• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
15 Желтоқсан, 2011

Мемлекет құрушы ұлтқа тән елдік келбет

890 рет
көрсетілді

Өткен жылы жалпыұлттық халық санағының ресми қоры­тындысы жарияланды. Осында келтірілген деректерге көз жү­гірте отырып, біраз түйіндер жа­сауға болатын секілді. Өйткені, болжамды сөз, құрғақ долбар емес, нақты санға жүгіне оты­рып айтқан пікірдің уәжді бола­тыны бесенеден белгілі. Мұн­да­ғы сандық деректердің елдің де­мографиялық ахуалын аңғар­ту­дан өзге, тілдік, ділдік көрсет­кіштерін де анықтауға тигізер септігі мол. Статистика агенттігінің төр­ағасы Әлихан Смайыловтың мә­лімдеуінше, Қазақстандағы қа­зақ­тардың саны 10458 мың адам­ға жетіп, жалпы халық үле­сінің 63,9%-на сәйкес келген. Әрине, бұл қуануға болатын дерек. Он миллионнан асып, орда­лы елге айналдық деген осы. Қай кезде де көптің аты көп. Бұған елімізде мекендеп жатқан түркі тектес ұлт өкілдерін қо­сыңыз. Сонда 70 пайыздан еркін асып жығыламыз. Санақ барысында діни наны­мын көрсеткендердің 70,2%-ы ис­лам, 26,2%-ы христиан, 0,1 %-ы буддизм дінінде екендігін раста­­ған. Дінге сенбейтіндер 2,8% болса, діни сенімін көрсе­ту­­ден 81,0 мың адам бас тартқан. Осындағы сандық деректерді мұрнынан тізіп, толық келтіріп отыруымыздың мәні, еліміздің ұлттық құрамы мен діни наны­мы­ның тілдік тұтастыққа да тікелей әсер ететіндігінен туындап отыр. 1989 жылы ана тіліміздің жоғын жоқтап, жанашыр жұрт­шылықтың ыждағатымен «Қазақ тілі» қоғамын құрғанда да ал­ды­мыздан қайта-қайта көлденеңдеп шыға берген мәселенің бірі осы пайыздық үлес салмақ еді. Құ­лашты кең сермейтін сәттерде кейде еріксіз іштен тынуға тура келетін. Әрине, береке ойлаған­нан, ел тыныштығын көздеп, көп нәрсені ақылға жеңдіргеннен. Құ­дайға шүкір, ондай белестер артта қалды. Парасат пен па­йым­­ға сүйенудің алмас қамалы жоқ екендігін өмір әркез дәлел­деп келеді. Дегенмен біз әлемдік тәжіри­бедегі мынадай ақиқатты ұмыт­пауымыз керек. Белгілі бір елде мемлекеттік тіл болу үшін мемлекетті құраушы ұлттың пайыз­дық мөлшері шешуші фактор болып саналмайды. Қазақ он пайыз болса да, қазақ тілі мемлекеттік тіл болуы тиіс және елдің барша азаматы мемлекеттік тілді тиісті деңгейде қолдануға міндетті. Бұл – халықаралық тәжі­ри­беде әбден орныққан қағида. Тәңір тілекті беріп, біз бұл кедергілерді еңсеріп келеміз. Қа­лай болғанда да елімізде тілдік ахуалдың бұрынғымен салыс­тыр­ғанда айтарлықтай оңалға­нын айтуға тиіспіз. Әлбетте, бұ­дан көңілді марқайтып, арқаны кеңге салу деген ұғым тумауы керек. Керісінше, құрғақ уағыз бен жылаңқы уайымды қойып, ел иесі, жер иесіне жарасар ла­йықты деңгейден көрініп, мемлекет құраушы ұлтқа тән өре­лілік танытуымыз қажет. Осы орайда мемлекет құрау­шы ұлт қандай болу керек, оған жүктелер жауапкершілік түрлері қандай, бұл талаптарға сай болу үшін нені қолға алу керек, неден бас тарту қажет, қандай құн­ды­лықтар мен өлшемдерді ұстану керек және т.б. тәрізді сауалдар андағайлайды. Мұндай сауалдар отарлық бұғауынан қол үзіп, тә­уел­сіздігін жариялап, бетке ұс­тар бағытын айқындап жатқан ел­дер­дің алдынан шықпай қоймай­ды. Елдің бұдан кейінгі бета­лы­сы мен болашағы да осы сау­ал­дарға қандай жауаптар таба алу­ында және соған сәйкес амалдар қолдануына байланысты болмақ. Осы орайда мемлекет құрау­шы ұлтқа тән қасиеттерді өз та­рапымыздан тізбелеп көруді жөн көрдік. Біздіңше, ең алдымен мемлекет құраушы ұлт өз ана тілін жетік меңгеруі тиіс, екіншіден төл тарихы мен салт-дәс­тү­рі­не қанық болуы, үшіншіден, дәс­түрлі діни нанымына берік, төртіншіден, кең ойлап, кесек пішетін ірі болуы (кінәмшілдік пен шікәмшілдік әлсіз, аз ұлт­тарға тән қылық), бесіншіден, білімді әрі өз ісінің кәсіпқой шебері болуы, алтыншыдан, рухы ас­қақ намысқой болуы тиіс. Өзінің төл ұлттық құндылықтарын қа­дір­лей алған адам ғана өзгенің мұң-мұқтажын терең сезініп, қа­діріне жете алмақ. Өйткені, өзін жарылқай алмаған адамның өз­ге­ні жарылқай қоюы қиын. Сон­дықтан да өзін сыйлайтын әрбір ел жоғарыда біз келтірген қа­сиет­­терді жоғары бағалап қана қой­май, өзінің күнделікті ұста­ны­мы­на айналдырады деп ойлаймын. Бұл мәселе өткен ғасырдың бас кезеңінде тарих сахнасына шығып, ұлттың ұлы мұраты жо­лында аянбай еңбектенген Алаш арыстарын да толғандырған. Қа­зақ қайтсе іргелі ел болады деген мәселеге келгенде Ахмет Бай­тұр­сынұлы: «Қазақтың іргелі елдермен терезе теңестіруі үшін үш нәрсе керек. Қазақ мықты, бай һәм білімді болу керек. Мық­ты болу үшін бірлік керек, бай болу үшін кәсіп керек, білімді болу үшін оқу керек. Осы үш керектің жолында жұмыс істеу керек», деп нақты әрі айқын тұ­жы­рымдаған. Аталған керектер қазіргі кезде де күн тәртібінен түсе қойған жоқ. Енді жоғарыда келтірілген қа­сиеттерді қазіргі қазақтың бо­йынан таба аламыз ба деген мә­селеге келсек, аузымызды қу шөппен сүртуге қақымыз жоқ. Қа­зіргі кезде қазақтың етек-жеңі жиылып, еңсесі тіктелді. Тәуел­сіздіктің алғашқы жылдарын­да­ғы сана мен қазіргі сананы са­лыс­тыруға келмейді. Жеткен жетістіктеріміз де, жіберген кемшіліктеріміз де бар. Ендігі мақсат – жетістіктерімізді еселеу, кемшілік­терімізден арылу болғаны жөн. Өзіне деген сенімділік оты әлсіреген кезде рух жасиды, қай­рат қайтады. Кембағалдық психология бас көтереді. Еліктеушілік, өзгені зор, өзін қор тұтушы­лық, жаттың ығына жығылушы­лық, өзгенің тілін, мәдениетін өзінің мәдениетінен артық көру­ші­ліктің негізінде кембағал тү­сінік жатыр. Ал бұл дегеніміз әрбір кеудеде сенімсіздік ұясын салады деген сөз. Осыдан екі жыл бұрын Алма­ты қаласындағы орта мектептердегі тілдік ахуалға талдау жаса­ғанда, орыс тілді мектептердің 70 пайыздан астамын қазақ бала­ларының толтырып отырғанын көріп шошығаным бар. Бұл – қазақ тілінің мемлекеттік тіл бол­ғанына 19 жыл, тәуелсіздік алға­нымызға 17 жыл болғанда орын алып отырған жағдай! Қазақ ата-аналарының әлі күнге өз бала­ларын орыс тілді балабақшалар мен мектептерге сүйрелеп жүр­ге­нін көріп не жыларыңды, не күлеріңді білмейсің. Бұлардың ішінде елім, жерім, тілім деп шет елдерден өз отанына орал­ған қандастарымыз да кездеседі. Міне, осының бәрінің астарында Қазақ елінің, қазақ тілінің бола­шағына деген сенімсіздік жатыр. Сенімсіздік пен күмәншілдік жегі құрт секілді. Тұтас ағзаны ірітіп, іштен ыдыратады. Сондық­тан, ең алдымен, адамның өзіне деген, мемлекетке деген сенімін орнықтыру керек. Сенім орнық­қаннан кейін рух оянады, жігер ширайды, қайрат артады. Сонда ғана қолға алған іс өнімді, берекелі болады. Қол жетпес асқақ армандар ақиқатқа айналады. Ел­басының тәуелсіздікті баянды ету жолында атқарып келе жат­қан істерін көктей шолғанда, оның ұзын-ырғасынан осынау арманды аңсарды аңғарамыз. Дүниеде ең қиыны – сананы өзгерту және шыңдау. Сана ба­рынша консервативті болып келеді. Баяу өзгеріске ұшырайды. Бұл оның табиғатына байланыс­ты. Таптаурынға айналған қате­ліктердің өміршең болатыны да осыдан. Сананың шұғыл өзгеруі­не аса үлкен оқиғалар, зор сілкіністер әсер етеді. Табиғи ырғақ­ты аяңмен жүру ұзақ уақытты қамтиды. Тәуелсіздіктің жиырма жылдығына қадам басар қарсаң­ға дейін атқарылған істерді елдің санасына жаңа тұрпатты мемлекет құруға лайықтап өзгертуге ба­­ғытталған шаралар, елдің бо­ла­шағын баянды ету жолындағы өре­лі істер деп бағалауға негіз бар. Айтарлықтай, хандарымыз бен бектерімізді, батырларымыз бен билерімізді, ақындарымыз бен жазушыларымызды, ғалымда­ры­мыз бен дарындыларымызды ай­тулы күндеріне орай ардақ­та­уы­мыз тарихи сананы қалыптасты­руға, елдік дәстүрді жалғасты­ру­ға арналған игі істер деп білеміз. Тәуелсіздік алып, төңірегі­міз­ді түгендей бастаған шақтағы біз­дің де алдымен қолға алған ша­руаларымыздың бастысы осы еді. Талайлы тарихымыздағы ақ­таң­дақтарды аршып, ардагер ұл­дарымызды халқымен қайта қа­уыштыру, көкірегіне сөз қонған, өнер тұнған өнерпаздарымыздың мерейтойларын атап өту, ел бастаған көсемдерімізді, сөз бас­таған шешендерімізді, найза ұс­таған батырларымызды еске алу секілді сан алуан шаралар – осы мақсаттың көрінісі еді. Эко­но­ми­калық жағдайымыз қиын, тұр­мы­сымыз шатқаяқтап тұрған кез­дің өзінде осындай қадамдар жасалды. Бұл – санамыз оянсын, рухымыз шалқысын деген амал. Бұл іс нәтижесіз болған жоқ. Дүниенің төрт бұрышында тарыдай шашылып жүрген бар қазақтың басы қара шаңырақта түйісті. Соның арқасында қан­дас­тарымыз отанға оралып жа­тыр. Елге ел қосылса құт деген осы емес пе?! Елбасының бастамасымен ас­тананың Арқа төсіне ауысты­ры­луы, Астана атты сәулеті мен сәні келіскен жаңа қаланың бой көтеруі, «Болашақ» бағдарла­ма­сы арқылы сан мыңдаған бала­ның шет ел асып, әлемнің үздік оқу орындарынан білім алуға қол жеткізуі, т.б. дүниелердің бар­шасы да қазақ қоғамын өр­кен­детуді, болашағын кемелдендіруді көздеген әрекеттер емес пе? Еліміздің әл-ауқаты әлі де оңала алмай тұрғанның өзінде арнайы білім бағдарламасын түзіп, та­лап­ты шәкірттерді дүниенің төрт тарабына аттандыруы да Ел­ба­сының ел мен жерге ие болар өскелең ұрпақ қамын ойлаған­дық­тан туған қадам екені даусыз. XXI ғасыр – білім мен ғылым ғасыры. Ақыл мен сананың, білім мен біліктің бәсекеге түсер ғасыры. Білімі асқан ел көркейе­тін, білігі кемшін ел кері кететін кез де осы. Бұл әлем жұрт­шы­лы­ғы мойындаған ақиқат. Сондық­тан да ертеңін ойлайтын, бола­ша­ғына үмітпен қарайтын көше­лі ел, ең алдымен, ұрпақ тәр­бие­сіне, шәкірт біліміне ерекше кө­ңіл бөледі. Елбасының бұған үнемі назар аударуы да сондық­тан деп білеміз. Еуропа қауіпсіздік және ын­ты­мақтастық ұйымының тізгінін қолға алып, оның алқалы жиы­нын Астанада өткізіп, азулы ел­дердің басшыларын жинауымыз да мәртебелі де мерейлі іс бол­ды. Әлемдік геосаяси кеңістікте өз орны әлдеқашан әйгіленіп, ха­лықаралық ахуалға ықпалы жү­ріп тұрған алпауыт елдер үшін бұндай жиын кезекті шаралар­дың бірі болуы мүмкін. Тарихи өлшем тұрғысынан алғанда, тә­уелсіздігін жариялағанына жи­ыр­­ма жылға жетер-жетпес уақыт өткен біздің еліміздің мұндай мәр­тебелі жиын өткізуі алыс-жақын елдердің Қазақстанды мой­ындауы, санасуы деп таны­ған орынды, халықаралық саясатта өзінің дербес орнымен белгілі деген сөз. Осында аталған жәйттердің бәрі де жоғарыда сөз болған мем­лекет құрушы ұлтқа тән қа­сиеттерімізді нығайтудан, ел ер­теңіне деген сенімді күшейтуден бастау алып жатқан игі амалдар деп танимыз. Әрине, батпандап кірген аурудың мысқалдап шыға­тыны даусыз. Сең бұзылды, көш қозғалды. Ендігі бөгеттерге бой алдырмас жағдайға жеттік. Осы­ған тілекші ғана емес, тізе қо­сушы бола алсақ, тілекті Құдай­дың бергені. Шама-шарқымыз жеткенше ел­дікті танытар, елдікке бастар ша­ралар туралы бірқатар мәсе­лелерді қозғадық. Десек те қан­дай бір істің өміршең әрі ғұ­мырлы болуы үшін ол негізінен жастар тарапынан қолдау табуы тиіс екендігін ұмытпағанымыз жөн. Жастардың ойын қозғап, жүрегінен орын алып, алға құлшындырмаса, бұл істің аяғы сұйылатыны сөзсіз. Қазір үгіт-насихаттың уақыты өткен. Жастар – прагматик. Бар нәрсеге байыппен қарап, оның тиім­ділігі, берер пайдасы тұрғы­сынан кесіп-пішеді. Жалаң ұран, жадағай сөз, даңғаза аттанға бой алдыра қоймайды. Сондықтан ұлт­тық мұраттарға бастайтын жоба­лар­ды қолға алғанда, оның жалпы жұртшылықтың ойынан шығуын, жүрегін иітуін, алға құлшын­дыруын, ұзақ мерзімді қамтитын ауқымды болуын ескерген орын­ды. Оның шешімін көрсету де жеткіліксіз. Нақты іс қана мәсе­лені шешеді. Қоғамдық ұйым­дары­мыздың қоғамдық ойға қоз­ғау салумен ғана шектелмей, қол жәр­демдерін де ісімен көрсет­кендері абзал. Қазіргі кезде қоғамдық ұйым­дардың, олардың ішінде жастар ұйымдарының саны артты. Алайда бұлардың қатарында тіл, ұлт мәселесімен айналысатындары аз. Осы кезге дейін олардың бірде-біреуі тіл мәселесіне бас қатыр­майтын. Соңғы жылдары ғана қазақ жастарының белсенділіктері артуда. «Болашақ». «Тіл және рух» деген жастар ұйымдарының жұмыстары көзге түсіп жүр. Сондықтан тіліміз бен дініміздің, салтымыз бен санамыздың, еліміз бен жері­міздің болашағын ғұмырлы етеміз десек, жастар ұйымдарының осы тараптағы қатарын көбей­туге күш салғаны жөн. Мемлекеттік органдар жағынан жыл сайын әлеуметтік жобаларды жүзеге асыру үшін бөлінетін гранттарды анықтағанда осынау бағыттарға басымдық берілуі керек. Өйткені, біздер үшін болашақ туралы сөз – тіл мен діл, салт пен сана, дәстүр мен үрдіс, ілім мен білім, тәлім мен тәрбие, өсиет пен өнеге, әдебиет пен мәдениет сияқты қазақ халқы үшін аса қасиетті ұғым­дар деген сөз. Қай кезде де жүйелі, жоспар­лы түрде жүргізілген жұмыстар ғана нәтижелі болады. Мақсат­тың айқындығы, оған жету жол­дарының дәлдігі көздеген нәти­жеге жеткізбей қоймайды. Олай болса, тәуелсіздіктің тұғыры – туған тіліміздің өрісті болуы үшін мемлекеттік тілге көшудің бір­ыңғай өлшемдері белгіленуі тиіс. Сол секілді біз сөз бары­сын­да мемлекет құраушы ұлт қан­дай болуы керек, оған қан­дай міндеттер жүктеледі деген сұ­рақ­тар төңірегінде аз-кем өз ойы­мызды ортаға салуға ты­рыстық. Бірақ бұл аздық етеді. Осы мәселені де жан-жақты талқылай түсу қажет. Бұл ай­тылғандардың барлығы да елдікті, тәуелсіздік пен мемлекеттілікті нығайту бағытындағы көкейде жүрген ойлар. Ой ойды қозғаса, амалға жол ашса, мақсаттың орындалғаны. Өмірзақ АЙТБАЙҰЛЫ, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті, академик.