• RUB:
    5.05
  • USD:
    489.06
  • EUR:
    536.21
Басты сайтқа өту
Үкімет 07 Наурыз, 2018

Тапсырмалар мүлтіксіз орындалуы тиіс

452 рет
көрсетілді

Кеше Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында «Нұрлы жол» бағдарламасын іске асыру жайы, сондай-ақ 2013-2017 жылдарға арналған Қазақстанда діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі мемлекеттік бағдарламаның орындалу барысы және 2018-2022 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламаның жобасы қаралды. Бастамаларға басымдық беріледі.

Алқалы жиында алдымен Үкімет басшысы Елбасы жа­рия­лаған бес әлеуметтік бастама бо­йынша мемлекеттік органдарға тиіс­ті тапсырмалар берді.

«Мемлекет басшысының өз бас­тамаларын арнайы Үндеу арқылы жариялап, онда қазақстандықтарға шынайы алғысын білдіруі оның маңыздылығын арттыра түседі. Бұл – Елбасының халқына ұсынған президенттік әрі перзенттік сыйы. Ол бастамалардың әрқайсысы бүгінгі таңда халықтың көкейінде жүрген ең маңызды мәселелерді қамтиды», деді Б.Сағынтаев. Үкі­мет басшысы халықтың әлеуметтік өміріне түбегейлі өзгерістер алып келетін барлық қадамдар бо­йынша бірыңғай жол картасы әзір­ленетінін айтып, тиісті министр­ліктерге нақты тапсырма­лар жүктеді. «Қашанда халқы­ның жан дүниесіне терең бо­йлап, елінің жүрегіндегі арманын дөп басатын Елбасының бастамаларын мүлтіксіз жүзеге асырып, тия­нақты орындау – бәрімізге сын! Сон­дықтан біз барлық күш-жі­гер­імізді жұмылдырып, Елбасы жүк­теген, ел күткен үдеден шыға бі­луге тиіспіз», деді Премьер-Ми­нис­тр.

Инфрақұрылымды дамытудың даңғылы

Үкімет отырысында инфра­құ­рылымды дамытудың 2015-2019 жылдарға арналған «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасының іске асырылу барысы туралы Ұлттық экономика министрі Тимур Сү­лейменов, Қаржы министрі Ба­қыт Сұлтанов, Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек, сонымен қатар бірқатар облыс әкімдері баяндады.

Мәлім болғандай, мемлекеттік бағдарламаның бірінші бағыты – автожол саласын дамыту аясында 2017 жылы 4,4 мың км автомобиль жолдары жөнделді. Нәтижесінде 2017 жылы 22 автомобиль жол­дарының жобаларында 600 км автожол қайта жаңғыртылған, бұл жоспардың 100 пайызын құ­райды. Ал жыл қорытындысы бо­йынша 528 шақырым жолды ашу жоспарланған.

Екінші бағыт – логистикалық жобаларды жүзеге асыру аясында еліміздің транзиттік әлеуетін арттыру үшін Құрық темір жол паром терминалы іске қосылды. «Осы жоба бойынша жүкті ауыстырып тиеудің жоспарлы көрсеткіші 50 пайызға артығымен орындалып, 1,5 млн тоннаны құрады. Сонымен қатар 2017 жылдың желтоқсан айында Құрық портында автокөлік паром терминалының тестілік іске қосылуы жүзеге асырылды», деп атап өтті Ұлттық эконо­мика министрі Т.Сүлейменов. Ав­токөлік паром терминалының толық құрылысын аяқтау 2018 жыл­ға белгіленген. Оның жобалық қуат­тылығы жылына 2 млн тонна жүк­ті құрайды. Жобаның жалпы қуат­тылығы жылына 6 млн тоннаны құрайды.

«Нұрлы жол» бағдарламасының үшінші бағыты – тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту аясында 2017 жылы жоспарланған 700 км инженерлік жү­йенің 765 км-і жанғыртылды. «Нұр­лы жол» мемлекеттік бағдар­ла­масының шеңберінде ТКШ-ны қаржыландыру елімізде инже­нерлік желілердің тозуы 67 пайыз­дан 60 пайызға төмендеген. Биыл­ғы жылы шамамен 800 км инже­нерлік желілерді салу және қайта жаң­ғырту жоспарланып отыр. Бұл аталған көрсеткішті қосымша 3 па­йызға төмендетеді деп күті­луде.

Төртінші бағыт – апатты мек­теп­терді және үш ауысымдық оқы­туды жою шеңберінде 2017 жыл­дың қорытындысы бойынша жоспарланған 76 мектептің 73 мектебі салынды. Білім және ғылым минис­тр­лігінің ақпаратына сәйкес, қал­ған білім беру объек­тілері ағым­дағы жылдың І тоқса­нының аяғы­на дейін пайдалануға беріледі. Жал­пы, мемлекеттік бағдарламаны іске асыру жылдарында 108 мектеп салынған.

Бесінші міндет – шағын және орта бизнесті инфрақұрылыммен қамтамасыз ету аясында 2017 жылы 20 шағын және орта бизнес жобасы, оның ішінде Қостанай және Алматы облыстарындағы 2 ин­дустриялық аймақ қажетті ин­фра­­құрылыммен қамтамасыз етілді.

2017 жылдың қорытындысы бо­йынша, жеткіліксіз инфра­құрылымды жеткізуге бағытталған 1 теңге бюджет қаражаты жеке сектордан 28 теңге инвестиция­ тартуға мүмкіндік берді. Ин­вес­тицияның жалпы көлемі 410 млрд теңгені құрады.

Алтыншы бағыт – халықаралық қаржы ұйымдарымен жобаларды қоса қаржыландыру аясында 2017 жылы Халықаралық қар­жы ұйымдарымен әріптестік ту­ралы негіздемелік келісім шең­берінде муниципалды жылу және сумен жабдықтау жүйелерін жаң­ғыртуға, шағын және орта бизнесті дамытуға, өнімді инновацияларды ынталандыруға, жұмыс дағдыларын дамыту және жұмыс орындарын құруға, суару және дренаж жүйелерін жетілдіруге бағытталған 15 жобаны бірлесіп қаржыландыруға қаражат бөлін­ген. 2017 жылы келісімдер ратифи­кацияланып және жалпы сомасы 366,4 млн АҚШ долларын құрайтын екі үкіметтік несие жобасы іске қосылды, оның ішінде халықаралық қаржы ұйымдарынан тартылған қаражат 320 млн АҚШ долларын құрады. Бұдан өзге, мемлекеттік кепілдік беру арқылы жүзеге асырылатын екі жобаны іске асыру басталды.

Айтқандай, мемлекеттік бағ­дар­ламаны іске асыруға барлығы 75 мың адам тартылған және пай­даланылған отандық жол-құрылыс материалдарының үлесі 93 пайызды құраған.

Діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл күшейді

Үкімет отырысында қаралған келесі мәселе – Қазақстанда 2013-2017 жылдарға арналған діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі мемлекеттік бағдарламаның орындалу барысы және 2018-2022 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарлама жобасы. Бұл ретте Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары, генерал-майор Нұрғали Білісбеков Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес дайындалған 2018-2022 жылдарға арналған бағдарламаның мақсаты діни экстремизм көріністерін ескерту және терроризм қаупін болдырмау арқылы адамның, қоғамның және мемлекеттің қауіпсіздігін қам­та­масыз ету екенін атап өтті. Жо­баны әзірлеу кезінде 2013-2017 жылдарға арналған Мемлекет­тік бағдарламаны іске асыру нәти­же­лерінің талдау деректері, экстре­мизм мен терроризм қаупін тудыратын жағдайлар мен фактор­лар­дың талдауы, халықаралық озық тәжірибе, мемлекеттік орган­дар­дың, ҮЕҰ-ның және қоғамдық бір­­лес­­тіктердің ұсыныстары еске­рілген.

2013 жылдан бастап елімізде діни экстремизм мен терроризм идеологиясын таратудың себептері мен жағдайларын жою және атаулы ақпараттық түсіндіру жұмыстарын ұйымдастыру жө­нінде 202 комиссия жұмыс істейді.

Мәлімделгендей, аталған ба­ғыт­та жалпы саны 8,1 млн-нан астам адам қамтылған 96,6 мыңнан астам шара өткізілген. Атқарылған жұмыс нәтижесінде 755 «жихадшы» қалыпты жолға көшірілген. Да­йын­дық жұмыстарының бастап­қы кезеңінде 38 террорлық сипат­тағы зорлық-зомбылық экстремис­­тік науқандарының іске асы­ры­луына жол берілмеген. Шетел­де күдікті діни білім беру меке­ме­­лерінен 384 студент елге қай­та­рылған.

Аталған мәселеге қатысты Ұлттық экономика министрі Ти­мур Сүлейменов те сөз сөйледі. Оның айтуынша, мемлекеттік жоспарлау жүйесі құжаттарының талаптарына сәйкес Діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі 2013-2017 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламаның іске асырылуының тиімділігіне бағалау жүргізілді. Бағалау 4 критерий бо­йынша жүр­гі­зілді. Мәселен нысаналы индика­торлар мен нәтижелер көрсет­кіш­теріне қол жеткізу дәрежесі, іс-шараларды орындау толықтығы, бюджет қаражатын игеру деңгейі, нысаналы индикаторларды және нәтижелер көрсеткіштерін жоспарлау.

Ұлттық экономика минис­тр­лігінің мәліметіне сәйкес, бюджет қаражатын игеру деңгейі 95,8 пайызды құраған. «Нысаналы индикаторларды және нәтижелер көрсеткіштерін жоспарлау сапасы бойынша мемлекеттік бағдарлама қабылданған сәттен бастап индикаторлар мен көрсеткіштердің мәндері, іс-шараларды орындау мерзімдері түзетілмегенін атап өтемін», деді Т.Сүлейменов.

Талқылау нәтижесінде 2018-2022 жылдарға арналған мем­ле­кеттік бағдарлама жобасы мақұл­данды.

Динара БІТІК,

«Егемен Қазақстан»