• RUB:
    5.09
  • USD:
    487.37
  • EUR:
    532.94
Басты сайтқа өту
Аймақтар 18 Сәуір, 2018

Әлеуметтік бастамаға арқау болған мәселе аймақта қалай шешіледі?

407 рет
көрсетілді

Президент ұсынған 5 әлеуметтік бастаманы қолдау мен орындау облыс әкімдерінің міндеті ғана емес, іскерлігіне сын болмақ. Алматы облысы Елбасы бастамасын жүзеге асыруға кірісіп те кетті.

Жалпы, жария болған ұсы­ныстарда нақтыланған 5 бағыт­тың жүзеге асуына негіз болатын жұмыстар Жетісуда жоқ емес, бар. Біз бұл жолғы сөзі­мізге Елбасы бастамасында көрсетілген тұрғын үйге қол­жетімділікті арттыру мен табысы аз жұмысшылардың салы­ғын қайта есептеу және білім саласына қатысты жүктеме жайын арқау етпекпіз.

– Мемлекет басшысы әлеу­меттік саланы жаңғыртуға бағыт­талған 5 бастамасын ұсы­ну арқылы еліміз үшін өзек­ті, әлеуметтік салаға жаңа серпін беретін шараларды іске асыруды міндеттеді. Бұл көптен күт­кен, бәріміздің ойымыздан шық­қан бастама болды.  Пре­зи­денті­міз оны іске асыру үшін ел эконо­ми­ка­сының толық мүм­кін­дігі бар екенін атап өтті. Енді сол бас­та­маларға нақ­ты тоқ­талып, атқа­ратын жұмыс­тары­мыздың негізгі бағыт-бағ­дарына айналып отыр, – дейді Амандық Баталов.

Мысалға, тұрғын үйді пайда­лануға беру жөнінен облыс республика бойынша ал­дың­ғы орында. Өткен жылы бас­пана салу бойынша жоспар 5,7 пайызға артығымен орындал­ды. Аумағы 646 мың шаршы метр­ді қамтитын тұрғын үй кезек күткен адамдарға берілді. Яғни қарқынмен салынып жатқан 184 үйдің 94 үйінде қоныс тойы той­ланды. Құрылыс жұмыстары ба­ры­сында 494 шақырымды құ­рай­тын инженерлік желі іске қосылған. – Облыста құрылыс қар­қын­ды жүргізілгенімен, үй баға­сының тұрғындарға қолжетімді болуы қиындық келтіріп отыр. Адамдардың ипотека мен несие­ге қол жеткізуі оңай болмады. Енді Елбасы ұсынған «7 – 20 – 25» бағдарламасы арқасында жер­лестеріміздің баспаналы болуына жағдай жасалады, – дейді өңір басшысы.

Бұл мақсатта облыстағы тұр­ғын үй құрылысының көле­мін 1 млн шаршы метрге дейін арт­тыру көзделіп отыр. Қазір ай­мақтағы баспанаға зәру адам­дардың саны 40 мыңның үстін­де екен. Ал дайын үй саны­ның көбеюі мен бағаның қол­жетім­ділігі баспанаға мұқтаждықты азайтары сөзсіз.  Осы жерден екінші мәсе­ленің шеті шығады. Яғни тұр­ғындардың табысы мен төлем қабілетінің аражігін анық­тауға қатысты жұмыстарға жіті қарауға тура келеді. Өйткені Алматы облысы аграрлық ай­мақ болғандықтан, негізінен ауыл шаруашылығында еңбек ететін адамдардың табысы да жоғары емес. Өзін-өзі жұмыспен қамтитын адамдардың үлкен тобы және бар. Демек жалақысы төмен топтың қарасы қалың. Табыс салығын 1 пайызға дейін азайту бастамасы жетісулық­тардың бұл мәселесін шешетіні анық. Есеп бойынша 2 мыңға жуық жалдамалы жұмыс күші­нің жалақысы қайта қарауға жатады екен.

Ал білім алуға бөлінетін грант санының көбеюі оқуға ын­та­лы жастардың қатарын да қазір­гіден де көбейтетіні анық. Жыл сайын облыс әкім­дігі әлеу­меттік көмек көрсету жолы­­мен жүздеген жастарға жергі­лік­ті бюджет есебінен білім беру грантын тағайындайды. Мәселен, былтырғы оқу жылында 83 түлек түрлі мамандық­тар бойынша осы «әкім грантын» жеңіп алған екен.  Қазір аймақтағы жалғыз жоға­ры оқу орны – Жетісу мемле­кет­тік университетінің күндізгі бөлі­мінде 3 мыңнан астам студент оқып жатыр. Әрине бұл жерде аздаған мәселе бар. Студенттердің жатақханамен қамтамасыз етілуі мәз емес. Университеттің 2 жатақхана корпусы бар, олар тек 500 адамды қабылдай алады. Мұның сыр­тын­да Талдықорған, Тал­ғар қалаларындағы кәсіптік білім беретін арнаулы оқу орын­­дарының студенттері де жатақ­­хана тапшылығын сезіну­де. Жақында Жетісу универ­ситетінің студенттері үшін тағы да 500 орындық жаңа кампус салуға қаржы бөлініп, арнайы жер бөлінді. 

– Студенттерді жатын орынмен қамту дегеніміз университетке ғана қатысты болмауы керек. Аудандардағы кәсіп­­­тік білім беретін арнау­лы оқу орындарының жа­ғ­дайы ай­тар­лықтай емес. Тал­ғар­дағы, Талдықорғандағы кол­ледж­дердің студенттері жатақ­ханаға сыймай, пәтер жалдауға мәжбүр. Елбасы ұсынған бас­тама осы кемшіліктерді жоюға мүмкіндік береді, – деген еді бұл туралы аймақ басшысы А.Баталов.

Демек облыс әкімінің әлеу­меттік бастамаларды жүзеге асыру бойынша атқаратын ісі шаш­етектен. Әлеумет алдындағы жауапкершілік әкімдердің жұ­мысына серпіліс әкеліп қана қоймай, Елбасы бастамасын жүзеге асыру жолында сергек болуды ескертеді.

Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ, «Егемен Қазақстан»

Алматы облысы