тәп-тәуір-ақ сөйлейсіз ғой!»
«Ой, қайдан... литературный язык қиын. Түсінбеймін-н...»
Мәссаған! «Мына қазақтың кеудесі қаңсып қалған екен-ау!» деген сұмдық ой келді басыма.
Содан соң есіме бала кездегі бір оқиға түсті.
...Есік алдында арша күбі тұрушы еді. Үйге кіріп-шыққандардың бәрі де оны күмпілдетіп пісіп-пісіп кетуге міндетті болатын. Бір күні інім екеуміз әлгі күбінің ішіндегі қымызды сарқып құйып алған соң, бетін дәкемен жабуды ұмытып, ашық күннің астында қалдырып кете беріппіз.
Кешкілік атам әй-шайға қаратпай екеумізді қамшының астына алды-ай келіп! Сөйтсек арша күбі қаңсып, жігі айнып кеткен екен...
Нұрғали ОРАЗ, «Егемен Қазақстан»