Тәуелсіздіктің 20 жылдық мерейтойын еліміз үлкен серпіліспен, жоғары қарқынмен қарсы алды. Биіктерге жетелеп, абыройымызды аспандатқан «20 жұлдызды күн» акциясы аясында тәрбиелік маңызы зор қызықты іс-шаралар өтті. Қазақ елінің беделін көтеріп, айбынын асырған үлкен шара 16 желтоқсан күні Астанада мәресіне жетті. Елбасы Н.Назарбаев «Мәңгілік ел» жасампаздық қақпасын ашты. «Салтанат қақпасының» ашылу мерекесіне жиылған үлкен-кіші «Қазақ елінің тәуелсіздігі мәңгілік болсын», – деп тарасты.
Еркін елдің ерікті ұл-қызы ұлттық мерекені шалқыған шабытпен, мерейлі қуанышпен мерекелеп жатқан Қазақ еліне күтпеген жерден көңілге кірбің түсірген тосын оқиға келді. Теледидардан Жаңаөзен оқиғасын көргенде есіме «Қыз Жібек» фильміндегі ту сыртынан садақтың оғы тиіп өліп бара жатқан Төлегеннің: «Қазағым-ау, өмірден алатын еншің осы ма еді?», – деген бір ауыз сөзі түсті. Расында өзінің ұлттық мерекесінде еліңе тас лақтыратындай не күйге түстің? Ұлттық санаң мен намысың қайда? Өзге емес «біріңді қазақ, бірің қырғаннан» қай төбеге шықтың? Дүйім әлемге масқара болғаннан басқа не ұттың? Мемлекеттің мүдесі жеке бастың мүдесінен әркезде биік тұруы керек емес пе? Біраз орын алған әлеуметтік қиындықты көтере алмай ұлттық мерекеңде көпке топырақ шашып, айрандай ұйып тұрған ел бірлігін бұзғаннан ер атанбайсың. Тәуелсіздікке жету жолында қазақ баласы небір қиындықтарды, нәубеттерді басынан өткерді. Күндей күркіреп өткен кешегі екінші дүниежүзілік соғыста ер-азаматын майданға аттандырған тылдағы аталарымыз мен аналарымыз тұрмыстың тауқыметін көтере білді ғой. Қазіргі бейбіт заманда елдің шырқын бұзғанымыз жарамас. Басқалар екі санын шапалақтап, алақандарын ысқылап, өңештері жеткенше айғайлап қуаныштан мәз болып, Жаңаөзен оқиғасын жабыла жазып, күндіз-түні хабарлап беріп жатыр. Оларға керегі де осы, Қазақ елінің тұрақсыздығы. Ел ішіне ірткі салып, халықтың тыныштығын алғандар қазаққа жаны ашығандар емес. Әлеуметтік мәселе мен ел қауіпсіздігіне қатер төндіретін содырлардың ара-жігін білуіміз керек. Олардың арбауына көніп, айдағанына жүрмей, қарсы тұра білейік. Сын сағатта ел бірлігі керек. Көк туымыз желбіреп, ел мәртебесі қашанда биік болсын.
Сондықтан ойланайық, ағайын! Аңсап жеткен Тәуелсіздігіміздің іргесін өзіміз шайқамай, бірге болайық. Егемендікті көзіміздің қарашығындай сақтап, қорған бола білейік! Бұл әр қазақтың қасиетті парызы.
Ербол ІРГЕБАЙ, Әлкей Марғұлан атындағы № 40 орта мектептің директоры.
Астана.