• RUB:
    5.05
  • USD:
    489.06
  • EUR:
    536.21
Басты сайтқа өту
Қазақстан 02 Наурыз, 2018

Жаңғақтектес жемістерді өсіруге назар аудару қажет

1467 рет
көрсетілді

Елбасымыз «Қазақстан-2050» Стратегиясында адамзатты күтіп тұрған бес сын-қатердің ішінде азық-түлікті де келтірген болатын. Әлемдегі адам санының артуы, экологиялық мәселелердің асқынуы сияқты көптеген факторлар түбінде адамзатты сапалы азық-түлікпен қамтамасыз етудегі қиындықтарға алып келетіні баса көрсетілген. Соның ішінде су тапшылығы ерекше орын алады.

Орталық Азия елдеріндегі су тапшылығы алдағы 20-25 жылда өткір және ең басты проблемаға айналуы мүмкін. Осы тұрғыдан алып қарағанда, Қазақстан шет мемлекеттерден келетін өзен суларына тәуелді, яғни ауыл ша­руашылығына қажетті ағын судың 42 пайызы көрші мемлекеттерден келеді. Тек Орталық Азия мемлекеттеріндегі халық саны бүгінде 70 миллионға жетті. Олардың өмір сүру көзі суармалы жерлерден алынатын өнімге тікелей байланыс­ты. Алдағы кезде халық саны өспей тұрмайтыны тағы белгілі. Табиғи су қорлары кемімесе, көбей­мегенін дәлелдеп отыру­дың қажеті жоқ. Бір ғана мысал, Сырдария су бассейні­­нің соңғы жылдардағы орта­ша жылдық су қоры – 37 млрд текше метр. Бұл көрсеткіш өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары 50 млрд болғанын айту­дың өзі жеткілікті. Әсіресе суар­­малы суға қажеттілігі көр­ші мемлекеттерге 90 пайыз­дан астамға тәуелді, бір мил­лион­ға жуық халық тұратын Оңтүс­тік Қазақстан облысының Шар­дара, Қазығұрт, Сарыағаш, Мақ­таарал аудандары диқан­дары­­ның келешегін ойластыра жаңғақтектестерді көбейту сұранып тұрған мәселе сияқты. 

Қазақстан аумағында ауыл шаруашылығы айналымына қосылмай, бос жатқан жерлер өте көп. Оның басым көп­шілігі шөл-шөлейтті жерлер. Дүние­жүзілік банк сарапшылары Қазақ­станда іске қосылмай, пай­даланылмай жатқан жер резерві мол екенін атап өткен. Осы жер­лерді суды аз қажет ететін же­містер түрлерімен тол­тыру ауыл шаруашылығын дамы­ту саясатының басты бағыт­тарының бірі болуы тиіс деп есептеймін. Көрші Қырғызстан, Өзбекстан мемлекеттері жаң­ғақ­тектестерді дамыту жөнінде тиісті қаулылар қабылдап, қызу жұмыстар жүргізуде. Өзбек елін­де осы саланы дамыту мақ­сатында мемлекеттен үлкен қаржы бөлініп, жаңғақтектес жеміс ағаштарының көшеттерін өндіру, оған қажетті биозертханалар кешенін, жылыжайлар салу бойынша жоспарлы жұмыс істеліп жатқанына куә болғанбыз. Қырғызстанда да 2013 жылдан бері екі бір­дей ғылыми-зерттеу институты осы бағытта жұмыс жүргізуде. Жаң­ғақтектес ағаштардың тарихи шығу отанына жақын орналасуымыз өңіріміздің оларды өсіруге қолайлылығы бізге де ой салуы керек. Бүгінде жаң­ғақтың әлемге таралғаны сон­шалық, Оңтүстік Америка ел­дерін­ен бастап, Норвегияда да грек жаңғағы өнім беруде.

Грек жаңғағы, тау пісте­лері­нің отаны Кіші, Орта Азия мемлекеттері екендігі жө­нінде мәліметтер академик А.Озола, Н.Вавилов еңбек­терінде бар. Олар жаңғақтың отаны Кіші, Орта Азия елдері, Иран, Тәжікстан, Ауғанстан, Өзбекстан, Закавказье дей келе, Тянь-Шань, Гималай тау­ларын тілге тиек етеді. Орта Азия елдерінде жаңғақтың жабайы түрлері де көп кездеседі. Қырғызстанда жалпы жаңғақ тектес жеміс орманы 721 000 га жерді алып жатса, соның ішін­дегі грек жаңғағы – 40600 га, тау пістесі 36400 га , бадам – 5439 га жерде өсіп, өнім беруде. Бұл – жаңғақтектестер әлемдегі жабайы түрде өсіп тұрған ең үлкен алқаптар. Ол жерде 140 жыл, 400 жыл жасап өсіп тұрған грек жаңғақтарын көр­дік. Ал Өзбекстанда 1000 жыл­­дық тау пістелері бар екен. Көршілерімізбен таулы-қы­рат алқаптары, табиғат пен климат­тық ұқсастығымыз бізде де жаңғақтектестерді өсіруге болатынын меңзейтін сияқты. 

Әлемде жаңғақтектес ағаш­тар­ды өсіруге баса назар ауда­ры­луының себебі қарапайым. Жаңғақ ормандарын өсіру көп шығынды талап етпейді. Ол таулы, шөлейтті жерлерде өсе береді. Жемісі денсаулыққа аса пайдалы. Ақуызға өте бай. Же­місінің құрамында 62-75 пайыз май, 12-25 пайыз ақуыз, 2-25 пайыз көмірсу, минералды заттар мен А, В, С, Е, Р витаминдері, 35-47 пайыз аминқышқылдары бар. 

Кейбір елдерде ауласында грек жаңғағы бар отбасы бай деп саналады екен, себебі екі-үш түп ағаштың жемісі отбасын асырауға жетеді екен. Ертедегі гректер жаңғақ адам­­­­ның физикалық күшін ғана емес, ой өрісін де дамытаты­нын білсе, тарихшы Геро­дот­тың жазуынша, ескі Вави­лон билеу­шілері қарапа­йым адам­дарға жаңғақ жеуге рұқсат бер­меген. Олар езгідегі адам­дар­дың ой-өрісі, физикалық күші артып кетуінен қорыққан. 

Экономикалық тиімділігіне келсек, бір тонна грек жаңғағын өндіру дәл сол көлемде бидай, жүзім өндіруден арзанға түседі. Он түп грек жаңғағы 1 га жерге егілген пістенің майын береді. Бір кило бидайда 2200 калорий болса, бұл көрсеткіш грек жаңғағында 8400-ді құрай­ды. Ол аса қолайсыз жер, кли­мат­тық жағдайларда да өсе береді. Бұл табиғаттың адамға берген үлкен сыйы, өсімдік әле­міндегі теңдесі жоқ жеміс болып есептеледі. Жаңғақ дәнегін «нағыз зүбәржат» деп бекерге атамаса керек. Оның 100 грамы­ның құнары ара балынан 2,5 есе, тауық етінен 4,5 есе, балықтан 7-8 есе, сиыр сүті мен картоптан 10 есе ар­тық. Кейбір халықтар грек жаңға­ғын тоқшылықтың, ұзақ өмір сүрудің символы деп санайды.

Жаңғақтың дәнегі, сү­йе­гі, қабығы, ағашының қабығы, жапырақтары, тамыры, діңі толығымен кәдеге асатын­дық­тан, оны «ағаш комбинаты» деп атайды. Жапырағы ауаның қыш­қылдылығын азайтып, бензин ацетиленнен тазалайды. Э.Циолковский жаңғақ­ты «келешек ағашы» десе, И.Ми­чу­рин оны «келешектің наны» деп дәріптеуі тегін болмаса керек.

Гарвард университетіндегі зерттеулер нәтижесі жаңғақты тұрақты пайдаланатын адамның өмірі 20 пайызға ұзаратынын анықтаған. Жүрек-қан тамырлары, сусамыр, онкологиялық дерттерге шалдығуын 28 па­йызға кемітетінін көрсеткен. Физи­калық тұрғыдан шаршап-шал­дыққанда, салмақ жоғалт­қанда, балалардың дамуына жаңғақ дәнегі өте пайдалы.

Біздің есептеуімізше Қазақ­стан халқы жылына кемінде 64800 тонна жаңғақ пайдалануы қажет. Ол үшін елімізде 500000 га жаңғақ алқабы болуы керек. Ондай мүмкіндік бізде бар.

Тау пістесі (фисташка) жай­лы да осыны айтуға болады. Орталық Азияны тау пісте­сінің отаны деп атаған. Тау беткей­лерінде, қиялы жерлерде жабайы түрлері өседі. Ол жерлерді аза­маттардың экологиялық та­лап­тарды ескермей, отын, мал жайылымы ретінде, рет­сіз пайдалануы тау пісте аумақ­тары­ның көбеюін шектеп, олар­дың сиреп бара жатқаны қын­­жыл­тады. Ыстыққа өте шы­дам­ды, құрғақшылықты көтере­тін әлемдегі бірден-бір жеміс ағашы осы тау пістесі мен бадам. Жылдық жауын-шашын мөлшері 140 мм-ден аспайтын, жазғы ауа температурасы +40° градустан төмен болмайтын Түрік­менстанның Қарақұм шөлінде өсіп, жеміс беруі осы сөзімізге дәлел болады. Жаң­ғақтектестер терең тамыр тас­тау көлемінің кеңдігімен тау беткейлеріндегі ормандардың агромелиоративтік, экология­лық жағдайларын жақсартады. Құздар, өзен, көл жағалауларын эрозиядан сақтайды. Олар топы­рақ құнары өте төмен жерлер­де де өсе береді. 

Қытай, АҚШ, Иран, Түркия, Италия, Франция, Германия елдері жаңғақты өнеркәсіптік маңызы бар салаға айналдырып, оны табыстың үлкен көзіне айналдырған. Ауыл шаруа­шы­лығының жаңа салаларын дамытуға үлкен көңіл бөліп жүр­ген елімізде жаңғақтектес ағаш­тар өсіру қоғамдастығының төр­ағасы, Қазақстанның Еңбек Ері С.Терещенконың бастамасымен «Жаңғақ-2050» кешенді жоспары жасалуда. Бұл бастама ауыл шаруашылығында керемет табыс көзін ашарына күмән жоқ. Бұған тек мемлекеттің қолдауы керек. Себебі жаңғақтектестерді өсіруге мемлекеттік көзқарасты өзгертпей, саусақпен санарлық энтузиастардың күшімен бұл саланы дамытуда үлкен нәтижеге қол жеткізу мүмкін емес.

Сонымен бірге бұл жұмысты ғылыми негізде жүргізудің маңызы өте жоғары. Ең алдымен, ел аумағында өсіп жатқан жаң­ғақтектес жемістердің генофондына қандай түрлері өсетінін, олардың сапалық, сорттық құрамын, қай аумақта қандай жемістерді өсіруге болатынын анықтап, кешенді ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу керек. Ол үшін арнайы питомниктерді, биозертханаларды көбейту талап етіледі. Өкінішке қарай, елімізде осындай мақсатта жұмыс істейтін биозертханалар жоқ. Қолда бары басқа бағыттарға лайықталған. Қаржылық жағдайлары нашар. Питомниктеріміз жаңғақтек­тес ағаштардың көшеттерін өндіруге мамандандырылмаған, аналық бауларымыз аз.

Жоғарыда Орталық Азия жаңғақтектес ағаштардың отаны дедік. Енді олардың Қазақ­стан­ның қай жерлерінде өсе­тініне біздің және «Ботаника институты мен фитоинтродукция» РММ ғалымдарымен зерттеулерімізге қысқаша шолу жасайық.

Алматы облысында грек жаң­ғағы мен жер жаңғағы өссе, Жамбыл облысында грек жаң­­­­ғағы, тау пістесі, Оңтүс­тік Қазақ­­стан облысында тау піс­тесі, грек жаңғағы, бадам, пекан жаңғағының көпте­ген түр­лері үйіргелік жер телім­дерінде өсірілуде. Негізінен жабайы түрде тау беткейлерінде өсіп тұр. Түлкібас ауданының аумағында тау пістесінің – 5, бадамның – 24, грек жаңғағының оншақ­ты түрі бар. Сондай-ақ Қазы­ғұрт, Сайрам, Төле би, Сарыағаш аудан­дарынан да бұл жеміс­тер­дің жүздеген түрлері табыл­ды. Жам­был, Оңтүстік Қазақстан облыстарында тау пістесінің 515 га жерінде 54750 данаға жуық тау пісте ағашының жаба­йы түрлері өсіп тұр. Бұлар­­дың арасында жоғары сапалы, ішкі ядросының мөлшері 50-65 па­йыз  болатын жоғары жаң­­ғақ тектестер де кездеседі. Олар­дың жастары 25-70 жыл арасында. Одан да ұзақ уақыт өсіп тұрған ағаштар бар.

Шымкент қаласы маңын­дағы Бадам орман шаруашылы­ғы­­­ның 3 га жерінде жабайы тау піс­тесі өсіп тұр. Олар теңіз дең­гейі­нен 600 метр биіктікте қа­жет­ті агротехникалық жұмыс­тар­­сыз, суарусыз өнім беруде. Ағаш­тардың биіктігі 4-5 метр, бұтақ жаю диаметрі 7-9 метр, жас шамалары 50-60 жасқа жуық.

Осындай алқаптарды то­лық қоршап, мүмкіндігінше көбей­­т­іп, деградацияға ұшы­рау үдерісін тоқтатып, арнайы мамандандырылған питом­­ник­­тер, лабораториялар құ­­рып, ғы­лы­ми негізде жұ­мыс жүр­гізіл­се, жаңғақтектес ағаш­тар же­мі­сін өнер­кәсіп­­тік тұрғыда табыс көзіне айнал­дыруға әбден болады.

Біздің «Сарыағаш жер сыйы» ЖШС-де осы бағытта бір­шама жұмыстар атқарылды. 2017 жылы Қырғызстан, Өзбек­стан, Тәжікстан, Молдова, Ре­сей ғалымдарының қатысуы­мен семинар өткізілді. Ғалым­дар біздегі жаңғақтектес ағаш­тардың көшеттерін түсіндіру, өсіру технологияларымен танысып, өз тәжірибелері мен ұсы­ныс­тарын ортаға салды. Сол ел­дердің өсімдіктерді өсіру, қор­ғау ғылыми орталықтарымен тығыз байланыста жұмыс істеу­ге келісім жасалды.

Біздің зерттеулеріміз бойынша, аталмыш жеміс ағаштарын Қазақстанның теңіз деңгейінен 400 -1300 метр биік жерлерінде, оңтүстіктен солтүстікке қарай географиялық солтүстік ендік­тің 41°14′ градусынан бастап, 44°15 ′ градусы аралығында, батыстан шығысқа қарай 69°10′- 79°45 ′ градус аралығында ба­тыс­тық бойлық бойларында миллионға жуық гектар жерге өндірістік негізде өсіруге мүм­кіндік бар. Грек жаңғағы, бадам, пекан, тау пістелерінің өсу аймақтарын зерделей келе, оларды үйіргелік жерлерде ғана емес, өнеркәсіптік бау түріндегі плантациялар сияқ­ты егіп өсіруге болатынына көз жеткіздік. Бұл үшін еліміз­дің оңтүстік өңіріндегі тау бет­кейлері, үстіртті, шөлейтті жерлер жеткілікті. Осы мәселеге мем­лекеттік деңгейде назар ауда­рылса дейміз.

Танабай ШЫНТАСОВ, «Сарыағаш жер сыйы»  ЖШС директоры