• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Қазақстан 24 Наурыз, 2018

Ақтөбе аймағында Наурызды мерекелеу бір айға созылмақ

286 рет
көрсетілді

Ақтөбе аймағында Наурыз мерекесін тойлау мен атап өту мерзімі тұтас бір айға созылмақ. Бұл кез 14 наурыз бен 14 сәуір аралығына тұспа-тұс келеді. 

Соның ішінде шоқтығы биік саналуан іс-шаралар өңірде өткен 22-наурыз күні өткізілді. Оның қай-қайсысына да бірінші кезекте әлеуметтік сипат пен басымдық берілгені Ақтөбедегі наурыз тойының ажарын аша түсті. Ұлттық нақыштар мен ежелгі салт-дәстүрлерімізге сай өрнектеліп жасақталған киіз үйлердің әрқайсысы облыста биылғы жылы жүзеге асатын әлеуметтік жобалардың атауларын алды. Айталық биыл облыста «Аналарға тағзым» әлеуметтік жобасы қолға алынды.

Сондай өңірде 2018 жыл –Балалар жылы деп белгіленді. Міне, мәні мен сәні келіскен киіз үйлер атаулары осындай бағытпен жалғаса береді. Тойлау мен ойлау және түр мен мазмұн бір-бірімен тығыз үйлесім табуы да Ұлыстың Ұлы күніне тән құндылықтарды байыта түсті. Сондай-ақ наурыз мейрамы құрметіне орай облыс аумағында жиырма әлеуметтік нысан пайдалануға берілгені де басты артықшылық пен өзгешеліктің бірі. 

Негізгі шара ҚР Президенті атындағы саябақ ауданында, яғни Әбілқайыр хан даңғылының бойында мәреге жетті. Мұнда «Наурызым –құт –береке!» атты мерекелік думан мен театрландырылған және гала-концерттер қойылып, өңір тұрғындарын Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев жаңғыру мерекесімен құттықтап сөз сөйледі. 

Осыжерде ұзындығы бір километрге жуық павильондар қатары орналастырылып, ақтөбеліктер оған тегін қойылған 10 тонна бауырсақ пен 13 мың литр наурыз көжеден дәм ауыз тиді. Осы орайда қосып, айта кетерлік мәселе Ақтөбе аймағында орныққан тағы бір құптауға тұрарлық үрдіс бар. Наурыз күні облыс орталығындағы мейрамхана-кафелер мен асханалар жүйесінде және барлық қоғамдық тамақтандыру орындарында оған келген клиенттерге бауырсақ пен наурыз көже тегін ұсынылады. 

Жоғарыда аталып өткендей Ақтөбе аймағындағы наурыз рухын ту еткен шаралар тек бір күннің аясымен шектелмейді. Бұлардың дені бірінші кезекте әлеуметтік жағынан аз қамтылған азаматтар мен балаларды, сонымен бірге көп балалы аналар мен соғыс және еңбек ардагерлерін моральдық және материалдық тұрғыдан қолдауға бағытталып отыр. 

Темір Құсайын,

"Егемен Қазақстан"