• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
Білім 07 Ақпан, 2018

Онлайн-бизнес мектебінің жетекшісі Арман Қасыммен сұхбат

575 рет
көрсетілді

Интернет өмірімізге дендеп енді. Дамыған Германия, Швеция, Нидерланд, Жапония, Канада, АҚШ және басқа елдерде интернетті тұрғындардың кемі 88 пайызы пайдаланатын болса, біздің елде бұл көрсеткіш Internet Live Stats-тың 2016 жыл­дың шіл­десіндегі мәліметі бойынша 55,8 пайызға жеткен. Елімізде интер­неттендіру қарқынының жоғары екенін ескерсек, оны пайдалану жағы­нан озық елдердің қатарына көп ұзамай қосылатынымыз кө­рініп тұр. Бірақ оны қалай пайдаланамыз? Не іздейміз, не оқимыз? Қандай операцияларды жүзеге асырамыз? Гәп осында. Өйткені интернет кейде үлкен қоқыс жәшігіне де ұқсайды, тұтынушыға керекті-керексіз ақпарат бірдей ұсынылады. Тіпті жастарды «жат» идеологияға, жаман кәсіпке тартып әкететін небір «жылымдар» да кездеседі бұл ұшы-қиырсыз кеңістікте. Бірақ ондай-ондайдан қорықсаң, өркениет үдерісіне ілесе алмайтынымыз тағы белгілі. Өйт­кені адамның күнделікті рухани қажеттілігін өтейтін сая­си, мәдени, көңіл ауларлық ақпараттар, әсіресе  ғылымның ең соңғы жаңалықтары осы жаһанды жаулаған кеңістіктен тарап отыр. Сондықтан да кім интернетті тиімді пайдаланады, соның бәсі жоғары.

Kantar TNS агенттігінің таяу­­дағы мәліметі бойынша, қазақ­стандықтардың 75 пайызы интернеттен өзіне қажетті ақ­парат іздейді. Ал 54 пайызы жеке, отбасылық немесе жұмыс бабындағы мәселелерін осы ақ­парат құралы арқылы шешеді.

Олар­дың қатарында электронды үкі­метті, коммуналдық, интернет-сауда және басқа қызметтерді пай­даланушылар бар. Міне, осындай өмірлік пайдалы қызметтің қатарына интернет арқылы үйрету немесе үйрену де жатады. Оны «қашықтықтан оқыту» деп те атайды. Оқудың бұл түрінің білім берушіге де, білім алушыға да тиімділігі – аз шығынмен тез жү­зеге асырылады. Сондықтан да оның қызметін іргелі оқу орын­дары да пайдаланады. Ал ша­­ғын білім орталықтарының, ре­петиторлардың, бизнес-бап­керлердің, коучинг пен тре­нерлердің өз аудитория­сын жа­сақтаудағы басты артық­шылығы осы – аз шы­ғынмен тез білім беруі. Бірақ «арзанның жілігі татымас» деген мақал да түседі еске. Сән тү­зеген ғи­мараты, кітабы сірескен кітап­ханасы, жарақты оқу зертханасы мен аудиториялары жоқ жалаңқол мектептер қандай сапалы білім беруі мүмкін деген сұрақтың қылтия қалатыны да рас.

Интернет әлеміндегі білім бе­ру жайын жақынырақ білу үшін осы пайдалы іспен шұғылданып жүрген азаматтардың бірі Арман Қа­сыммен сұхбаттасуды жөн көр­дік. Алғаш рет ол кісіні Қа­зақ­станда тұңғыш рет өткен қа­шықтықтан оқытуды дамыту жө­ніндегі конференцияда көрген едік. Сан-салалы бағыт бойынша білім беріп, мамандықтар даяр­лайтын еліміздің ең ірі оқу орын­дарының, квазимемлекеттік білім құрылымдары мен оқу ор­талықтарының өкілдері жиыл­ған конференция спикері Арман Қа­сым туралы әріптестері Қа­за­қстанда онлайн білім берудің ал­ғашқы қарлығаштарының бірі екенін айтты. Ол Қазақстандағы ең ірі Edumart.kz білім беру пор­талының, сондай-ақ Edunet.pro ин­тернет және онлайн-бизнес маман­дарын даярлайтын мектебінің негізін қалаушы әрі жетекшісі екен. Сонымен  екеуара әңгіме бы­лайша өрбіді.

– Арман, формалды емес бі­лім беру қызметінің ерек­шелігі неде?

– Формалды емес білім беру қыз­метіне мемлекет лицензия бер­мейді. Демек, оның жұмысын тікелей қадағаламайды. Бірақ дәс­түрлі білім беру жүйесінің мек­тептері мен жоғары оқу орын­дары әлеуметтік және эко­номикалық өзгерістерге баяу икем­делетіні байқалғаннан кейін Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйы­мының білім ми­нистрлері 1996 жылы барлық адам­дарды өмір бойы үздіксіз оқы­тудың стратегиясын жасауды ұйғарды. Соған сәйкес Үкімет дәстүрлі білім беру жүйесімен бірге өмір талаптарына тез икем­делгіш дәстүрлі емес білім беру қызметтерінің дамуына да ықпал етіп келеді.

– Білім берудің бұл нарығы­ның Қазақстандағы жай-күйі қан­дай? 

– Формалды емес білім беру қызметімен елімізде 2,5 мың оқу орталығы мен арнайы мамандар айналысады. Олар әртүрлі курстар, тренингтер, семинарлар, шеберлік сыныптарын өткізеді.

– Оның сапалық көрсеткіш­терін қалай анықтауға болады?

– Бұл нарық қой. Нарық бол­ғанда білім алушы үшін таңдау мүмкіндігі мол, ал білім беруші үшін бәсекесі жоғары нарық. Өткізетін «тауарың», яғни беретін білімің мамандық алушының көңіліне қонбаса, аудитория жинай алмайсың. Ал көңіліне қонса, аудиторияны бүкіл республикадан, тіпті өзге елдерден де жи­най аласың. Мәселен, біздің кей­­бір оқу орталықтарындағы бі­лім алатындардың арасында Гер­мания, Израиль, Франция және АҚШ азаматтары да бар.

– Демек, қашықтан оқыту­дың артықшылығы шекара, ме­кен таңдамайтындығында дей­сіз ғой.

– Дәл солай. Ешқандай кең­се де керек емес. Артық шы­ғын­­­дар жоқ. Бірақ бұған қа­рап біздің қызметімізді жаппай пайдалана береді деген қоры­тынды шығаруға болмайды. Тың­даушыларымыздың арасында өмірді әлі «курорт» көріп жүр­гендер немесе «оқысаң да оқи­сың, оқымасаң да оқисың» деп әке-шешесі жетелеп әкеліп қо­сып қойғандар болмайды. Біздің қызметімізді қажеттілігін терең түсініп, төзімділік та­ныт­қан адам ғана пайдаланады. Олардың ішін­де еңбек нарығындағы сұранысқа орай мамандығын ауыстыруға мәжбүр болғандар да бар.

– Қандай мамандықтарға сұ­ра­ныс басым? Екі-үш ай оқып алған мамандықтың еңбек­ақы­сы қандай болады?

– Ағылшын тілі, балалардың қабілетін ерте дамыту, маман­дықтарын жетілдіру, түрлі ІТ тақырыптары курсына сұра­ныс­тар жоғары. Бұлардың әр­қайсысына және басқаларға ай сайын мыңдаған сұраныс түседі.

Ал еңбекақысы жоғары ма­ман­дық­ты экономиканың көптеген са­ласынан кездестіруге бола­ды. Мәселен, қазіргі таң­да есеп­шілерге, қоғамдық тамақ­тандыру қызметкерлеріне, элек­триктерге, сантехниктерге, әсемдік әлемінің қызмет­керлеріне сұраныс жоға­ры екені бай­қалады. Бұл маман­дықтардың сұра­нысымен бірге табысы да жоғары.

– Сіз бір сөзіңізде интернетке үй­рету саласындағы жаңа білім жобасын жүзеге асыруға кіріс­кеніңізді айттыңыз. Бұл онлайн жоба болар? – Иә, қазақстандықтар интернет мүмкіндігін кеңінен пайдалануы үшін осындай ұйғарымға келдік. Оқу орталығын ашып, интернет арқылы өз бизнесін дамытатын мамандар даярлаудамыз. Әрине қашықтан оқы­тамыз. Мұның өзі білім алушыны алғашқы сабақтардан-ақ болашақ мамандығы бойынша жұмыс істеуге дағдыландырады.

– Сіз бұрын қаржы саласында жұмыс істепсіз. Енді білім сек­­торына ауысуыңызға не себеп болды?

– Елімізде экономикалық жүйе өзгерді. Ал тұрғындардың бар­лығы бірдей оған енуге дайын­ болмады. Оларға құқықтық, қар­­жылық, салық саласындағы бі­­лім қажет екенін мен қазақ­стандық және халықаралық қар­жы ұйымдарында жұмыс істеп жүргенімде сезіндім. Сондықтан да сол жылдардың өзінде негіз­гі қызметіме қосымша қо­ғам­дық негізде кәсіпкер-биз­нес­мендердің қаржылық-құ­қық­тық сауаттылығын арттырып, кә­сіп­керлік дағдысына машық­тандыратын тренингтер өткізіп, лекциялар оқып жүрдім. Әрине бұл мектепті ашпас бұрын еліміздегі білім беру нарығын екі жыл зерттедім. Зерттеулерімді әлем­дік үрдіспен салыстырдым. Сөйтіп ІТ саласындағы білім жобасына тоқталдым. Өйт­кені біздің ғана емес, әлемнің көп­теген елдерінде интернет ма­мандарының жетіспейтіндігі бай­қалды.

– Интернет мамандары немен айналысады? Сіздің мек­теп­ті бітіргендер не істей алады?

– Біз Қазнетке бүгін қажет болып тұрған мамандарды даярлаймыз. Олар интернет-жобалардың менеджерлері, интернет-маркетологтар, контент-менеджерлер, SEO – мамандар, Веб-дизайнерлер және басқалар. Сұранысы жоғары бұл мамандықтарды екі-үш айда игеру болашағыңа инвестиция салғанмен тең.

– Әңгімеңізге рахмет.

Әңгімелескен Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ