Темір жолмен жарыса созылып жатқан қара жолға көз тігіп ұзақ қарадың. Мына пойыздың іш пыстырар ырғағынан мезі бола бастағаның ба, түсе салып жүгіре жөнелгің келді. Бірақ ол жолдың бұдан да қиын, бұдан да ұзақ боларын сезіп, көңіл түкпірінен қылт еткен қысырақ-қиялдың тізгінін тез тарта қойдың.
Алайда қысырақ-қиял да қырсық; бұлқынып, жұлқынып, саған дес бергісі келмей, қара жолға қарай ентелейді.
Бұдан жастау кезіңде сен де осы қара жолдармен сан рет сапарға шыққансың. Сонда: «Темір жолға жақын жердің ой-шұқыры көп болады», деуші еді жаныңдағы жігіттер.
Сымдай тартылған қос рельстің үстімен жүйткіген пойыздарды көргенде қара жолдың қотыр-шотыры шынында да көбейіп кететін шығар, кім білсін. Сол кезде сен ойлаушы ең: «Шіркін-ай, анау жұмсақ та жайлы вагонда тербеліп бара жатқан жолаушыларда арман жоқ!», деп.
Енді міне, өзің де есейіп, кісі болған шағыңда сол вагондардың бірінде тербетіліп келе жатып бәз-баяғы қара жолға қызығып қарайсың. Сеніңше біздің қазақы мінезіміз, ежелгі тұрмыс-салтымыз темір жолдан гөрі қара жолға жақын. Себебі сол баяғы соқпақ жол, сүрлеу жол, кіре жолдардың ең соңғы ұрпағы да осы – темір жолмен жарысып жатқан қара жол. Қаныңа тартып, қайта-қайта аңсай беретінің де содан болар-ау.
Нұрғали ОРАЗ, «Егемен Қазақстан»