Кеше Қазақстан Парламенті Сенатында Түркітілдес мемлекеттер Парламенттік Ассамблеясының (ТүркПА) Әлеуметтік, мәдени және гуманитарлық мәселелер комиссиясының отырысы болды, деп хабарлады Парламент Сенатының баспасөз қызметі.
Отырысқа қатысушылар – Қазақстан, Түркия, Әзербайжан, Қырғызстан парламентшілері, сондай-ақ ғылыми орта мен қоғамдық ұйымдардың өкілдері түркітілдес мемлекеттердің мәдени-рухани байланыстарын одан әрі тереңдету мәселелерін талқылады.
Отырыста сөз алған Әлеуметтік, мәдени және гуманитарлық мәселелер комиссиясының төрағасы Ғарифолла Есім былтырғы қазан айында Алматыда болған Түркітілдес елдер ынтымақтастық кеңесі алғашқы саммитінің нәтижелеріне тоқталды. Атап айтқанда, саммитте Президент Н.Назарбаевтың қазіргі заманғы түркі әлемінің даму мәселелерін талқылау жөніндегі 2012 жылы Түркістанда симпозиум өткізу, сондай-ақ Әзербайжан Президенті И.Алиевтің түркітілдес мемлекеттердің мәдени қорын құру туралы бастамалары қолдау тапқан болатын.
Отырысқа қатысушылар назарына қазақстандық тараптан ұсынылған «Білге-Қорқыт» бағдарламасы тұжырымдамасының жобасына қатысты Ғ.Есім оның мазмұнына тоқталып, жүзеге асыру жайындағы өз ойларын ортаға салды. Қазақстандық парламентшінің айтуынша, бағдарламаны іске асыру түркітілдес халықтардың мәдени, ғылыми және гуманитарлық салалардағы байланыстарын дамытуды саралауға, түркілік ықпалдастықты одан әрі тереңдетуге қосылған маңызды үлес болып табылады.
Отырыста сөз алған парламентшілер М.Аташ, С.Валиева, Н.Джафаров, К.Огут түркі әлемінің тұтастығын сақтау, жалпы әлемдік өркениеттің маңызды бөлігі – түркі өркениетінің мәдени-рухани құндылықтарын зерттеу қажеттігіне назар аударды. Отырысқа қатысушылар «Білге-Қорқыт» бағдарламасы Тұжырымдамасының жобасын мақұлдай келіп, оны одан әрі жетілдіру жайында айтты. Түркітілдес мемлекеттер Парламенттік Ассамблеясының (ТүркПА) Әлеуметтік, мәдени және гуманитарлық мәселелер комиссиясының кезекті отырысын алдағы жылы Бішкекте өткізу жоспарланды.