«Зор сүйінші айтайын,
Мұсылман болып туғанға.
Ислам дінін қуғанға...»
деп Майлықожа бабамыз жырлағандай, исламды дінім, Мұхаммедті пайғамбарым деп таныған мүміндер үшін қасиетті рамазан айы туды. Аллаға бойұсынушы қауым бұл айды «Айлардың сұлтаны» деп ерекше әспеттесе, үлкен сахаба Абдулла Аббас «күндердің қайырлысы – жұма, айлардың қайырлысы – рамазан» деген екен.
Рамазан айының басқа айлардан айрықшалануына негізгі себеп – мұнда мұсылман баласының маңдайына жазылған бес парыздың бірі – ораза құлшылығы бар. Бұл құлшылықты көптеген дін ғалымдары «Алла мен адам арасындағы сыр» дейді. Өйткені данышпан Абай атамыздың «Махаббатпен жаратқан адамзатты, Сен де сүй ол Алланы жаннан тәттi» дегеніндей, ұлы құдіреттің мейірім-шапағатымен жаратылған адам Иесіне қарыздар. Сол қарызын тек құлшылығы арқылы өтейді. Бұл туралы қасиетті кітаптың «Зарият» сүресі, 56-шы аятында: «Жын мен адамды өзіме құлшылық ету үшін жараттым» дейтін ашық дұға да бар.
Сол құлшылықтың бірі әрі аса маңыздысы – ораза. Бұл туралы Алла Тағала: «Ей, иман еткендер! Сендерге бұрынғыларға парыз етілгендей ораза парыз етілді» деп бұйырған. Атақты тақуа имам Насаий «Рамазан мүбәрак ай. Ол айда Алла сендерге ораза ұстауды парыз етті және ол айда мың айдан қайырлы түн бар» деген қадірлі пайғамбарымыздың өсиет-хадисін жеткізсе, ислам әлемінің төртінші халифасы Әли Әбутәліп: «Маған бұл дүниеде екі нәрсе сүйкімді көрінді: қонаққа қызмет көрсету және ыстық күндері ораза ұстау» деген екен.
Күллі мұсылмандар арасында рамазан айының мұншалықты маңызға ие болуына басты себеп – Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с): «Рамазан айында жақсы іс жасаған адамға Алла басқа айларда жасағаннан жетпіс есе көп сауап жазады» деген хадисі. Бұл өсиет-хадис жақсылықтан үмітті мүминдердің оразаға деген ынта-ықыласын оятса, тақуалар үшін бұл ай нәпсі тізгіндеудің кемел амалы деп біледі.
Өйткені нәпсі барлық күнәнің көзі. Бірде пайғамбарымыз Мұхаммед сенімді нөкерлерімен бірге жорықтан келе жатып: «Біз бұдан былай кіші жорықтан үлкен шайқасқа ораламыз» дейді. Нөкерлері: «Ей, расул, ол қай шайқас?» дегенде Алла елшісі: «Ол өз бойымыздағы нәпсімен күрес» деп жауап берген екен. Демек мұсылманның өз нәпсісімен күресі ең үлкен шайқас екен де, бұндай маңызды майданда адамға қару болатын дүние – ораза.
Табиғиндер дәуірінде өмір сүрген исламның үлкен пірадары Хасан Басри бабамыз «нәпсінің тізгіні – ашығу» деген пәтуалы сөзін айта отырып, қасиетті оразаның төмендегідей төрт нығметін жіктеп-жіліктеп түсіндірген екен. Соны тарқатып айтар болсақ, оразаның бірінші нығметі – тәубе ету. Яғни бұл адам баласының тәубесі мен тәуекелі қабыл болатын ай. Тәубесі қабыл болған жанның сыйлығы қиямет-мақшарда пайғамбарлармен бірге бір сапта тұрады.
Екінші нығметі – кешірім айы. Бұл айда Аллаға өте көп истағыфир (кешірім сұрау, жарылқану тілеу) жасаған дұрыс. Алла шынайы ықыласпен кешірім өтініп, жарылқану тілеген құлының мал-мүлкін көбейтеді, оны көлденең пәле-жаладан сақтайды. Алла жарылқау тілеген қауымға рахым етеді. Олардың несібесін молайтады, ұрпағын көп қылады және қуатты қауымға (мемлекетке) айналдырады.
Үшінші нығметі – күнәдан тыйылу айы. Құранда мұсылман адам үшін Алла өзі үкім еткен тыйымдар бар. Әлбетте Раббымыз өзіне бойұсынушыларды харам дүниеден тыйды. Ал оразада адамдар (мұсылмандар) харамды былай қойып, халалдың өзінен тыйылады. Яғни ораза тұтуға байланысты адам күнделікті қолданып жүрген халал астан тыйы- лады. Бұның тәрбиелік мәні зор. Халалдан тыйылып үйренген адамға ертең харамнан тыйылу оңай болады.
Төртінші нығметі – иманды күшейту. Мысалы, дені сау, ақшасы бар, қарны тоқ адамда нәпсі қуаты да күшті болады. Басына қиындық туып, (денсаулығына, дүниесіне, бала-шағасына қатысты) қатты қиналған адамның нәпсісі азайып, иманы оянады. Сол сияқты ораза тұтқан адам да шөлдеу арқылы тоқшылық нәпсісін тізгіндейді.
Осы орайда, тағы бір есте болатын дүние – рамазан айында ауыз оразасымен қатар көз бен құлаққа да «ораза» қажет. Яғни ораза ұстаған адам жаман сөз айтудан, естуден, ұрыс-керістен аулақ жүргені абзал. Өйткені атақты сахаба Әбу Һурайра жеткізген мына бір хадисте: «Кім жалған сөйлеуді, жалған амал қылуды қоймаса, оның тамақ пен сусын ішпей жүруі Аллаға қажет емес» деген пайғамбарымыз өсиеті есте болғаны жөн.
Дана Абай атамыз 13-ші қара сөзінде «иман сақтауға қорықпас жүрек, айнымас көңіл, босанбас буын керек» дегеніндей, оразаға берік болуды нәсіп етсін баршаларыңызға!
Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»