• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
31 Қаңтар, 2018

Хат қоржын

368 рет
көрсетілді

Оқырман ойы

Зейнеттегі мектеп директоры неге көп?

Сынып жоғарылаған сайын оқу бағдарламалары да күрделілене түсетіні анық. Ал орта мектептен кейінгі оқуды тек дарындылары ғана жалғастыратын уақыт келе ме деп ойлаймын. Болашақты ойласақ оны басқаратын адамдарды да дұрыс таңдауға баса мән беруіміз керек.

Бұл күнде Алматы облысында ғана емес, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан облыстарында да орта мектептерді әлдеқашан зейнет­керлікке шыққан, жетпістің ар жақ, бер жағындағы адамдар басқарып отыр. Олардың ішінде нағыз жанашыр педагогтары да бар шығар?.. Бірақ адамның қабілеті де шектеулі емес пе? Өйткені сирек болса да, зейнеткерлікке шыққан кейбір мұғалімдердің жүйкесі сыр бере бас­тайтынына куә болып жүрміз. Өз басым, зейнетке шыққаннан кейін ер адамдар үш жыл мектеп директоры болып, 66 жасқа дейін қызмет істесін. Одан арғысы артықтау деп ойлаймын.

Өйткені бұл күнде жемқорлық жөнінен білім саласы да жиі сыналуда. Осындай ой айтылған сайын жетпістің ар жақ, бер жағындағы мектеп директорларын көрген кезде аудандық оқу бөлімінің немесе облыстық білім басқармасының басшылары «бір нәрсе алу үшін ұстап жүр-ау осыларды!» деп ойлауға мәжбүр боламыз. Зейнетке әлдеқашан шықса да олар жылы орнынан кеткісі келмейді. 

Елімізде олардың орнын басатын жастар қай ауылда, қай жерде болсын бар. Мектеп мемлекеттік мекемеге жататын қазыналық кәсіпорын. Ендеше мемлекеттік тұрғыдан реттеліп отырса еш артық болмайды. Сіздер қалай ойлайсыздар, ағайын?..

Марат ҚАШҚЫНБАЕВ Алматы облысы

...ризашылығын жеткізеді

Су тасқынынан қорқыныш жоқ

«Су – тілсіз жау» демекші, ауылымыз мол келген судан көптен бері қиындық көріп келе жатқан болатын. Тіпті тұрғын үйлерімізді су алып кете ме деп қатты қауіптенетінбіз. Шудың суы кей жылдары көп келіп, мазамызды алатын. Қазір ол қауіп сейілді. Созақ ауданының әкімі С.Полатовтың ықпалымен «Степной-Ру» кен орнының басшылығы ауылымызға көліктен көмек беріп, он күн бойына ауылдың іргесіндегі дамбаны көтеруге қолғабыс берді.

Енді су тасқынына толық қарсы тұра аламыз деп ойлаймыз. Ауыл әкімінің міндетін атқарушы Әсима Мырзабекова игі істің басы-қасында жүрді. Трактор жүргізушісі Ғалымжан Шоқанов он күн бойы дамбаны биіктету жұмысымен айналысты. Тапсырманы өте тыңғылықты жүргізгеніне ауыл тұрғындары риза болдық. Аудан әкіміне, кен басқармасының басшылығына алғысымыз шексіз.  Ауыл төңірегіне қандай су келсе де ендігі жерде қорқыныш жоқ. Ұйқымыз тыныш болатын болды.

Төрегелді ЖАПАБАЙҰЛЫ, ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы 

Оңтүстік Қазақстан облысы

...үлгі тұтады

Әжелер бесікке салуды үйретеді

Халқымыздың ежелгі салт-дәстүрлерінің бірі – баланы бесікке бөлеу. Алайда оның қалай істелетінін кейбір бүгінгі жас аналар біле бермейді. Мұндай олқылықтың орнын толтыру үшін Ақтөбе қалалық мешітінің жанынан құрылған әжелер мектебінің мүшелері осы шапағаты мен пайдасы мол істі қолға алды. Бірінші кезекте олар бесікке салу сәбидің денсаулығы мен тазалығына көп пайдасын тигізетіні жөнінде айтып беруді әдетке айналдырған. Сондай-ақ бөбектің бой бітімінің тік, түзу өсуі әрі мазасызданбай тыныш ұйықтауы үшін де бесіктің септігі мол.

Мектепте сәбидің ең алғаш киген иткөйлегі, азан шақырып ат қоюдың неге керектігі, баланы қырқынан шығарудың пайдасы жөнінде де түсініктер беріледі. Айталық сәбидің ең алғаш үстіне кигізілген киімнің иткөйлек аталуы оның қуатты, қайратты болып өссін деген игі тілектің туындағанын естігенде тыңдаушылар таңданып қалды. Бұған қоса халқымыздың ұғым-түсінігінде нәрестенің иткөйлегін сәби сүйе алмай жүрген қыз-келіншектерге ырымдап беру дәстүрі бар екені де айтылып жүр.

Талшын ҚОЖАҒМЕТОВА,  Ақтөбе қалалық әйелдердің сауат ашу  орталығының жетекшісі

...мақтан етеді

Өнеге боларлық өрен

Орда бұзар жасқа жеткен Бақытжан Тәшеновтің күреске толы ғұмыры өнеге десек те болады. Жасындай жарқыраған Бақытжан небәрі 14 жасында жеке концерттік кешін беріп, жұлдызы жанған бала еді. Алайда 15 жасында қан ауруына шалдығып, бозбала шағын лейкемиямен күресумен өткізді. Ауыр дертпен арпалысып жүріп, орта мектепті де ойдағыдай аяқтаған Бақытжан химия терапияның барлық сатысынан өтті.

Бірақ сәулелі емнің салдарынан оның жамбас сүйектері мүжіліп, эндо-протездеу отасы жасалды. Оның үстіне ішкі мүшелері – бауыр, бүйрек, асқазаны да сыр беріп, инфузиялық терапиядан өтті. Жанын жегідей жеген ауруға мойымаған жігіт жоғары оқу орнына түсіп, заңгер мамандығын алып шықты. Тапқан-таянғанын ұлының ем-домына жұмсап жүрген ата-анасына салмақ салмау үшін Бақытжан тойларда ән шырқап, ақша жинап, оқу ақысын да өзі өтеген екен. 

«Азаматтарға арналған үкіметтің» Қарағанды облысы бойынша филиалында 2012 жылдан бері абыроймен қызмет етіп келе жатқан Бақытжан қазір бөлім басшысының орынбасары ғана емес, ұжымның үлгі тұтар азаматы, департаменттегі мүмкіндігі шектеулі қызметкерлердің көшбасшысы. «Халыққа қызмет көрсету орталығына орналасқаннан бері менің өмірімнің ең жауапты кезеңі басталды. Себебі өзімнің еліме пайда тигізер жұмысқа орналастым, менің ең басты мақсатым мемлекетіме пайдамды тигізу. Бұл жерде қызмет алушылардың «рахмет» деген бір сөзі мені жігерлендіріп, өмірге деген сүйіспеншілігімді арттыра түседі», – дейді ол. 

Әсел МИЗАМҚЫЗЫ АСТАНА

...батасын береді Кәріге құрмет – балаға міндет 

Қамқорлық пен қайырымдылық адам баласының бойындағы ізгі қасиеттер. «Кәріге құрмет – балаға міндет» дейді, халқымыз. Шетпе жастар орталығының бастамасымен қолға алынған «Жақсылық жасайық» қайырымдылық шарасы аудан орталығында сәтті жүзеге асып келеді. Өткенде шетпелік жастар тыл және еңбек ардагері Тамара Емзееваның үйіне бағыт алды. Тамара әжей осы күнге дейін мүгедек жолдасын бір өзі бағып, асырап келді. Жуырда жолдасы Серікбол Емзеев қайтыс болды. Шетпелік белсенді жастар Тамара әжейдің үйі мен қора айналасын күл қоқыстан тазалап, жақсылықтарын аямады. Жастарға дән риза болған қарт әжей алғысын білдірді. 

Тек Шетпе селосы аумағында ғана емес, сонымен қатар Қосбұлақ, Онды, Ұштаған, Жыңғылды ауылдарының жастары да белсенділік танытуда. 

Аллаберген ҚОНАРБАЕВ Маңғыстау облысы