• RUB:
    5.05
  • USD:
    489.06
  • EUR:
    536.21
Басты сайтқа өту
Қазақстан 12 Наурыз, 2018

Сейсмикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету сын көтермейді

758 рет
көрсетілді

Елімізде төтенше жағдайлардың алдын алу, ескерту және олардың зардабын жою саласында қордаланған мәселелер осы депутаттық сауалымызға себеп болып отыр. Осы бірер жылдың ішінде республика бойынша орташа есеппен алғанда барлығы 17 308 түрлі төтенше жағдай болды. Мұның 14843-і техногендік және 2465-і табиғи сипаттағы апаттар. Апатты жағдайлардан бір жылда шамамен 1212 адам қаза тапты, 4016 адам жапа шекті. Бұдан 23 миллиард 591 миллион теңге материалдық шығын келді. 

Биылғы жылғы 11 қаңтарда бір топ Сенат депутаты Сейсмология институтында болып, республиканың барлық аумағының сейсмикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету жұмыстарымен танысты. Сонда анықталғаны, институттың жабдықтары ескірген. Қолданыстағы 63 стансаны толық қайта жабдықтау қажет. Республикалық сейсмологиялық қадағалау желілерін кеңейту үшін жаңадан 52 кешенді станса мен 40 күшті жер сілкінісі бекеттерін ашу керек. «Сейсмология институты» ЖШС, сондай-ақ құрамындағы сейс­мологиялық бақылау станса «Сей­смо­логия тәжірибе-әдістемелік экс­­пе­дициясы» ЖШС стра­тегиялық фун­кцияны атқарады. Бұл ұйымдар қыз­­метінің ба­ғы­ты ұлттық қауіп­сіздік мүдде­лерімен  ұш­тасқан.

Қазіргі кезде олар Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінің құрамында. Бұл жағ­дай институттың мәртебесіне және сейс­мологиялық қауіпсіздік мәселелерін жедел шешуіне кері әсер тигізеді. Сейс­мология институты шаруашылық жүр­гізу құқығы бар республикалық мем­лекеттік кәсіпорны нысанындағы тәуелсіз ұйым болуы керек. Кейінгі кезде республика тұрғындарын сейс­мологиялық қауіптер туралы хабар­ландыру сапасының төмендеуі бай­қалып отыр, ол туралы Алматы әкім­дігі және басқа мемлекеттік органдар бірнеше рет ескерткен. Алматы қала­сы­ның сейс­ми­калық қауіпті аймақта орна­лас­қан­дығын ескере отырып, Астана қала­сын­да сейсмологиялық мәліметтерді жи­нау мен өңдеудің қосарлы орталығын құру қажет. Мемлекеттік атқарушы билік орындары Қазақстанның кез келген аумағынан тиісті ақпарат алып тұруға тиіс.

Жалпы, бұл бағыттағы жұмыстарды жандандыру үшін сейсмикалық тұрғыдан қауіпті оңтүстік-шығыс өңірдің және пайдалы қазба байлықтарының қарқынды өндірілуіне орай техногендік жер сілкінісі қатеріне ұшырауға бейім аумақтардың «Сейсмикалық шағынаудандастыру картасын» жасау үшін Сейсмология институтының жұмыстарын бюджеттік қаржыландыруды қарастырған жөн. Сонымен қатар сейсмологиялық мониторингтеудің біртұтас респуб­ли­калық жүйесі, күшті жер сілкінісі жағдайында мемлекет пен шаруа­шылық субъектілерінің және халықтың өзара қарым-қатынасын заңдық тұрғыдан реттейтін «Сейсмикалық қауіпсіздік туралы» заңнамалық құжат қажет деп білеміз. Осыған орай Үкімет тиісті қаулы шығарған жөн. Аталған заң еліміздің аумағындағы барлық субъектілердің экономикалық және қоғамдық тәртібінің міндетті ережелері мен нормаларының жиынтығы болып, бұған тыйымдар мен шектеулер тізімі де енгізілер еді. Ал әзірге «Ұлттық қауіпсіздік туралы», «Азамат­тық қорғаныс туралы» және басқа да қолданыстағы заңдарда сейсмикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету проблемалары толыққанды көрсетілмеген.

Осыған қатысты біз Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаевтың атына депутаттық сауал жолдап, жоғарыда аталған мәселелерді шешу үшін жедел шараларды қолға алуды ұсынып отырмыз.

Аңсар МҰСАХАНОВ,

Сенат депутаты