• RUB:
    5.47
  • USD:
    473.29
  • EUR:
    512.81
Басты сайтқа өту
29 Қараша, 2011

Жаңа…

225 рет
көрсетілді

...жеміс қоймасы Талдықорғандықтар жыл он екі ай бойы «Жерұйық» ком­му­налдық базарынан бағасы төмен азық-түлік түрлерін алады. Енді тұтынушылар жаңа ашылған жеміс-жидек қоймасы арқылы ба­ға­сы қолжетімді жеміс-жидек, көк­өніс­пен қамтылатын болды. Азық-түлік белдеуін қамтама­сыз ету және үдемелі индус­трия­лық-инновациялық даму бағ­дар­ла­масын жүзеге асырудың шешуші қадамы ретінде жүзеге асқан кешеннің жұмысы нәтижелі екенін шаһарлықтар сезіне бастады. 400 тонна жеміс сақтауға арнал­ған қойма құрылысына 60 миллион теңгеге жуық қаржы жұм­салыпты. Құрылысты «Damu KM Group» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі белгіленген мерзімде пайда­ла­нуға берді. 2013 жылы осы маңдағы алма бағының өнімділігі 600-700 тоннаға жетеді деп жоспарланған. Сол кезде қой­маға сырттан өнім тасу тоқта­ты­лып, өз өнімдерін сақ­тау­ға толық мүмкіндік туады. Ал жаңа жеміс қоймасының жабдықтарын құрастыру және іске қосумен қытайлық мамандар айналысқан. Күмісжан БАЙЖАН, Алматы облысы.   ...балабақша пайдалануға берілді Темір ауданының Қопа ауы­лында «Балапан» мемлекеттік бағ­дарламасы аясында салынған елу орындық «Балдырған» бала­бақ­шасы пайдалануға берілді. Атал­ған бағдарламаны жүзеге асыру барысында осы ауданда  он балабақша бүлдіршіндерді қа­был­дап үлгерген. Ал «Балдырған» бақшасының құрылысы үстіміздегі жылғы мау­сым айында басталған екен. Оны «Батыс Құрылыс LTD» ЖШС қысқа мерзімде сапалы аяқтап отыр. Бұдан басқа ауылдағы орта мектептің жанында 25 орындық шағын орталық жұмыс істейді. Жаңа балабақша асханамен, бас­қа да барлық талапқа сай жаб­дықтармен жабдықталған. Мерекелік жиында ауыл ақ­са­қалы Кәкім Өтеуов пен «Қос шы­нар» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Ғалымжан Байдербес қо­па­лықтарды қуанышымен құт­тық­тап, балабақшаның лентасын қиды. Сатыбалды СӘУІРБАЙ, Ақтөбе облысы.   ...лифтілер орнатылуда Екібастұз қаласында жылдар бойы тұрған, істен шыққан бұл қондырғыларды жөндеуден өткі­зу, ал пайдалануға жарамсыз­да­рын жаңа үлгідегі құрыл­ғы­лар­мен ауыстыру жұмыстары жүр­гі­зілуде. Жалпы, облыстағы үш қалада барлығы 1683 дана лифт бар болса, оның 273-і кеншілер қаласына тиесілі.Осылардың 65-і тоқтап қалған-тын. Өткен жылы қалада 26 лифт қалпына келтірілді. Ал, жуырда қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі Өзбекстанда жасалған 19 лифтіні қабылдап алды. Жаңа қондырғылар заман талабына сай жабдықталған. Көп қабатты үйлерге бұл лифтілерді  «Павлодарлифт» серіктестігі ор­натуда. Пайдалану мерізімі – 25 жыл. Тұрғындар лифтілердің қызметін арнайы карточка жүйесі арқылы пайдалана алады. Төлеу ақысын қызмет көрсететін кәсіпорын анықтайды. Фарида БЫҚАЙ, Павлодар облысы.