• RUB:
    5.04
  • USD:
    490.84
  • EUR:
    536.88
Басты сайтқа өту
Қазақстан 02 Сәуір, 2018

«Сүт көп, көмір аз...»

1365 рет
көрсетілді

Ауылға арқа сүйеген аймақтың адымы алшаң болып, асығы алшысынан түсетіні анық. Өйткені аграрлық саланың өркендеуі «бір оқпен екі қоянды атып алғандай» әсер береді. 

Айталық, ауыл шаруашы­лығының дамып, мол өнім өн­діре бастауы сол ай­мақтағы эко­номикалық қабілеттілікті анық­тайтын басты көрсеткіш бола алады. Өндірістің жолға қойылуы өз алдына, еңбек кү­шіне сұраныс туып, адамдарға жұмыс табылады. Әрі біздің аграрлық саладағы өндіріс көзі 100 пайыз табиғи өнім бере­тін­дігімен де ерекшеленеді. «Ауылға арқа сүйегеннің асығы ал­шысы­нан түседі» деуіміздің бір себебі осы. Ендеше, осы са­ланың өркендеуіне мемлекет те, жеке кәсіпкер де мүдделі болуы керек. Нәтижеге қол жеткізу мен табысқа кенелу жер-жер­дегі бірлескен жұмыстың беталысынан басталады. Діттеп келгенде ішкі нарықты қамту мен сыртқы нарықты кеңейту міндеті тағы бар. Қуаныштысы, аймақ­тардағы бұл әрекет берекелі болып тұр.

Мысалға, былтырғы жылдың дерегі бойынша Алматы облысында ауыл шаруа­шы­лы­ғының жалпы өнім көлемі 647,6 млрд теңгеге жетіп, нақ­ты көлем индексі 103,3 пайызды құрады. Бұл аграр­лық бағытта жүргізілген сан-са­лалы жұмыстың жемісі. Бір бағытты, аймақ­тағы сүт өндіру ісін алайық. Сол 2017 жылы сүт дайындау мен сүт өнімдерін шығару 103,8 пайызға жетіп, 719 мың тонна ағарған дайындалған. Мұндай көрсеткішке қол жеткізу үшін қанша бас сиыр сауылуы керектігін және оның айналасында жүздеген адамның жұмыс істеп жатқанын ойша есептеп көріңіз...

Талдықорғанда «JLC Сүт» атты зауыт бар. Заты бірлескен кәсіп­орын бол­ғанымен, жергі­лікті шикізатты тұты­натын бі­регей өндіріс. Осы «JLC Сүт­тің» өнімі облысты толық жаулап, Алматы қаласының тұтыну нары­ғына дендеп еніп барады. Демек, сапа мен баға сая­сатына қатысты сұрақ туындамайтыны анық. Болмаса, арғы жағы Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан облысынан келетін табиғи сүт өнімдерінің сыртында, Ре­сей мен Қырғызстанның пастерленген сүтіне көміліп жатқан мегаполис тұты­нушыларының таңдауына ілігу қиын іс. Қала іргесіндегі «Фуд­мастер», «Адал» сияқты ал­пауыт­­тар тағы бар...

Тоқетерін айтқанда, осы «JLC Сүт» зауы­ты ауылдағы өнім дайындаушылар­мен қа­рым-қатынасты жақсы жол­ға­ қойып отыр. Сөзімізге сүт зауы­тын ­шикізатпен қамтуға үлес қосып отыр­ған Қаратал ауда­нын­дағы «Тастөбе Агро­фуд» серіктестігінің тіршілігі дәлел. Үш жылдай уақыт бұрын құрылған серіктестіктің иелігінде бүгінде 700 бас­тан асатын асыл тұқымды ірі қара бар. Же­ліні жер сызған 410 сиырдан тәулігіне 6 тоннадан астам сүт сауылады екен. «Сиырдың сүті – тілінде» дегендей, асыл тұқымды мал сүтінің құрамы да бөлек болады екен. Майлылығының үлесі өте жоғары деңгейде – 4,3 пайызды құрайды. Сүт зауытының іздегені де осы болса керек, шаруашылық өндіретін сүтке деген сұранысты арттырып келеді.

«Тастөбе Агрофуд» серіктес­тігінің жұмысы жаңаша ұйым­дастырылуымен де ерекшеленеді. Ауыл шаруашылы­ғында да цифр­­лан­дыру талабы жүзе аса бас­тағанын осы жерден көруге бола­ды. Фермадағы жұмыстың дені автоматтандырылған, бір жүйеде атқарылады. Сиырлар неміс технологиясымен, бір мезетте арнайы құрылғымен сауылады. 24 сиыр сауа алады және мал мен жалпы жұмыс процесінің бар­лық деректері «Dairy plan» жүйесінде жұмыс істейтін сауын аппараты бірден 24 сиырдың сүтін жинай алады. Әри­не, тұтастай автоматтандыру адам еңбе­гіне сұранысты жойып жібермейді. Серік­тестікте 65 адам жұмыс істейді. Әлеуметтік қорғау да басты назарда. Ферма басында жұмысшыларға арнап 15 тұрғын үй салып қойған. «Тастөбе Агрофуд» ЖШС директоры Шыңғыс Ахметов келешекте мал басын көбейтіп, сүтті сиырдың санын екі есе арттырмақ ниетте.

Айтпақшы, таяу болашақта Алматы облысында отбасылық тауарлы-сүт фермаларының са­ны көбеймекші. Жоспарланған 350 ферманың әрқайсысы кемі 100 бас сиыр сауылатындай талаппен ашылмақ. Жазға салым осындай 50 орын дайындалады. Нәтижесінде, аймақта биылғы жылы сүт өндіру 3 есеге дейін өсіп, өңдеу деңгейі 43 пайызға жетеді деп күтілуде.

Мұның сыртында, Прези­денттің бес әлеуметтік баста­масын­дағы «Шағын несие беруді кө­бейту» бағыты да жетісулық іскерлердің қолайына жағатын сияқты. Облыс бойынша былтыр жалпы құны 4,3 миллиард теңгені құрайтын 840 шағын несие таратылған. Мұның дені ауыл шаруашылығына бағытталған несие көзі. Бірақ есептелген қа­ражат жетпей қалып, 3148 адам қаржыдан қағылған екен. Бас­таманың шарапатымен бұл кедергі жойылатыны анық.

Қалай болғанда да, қазір ел іші мал басын көбейтуден ұтыл­­майтынын, әсіресе асыл тұқымды түлік өсірудің тиім­ділігін түсініп қалды. Облыстағы отбасылық тауарлы-сүт ферма­ларының са­­нын арттыру бұл ниетті әрі қа­рай ілгерлететіні сөз­сіз. Демек, жетісулықтар «Сүт көп, көмір аз» дейтін күн келді.

Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ,

«Егемен Қазақстан»

Алматы облысы