• RUB:
    5.07
  • USD:
    481.84
  • EUR:
    531.33
Басты сайтқа өту
Қазақстан 30 Қараша, 2017

Рухани құндылықты насихаттаған дінтанушылар форумы

506 рет
көрсетілді

Астанада «Қоғамдық сананы жаңғыртуда дін саласындағы мемлекет саясатының рөлі» атты Қазақстан дінтанушыларының VII форумы өтті. Іс-шараны Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі ұйымдастырды.

Жиынға Мәжіліс депутаты Мәулен Әшімбаев, Дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаев, Түркі академиясының Төрағасы Дархан Қыдырәлі қатысты. Форумның пленарлық отырысында кіріспе сөз сөйлеген Дін істері және азаматтық қоғам министрі Н.Ермекбаев заманауи кезеңдегі дін саласындағы мемлекеттік саясатты жүзеге асырудың негізгі бағыттарына тоқталды.

Ведомство басшысы ең алдымен өткен тарих пен ерекшеліктерімізге сәйкес діни көзқарас қалыптасуы қажет екенін атап өтті. Оның айтуынша, қазіргі таңда мемлекет пен діннің өзара іс-қимылының қазақстандық моделін жасау жөнінде шаралар атқарылып жатыр. Аталған үлгі рухани, моральдық-этикалық құндылықтар мен дін көзқарасына қарамастан, барлық азаматтардың құқығын қорғауға негізделеді.

Екіншіден, мемлекет пен дін арасындағы өзара іс-қимылдың жаңа моделін заңмен бекіту үшін бірқатар түзетулер енгізу ұсынылған. Н.Ермекбаевтың пікірінше, бұл түзетулер діни бірлестіктер қызметіне қолайлы жағдай жасап, жауапкершілік пен құқықтық мемлекет принциптерін нығайтуға бағытталған.

Келесі бағыт – мемлекет, қоғам және діни бірлестіктер арасындағы тұрақты диалог жасау. Осыған сәйкес, Премьер-министрдің өкімімен дін саласындағы ведомствоаралық комиссия құрылған. Сондай-ақ, дін мекемелердің қауіпсіздігі күшейтіліп, діни материалдарды тарату арналарына тұрақты бақылау жасау жолға қойылған. Білім және ғылым министрлігімен бірлесе отырып «Қоғам және дін» оқулығы әзірленіп жатыр. Н.Ермекбаевтың айтуынша, оқулық алдағы уақытта мектеп бағдарламасына енеді.

Сонымен қатар, ақпараттық түсіндіру жұмысы жаңғыртылып, радикализммен күресудің жаңа әдіс-тәсілдерін енгізілмек. Осыған сай, Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі ҚМДБ және Қазақстанның Православ шіркеуімен меморандумға қол қойған. Соның нәтижесінде мешітте өзін-өзі ұстау ережелері, «Жаназаның» әдет-ғұрыптары әзірленіп, қолданысқа енгізілді. «Нұр Мүбәрәк» университетінде экстремизмнің алдын алу саласында қайта даярлау Институты құрылған. Діни бірлестіктерді қолдау мақсатында «Уақып» қайырымдылық қоры құрылды.

Н.Ермекбаев деструктивті идеологиямен және экстремизммен күресудегі маңызды аспектілерге тоқталды. Оның айтуынша, бұл мәселемен қоғам болып күресу қажет. Бұдан бөлек, Дінтанушылар қауымдастығының алдағы міндеттерін тарқатып айтып берді.

Содан кейін сөз сөйлеген Мәжіліс депутаты М. Әшімбаев дін саласындағы мемлекеттік саясатты жүргізу жөніндегі өз ойымен бөлісті. Оның сөзіне сүйенсек, Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласында дін саласына қатысты айтылған ойлар қалың көпшілік арасында қызу қолдауға ие болды. М. Әшімбаев Президент мақаласы халықтың рухани азыққа сусап жүрген тұсында дөп түскенін баса атап өтті.

«Ұлттық кодымыз діни толеранттық, бейімділік, басқа этнос пен дін өкілдеріне құрметпен қарау, сананың ашықтығын білдіреді. Халқымыз үшін сананың ашықтығы көнеден келе жатқан дәстүр. Мұндай жағдайдың қалыптасуының бірқатар себебі бар. Соның бірі – еліміздің географиялық орны. Қазақстан Еуропа мен Азияның түйіскен тұсында, екі тараптың мәдениетін, дінін біріктірген ел екені тарихтан белгілі. Қазіргі таңдағы дін саласындағы мемлекеттік саясаттың қайнар көзі – көне дәуірден сананың ашықтығына негізделген», деді М. Әшімбаев.

Түркі академиясының Төрағасы Д.Қыдырәлі сананың сілкінуі, жадының жаңғыруы, ұлттық кодтың ұлықталуы жөнінде сөз қозғады. Сонымен қатар, ол қазіргі таңда дін саласы маңында кездесетін түйткілдерге де тоқталды.

«Ұлттық код – біздің сан ғасырлық дәстүріміз, діліміз, әдет-ғұрпымыз, өмір салтымыз. Елбасы «діннің діңгегі дәстүрмен берік» деп атап өткен болатын. Сондықтан руханият саласында тарихи санаға, озық дәстүрлерге ден қойған абзал. Біздің бабаларымыздың діни ұстанымы зайырлы негізде болған. Тәңірлік сенімде, ислам дәуірінде ешбір түркі елін молдалар басқарған емес. Қағандар мен хандар ел тізгінін ұстаған, рухани тұлғаларға құрмет көрсеткен», деді Д.Қыдырәлі.

Түркі академиясының Төрағасы айтуынша, киелі жерлерді, қастерлі мекендерді ұлықтау өте маңызды. Өйткен, тар заманда, қиын кезеңдерде қазақтың діни, рухани санасын сақтап қалған осы қастерлі мекендер. Д.Қыдырәлі осындай киелі жерлердің басым бөлігін діни білім таяз, сауатсыз «шырақшылар» орнығып, қастерлі мекенді сауда көзіне айналдырып алғанына қынжылыс білдірді. Осыған байланысты Д.Қыдырәлі киелі мекендерді реттеуге ұсыныс білдірді.

Д.Қыдырәлінің сөзіне сүйенсек, қазіргі таңда террористік және экстремистік ұйымдар ақпараттық технологиялар мен әлеуметтік желілерді қолданудың небір қитұрқы тәсілдерін меңгерген. Мәселен, ИЛИМ (ДАИШ) содырлары твиттердегі «WorldCup2014» хэштегін өздерінің экстремистік видеоларын насихаттау мақсатында қолданған. Д.Қыдырәлі осындай мәселелерге байланысты, білімге ден қою, ғылыми зерттеу жұмыстарын арттыру, жаңа технологияларды меңгерудің артықшылықтарын атап өтті.

Форумның пленарлық отырысы аяқталған соң кезек секциялық жұмыстарға берілді. Оның шеңберінде дін саласындағы мемлекеттік саясаттың 2017-2020 жылдарға арналған тұжырымдамасын іске асыру мен діни қызмет саласындағы заңнаманы жаңғырту бойынша өзекті мәселелер талқыланды. Сондай-ақ халықтың діни және құқықтық сауаттылық деңгейін арттыру бойынша ақпараттық-түсіндіру іс-шараларының мәртебесі мен бағыты анықталып, дерадикализация  және діни экстремизмнің алдын алудың заманауи тәжірибелері сараланды.

Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»

Суретті түсірген Ерлан ОМАР,

«Егемен Қазақстан»