• RUB:
    5.09
  • USD:
    487.37
  • EUR:
    532.94
Басты сайтқа өту
12 Сәуір, 2018

Батыс Қазақстан облысында биыл 513 мың га алқапқа егін егіледі

787 рет
көрсетілді

Батыс Қазақстан облысы диқандары көктемгі егіске дайын. «Өңірде агротехникалық жұмысты сапалы атқаруға мемлекет тарапынан барлық қажетті жағдай жасалған. Биыл өсімдік шаруашылығы саласын қолдауға субсидия түрінде 1 млрд. теңгеден аса қаржы бөлінді» деп мәлімдеді Батыс Қазақстан облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Сатқан Өмірзақов.

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатына «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ БҚО филиалының директоры Ерлан Нысанғалиев пен «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» БҚОФ бөлім басшысы Азамат Ахметов те қатысты. 

Сатқан Өмірзақовтың айтуынша, 2017 жылы ауыл шаруашылығы дақылдары егіс алқаптарының құрылымын әртараптандыру бойынша Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі мен облыс әкімдігі, «ҚазАгро» АҚ және «Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы» АҚ арасында 2017-2021 жылдарға арналған төрт жақты меморандумға қол қойылған.

- Биыл көктемгі далалық жұмыстарға облыс бойынша 630-ға жуық шаруашылық қатысады. 2018 жылы жалпы ауыл шаруашылығы дақылдарының алқабы 513,5 мың га болады деп отырмыз. Бұл былтырғыдан 11,9 мың га артық. Соның ішінде майлы дақылдар алқабы 61,0 мың га болады деп күтілсе, күнбағысты 48,0 мың гектарға (2017 ж. – 42,8 мың га) жеткізу ойда бар. Картоп және көкөніс-бақша дақылдары алқабы 9500 га болады. Оның ішінде картоп - 4 200 га, көкөніс дақылдары - 3 600 га, бақша дақылдары – 1 700 га болса, диқандар ішкі нарықты толық қамтып, көршілес өңірлерге де шығара алады, - дейді Сатқан Ержанұлы.

Дәл қазір далалық жұмыстарға 4215 трактор, 4965 тұқым сепкіш, 811 культиватор және «Джон Дир», «Флексикойл», «Кейс», «Хорш» маркалы өнімділігі жоғары егіс кешендері дайын тұр екен. «Техникалардың дайындығы 98%! – дейді өңірлік ауыл шаруашылық басқарма өкілі.

Жоғарыда аталған жұмысты атқару үшін облыста 12 мың тонна дизель отыны қажет. Сәуір айына – 5 мың тонна, мамыр айына – 7 мың тонна қажет болса, бұл дизель отынын жеткізуші оператор - «Батыс Арна» ЖШС болып бекітілді. Дизель отынының бағасы литріне 141 теңге. Қазір тауар өндірушілер мен «Батыс Арна» ЖШС арасында келісімшарт жүргізіліп жатыр.

- Тұқымдық дән мәселесінде де еш іркіліс жоқ. Облыста 23,5 мың тонна жаздық дақылдар тұқымы әзірленді, ол қажеттіліктің 113,3%-ын құрайды. Өңірде жоғары репродукциялы тұқым өндірумен бір элиталық тұқым шаруашылығы және бес тұқым шаруашылығы айналысуда. Олар 6,8 мың тонна тұқым өндіріп, 3,5 мың жоғары сапалы аудандастырылған дәнді дақылдар сорттарын сатуға әзір отыр. Соның ішінде жаздық бидай – 2800 тонна, арпа – 428 тонна, сұлы – 63 тонна. Майлы дақылдар тұқымына сұраныс 500 тонна, шаруашылықтар 725 тонна тұқымды әзірлеп, сатып алды, қажетті көлемнен 145% артық, - деп атап өтті С.Өмірзақов.

Алқапқа сапалы тұқым себілуі үшін мемлекет көмегі де қарастырылған. «Тұқым шаруашылығын дамытуды субсидиялау» бағдарламасы аясында 2018 жылы 192,4 млн. теңге қаржы бөлінді. Субсидиялар ауылшаруашылығы тауар өндірушілерінің, тұқым шаруашылықтарының шығындарын ішінара азайтуды көздейді. Аталған бағдарламаға сәйкес, аудандастырылған тұқым сорттарын сатып алу шығындарының 70%, аудандастырылмаған тұқым сорттарын сатып алу шығындарының 30% субсидиялау қарастырылған. Бұған қоса, диқандар агротехникалық шараларды барынша толық сақтауға тырысады. Күні бүгін облыс шаруашылықтары 1358 тонна минералды тыңайтқыштарға тапсырыс беріпті. «Қазір бұл тыңайтқыш өндірілетін зауыттарда тиелу үстінде» дейді басқарма өкілі.

Айтпақшы, «Цифрлы Қазақстан» жобасы ауыл шаруашылығына да ене бастапты. Қазіргі таңда бүкіл еліміз бойынша алқаптарды электрондық форматқа көшіру жұмысы жүргізілуде. Батыс Қазақстан облысында бұл жұмыс биылғы 1 шілдеде дейін аяқталуы тиіс. Алқаптарды электрондық форматқа көшіру арқылы ауыл шаруашылығы жұмыстарына бөлінетін дизель отыны әділ үлестірілетін болады. Сонымен қатар, портал көмегі арқылы оператор мен диқандар арасында дизель отынын on-line сатуға және сатып алуға жол ашылады және ол электронды келісімшарт арқылы жүреді. Көктемгі далалық жұмыстарды қаржыландыру «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-ның «Кең дала» және «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ-ның «Егінжай» бағдарламалары арқылы жүргізілуде.

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ

«Егемен Қазақстан»

Батыс Қазақстан