• RUB:
    5.38
  • USD:
    478.91
  • EUR:
    526.42
Басты сайтқа өту
Қазақстан 12 Маусым, 2018

Астанада «Тіл-Қазына» орталығының ұйымдастыруымен конференция өтті

719 рет
көрсетілді

Кеше елордада Мәдениет және спорт министрлігі Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитетінің тапсырмасы бойынша Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-прак­ти­калық орталығының ұйым­дас­­тырумен «Қазақ жазуының та­ри­хы және латын әліпбиіне кө­шу­дің ғылыми-тәжірибелік не­гіз­дері» ат­ты республикалық кон­фе­­ренция болып өтті. 

Оған еліміздің жетекші лингвист ғалымдары мен қоғам қайраткерлері, қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру жөніндегі Ұлттық комиссия және Үкімет жанындағы респуб­ликалық терминология және ономастика комиссиясының мүше­лері, аталмыш салаға қатысты мем­ле­кеттік орган қызметкерлері қатысты.

Жиынды ашып, басқосудың маңы­зы жайлы көпшілікті хабардар еткен Мә­дениет және спорт вице-министрі Ақтоты Райымқұлова бұл реткі шара латын графикасына негізделген қазақ әліпбиі ем­ле ережелерінің тұжырымдамасын қа­был­дау мақсатында ұйымдастырылып отырғанын, осы орайда жетекші сала мамандарының ой-пікірлері сараланып, алда атқарылуы тиіс жұмыстарды пысықтау жоспары тұрғанын жеткізді.

Бұл конференция өте маңызды тақырыпты қозғап отыр. Өйткені жа­ңа­дан қабылданған қазақ әліпбиін тың емле ережеге бағындыру тұ­жырымдамасы қажет. Онсыз болмайды. Бұл құжаттың басты ерекшелігі – әуелі, тіл табиғатын сақтау және кір­ме сөздерді дыбыстауға негіз жасау. Яғ­ни бұған дейін орыс тілінің дел­дал­ды­ғы арқылы дыбысталып келген сөз­дер­ді өзгертіп, түпнұсқалық аталуына бейімдеу.

Егер аталмыш тұжырымдама дұрыс қа­былданса – қазақ тіл фонема­сы та­биғи қалпын табады әрі лин­гвис­ти­калық мәселесі жеңілдейді, ұлттың артикуляциялық, фонетикалық қалпы сақталады, тілдің дыбысталу жүйесі мен таңбалау тәсілі, грамматикалық құ­ры­лысы (морфология, синтаксис) жаңа­ла­нады дейді, тіл маманда­ры. Соны­мен қа­тар жаңа әліпбиге байланыс­ты тілдің ем­ле ережесі түзілген соң орфо­гра­фия­лық және орфоэпиялық сөздік жасау міндеті іске аспақ екен.

 – Жоғарыда атап өтілген қыруар шаруаны атқарып шығу үшін өткен кездегі кемшіліктерден сабақ алып, ең алдымен емле ережені әліпбиге сәйкестіріп, тілдік базалық норманы анықтап алу қажет, деді жиынның негізгі баяндамашысы А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының бас ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының докторы Нұргелді Уәли.

Расында ұлттық жазу-сызу мәде­ни­етінің дұрыс қалыптасуы әліпби жүйе­сі мен орфографиялық ережеге байланысты. Бұндай аса маңызды қадам жолында асығыстық танытпау қажет екенін де кейбір тіл ғалымдары өз баяндамасына өзек етті. Яки, тілтанушы ғалым Әлімхан Жүнісбектің пікірінше, тал­қыланып жатқан құжатты әлі де те­рең талдау қажет. Егер асығыстық та­нытсақ бұрынғы кеңестік кезде қалып­тас­қан кириллицаның емле ере­жесін қайталаудан аса алмауымыз да мүмкін. Өйткені тұжырымдамада тасымал ере­жесі, сөз ырғағы сияқты негізгі шарттар көмескі, деді ол.

Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орта­лығының атқарушы директоры Ербол Тілешов пікір қайшылығының болуы заңды құбылыс екенін, десек те мемлекет тарапынан қабылданған жұмыс кестесіне сәйкес тұжырымдама алдағы қыркүйек айында Ұлттық комиссия қарауына ұсынылу керек екенін жеткізді.

– Ең бастысы, – дейді Ербол Ерден­бек­ұлы, бұл тұжырымдама – латын қа­зақ әліпбиі бойынша жазу ережесін айқындайтын лингвистикалық құжат. Сол себепті, емле концепциясында тұ­жы­­­рымдалған қағидат біреу, ол – қазақ жа­зу ережелерін түзеу арқылы қазақ ті­лін сақтап қалу.

Сондай-ақ, шараға қатысқан көпшілік түске дейін тілтану саласының майталман ғалымдары – Анар Фазылжанова, Құралай Күдеринова, Сиез Ақымбек, Қыздархан Рысберген, Анар Салқынбай, Ерден Қажыбек, Нұрлан Исин қатарлы про­фессорлардың баяндамаларын тың­дады.

Жиын түстен кейін де жалғасып, пле­нарлық мәжіліс аясында: латын графи­касына негізделген қазақ әліпбиінің ғы­лыми емле ережелері мен қағидаттары; жа­ңа емле ережелерін апробациялау; әде­­би тіл тарихы негізінде қазақ жазуы та­рихын саралау; қазақ әліпбиін латын гра­фикасына көшіру үдерісіндегі тер­минологиялық және ономастикалық мә­селелер; жаңа әліпбиге көшудегі тех­никалық-ақпараттық даярлық атты та­­қырыптарда секциялық отырыс­тар өтіп, жұмыс топтарының басты бағыт­та­ры бойынша баяндамалар жасалды.

Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ, «Егемен Қазақстан»