• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
21 Желтоқсан, 2011

Ел татулығына енжар қарауға болмайды!

418 рет
көрсетілді

Маңғыстау маңы маған жақ­сы таныс. Қашанда жауапкершілікті жоғары сезінген аймақ. Татулығы­мен, еңбекқорлығымен ерекшеленіп, географиялық жа­ғы­нан да, әлеуметтік жағынан да алдыңғы қатардан көрініп жүр­ген елді-мекен. Бірақ, Жаңа­өзен­нен түсіріл­ген бейнетаспаны кө­ріп, өте күйінішті әсерде қал­дым. Мұндай күйрету, қирату, бүлдіру сияқты әрекеттерге еш­теңеге жаны ашы­майтындар ға­на бара алса керек. Өз қолыңмен жасалған ғажайып ел игілігін өзіңнің бүлдіруің еш­қа­шан және ешкім де кешірмейтін күнә әрі өкініші бітпейтін қасірет. Бұл оқиғаның мерекеге сәй­кес келуіне, менің ойымша, өзге күш­тердің ықпалы бар сияқты. Жастар солақай күштің құрба­ны­на айналып отыр. Мұндай жағ­дайда жастарға айтатын орын­ды сөз та­былуы керек. Олардың өмірі әлі алда, сондықтан аран­дату­шылық­қа бой алдырмай, өз-өздеріне берік болғаны дұрыс. Мұн­дай ақыл­шы­ларға еліңнің де, же­рің­нің де, тіпті өзің­нің де құ­ның көк тиын. Олар­ға арам ойын іске асыр­са бол­ға­ны. «Ашу – дұшпан, ақыл – дос» – деген дана­гөй ба­баларымыз. Өз  же­рің мен өз еліңе жә­не хал­қы­ңа шы­нымен жа­ның ашы­са, оның көгеріп-көркеюіне үлес қос. Ашуға емес, ақыл­ға бейім тұр, ақылдың айтқанын істе. Сонда бәрі де түзеледі. Ел татулығына ешқашан енжар қарауға болмайды! Тәуелсіздік хал­қы­мыздың жалғыз перзентіндей бауырына басып, аялап отырған бас­ты құндылығы. Асылымызды ардақ­тай білейік! «Бүкіл халық қуанып, тойлап жатқан мерекенің шырқын бұзу – ел естіп-көрмеген сұм­дық» деп осы газетте Әбекең – Әбіш Кекіл­бай­ұлы дәл айтқан. Қа­зақ – әркез елін сый­ла­ған, ел-жұр­ты­ның абы­ройына үл­кен көңіл бөл­ген халық. Кемшіліксіз жұмыс бол­май­ды. Кемшілік болған шы­ғар... Сондықтан Жаңа­өзен жұртшылығын  кешірімді болуға, түсініс­тік­пен қарау­ға шақырамын. Қазір білектің емес, білімнің заманы. Білек еш­қашан бірлікке апармайды. Бірлік­тің жолы – білім мен ақыл. Бірлік болса, елде береке орнайды. Мені құқық қорғау органдары­ның қамсыздығы да қынжылтты. Қо­ғам тынысын сезініп, сергек бо­лып, мәселенің алдын алуға да, уа­қы­тында түзеуге де болатын еді ғой. Жан-жақта болып жатқан оқи­ғалардан сабақ алған жөн еді. Бұл, әрине, сондағы азаматтарға да сын. Кінәлілерді тиісті орын­дар анық­тар, бүлікшілер жауапқа да тарты­лар, бірақ жазықсыз опат болған­дар­ды қайда қоймақпыз? «Тәртіп бұзушылар шетінен есірткі шеккендер, ішімдік ішкендер екен» дегендей қауесет те айтылып жатыр. Анық-қанығын білмей тұрып,  бұ­лай деуге өз басым қарсымын. Тәуелсіздіктің жолында басқа басқа, қазақ халқының тартпаған тауқыметі, көрмеген қасіреті жоқ. «Мың өліп, мың тірілген» деген сөз тегін айтылып жүрген жоқ қой. Хал­қымыздың сан ғасырлық азабына берілген анық баға. Сондықтан Тәуел­сіздігіміз – басты құндылығымыз. Ел берекесі – бірлікте. Осыған кепілдік беріп отырған Елбасы­мыз бар. Соны әр азамат қапері­нен шығармаса екен. Асанәлі ӘШІМОВ, Халық әртісі.