Еліміздің байтағына, мемлекеттің мақтанышына айналған Астананың тыныс-тіршілігіне қатысты кез келген түйткіл Елбасының назарынан тыс қалған емес. Мемлекет басшысы тіпті әрбір нысанның атауына да зор мән беретіні белгілі. Елорда төріндегі кейбір ғимараттардың эскизін сызып, халық көңілінен шыққан ұлттық нақыштағы атауларды да өзі қоюы – соның айғағы.
Президент өткен аптада елорданы одан әрі дамыту жөніндегі кеңес барысында да қала инфрақұрылымын жетілдіруді, тұрғындарға неғұрлым оңтайлы жағдай жасауды тапсыра отырып, бірқатар түйткілді мәселелерге назар аударды. Соның бірі – ономастика. Расында да бұл төңіректе елімізде мәселе көп екенін «Егемен Қазақстан» былтыр («Алматыда 34 Әуезов, 24 Абай көшесі бар» - 19.01.2017) жазған болатын. Өкінішке қарай, мұндай түйткілдер, соның ішінде шетелдік сөздермен қойылған алашұбар атаулар аттап басқан сайын кездесетіні рас.
Астана тарихы туралы айтқанымызда есімізге ел тағдыры үшін маңызды болған тарихи шешім оралады. Осыдан жиырма жыл бұрын елдің экономикалық және геосаяси мүддесіне байланысты Президент Н.Ә. Назарбаевтың бастамасымен Қазақстанның байтағы Алматыдан Астанаға (ол кезде Ақмола) көшірілген еді. Қаланың архитектуралық бейнесін қалыптастырар сәтте Нұрсұлтан Назарбаевтың оған еуразиялық рең беру қажет деген ұсынысы негіз етіп алынып, аз уақытта қала бейнесі айтарлықтай құлпырып шыға келген болатын. Осылайша жеделдетілген құрылыс қарқыны айналдырған оншақты жылдың шамасында Қазақстанның даласынан заманауи модернизацияланған, қайталанбас бейнесі бар қала тұрғызуға мүмкіндік берді. Жыл өткен сайын Астана қызмет көрсету саласы дамыған ірі мегапоислке айналып, жүздеген дәмхана мен мейрамхана, дүкендер, көңіл көтеру ошақтары мен сауда үйі ашылды. 2002 жылы Үкіметтің кеңейтілген мәжілісінде Елбасы қаладағы қаптап кеткен ағылшын тіліндегі нысандардың атауларын сынға алғаны естеріңізде шығар. Айтылған сыннан кейін 700-ден астам атау қазақшаланған болатын. «Синема сити» − «Самұрық», «Европа Палас» − «Ақ сұңқар», «Сити Маркет» − «Қазына» болып шыға келді. «Улыбка» ательесі – «Жібек» ательесі, «Уют» жиһаз дүкені – «Жайлы» жиһаз дүкені, «Золотой ключик» балалар әлемі – «Алтын кілт» балалар әлемі, «It,s skin» корей косметикасы – «Ару», «Щин-щин» мейрамханасы «Жұлдыз» болып өзгертілгені де сол кезде еді.
Одан бері де біраз уақыт өтіп, қаланың ажарын ашатын, сән-салтанатын арттыратын талай ғимарат салынып үлгерді. Осыдан оншақты жыл бұрын шетелдік фильмдерден көріп қана жүретін мұндай үйлер көрікті ауласымен, сәулетті архитектурасымен көздің жауын алып, нарықтағы өтімді мүлікке айналды. Алайда мәдениеттер тоғысы мен ақпарат алмасу жылдамдығынан тұрғын үй-жай кешендерінің атауы да англицизм үрдісіне тез ұшырап, бүгінде ойымыз да, бойымыз да бір жола үйренісіп кеткендей. Астанада аттап басқан сайын кездесетін шетелдік атаулар өзге елде жүргендей сезім қалдыратыны да жасырын емес. Қаладағы премиум, бизнес-класс тобына жататын кешендердің атауын өзге тілде қоюдың басты себебі өзге нысандардан ерекшелеу әрі болашақ тұрғындардың статусын аңғартудан туындаса керек. Тіпті құрылыс девелоперлері ағылшынша атауды қою арқылы құрылыс жұмыстарына шетелдік сәулетшілердің қолтаңбасы қалғанын осылайша меңзеп жатады. Елдегі жылжымайтын мүлік нарығына арналған итернет-алаң kn.kz сайтында Астанада 563 тұрғын-үй кешеніні бар екендігі көрсетілген. Санап шықтық, оның 250-ге жуығына өзге тілдегі атау беріліпті: 7 бочек, Alanda, Art House, Bi Village, Caspian Palace, Castle House, Family Town, KingHouse, Pioneer, Smart House, Анфилада, Авиценна, Дельфин, Титаник, Лазурный квартал, Солнечный және басқа. Ағылшын тілді семантикалар арқылы нысанға элиталық, қазақша айтқанда ақсүйектік мән үстеу үрдісі тұрғын үйлерге ғана қатысты емес, елордадағы үлкенді-кішілі сауда орталықтары мен түрлі қоғамдық орындар атауы арасында да кең етең жайған. Мысалы, 2ГИС қалалық ақпараттық орталығына Астана аумағы бойынша 141 ойын-сауық, сауда орталығы тіркеліпті. Festival Avenue, Мечта, Магнит, Москва, Лаванда, Адлан, Интерьер City, Домашний, Радуга, Citrum, Armada, Happy, Караван сияқты 40 пайызға жуық кешен атауы өзге тілде аталған.
Елестетіңізші, Н.Назарбаев атындағы халықаралық әуежайынан түсе қалған жолаушы заулатып отырып қала орталығына келіп кіргенде, ең алдымен MEGA Silk Way, қытайлық үлгідегі «Пекин палас», «Москва», «Санкт-Петербург», «Абу-Даби плаза» сынды зәулім ғимараттар көзге түседі. Таңғалатыны жоқ, қисапсыз «тауэр», «палас», «плаза», «хаус» сынды қосымшалар кез келген дамыған елдердің үлкен қалаларында толып жатыр. Алайда Егемен Қазақстанның жаңа астанасы – ел дамуының жаңа философиясының көрнекі бейнесі емес пе? Олай болса жоғарыдағы композициялық ала-құлалық ел орталығының ішкі сәулеті мен безендірілуіне, көркемдік тұтастығына айтарлықтай нұқсан келтіреді деп ойламайсыз ба? Осыған орай, қаладағы нысан атын қоюдың, бекітудің заңдылығы мен нақты талаптарын білгіміз келіп, Астана қаласының сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасына хабарластық. Басқарма «Қазақстан Республикасындағы Тіл туралы» заңында көрсетілген мына баптарды алға тартты. «Заңның 19-бабына сәйкес бірлескен, шетелдік ұйымдардың атаулары мемлекеттік тілде және орыс тілінде транслитерация арқылы жазылуы керек. Қазақстанда мемлекеттік тіл – қазақ тілі. Атауы ағылшын әрпімен тіркелген куәлікте міндетті түрде кириллицаға транслитерация болу керек», деп жауап берді басқарма басшысы Т.Қышқашбаев. Оның сөзінше, меншік иелері кәсіпорын атауларын Астана қаласының Әділет департаментінде өзі қалаған тілде тіркетіп алып, басқарманың қойған талаптарын ескере бермейтін көрінеді. «Осы тұрғыда үлкен қиындықтар бар. Негізінде Әділет департаменті қызметкерлері заңның талаптарын нақты сақтап, ағылшын тілінде жазылған маңдайша атауларын тіркемеу керек», деген басқарма басшысы жауапкершілікті Әділет департаментіне артқанымен, нысан атын қоюдың, оның ішінде елордасы Астана ғимараттарының атауын бекітуге қатысты нақты бір талаптарды атамады. Байқағанымыздай, Астана әкімдігі әзірге сыртқы жарнама мен көрнекі ақпарат мәтіндерінің грамматикалық және стилистикалық қателіктерін түзетумен ғана шектеліп отыр.
Ендеше басқа басқа, дәл осы Қазақстан тәуелсіздігінің бойтұмарындай болған Астанадағы ғимараттарға атау беру, қайта атау мен өзгерту кезінде тарихи, географиялық, табиғи және мәдени ерекшелікті ескеруді ұмытпағанымыз абзал. Өйткені мұның артында жаһанданудан бұрын, бүгінгі әлемдік өркениет биігіне ұмтылған қуатты Қазақстанның жасампаздығы жатыр. Бұл тарапта Елбасымыздың өзі айрықша мән беріп, елорда төріндегі кейбір ғимараттардың эскизін сызып қана қоймай, қазақша ұтымды атаулар қойғаны баршамызға мәлім. «Бәйтерек» монументі, «Ақорда» резиденциясы, Тәуелсіздік сарайы, «Хазірет Сұлтан» мешіті, «Астана Арена» стадионы, «Хан Шатыр» ойын-сауық орталығы тәрізді оқ бойы дараланып тұрған ғимараттар сәулетімен ғана емес, тауып қойылған айбарлы атауымен-ақ халқымыздың жүрегінен орын тапты. Бұл – еліне деген ілтипаты ерекше Мемлекет басшысының бас болып барлық сәулетшілерге, инвесторлар мен құрылысшыларға көрсеткен үлгісі екені анық.
Ая ӨМІРТАЙ,
«Егемен Қазақстан»