• RUB:
    5.07
  • USD:
    481.84
  • EUR:
    531.33
Басты сайтқа өту
Қазақстан 29 Қараша, 2017

«Іздегенімізді «Егеменнен» табамыз»

465 рет
көрсетілді

«Егемен Қазақстан» газеті қосынының Оңтүстік Қазақстан облысындағы тілшілері Ө.Жолдасбеков атындағы №9 мектеп-гимназия мен Макаренко атындағы №41 орта мектепте мұғалімдермен жүздесті.

Кездесуде еліміздің жүз жылға жуық тарихы бар бас газетінің бү­гінгі тынысы баяндалды. Маз­мұн­дық сапаның күшейгені, әр салаға арнайы айдарлар мен беттер ашылғаны, халықаралық сарап­­тамалық мақалалардың көбей­гені сөз болды. Өз кезегінде сөз ал­ған мұғалімдер педагогика са­ласындағы оң ізденістерге, әдіс­те­ме­лерге негізделген «Тәлім» және «Білім» бетіне байланысты оң пі­кірлерін білдірді. Оқығысы келген тақырыптар жайында ойларын бөлісті.

Мәселен, №9 мектеп-гимназияда өткен кездесуде сөз алған тарих пәнінің мұғалімі Ботагөз Нұр­сейітованы елімізге тағдыр-та­лайымен келген ұлттар мен ұлыс­тар­дың тарихы қызықтырады. «Сталиндік репрессияның зұл­ма­тын басынан өткерген ұлыстардың әдет-ғұрып, салт-дәстүрі, мәде­ние­ті туралы көбірек жазылса», дейді Ботагөз. Ал Алла Пет­ровская бүгінгі жастардың тағ­дырына көбірек алаңдайды.

Ол ға­лам­тор­дағы жаңалық, оқиғаларға елікте­ген жас өскіндердің арасында суи­цидтің, діни адасушылықтың тамы­ры неде, соған байланысты сараптамалық мақалалар көбірек жазылса деген ұсынысын жеткізді. Сонымен қатар көшелерге жаңа есімдер беріліп жатыр. Адамның аты көшеге қандай еңбегі үшін беріледі? Бармақ басты, көз қысты­мен, тамыр-таныспен өтіп кеткендер жоқ па, неге белгісіз есімдер еліміздегі даңқты тұлғалармен алмастырылмайды десті мұғалімдер.

Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Айгүл Есімбекованы ұлыс­тың ұйытқысы болып отырған оң­түстік өңіріне қарата айтылатын оғаш сөздер ойландырады екен. Сондықтан ол ұлттың ұстыны болып отырған аймақтың жақсылығы кө­бірек жазылса деген ниетте. Ал Шынар Айдосованы қоғамдағы мұ­ғалімнің беделі толғандырады. Бұрын оқушылар ұстазын қатты құрметтейтін еді. Қадіріне жететін, ең­бегін бағалайтын. Қазір мұғалім биліктегілердің айдағанымен жүре­тін пендеге айналып барады. Көше сыпырады, аула тазалайды. Сайлау өтетін қарсаңда үй-үйді аралап құжат жинайды. Бұған қашан тоқтам болады?!

№41 орта мектепте де өзекті мәселелер көтерілді. Мектеп ди­ректоры Айна Абылайқызы білім ошағында екі мыңға жуық оқу­шы оқып жатқандығын айтады. Мектеп ұжымы Елбасының «Бо­лашаққа бағдар: рухани жаң­ғы­ру» мақаласына байланысты егемендіктермен емен-жарқын әңгіме-дүкен құрды. Өздерін тол­ған­дырған сауалдарына жауап алды. Оқушылардың концерттік бағ­дарламаларымен таныстырды.

Оңтүстікке белгілі ұстаз, тарихшы Өмір Шыныбекұлы арнайы сөз алып, ел газеті «Егемендегі» жақ­сы ізденістерге ілтипатын біл­дірді. Газет басшысы Дархан Қыдыр­әлінің Оңтүстікке келген са­парында өзін іздеп тауып, педа­гогика саласында пікірін тың­да­ған­дығына қарапайым мұғалімді ба­ғалағанына сүйінішін білдірді. Бас газеттің ұстаздар қауымы үшін үл­кен ақылшы, көмекші екендігін айтты.

Мұғалімдерді толғандыратын сауал көп. Латын әліпбиі жайы, үштілділік мәселесі де көтерілді. Қай-қайсысы да мұғалімдерді айналып өтпейді. Тікелей айналысатын негізгі буын болғандықтан алаңдаулары заңды. Өйткені бүгін ұстазы мықтының озатын заманы.

 

Бақтияр ТАЙЖАН,

Ғалымжан ЕЛШІБАЙ,

«Егемен Қазақстан»

Оңтүстік Қазақстан облысы