• RUB:
    5.05
  • USD:
    489.06
  • EUR:
    536.21
Басты сайтқа өту
Қазақстан 26 Ақпан, 2018

Жырбұлақ (эссе)

1789 рет
көрсетілді

1.

Күз айы еді, дәлірек айтқанда 1997 жылдың бесінші қыркүйегі.

Республика сарайында болған бір салтанатты жиыннан шығып, Абай ескерт­кішіне жақындай бере алдымнан Жарас­қан ұшырасты.

Аман-саулық сұрап, аз-кем әңгімелес­кеннен кейін «Ал, жақсы», деп қоштаса бергенде Жарасқан кілт тоқтай қалып:

– Менің саған тапсырмам бар, – деді тісін ақсита күліп тұрып, – Үш томды­ғым бар, соны шығарып бер. Жай айтқан жоқ, – ақындық арыны бұрқырап тұр, – бұйырып айтты.

Үш томдық дегенде шошып кеттім. Ол кезде томдық шығаруға жүрек дауала­майды. Өйткені томдық шығару үл­кен ақсақалдарымызға тиесілі, шығару жайы жоғары жақтың шешімімен бекітіледі. Мемлекеттік баспа комитеті (Гос­комиздат) соған сәйкес жоспарға өзде­рі енгізеді, онда да өте сирек болатын ұйғарым.

Оның бәрін Жарасқанның өзі де білетіні даусыз, бірақ ақынды айтқызып тұрған мені екенін аңдап:

– Бұл қиын шаруа ғой, – деп күмілжи түстім де іле үміт жібін үзбеу ниетімен:

– Бірақ бір кітабыңды шығарып берейін, – дедім.

– Жақсы. Онда бір кітабымды сен, бір кітабымды Бексұлтан ағама берем, Жарылқасын ағама да лайығы бар, – деп көңілденіп күліп жіберді.

Мынадай үлестіруді естіп сол арада баспагерлік бір қисынның сап етіп келе қалғанын қайтерсің.

– Мынау үмітті үрлейтін идея екен, былай жасайық, – дедім кәдімгідей жол тапқанына өзім де қоса қуанып, – томдығыңның бірінші кітабын біз шығарайық. Ал екінші, үшінші томдарды ағаларың шығарады. Үш кітап та томдық болып көрінуі үшін пішімі, көлемі, бояуы, безендірілуі бірдей болады, тек мұқабалық түбіне 1 (бір), 2 (екі), 3 (үш) де­генді безендіру іспетті етіп көр­сетейік, үшеуін де бір суретшінің қолынан шы­ғарамыз.

Осылай табанда туған ойымыздың жолы табыла кетті. Іске сәт тіледік. Жа­рас­­қанның да әзілі даяр екен. «Балық­шы балықшыны алыстан таниды» деген осы», деп алыстағы Аралды еске түсі­ріп бір күліп алдық.

Ертеңіне-ақ Жарасқан қолжазбасын әкеліп берді.

Бәрі рет-ретімен (өлең, баллада, поэ­ма, аударма) жинақталған екен. Тіпті кітап­тың форзацына лайықтап өз қо­лы­мен (почеркімен) жазған түп-нұсқа өлеңі – атақты «Ақ бұлақтарын»да әкеліпті:

«...Ақ бұлақтар!

Алқынған ақ бұлақтар!

Қазір – көктем,

алдың – Жаз,

шапқылап қал!

Көк­жиектен күн аунап барады әні,

Қызарғаны – қоштасып қарағаны...

Осылайша өтеді қайран уақыт,

Сені мәңгі қоймайды сайрандатып,

Күз де келер

кем-кемдеп тартыларсың,

Қыс та келер

біржола сарқыларсың...

Ақ бұлақтар!

Алқынған Ақ бұлақтар!

Қазір – Көктем,

алдың – Жаз

шапқылап қал!..

Ж.Әбдірашев

1965-1966 ж.

Алматы, Гор.Гигант».

 

Қаз-қалпында берілген Жарасқанның бұл өлеңінің калиграфиялық жазуы кітаптың беташарындай – бетажарындай болып айқара берілді. Суретші Александр Тілен­шиевтің қолынан шық­қан үш кітап­тың безендірілуі ақынның поэзиялық пайымы мен парасатын кітап бетін аш­қан сәттен аңғартатын аңдатпа шебер­ліктен-ақ көреміз.

Кітаптың кіріспе іспетті сөзі кемел ойдың кенен қайырымымен бас­талады. Ә дегеннен «Біздің ҚазМУ-дың филология факуль­теті журналис­тика бөлімінде – Мұ­қаңның дәрісін тыңдауға үлгере алмаған болар, – менің дәрісімді тыңдап өскен», деп алып, тебірене толғаған абыз-ұстазы Зейнолла Қабдоловтың жырларын шын жүрегімен қабылдауы, оның табиғатын шәкірт кезінен тани біліп, шын ақын екенін мойындауы Жарасқан поэзиясының бар болмысын таныта түскендей болады.

Бұған қоса қазақ поэзиясының клас­сигі Қадыр Мырза Әлінің түйген ойы тіпті терең де тағылымды: «Жарасқан – болмысынан ақылды қазақ. Мен «ақыл­ды» деген сөзді әдейі айтып отырмын. Жалпы әдебиетшіге «ақылды» деген сөзді көп айтпайды. Әдебиетшілерге, көбіне «қабілетті», «дарынды», «талантты» деген сөздерді айтады. «Ақылды» деген сөзді мен ең бірінші рет Белинскийдің мақаласынан оқыдым. Ол өзінің Герцен туралы сөзінде: «Бұл – ақылды талант!» дейді. Содан кейін бірде-бір орыс жазушысы жөнінде Белинский бұл сөзін қайталамайды», деуіне қосыла отырып Қадекеңнің «Жарасқанды ақылды қазақ» деп тегіннен-тегін айтып отырмағанына кәміл сенімдіміз.

Осындай ағаларының алғысөзімен өрілген Жарасқанның поэзиясының бірінші томы «Көңіл көкпары» деген атпен «Ана тілі» баспасынан (3000 данамен) 1998 жылы шілде айында жарыққа шықты, ілелетіп «Жалын» баспасынан екінші томы «Сана соқпағы»(өлең, баллада, эпиграмма, аударма) кітабы, ал «Рауан» баспасынан үшінші томы «Шежірелі шаңырақ» (өлең, тақпақ, ертегі, санамақ, жұмбақ) деген атпен шықты.

Бір жылда осылай Жарасқанның үш томдығы – үш кітап болып қалай шыққанын еске алудың өзі ерекше сезімге бөлейді екен. Оның бәрі уақыт өткен сайын ақын­ның әр күні, әр сөзі, әр өлеңі қастер­лі бола түсетінін пайымдаудың әсері болса керек.

Ақынның жаны поэзиясында дейміз. Оның жырлары – алдымыздан шығар ақиқаты болар, бәлкім.

Оның бір ақиқаты – ақынның күндері оралмайтын болса да, өмірге өлеңімен оралып тұратыны болар...

Иә, Жарасқан да солай...

– Ақ бұлақтар!

Алдың жаз,

шапқылап қал! – деп тұрғандай.

Еске түседі:

әні, дауысы саңқылдап, жүрегі аңқылдап тұма жыры төгілді де кетті.

Осы сәтте Жарасқан жыр пырағының тізгінін қоя бергендей боп елестейді, еске түседі, ортамызға оралады.

Оралуы – өмірмен бірге жаралуы, өмірмен бірге жаңғыруы.

Тіпті өмірмен бірге жасаруы десек те болады.

2.

Өлеңнің өз философиясы болады. Онсыз жыр жолдары жалаң ұйқас, сылдыр сөз, құрғақ қайырма болып қалады.

Осы пайым параметрімен қарасақ Жарасқанның әр өлеңі өз философиясымен ерекшеленіп тұратынына тәнті боламыз. Өйткені нені жырласа да өмір­ге сөзімен емес, жүрек көзімен қа­рай­тын ақынның талғамы тынысты, тол­ғамы тосын, түйіні тағалы болып келеді. Ойды жүрек дірілі – тілі деп түсінеді, буырқанған сезімді бұлақ көзіне балайды. Айналасына асқан іңқәрлікпен қарайды, танып білуінен тамсанысы асып түсіп жатады. Өмір, табиғат, адам, қоғам, адалдық, адамдық... тіпті гүлге дейін, теңіздің тамшысына дейін жан әлемін тербейді. Өркенді ойларын көркемді образдарға айналдырады. Соның бәрі қарапайым сияқты боп көрінеді, бірақ оның шындықпен көмкерілген құндылықтарын көресің, сол арқылы поэзияға деген парасатын танисын, айнымас адалдығын бағалайың.

Оның перзенттік философиясы Адам – Өмір – Пешене философиясына айналады. Сәттік сезімнің өзі ұрпаққа ортақ ұлағаттыққа ұласады, өмір жайлы өлең – жапырағын жайып тастайды, кейде кө­ңіліңе нұр сепкізіп, шым еткізеді. Қараңыз:

Ауылда арманшыл бір бала болды,

Ол кейін алыс кетті,

қала көрді.

Сол бала сағынады кей уақытта,

Шаңдағы бұрқыраған қара жолды.

* * *

Жо-жо-жоқ!

Зауласа да заман қанша,

Сүреді адам өмір – адамдарша,

Ешқашан қара жолды шөп баспайды,

Інілер ізіне ерген аман болса!..

(«Қара жол»)

Шумақтардағы осы бір сезім бұр­қанысы әркімнің өз басында болған қастерлі де қимас сәттей боп әсер етуі әрі таныс әрі табиғи.

Заман да, өмір де өзгереді – бұл бүгіннің шындығы. Ал адам өзгерді ме? Ақын үшін оның сыры бөлек, қыры құбылмалы, көкжиегі шексіз.

Бұған, әрине, әркім өзінше жауап беруге, безбендеуге, бағалауға хақылы. Мұндай өзгерістерге ақынның адам болмысына қарап ой пішуі заңдылық. Адам – табиғатпен бірге жаралған, табиғаттан ажырамайтын жаратылыс. Оның қо­ғам­ның ыңғайына қарай пенделік – психологиялық тоқырауларға ұшырай бас­тауына куә болу сәтінде туған жырларында ол табиғи поэтикалық талабынан танбайды, тайқымайды да. Қайта, ашық айтып, айқын позиция ұстанады. Оны«Өмірбаян туралы ғибратнама» атты өткір ойлы өлеңінің темірқазық түйіні астарлы пайымымен айғақтай алады:

«Ойлан!

Ойлан!

Орынсыз қақпа «дабыл!»

Оңған емес – қазғандар «аққа» қабір!

Келешектің алдында күмілжімей,

Өткеніңмен алғаусыз ақтала біл!

Атағы бар, аты бар өңірге аян,

Ойлануда бүгінде не бір ноян.

Өзгертуге болады өзіңді де,

Өзгертуге келмейді Өмірбаян!»

Жарасқан үшін туған жер – туған даланы толғай жырлау-талмай жырлау жан қалауы еді.

Жарасқан туған жер туралы алғашқы жырын 17 жасында 1965 жылы жазыпты. «Қош бол, Арал!»деп аталады.

Қош бол, Арал!

Қоштасарда қыстығып жылап алдым,

ермін деуші ем,

еріксіз егілді ішім.

Сен де бір сәт туламай,

тына қалдың...

Теңіз емес –

Толқыған көңілмісің?..

 

Алшақ тартып арамыз айдан-айға,

ауыр соқты-ау саған да,

маған-дағы...

Толқындарың тұншыға аймалай ма?

жалаңаяқ ізімді жағаңдағы?..

 

Ағат қылсам,

қайтейін,

ақтайды арман!

Арпалысқан ақындық тірлік үшін.

Оңтүстікті паналап,

қайтпай қалған

шағалаңмын...

Мен де бір жыл құсымын!..

 

Жойқын дауыл мүлгиді жас жанымда,

сол оянса –

түгелдей сарқылар мұң!

Саған ұқсас сан Теңіз аспанында

сен туралы сыр шертіп,

шарқ ұрармын!..

 

Туған жердің мұңын жырлап шарқ ұрар шабытты сәттері әлі талай толқын-жыр боп туарын сезгендей-ақ екен. Оған уақыт куәгер болды – «Дала, сенің ұлыңмын» кітабы шығармашылық таңы, туған жеріне тілектес бір тамшы қаны (жаны дегенім) болды. Туған жерге деген өжеттігі сондай оқтын-оқтын оралып отырады. Оралған сайын өркенді ойлары желкенді жырларға айналып толқыннан соңғы толқындай бірінен бірі асып түсіп жатар еді.

* * *

Туған дала,

талайлардың от қанын

лапылдатты тентек күйің,

текті әнің. Сөз сөйлесем –

Сенсің биік тұғырым!..

Сенсің менің абыройым,

мақтаным!.., –

деп төгіле тасынып;

 

Туған дала,

тыным алмас жастамын,

тер төгуден,

өртенуден қашпадым!..

Шаршағанда шалғыныңды жастанып,

шалқаласам,

Шаңырағым – Аспаның!, –

деп сөгіле шашылып;

Туған дала,

енді бір сыр толғайын:

Бір аруың болды күнім,

болды айым!

Ол үшін де –

сен үшін де –

қиналмай

қыршынымнан қиылуға мен дайын!.., –

деп қырандай құйылып;

 

Туған дала,

жаным сенен от алды,

сен деп білем:

анам,

әкем,

атамды...

Екеу болып аттанбақпын ертеңге,

батаңды бер,

батаңды бер,

батаңды!.., –

деп ұрандай иіліп;

 

Туған дала,

тынысымды кең алып,

көңілімнен көп іздедім даналық...

Мүмкін емес –

менің тексіз болуым,

ұлы Абайды туған болсаң сен анық!., –

деп ағынан жарылып;

 

Туған дала,

атыңның,

атағыңның

аспандатар тұғырын қатарым мың!..

Сәніңмін мен!

Серіңмін!

Сеніміңмін!

Арыңмын мен!

Ақынмын!

Ақаныңмын!.., –

деп арынан табылып, буырқанған жолдармен басталатын өлеңдер циклі от пен шоқтан жаралғандай жарқыл салады, төкпе арыны ауыздығымен алыс­қан арғы­мақты елестетеді, бұрқ-сарқ қай­науы кезек-кезек оянған жанартаулардай жар­қыл салады. Қызуы қандай, қайрауы қандай десеңші?! Шынына жүгінсек, мұндай жырлардың шабыт – энергиясын сезіну де бір ғанибет.

Шымырлаған сезімдермен тасып төгілген жырларына оқырманның, әсіресе жас қауымның қоғадай жапыры­лып қол соғуы соның мысалы. Өйткені өлеңдерінің әр жолынан жан әлемі көрінетін Жарасқанды ойы азат, ары таза ақынға балайды. Өйткені оның поэ­зиясынан парасат пернелері үн қатады, бітімі бөлек шабытынан еркіндіктің биотогы еседі, жан рухының жақындығын сезі­неді. Бұл ақынның ұлт ұрпағына жар салған – дабылы, ақ бұлақтары мен жас құрақтарына керуен келешегіне ұстатқан қамшысы іспетті еді. Ашығын айтар болсақ туған жерге деген мұндай мінәжат – перзенттік парасат тағзымы Жарасқанға туа біткен табиғи қасиет дер едік.

3.

Енді осындай өрісті жырларымен оқырманның сүйікті ақыны болып жүрген кезінде Жарасқанның менің қолжазбама пікір (рецензия) жазған жайына келейін. Сол 1977 жылы «Жалын» баспасының жос­парына «Жолдас, комсомол!» атты очерктер жинағым кірген еді. Соның қолжазбасы бірнеше адамға рецензияға ұсынылыпты. Бірі – Жарасқан екен.

Жарасқанның пікірі (кейін білдім, әрине) мынадай болыпты (қысқаша үзігі):

«...Жақау Дәуренбеков респуб­ликамызға «Лениншіл жас» газеті арқылы жақсы танылып қалған жас жур­налистеріміздің, талантты жур­налистеріміздің бірі. Оның комсомол өмірінен жазылған проблемалық мақа­лалары, очерктері, публицистикалық толғау­лары көпшілік қауым көңілінен шығып келеді.

Ә дегенннен-ақ публицистикалық асқақ пафоспен әдемі басталыпты. Анық­тағанымыз: кітап – республика комсомолының ерлік даңқы музейіндегі мұралар хақында екен. Қуанып қалдық. Жақсы табылған тақырып, көп нәрсені, көп нәрсе болғанда, комсомол тарихын, оның ерлік жолын баяндауға сәтімен табылған кілт.

Енді біз қолжазбаны оқуды доғара тұрып, музейдегі қандай мұраларға, қай кезеңнің мұраларына нендей себеппен, нендей жүйемен тоқталды екен деген оймен очерктер тақырыбына назар аударып шығуды жөн көрдік.

Бірінші очерк – «Комсомол билеті – №28». Түсіне қойдық. Алғашқы ком­сомолдар туралы, республика комсомо­лының алғашқы қарлығаштары туралы әңгімені 1918 жылдан комсомол мүшесі Хамид Чуриннің өміріне сүйене отырып, әрі нақтылы әрі көркем түрде баяндамақ болған. Неге бұлай дей алмайсың. Дұрыс, орынды.

Екінші очерк – «Браунинг». Тақырып­тың өзінен-ақ 20-шы жыл­дардың лебі, 20-шы жылдар­дың исі келеді. Бандылар мен контрре­волюцияға қарсы күрес жылдарындағы комсомолдар ерлігін автор сол бір сұрапыл кезеңнің комсомолец, қазір аталмыш музейдің директоры Павел Михайлович Зеленцов ғұмырнамасын арқау ету арқылы айтып беруді алға қойған. Бұл ретте де қате­леспеген. Комсомол тарихын танытуға қажетті мұраны таңдай білген.

Үшінші очерк – «Вожатый». Түрк­стан комсомолының тұңғыш пионер вожа­тый­ларының бірі, 1927 жылы қазақ пио­нерлерін Артекке алып барушы Сады Хадырбаев туралы. Бұған да дау­ла­са алмайсың. Жазылуға, айтылуға керек жайт.

Төртінші, бесінші, алтыншы очерк­тер де осындай ретпен, яғни байтақ еліміз басынан кешкен тарихи кезеңдер тұсындағы республика комсомолы атқар­ған ерлік істерді жүйелі түрде шер­теді. Қай-қайсысы да жалпылама баян­­дау, жалаң сөзбен емес, нақтылы адамдар, нақтылы оқиғалар негізінде нанымды сипатталған.

Біз әуелі кітаптың жалпы құрылы­мымен үстірт танысып шыққанда осындай жақсылық нышандарын, жағымды жақтарын бірден байқадық. Бұл – пікір авторының емес, кітап авторының, кітаптың артықшылығы болса керек.

Ал енді қолға қалам алып дегендей, шұқшия оқи келе аңғарған ақау, көрген кемшіліктерімізге келейік.

Жалпы Жақау Дәуренбеков қаламы төселіп қалған, сөз қасиетін, тіл қадірін білетін журналист. Сонда да болса ара-гідік жіберіп алатын ақаулары жоқ емес. Солардың біразын келтірсек автор мен редактор нұсқалған бағытта жұмыс істей түседі ғой дейміз. Мысалға, Жақау «біздің бейқұт өмір», «бейқұт дүние» деген сөзді жиі қолданады және де жақсы мағыналы сөз деп ұғатын тәрізді. Бұл – қырғыз тілінде «тыныш», «мамыражай» деген сөз. Ал қазақ тілінде «бей» кері мағына беретіні белгілі. Мазасызды – беймаза, мезгілсізді – беймезгіл деп ауыстыратынын білеміз. Демек, бейқұт – құтсыз деген ұғымда қолданылады. Тағы бір байқағанымыз: «леп лекиді» секілді тіркес қайталанып отырады. Біздіңше, «леп лекімейді», леп соғады, леп еседі. 92-ші бетте: «Балалар қуанып айран-асыр» деген сөйлем бар. Бұл да дұрыс емес. Қуанған адам «айран-асыр» емес, таңданған адам «айран-асыр» қалады. 57 бетте: «Ал атаманның айтқанына келер болсақ, әлгісінің бәрі «бос шатпақ» деген сөйлем бар. Айтылған сөзді «бос шатпақ» емес, «бос былшыл» дейді, «бос шатпақ» жазылған сөзді сипаттаса – жөн.

Жоғарыда айтылған ыңғайдағы азда­ған олқылықтардан арылтса, «Жол­дас, комсомол» республика комсо­молы­ның ер­лік жолын баяндайтын жақ­сы кі­тап­тың бірі болғалы тұрғанына күмә­німіз жоқ.

Мұндай танымдық та, тәрбиелік те, тарихи да мәні бар кітапты шығарудан бас­па да, басқа да ұтылмайды деп ойлаймыз.

11.07.1977 жыл».

Осы пікірінде Жарасқанның тазалы­ғы мен туралығы көрініп тұр.

Бұл пікір мен үшін әлі күнге дейін ыстық әрі қымбат. Ондағы қолтаңбасы Жарасқанның ойтаңбасы, ізгі ниет – игі тілегіндей боп көрінеді.

Өзім солай қабылдадым.

4.

Бір ойым айтады: ақынның төлқұжа­тындай боп кететін төлтұлпар туындысы болады.

Жарасқанның аты аталғанда «Ақ бұлақтарының» тіл ұшына орала кете­тіні – соның айғағы. Бұл – Жарасқан жырбұлағына деген оқырманның іңкәр ықыласы, баға бейілі.

Бұған сенімім кәміл.

5.

Тағы да күз келіпті.

Жапырақтар жауып тұр...

Жап-жасыл жапырақтар сарала түске боянып көз тартады.

Еске түседі: кезінде Жарасқанның жыр­­лары да жап-жасыл еді-ау. Енді ол да көңілімізде сағыныштың сарала жапы­­рақтарына айналып, сыр шертіп жатқандай...

Жақау ДӘУРЕНБЕКОВ,

жазушы,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,

Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты

21-25 қазан 2017 жыл