• RUB:
    5.05
  • USD:
    489.06
  • EUR:
    536.21
Басты сайтқа өту
Қазақстан 27 Ақпан, 2018

Бейәдеп басшылар көбейіп барады

401 рет
көрсетілді

Әлеуметтік желіде Ақмола облысындағы ауыл әкімінің мектеп оқушысын соққыға шыққаны жайлы хабар тарап, мемлекеттік қызмет­кердің әрекеті қызу талқы­ланып жатыр. Өкініштісі, сыныптас екі жасөспірімнің арасында басталған кикілжіңге жергі­лікті шенеунік араласып, оқиға қыл­мыстық жауапкершілікке соқтыр­ған дауға ұласып кетті. 

Мәселенің анық-қанығын тиісті орындар анықтап, бағасын беруі тиіс, бірақ, кездейсоқ адам емес, ауыл әкімі­нің кәмелет жасына толмаған ба­лаға қол көтеруі мемлекеттік қыз­мет­керге лайық қылық емес екені де ащы шындық қой...

Жалпы, мемлекеттік қызмет­кердің былайғы бұқара халық алдын­дағы беделіне нұқсан келті­ретін жекелеген әдеттердің салдары ауыр болмақ. Сол үшін де қыз­мет этикасын бұзған жауапты маман атақ-дәрежесіне қара­мас­тан қатал жазалануы керек. Мем­лекеттік қызметкердің жауап­кер­шілігі мен ел алдындағы бет-бей­несінің кіршіксіз болуын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев та үнемі ес­­кертіп отыр. Мысалға, 2016 жы­лы жарық көрген Мемлекет бас­­­шы­сының «Ұлт жоспары – қазақ­стан­дық арманға бастайтын жол» атты мақаласында мемле­кет­ті кәсібилендіру жолында жүзе­ге асырылатын жұмыстардың бағы­ты айқындалған болатын. Осы ма­қаладан соң қазір өз жемісін бере бастаған «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының не­гіз­гі нәтижесі болып табылатын «Мем­лекеттік қызмет туралы» заң қабылданып, елімізде бұрын-соң­ды болмаған жаңа құрылым – этика бойынша өкілетті өкілдер инс­титутының жұмысы басталған еді. Демек, мемлекеттік қызметшіге қойылатын талаптар күшейтіліп, әдеп пен әділет жолындағы жұмыс­тың кіршіксіз болуы әрқашан күн тәртібінен түспейтіндігі де нақ­ты­­ланған. Осындағы «100 нақты қадам­ның» 12-қадамы «Жаңа этика­лық ережелерді енгізу» деп аталады. Бұл қадамның өзектілігі тура­лы Президент Нұрсұлтан Назарбаев жоғарыда біз атап өткен мақа­ла­сында «Біздің бірінші реформамыз «Мемлекеттік қызмет туралы» жаңа заң негізінде мемлекеттік аппа­раттың тиімділігін арттыруға бағыт­талған. Мемлекеттік қызмет­шілердің жұмыс пен тұрмыстағы жүріс-тұрысының қалыптары рег­ламенттелген Мемлекеттік қыз­метшілердің жаңа этикалық кодексі жасалды. Шенеуніктер ортасында этикалық нормаларды бұзуға әкелетін және жемқорлық құбы­лыстар туындататын жағ­дайлардың алдын алу бойынша қатаң шаралар қарастырылған...» деген еді. Бірақ заң талаптары мен әдеп ере­жесін өрескел бұзып қана қоймай, Елбасы жүктеген міндет пен се­нім­ді де аяққа таптау әрекеті кей­бір шенеуніктер тарапынан жиі қайталанып жатыр. Оның бір дәлелі жоғарыда айтқан Ақмола облысындағы жағдай болса, тағы бір мысалды Алматы облысынан алып отырмыз.

Жақында Әдеп жөніндегі кеңес Алматы облыстық әді­лет де­пар­таментінің басшысы Мей­­рам­бек Қаныбековтің мем­ле­ке­т­тік қызметші этикасына жат қы­лықтарын талқыға салды. Қа­ны­беков мырза білдей әділет меке­ме­сінің тізгінін ұстай­тын құ­қық­танушы болса да, қол астындағы қызметкерлерін қағаз көтермейтін сөздермен балағаттауды әдетке айналдырып алыпты. Әдеп кеңесінің мүшелері отырыстың қарауына ұсынылған іс бойынша мемлекеттік қызметшіні айыптаған адамдарды мұқият тыңдап, ұсынылған дәлел мен айғақтарды саралады. Облыстық бас әділет маманына қол астындағы қызметкерлерінің тү­гелге жуығы наразылық білдіріп, мұн­дай басшымен әрі қай жұмыс іс­теудің мүмкін еместігін нақты айғақтармен дәлелдеді. Мысалға, Қаныбековтің өзіне тікелей бағы­на­тын Қаратал аудандық әді­лет басқармасының басшысын жазық­сыз тілдеп, адам ұяла­тын сөздермен балағаттағаны аудио­тас­паға жазылып қалған екен. Әдеп кеңесінде дауыс иесінің өзі екенін Қаныбеков те мойындады. Және ол мұны қызметкерін емес, өзінің баласына қарата айтқаным еді деп ақталып, тағы күлкіге қалды.

Әдеп кеңесінің мүшелері істің мән-жайына қаныққаннан кейін об­лыстық әділет депар­та­менті­нің басшысы Мейрамбек Қаныбековтің әрекетін мемле­кет­тік қызметші әдебіне сай емес деген шешімге келіп, оны қыз­меттен босату туралы Әділет ми­нистрлігіне хат жолдауға келіс­ті. Бейәдеп басшының ендігі лауа­зымдық жауапкершілігі ми­нистр­лік қабылдайтын шешімге байланысты болмақ.

Айтпақшы, өткен жылы Алматы облысында дәл осы мем­лекет­тік қызметкердің әдеп ере­жесін бұзуы­на байланысты бір­неше оқи­ға болған екен. Ақсу ауданына қа­­рас­ты Қызылағаш ауылының әкі­­мі С.Амитованың жергілікті шаруа қожалығының басшысымен келіспей қалып, оның арты бала­ғаттау мен жаға жыртысуға дейін барғаны жайлы аудиожазба тарап, іс насырға шаба жаздаған. Іске тағы да Әдеп жөніндегі кеңес араласып, ауыл әкімі қатаң сөгіс арқалап құтыл­ған еді. Ал қабылдауына келген жер­гілікті тұрғынға әдепсіз сөз айтып, дөрекі мінез көрсеткен Қап­шағай қаласының бұрынғы әкімі С.Қиқымов өз еркімен жұмыстан кеткен болатын. Мұқым елдің құла­ғын шулатқан келесі оқиға Ұйғыр ауданында болған. Сол тұста әлеу­меттік желілер мен электронды бұ­­қа­ра­лық ақпарат құралдарында бұрынғы әкім А.Тохтасуновтың қол астындағы қызметкерлерін бала­ғат­тап, намысқа тиетін сөз­дер айтқаны жайлы жарыса жазыл­ған еді. Экс-әкім аудандағы жұмы­сы­нан кеткенімен, қазір облыста лауазымды қызмет атқарып жүр...

Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ, «Егемен Қазақстан»

Алматы облысы