Дүйсембай Селиханов ауыл шаруашылығының білгір маманы, ғылым-зоотехник, заңгер, ұзақ жылдар Үржар ауданының әкімі, облыс әкімінің орынбасары қызметінде ысылған, тәжірибелі маман. Соңғы үш жылдан астам уақыттан бері облыстық ауыл шаруашылығы басқармасын іскерлікпен басқарып келеді. Жемісті қызметі үшін тәуелсіздік мерекесі қарсаңында «Құрмет» орденімен және «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне – 20 жыл» мерейтойлық медалымен марапатталды. Ендігі әңгіме төркіні Алтайдың бренді бал мен марал шаруашылығын дамыту, агроөнеркәсіп саласындағы ізденістерге арналмақ.
– Дүйсембай Мағзұмұлы, есіңізде болар, осыдан бір жарым ай бұрын сіздің қызмет бөлмеңізде еліміздегі «Бал арасы» ұлттық омарташылар одағының вице-президенті Игорь Рукавицин мырзамен әңгімелесіп, ол кісінің Аргентинада өткен халықаралық омарташылар конгресі сапарынан түйген ойларын ортаға салуды өтінген едік. Омарташылардың халықаралық 42-ші конгресіне 75 елдің өкілдері қатысыпты. Буэнос-Айрестегі әлемдік омарташылар қауымдастығының президенті француз Жиль Ратиа мырза жиналғандарды құттықтап, мәртебелі жиында қазақстандықтарды көріп отырғанына ризашылығын білдіріпті. Осы жайлы тарқатып айтып берсеңіз? – Игорь Рукавицин «Бал арасы» ұлттық омарташылар одағының вице-президенті қызметін бірнеше жылдан бері жемісті атқарып келеді. Қазақстан халықаралық конгреске мүше. Осы уақыт ішінде омарта шаруашылығын дамыту, аралардың тұқымын асылдандыру бағытында көп істер жүргізіліп келеді. Облыс әкімі Б.Сапарбаев Алтайдың балын халықаралық аренаға шығаруда көп игі істерді жүзеге асыра бастады. Мәселен, қатарынан екі жыл бойы Өскеменде халықаралық бал фестивалі өтті. Осыған Ресей, Беларусь, Украина, басқа да шетелдерден қонақтар шақырылып, тәжірибелерімен бөлісті. Бал фестивалінде аудандар мен қалалардағы омарташылар өз өнімдерін жарнамалап, тұтынушыларын тауып алды. Әрине, балдың сапасы жоғары болып, тіл үйіргенде ғана тұтынушыларын табады. Ал енді Аргентинаға оралайық. Игорь Рукавицин келген соң Кенді Алтайдағы омарташылармен кездесіп, сапардан алған әсерлерін бөлісті. Аргентина – бал өндіру және экспортқа шығару жөнінен әлемде көш басында тұр. Ол жылына 225 мың тонна бал өндіреді. Өз кезегінде балдың 70 пайызы шырайлы Шығыста өндірілетінін еске алсақ, біз жылына 2,5-3 мың тонна ғана бал өндіреміз. Балдың сапасы жоғалмай, төгілмей жеткізілудің өзі табыс көрінеді. Шығыста омарта шаруашылығын дамытуға бетбұрыс жасалуда деп айтуға негіз бар. Бүгінгі күні Алтайда 56 мың бал ұясы бар. Олар негізінен алғанда Катонқарағай, Зырян, Күршім, Көкпекті, Шемонаиха, Үржар, басқа да аудандарда орналасқан. Биыл облыс басшысы омарта шаруашылығын өркендету үшін бюджеттен 24 миллион теңге субсидия бөлгізді. Алтайдың бренді – бал табиғи гүлден, қарақұмық, күнбағыс, әртүрлі гүлдерден жиналады. Біздің бал бірнеше халықаралық жәрмеңкелерде арнайы медальдарды жеңіп алуда. Қазір өңірде 31 шаруашылық асыл тұқымды ара өсірумен шұғылдануда, яғни 8 мың асыл тұқымды бал ұясы бар деген сөз. 2013 жылы Украинада, 2015 жылы Оңтүстік Кореяда әлемдегі омарта шаруашылығын өркендету, бал экспорты кезінде тасымалдау, жеткізу мәселелерін қамтитын халықаралық конгресс өтпек. Сол пайдалы кеңеске Қазақстаннан да бал өндірумен шұғылданып жүрген азаматтар көптеп барса, ұтарымыз анық. – Бесінші түлік – марал мен теңбіл бұғы осыдан бес-алты жыл бұрын екі есеге дейін азайып, алты мыңнан сәл асқаны белгілі. Қазір адам ағзасына аса зәру дәрумендік қасиеті мол маралдан алынатын панты өндіру, шипажайлар жағдайы қалай? – Нарық табалдырықтан аттаған кезде марал өсірушілер дағдарыс жағдайында қалды. Күнкөріс нашарлаған соң көптеген марал сатылды, қасқыр жеп кетті дегендей, күрт азайды. Соңғы екі-үш жылдан бері марал мен теңбіл бұғы тұқымын асылдандыру, бесінші түліктің санын арттыруда көптеген игі шаралар жүзеге асырылды. Марал мен теңбіл бұғыны дамытуға облыс басшысы 35 миллион теңге қаржы берді. Міне, осындай шаралардың нәтижесінде бүгінгі күні маралдардың саны 8607-ге, ал теңбіл бұғы саны 1380 басқа жетті. Барлығы 10424 марал мен бұғы күтуде тұр. Оның үстіне Алматы, Ақмола, басқа да облыстар біздің маралды алып, өздеріне өсіріп жатыр. Бесінші түлікті өсірудің қиындығы мен жауапкершілігі жетіп артылады. Олар биік таулар мен жем-шөбі құнарлы, суы мол құз жартастарда жайылуды ұнатады. Міне, осындай азапты жұмыстағы азаматтардың ерлігі қалай мақтауға да тұрарлық. Биыл алты тонна панты өндірілді. «Ақсу Дэн» фармацевтік цех пантыдан бірнеше түрлі дәрілер шығарып, елімізге және шетелдерге сатуда. Катонқарағай ауданында пантымен емдейтін «Екі дос», «Баян», «Ақсу», «Үшбұлақ», басқа да шипажайлар жаз маусымында жұмыс істеп тұр. Қысы-жазы жұмыс істейтін екі шипажай ашылды. Нұрлан Тоқтаров басқаратын теңбіл бұғы паркінде де дәрі-дәрмек, пайдалы шөптерден және пантыдан шипалық заттар шығарыла бастады. Бүгінгі күні облыста 16 шаруашылық марал өсірумен шұғылданса, олардың тоғызы асыл тұқымды шаруа қожалықтары. Марал өсіру тек Катонқарағай ауданында емес, Көкпекті, Зайсан және Ұлан аудандарында да дамып келеді. – Шығыс Қазақстан ауыл шаруашылығы дамыған өлкеге жатады. Биыл табиғат ана жомарттық танытып, ауа райы жауынды болып, астықтан мол өнім – 620 мың тонна дән маржаны жиналды. Елбасы тапсырысымен үдемелі индустриялық инновациялық дамудың 2010-2014 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы қабылданғаны белгілі. Бұл бағытта қандай іс-шара қабылданды? – Аталған бағдарлама аясында индустрияландыру картасына АӨК-ті дамыту бойынша 9 инвестициялық жоба енді. Оның екеуі республикалық маңызға ие. Аталған жобалардың құны 13,8 миллиард теңге. Былтыр Семей қаласында сыйымдылығы 4 мың тонна көкөніс қоймасы, макарон өнімдерін шығаратын желі, «Ертіс Таннур плюс» ЖШС-де 3 мың тоннаға арналған қойма іске қосылды. Өскемендегі «Шығыс сүт» серіктестігі ультрапастерленген сүт өндіруді жолға қойды.Үстіміздегі жылдың маусымында Елбасы Н.Назарбаев сүт зауытында болып, жұмысшылармен әңгімелесті, олардың ісіне табыс тіледі. «Семейдегі тері былғары комбинаты» серіктестігі тері өндіруді қалпына келтіруді және жетілдіру жобасын пайдалануға берді. Сонымен бірге, «Прииртыш» бройлер фабрикасы» ЖШС-нің қуатын арттыру жұмыстары аяқталды. Жобаның құны 954,8 миллион теңге. Бұдан былай жылына 12 мың тонна құс еті өндірілмек. 2012 жылы Өскемен құс фабрикасының қуаты артып, жылына 20 мың тонна құс еті өндірілмек. Сондай-ақ, диірмен кешені пайдалануға берілмек. Ұлан ауданы Украинка ауылындағы сүт зауыты, Глубокое ауданының Бобровка ауылында сүт фермасын құру, майлы дақылдар стансасында 220 басқа арналған тауарлы сүт фермасын жабдықтау, Семей құс фабрикасында 6 мың тонна құс етін шығаратын қуат іске қосылмақ. Міне, индустрияландыру картасына енгізілген бұл жобалардың барлығы жаңадан мыңдаған жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік туғызып отыр. – Әңгімеміздің аяғында мал басын асылдандыру, өсімдік шаруашылығы жайында айта кетсеңіз? – Биыл өткен жылмен салыстырғанда ірі қара, қой-ешкі, жылқы және шошқа саны артты. Талдау жүргізілген кезде тірі салмақтағы ет өндіру көлемі 1,6 пайыз, сүт өндіру 1,9 пайыз артты. Бүгінгі күні облыста 52 сүт тауарлы фермалары, 245 мал бордақылау алаңдары жұмыс істеп тұр. Биыл 29 мал бордақылау алаңдары, 179 асыл тұқымды мал шаруашылығы, 182 қолдан ұрықтандыру пунктері құрылды. Саланы қолдауға және дамытуға республикалық бюджеттен 4 миллиард теңге қаржы бөлініп отыр. Алайда, жұмыста кемшіліктердің бар екенін айтқан орынды. Шемонаиха, Жарма, Аягөз, Бородулиха аудандарында мал басы қысқарып кеткен. Үржар, Семейде, Зырянда, Шемонаихада мал саны азайып кетті. Таяуда облыс әкімдігінде Зырян және Зайсан аудандарының мал шаруашылығын және суармалы жерлерді тиімді пайдалану мәселесі жөнінде сөз болды. Аталған аудандарда көп істер тындырылған, бірақ суармалы жерлер пайдаланылмай жатыр. Бүгінгі күні тамшылатып суару тәсілі небәрі 339 гектар аймақта игерілді. Бұл өте аз, өңір басшысы тиімді тәсілді енгізу жөнінде нақты тапсырма берді, оны орындауға тиістіміз. Шығыста күнбағыс өсіру деңгейі ұлғайып келеді, соңғы жылдары көптеген шаруашылықтар күнбағыс өсіруге ынталы. Ауылшаруашылық өнімдерін қайта өңдеу, жаңа техника сатып алуда да оң істер бар. – Әңгімеңізге рахмет. Мерейлі жылда мерейлі жасқа келіп отырған сізге, отбасыңызға зор табыстар тілейміз.Әңгімелескен Оңдасын ЕЛУБАЙ.
Шығыс Қазақстан облысы.