• RUB:
    5.04
  • USD:
    490.84
  • EUR:
    536.88
Басты сайтқа өту
Әлем 15 Наурыз, 2018

Түрік ақыны Юнус Эмре жырлары қазақ оқырмандарына жол тартты

682 рет
көрсетілді

Есімі бүкіл түркі әлеміне кеңінен танымал түрік ақыны Юнус Эмре жырлары барша қазақ оқырмандарына жол тартты. Эмре өлеңдерін түпнұсқадан қазақ тіліне аударған Қазақстанның Түркиядағы елшілігінің қызметкері, жазушы Мәлік Отарбаев. Алматыдағы Ұлттық кітапханада жуырда ғана жарық көрген жауһар туындының тұсауы кесілді. «Ан Арыс» баспасынан шыққан су жаңа кітап «Жырлар» деп аталады.

Түркі әлеміндегі сопы­лық поэзияның аса көр­некті өкілі Юнус Эмре Қожа Ахмет Ясауи бабамыздың ілімін жал­­ғастырушы рухани шә­кі­­рттерінің бірі саналған. Бар өмірін имани әлемге ба­ғыштаған оның өлең-жыр­лары Түрік елін­де зор та­ны­малдылыққа ие. Мәлік Отар­ба­ев Эмре өлеңдерін аудару оңайға соқпағанын, тіпті кейбір өлеңін аудару барысында бір айдан аса уақыт кеткенін айтты. Дегенмен, ау­дарма кезінде Юнус Эмре тілінің қазақ тіліне өте жа­қын екені байқалған.

«Түпнұсқадан аудар­ға­­нымыз әлдеқайда жеңіл бол­ды, неге десеңіз, ауда­рма барысында қазір түрік ағай­ындардың мүлде қол­­данбайтын сөздерін кез­дес­тір­дік. Мәселен Юнус Эмре дәл біздің тіліміздегідей «қашан?» деп жазады. Ол сөздің орнына қазір түрік ағай­ындар «не заман?» деген сөз­ді қолданып жүр. Айта бер­сек мұндай ұқсастықтар өте көп. Сондықтан Эмре өлең­дері бізге бөтен емес. Өлең­дердің қазақ тіліндегі көр­кем аудармасын ақын Дәу­летбек Байтұрсынұлы жа­сады», дейді Мәлік Отар­баев.

– Эмре шығармаларын ау­дару осыдан 5-6 жыл бұ­рын басталған. Кітап бас­паға жі­берілер алдында қазақша ау­дармамен қоса түрікше түп­нұсқасын берейік деген ұсыныс түсті. Кітап кө­лемі 27 баспа табақты құ­ра­ды. Аударма барысында түпнұсқадан мейлінше алыс­тамауға тырыстық. Эмре жырлары Ясауи хик­мет­терімен үндес, – дейді кі­тап редакторы Кәдірбек Құ­ныпияұлы.

Қазақстанның Түркия­да­ғы Төтенше және өкілетті ел­шісі Абзал Сапарбекұлы кітап алғысөзінде аталған туынды тамырлас екі ел ара­сындағы рухани байла­ныс­ты одан әрі нығайта тү­сетінін, Юнус Эмренің қазақ жұртына танылуы рухани өміріміздегі айрықша атап өтуге татитын үлкен жа­ңа­лық екенін жаз­ған. Оның сөзінше, Абай, Мұ­қа­ғали шығармаларынан бас­тау­ алған осынау әдеби үрдіс бо­лашақта да жал­ға­сын тап­пақ.

Шараға қатысқан зия­лы қауым өкілдері де бұл бас­тама түбі бір түркі хал­ық­тарының бірлігін артты­рып, рухани үндестікке же­те- л­ейтін игі қадам деп ба­ға­лады.

– Қазақстан мен Түркия арасындағы саяси эконо­ми­калық байланыстармен қатар әдеби-мәдени қа­рым-қатынастар да ба­рын­ша өрістеп келеді. Со­ның бір дәлелі екі ел көр­кем сөз шеберлерінің шы­ғар­маларын аударып, таныс­тыру ісі кеңінен жолға қой­ыла бастады. Қазақ оқыр­ман­дарының қолына тиіп отыр­ған Юнус Эмренің «Жыр­лары» оқырман қау­ым­ның көңіліне шуақ себе­ді деп сенеміз. Бұл екі ел үш­ін, әсіресе, бауырлас екі елдің өлең сүйер ой­лы оқыр­мандары үшін аса қуа­нышты жағдай. Ата­жұрт пен Анажұрт ара­сындағы әдеби байланыстарымыз бұдан әрі де мәңгі гүлдене бергей! Анкара мен Астана арасындағы «алтын көпір» әдеби-мәдени қа­рым-қатынастарымызды бо­­лашақта да нығайтып, бү­кіл түркі әлеміндегі туыс ха­лықтар бірлігіне қызмет ете­ді деп сенемін, – деді кі­тап таныстырылымына Тү­рік елінен арнайы келген Қожа Ахмет Ясауи атын­да­ғы Халықаралық қазақ-тү­рік университетінің Өкі­лет­ті кеңес төрағасы Мұса Йылдыз.

Ойлы оқырманға жол тартқан жауһар жыр­лар туынды­сы Қазақстан Рес­пуб­ли­­ка­сы Ұлттық кітап­ха­на­сы­ның қорына табысталды.

 

Арман ОКТЯБРЬ,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ